ПЕДАГОГИКАҒА БАРЫН БЕРГЕН ҒАЛЫМ

Қазақта «ауылыңда төбе болса, ерттеулі тұрған атпен тең, ауылыңда қария болса, жазулы тұрған хатпен тең» деген сөз бар. Сондай абыз қария, қадірлі жан атанған қарттардың қатарыда жүретін қазыналы қариялардың алар орны ерекше. Сондай жандардың бірі – Қоянбаев Ромсейіт Мұхамеджанұлы еді. Ромсейіт Мұхамеджанұлы саналы ғұмырын ел мен жеріне арнаған адам. Қай салада еңбек етсе де, өзінің адамгершілігі, кішіпейілділігінің арқасында абырой-беделге ие болған жан. Ал қадірлі қарияның өмір және еңбек жолы өзінше бір тарих. Егер Ромсейіт Мұхамеджанұлының өмір баспалдақтарын сараласақ, ең алдымен, оның өмірнамасының елеулі бөлігі рухани, тәрбие саласына арналғанын байқаймыз.

Профессор Ромсейіт Қоянбаев 1939 жылы 10 желтоқсанда Сыр өңірінде дүниеге келген. 1957 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы (бүгінде Қорқыт ата уни­верситеті) педагогикалық институ­тының Физика-математика факуль­тетіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай тәмамдайды.

Қоянбаев Ромсейіт Мұхамед­жанұлымен Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтында таныс­тым. Ол Физика-математика факуль­тетінде, мен орыс филологиясында оқыдым. Екеуіміз жолдамамен Қызылорда қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы №171 қазақ орта мектебіне жіберілдік. Осылай еңбек жолы­мызды бастап кеттік. Дүниеге үш перзентіміз келді. Бірер жылдан кейін Р.Мұхамеджанұлы директор­дың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайын­далды.  1969 жылы жолдасым облыс­тық партия коми­тетіне жұмысқа жіберілді. Сол жылдары орталық комитетке қазақтың бір топ жігіттері қызметке алынды. Солармен жақын араласып, жанашыр отбасылық достарға айналдық. Атап айтқанда, Абдулла ағамызбен Мақсұт Қалыбаев ағамыз бар. Сонымен қатар,  Қуаныш Шапшанов, Бектеміс Сырлыбаев, Бақытбек Сейсенов, Шәдімұрат Бимұратов, Кеңес Шаймерденов, Әбдіжәміл Бәкіров, Мұхан Тұрғанбаев, Шакизат Төребаев, Исатай Елубаев, Шора және т.б. азаматтарды айтпай кетуге болмас. Қазір солардың ішінде өмірден өткендері бар.

Р.М.Қоянбаевтың бүкіл саналы ғұмыры, қызметі ұстаздықпен ғана шектелген жоқ. Ол мектеп мұғалімі, мектеп директорының орынбасары, Қызылорда орталық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ КСР-ы Жоғарғы Кеңесі Президиумы төрағасының көмекшісі қызметтерін атқарды.

1996–2001 жылдары республи­камыз үшін педагогикалық ғылым кадрларын дайындайтын Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ғылым кандидаты дәрежесін қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестің мүшесі ретінде оның дамуына үлкен үлес қосты. Өмірінің ең қызық кезеңдерін осы шаңырақта өткізді. Жастармен жұмыс істеді. 18 жылға таяу уақыт факультет деканы, содан кейін кафедра меңгерушісі, кейіннен профессор қызметін атқарды. Мыңдаған шәкірт тәрбиелеп өсірді. Бүгінде шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде проректор, кафедра меңгерушісі, декан болып табысты қызмет атқаруда.

Ромсейіт Мұхамеджанұлының университет қабырғасындағы негізгі ғылыми қызметі мен бағыты бас­тауыш мектеп мұғалімдерін даярлау мәселесін зерттеу, қалыптастыру мен дамытумен байланысты болды.

Нағыз ғалым ретінде ол өзінің өмір жолында көптеген іргелі ғылыми еңбектер жазды. Бұл еңбектеріне қарай қадірі де артты. Қазақстан педагогика ғылымына және қауымдастыққа оның жоғары педагогикалық оқу орындарының студенттері мен ұстаздарына арнал­ған «Педагогика», «Жалпы бастауыш білім беру педагогикасы», «Педа­гогикалық сөздік», «Педагогика әдіснамасы және педагогикалық зерттеулердің әдістері», «Дипломдық жұмыстары тақырыптарының үлгісі», «Бастауыш мектеп дидактикасы», «Қысқаша педагогикалық сөздік» атты еңбектері және көптеген басқа да ғылыми мақалалары кеңінен танымал. 1929 жылы өз заманында ұлттық психологияны ескере жазған Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» оқулығынан кейін араға 69 жыл салып Р.М.Қоянбаевтың 1998 жылы «Педагогика» атты төл оқулығы  жарық көреді. Бұл оқулық еліміздегі талай кадрлары даярлап шыққан еңбек болды.

Педагогика ғылымының докторы, профессор, Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясының академигі, «Құрмет орденінің иегері Б.А.Әл­мұхамбетов өзінің «Абзал жүректі, ұлағатты ұстаз-ғалым» деген мақа­ласында жүзі сүйкімді, тұлғасы келісті Р.Қоянбаев туралы былай дейді: «Адамзат баласы өз ғұмырында дәм бұйыртып қанша елдің дәмін татып, қаншама жер басып жүргеніне қарамастан, туған жерінен өмір тамырын үзбейді. Кіндік қаның тамған жер, өзінің бойтұмары болған Сыр елінен түлеп ұшқан Реке талай-талай жауапты қызметтің басында болса да, адамды атақ дәрежесіне қарай таңдамайтын, адамгершілік, ізгі қасиеттеріне қарай бағалайтын бірегей көкірегі кең тұлға еді. Ол бар ғұмырын ел келешегі, адамның көңілі толатын жастарды тәрбиелеуге арнады. Өзгеге тәрбие беру үшін өзі тәрбиелі болуды ерте ойлады, ізденді, оқыды, әр гүлден нәр жинаған бал арасындай білім жиды, оның айғағы артында қалған ғылыми еңбектері.

Жалғыз жұбаныш – артындағы ісі мен сөзі, дос жарандары, әріптестері, туыстары, шәкірттері алғысына бөленген жарқын бейнесі. Осындай адамзаттың қасында аз да болса жүріп, үлгі өнеге алу мүмкіндігін берген тағдырымызға шүкір айтамыз» деп еске алады.

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ректоры, академик Серік Жайлауұлы Пірәлиев: «…бүкіл саналы өмірі жастарды тәрбиелеуге, білім нәрімен сусындауға, үстаздық қызметке байланысты Р.М.Қоянбаев тек жақсылыққа ұмтылып, жақсыдан үйреніп, әділеттілікке қамқор болып қалыптасты. Тек Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ғана емес, бүкіл Қазақ­стан ғылымының мақтанышына айналған зиялы тұлға» дейді.

Қазақ педагогикасының іргесі қалануына атсалысқан айтулы саңлақ ғалым Ромсейіт Мұхамеджанұлын шәкірттері де мақтанышпен еске алады.

«…Көреген ғалым, өз маманды­ғының иесі ғана табысты еңбек ете алады. Осы факультеттің болашағы да, иесі де өздеріңсіңдер» деген аталы сөзі әлі күнге дейін жадымызда, біздің өмірдегі басты ұстанымымыз болып келеді. Қашанда ақ батасын беріп, ағалық қамқорлығын аямаған ұлы ұстазымыз шәкірттерінің бола­ша­ғынан көп үміт күтетін. Біз сол үмітті ақтауға тырысып келеміз», – дейді Абай атындағы ҚазҰПУ-дың мектепке дейінгі және бастауыш білім беру теориясы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, педа­гогика ғылымының докторы Ә.Е.Жұмабаева.

Ал педагогика, мектепке дейінгі және бастауыш білім беру кафед­расының аға оқытушысы, Р.М.Қоян­баевтың аспиранты, п.ғ.к., про­фессор Б.С.Сайдахметов: «…Ағай­мен сұхбаттасудың сәті түскенде, біз ұлттық дәстүрді бойымызға толық сіңірмегендіктен әрі бабалары­мыздың тарихи тәжірибесін орынды пайдаланбағандықтан, тәрбие тегінен айырылудың аз-ақ алдында тұрмыз. Кез-келген адам өз ұлтының салт-дәстүрін егжей-тегжейлі, дұрыс сезінсе ғана ол өзге ұлттардың да салт-дәстүрлерін құрметтей алады, олардың жан-дүниесін де түсінеді. Сондықтан әркім өз ұлтының салт-дәстүрін жете білуі және қастерлеуі қажет деп айтып отыратын» деп еске алды.

Мектепке дейінгі бастауыш мектеп және педагогика кафедра­сының оқытушысы, п.г.к., профес­сор, М.Қоянбаевтың аспиранты Ұ.Қияқбаеваның айтуынша,  Р.Мұ­хамеджанұлы – өнегелі ғұмыр кеш­кен, туған халқы мен шәкірттері үшін адал еңбекті, ұстаз деген киелі атты өмір бойы жоғары ұстап өткен қадірменді ұстаз бола білген.

Бұдан өзге, М.Қоянбаевмен қызметтес болған, иық тіресіп еңбек еткен әріптестері, ұстаз-профес­сорлар С.Рахметова, Р.Мендикенова, Т.Оспанов. Р.Бекмағамбетова, шәкірттері Л.А.Лебедова, А.Б.Ақ­паева, А.А.Әлімбекова. К.Д.Бей­сембаева, Б.Т.Қабатай, М.Алтын­баев, т.б. осындай пікір білдірген екен.

Өткен жылы Р.М.Қоянбаевтың өмірден озғанына 10 жыл толды. Оның тұлғалық келбеті, қоғамдағы орны, еңбектері әріптестерінің, шәкірттерінің мәңгі есінде. Ел үшін адал қызмет атқарғандарды ардақ­тау – ұлтымыздың қасиетті дәстүрі. «Өткен күнде белгі бар іздеушісі болса, келер күнге тәңір жар тілеу­шісі болса» дейді қазекем. Қазақ аруақтан аттамаған, асты тастамаған халық. Оның ұлылығы да осында.

Барын бағалай білетін, құтын қадірлей алатын ер болса, ол елдің болашағы зор. Сондықтан өз ұлтымыздан шыққан тұлғаларды ұлықтап, олардың ғибратты өмірін жас ұрпаққа үлгі-өнеге ету бізбен сіздерге аманат.

Ромсейт Мұхамеджанұлы да көптің сөзін сөйлей алатын, ақиқаттың адамы еді. Ешкімнің лауазым атағынан тайсалмайтын, ұстанымы жоғары, айтқанынан қайтпайтын тұлға болатын. Ары таза адам болды. Әр уақытта да тура, шыншыл сөйлеп, әділдіктің жақтау­шысы болатын, ойын нақты түйін­дейтін. Өскелең ұрпақтың білімді, тәрбиелі, талапты болып қалып­тасып, өсуіне сүбелі үлес қосты.

 

Қалдан МЫРЗАҚҰЛҚЫЗЫ,

Қазақстан оқу-білім ісінің үздігі,

профессор М.Р.Қоянбаевтың жары.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *