«ПЕДАГОГ МӘРТЕБЕСІ» — МҰҒАЛІМНІҢ БАСТЫ ҚҰЖАТЫ

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген 28 жылдық тарихында алғаш рет Мұғалім мәртебесін айқындап, заң қабылдады. Бұл заң ұстаз мамандығының мерейін көтеріп, беделін арттыратыны сөзсіз. Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде осы заңды жан-жақты талқылап, талдаудан өткізіп жатыр. Алматы қаласының білім жүйесі де бұл заңды басты мәселеге айналдырып, танысу, талдау жұмыстарын  жүргізуде.

Аягүл МИРАЗОВА, Қазақстанның Еңбек Ері:

– Еліміз тәуел­сіздік алғалы тұң­ғыш рет «Мұғалім мәрте­бесі» туралы заң қа­былданып отыр. Бұл заңды қа­былдау оңай­­ға түскен жоқ. Бір жыл бойы тал­қыға түсіп, талдаудан өтті. Өз басым осы заңды талқылаған үкіметтік жиындарға қатыстым.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың бастамасымен қолға алынған заң өткен жылдың желтоқ­санында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен жүзеге асты. Дәл қазір барша ұстаздар осы заңды қызу талқылап жатыр. Бұл мемлекеттің ұстаздар қауымына жасап жатқан үлкен сыйы.

Біліміне сенімді, әрқашан ізденіс үстінде жүретін ұстаздар тестілеуден өтіп, жалақыларын 30, 50, 70 пайызға дейін көтеру мүмкіндігіне ие болып отыр.

Аттестациядан өткен әрбір мұғалім өзінің мүмкіндігін жан-жақты көрсе­туде. Олардың басты жетістігі – бала­ларға білім беру мен қоғамдық белсен­ділік болса керек. Жалпы, төрт бағыт­тан, 21 баптан тұратын заңда мұғалімнің міндеті мен оларға қойы­латын талаптар жан-жақты көрсетілген. Дегенмен, әттең-айлар да баршылық.

Ата-аналардың жауапкершілігі мен міндеттерін баса көрсетуі керек еді. Заңда ата-аналар туралы жазылға­н. ­Бізде көп жағдайда ата-аналар талап етуді біледі, өз міндеттерін білмей жатады. Басты ұстаз – ата-ана дейміз. Ата-аналар кейде өз міндеттерін мек­тептен талап ететін де кездер болып қалады. Сосын жас мамандар мәсе­лесі туралы да айта кеткенім жөн шығар. Қазір жас мамандар мектепке келмейді емес, келіп жатыр. Тек олардың айлық-жалақыларын күн көретіндей етіп, бірден көтеру керек. Оларға жұмыста­ры­ның көрсеткішін көрсету үшін кемінде 5-10 жыл уақыт керек болады. Көбі шыдамай кетіп қалады. Сондықтан олардың айлығын көтеріп, мектепте жұмыс істеулеріне мүмкіндік жасаған дұрыс. Тағы бір айта кететін жәйт, мұға­лімге 40 сағат жүктеме тым көптік етеді.

Жалпы, мұғалімге берілетін сағат санын 30 сағаттан асырмау керек. Қандай мықты мұғалім болса да, сапалы білім беру үшін осы жағын қарастырған дұрыс. Бір сыныпта әрі кеткенде 30 бала отыру керек. Мұғалім 40 балаға 40 минут ішінде қандай білім береді?

Мұғалімнің ғылыми дәрежесі бол­сын, әдістемелік, дидактикалық автор болуы керек дегенді де ойласу керек еді. Ауылдық жерлердегі мұғалімдерде мұндай мүмкіндік жоқ қой. Оның үстіне барлығы автор болып кетсе, қаншама оқулық, қанша мұғалім бұл жағы да түсініксіз?

 

Сәния ТІЛЕУБАЙ, Бостандық ауданындағы М.Мақатаев атындағы №140 гимназия директоры:

– Ұлы Абай бабамыз «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деп тегін айтпаса керек. Ұс­таз­дың орны қашан да төр екендігі белгілі. Еліміз егемендік алып, дамыған елдердің қатарынан орын алып жатса, экономи­камыз артып, ғылым мен техникамыз дамып жатса, мұның бәрі біліммен келеді. Ал білімді беретін, ұрпақты тәрбиелейтін ол – мұғалім. Мұғалімнің беделі туралы сөз қозғағанда көбіне бір кездерде деп айта­мыз. Шындығында, бір кезде мұғалімді анадайдан көріп, жол беріп, тоқтай қалып амандасатын едік. Сол ардақты мұғалімнің беделінің түсіп, әлсіреп кеткені де шындық еді. Ел болып, қоғам болып қолға алып, «Педагог мәртебесі» туралы заң дүниеге келді. Әр жылдар­дағы Елбасы Жолдауынан бір түспейтін білім саласына деген қамқорлық өз жалғасын тапты.

Жалпы, «Мұғалім мәртебесі» тура­лы заң қабылдаудың өзектілігі тек біздің елімізде ғана емес, ТМД елдерінде 2004 жылдан бері көтеріліп келе жат­қаны белгілі. Біздің елімізде қабыл­данған бұл заңды ұстаздарға жасалып жатқан мемлекетіміздің үлкен қамқор­лығы деп қабылдаған дұрыс. Төрт бағыт пен 21 баптан тұратын заң аясында педагогтардың мәртебесі айқындалды. Олардың құқықтары, әлеуметтік жағ­дай­­лары, міндеттері мен жауапкер­шіліктері нақты көрсетілді.

Биылдан бастап жалақыны 25 пайызға өсіріп, оны төрт жыл ішінде екі есеге көтеру, келесі жылдан бастап жүктеме санын азайту, педагогикалық шеберлігі үшін лауазымдық жалақысы­ның 30, 50 пайыз аралығында жаңа қосымша ақының төленуі, дарынды балалар тәрбиелеген ұстаздар еңбегінің еленуі, біліктілігіне қарай мектеп директорлары мен орынбасарлары жалақыларының көбеюі, т.б.

Міне, осындай толып жатқан мүм­кін­діктер қарастырылған заңда мұғалім мін­деті де көрсетілді. Бұл заң ұстаздар қа­уымының мерейін өсіріп, олардың тұр­мыс жағдайларының жақсаруына да оң әсерін тигізеді. Сондықтан біз де өз тара­пымыздан жауапкершілігімізді сезініп, осы сенімге сай еңбек етуіміз керек.

 

Гауһар МӘНЕКЕЕВА, Әуезов ауданындағы «Жаңа ғасыр» №175 гимназия директоры:

– Өткен жыл­дың аяғында Пар­ламент Сенатының оты­ры­сында қа­былданған «Педа­гог мәртебесі тура­лы» заң қабыл­дануы еліміздің ұстаздар қауымына жаңа­ша жұмыс істеудің жолын ашып отыр.

«Педагог мәртебесі туралы» заңға арнайы баптар енгізілген. Мәселен, «Жал­пы ережелерден» бастап «Педа­гог­тың мәртебесі және оның педаго­гика­лық қызметі», «Педагогикалық құқық­тары», «Педагогтың міндеттері мен жа­уапкер­шілігі» сияқты негізгі бөлімдер педагогтың құжаты іспетті.

Ал енді педагогтың этикасы, стату­сы, ар-ожданын қорғау, кәсіптік қыз­метін жүзеге асыруға жағдай жасау тура­лы айтыл­ған арнайы бапты да ұстаздар зор ынта­мен қабылдады. Заңның әрбір бапта­рын оқып, зерделеп шықтық. Бұл заңмен танысу үшін арнайы жиын өткіздік.

Мұғалімдерді кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыстарға тартуға, заңда көзделмеген тексерулер, басқа да жұмыстарға тартуға болмайтыны оның көрсетілген заңның үшінші бөлімінде педагогтың кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезіндегі құқықтарының айқын­далуы да оларды құқықтық жағынан қорғалуларына негіз болады.

Педагогтардың әлеуметтік жағдай­лары туралы да барынша анық көрсе­тілген. Мұғалімнің мәртебесін анықтап отырған аталмыш заң Ұлы ұстаз Ы.Алтынсариннің «Бізге жақсы мұғалім бәрінен қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деген бағасының ашық көрінісі іспетті.

Осындай жақсы жағдайлар жасалып жатқанда, еліміздің білім жүйесінің де ерекше қанаттанып, еңбекке деген құлшыныстарының артатыны анық.

 

Фатима АЛИАКПАРОВА, Жетісу ауданындағы №148 мектеп-гимназия директоры:

– Иә, қазір бә­се­­­келестіктің, да­мыған техно­логия­лар заманы. Әлем­дегі болып жатқан бар­лық жаңашыл­дық­тың бәрі осы білім арқылы жүзеге асатыны белгілі. Сондықтан қандай ел болса да білімге жұмсаған инвестиция­сының жемісін көреді. Осы ретте Елбасымыз аса көрегендік танытып, ХХ ғасырда білімді барынша дамыта алма­ған елдің тығы­рыққа тірелетінін айтып, «біз мұғалім маман­дығының беделі мен абыройын қайтаруға міндеттіміз» деген еді.

Осы Жолдаудан соң шұғыл қолға алынып, қоғамда қызу талқыға түскен «Пе­дагог мәртебесі туралы» заң 2019 жылдың 27 желтоқсанында қабылдан­ды. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері алғаш рет мұндай заң қабылданып, педагогтардың қоғамдағы орындарын анықтап берді. Табысты еңбек етіп, сол еткен еңбегі арқылы абыройға да бөленетіні осы заңда тайға таңба басқандай анық көрсетілген.

Біздің мектеп ұжымы да осы заңды талқылап жиын өткіздік. Өйткені, өзде­рінің  басты құжаты іспетті заңда не жазылған, нені көрсетіп, не мақсат етіл­генін әрбір ұстаз білуі керек. Заңның қабылданғанына да көп уақыт бола қойған жоқ. Соған қара­мастан, жаңа жылдан бастап мұғалімдердің жалақы­сы артып, басқа да заңда көрсе­тілген талаптардың орындала бастағаны байқалады. Жалпы, менің ойымша заңда көрсетілген мұғалімдердің беделі, мәр­тебесі туралы басым бағыттардың жүзе­ге асуы өзімізге де байланысты. Тынымсыз еңбек етіп, үздіксіз білімі­мізді жалғастырып, ізденіп, өзімізді жан-жақты жетілдіріп жүрсек абы­ройы­мыз артып, беделіміз биіктей бермек.

 

Нәйлә МӘЛІКОВА, Алмалы ауданындағы №39 мамандандырылған лицей директоры:

– «Мұғалім мәр­те­бесі туралы» заңды білім жүйесі зор қуа­нышпен қабылдап жатыр. Қазір қаланың бар­лық білім мекеме­сінде осы заңды таныс­тыру, талқылау жұмыстары жүргізілуде. Ең алдымен, педагог ретінде заңмен өзім де танысып шықтым. Ұжымда талқыладық. Білімнің сапасын арттыру үшін заңның орны ерекше. Осы жалдан бастап жалақы 25 пайызға артса, төрт жыл ішінде екі есеге асқалы отыр. Тәлімгерлігі үшін де қосымша ақы төленетін болды. Магистр дәрежесі үшін 10 АЕК ақы төленетін болса, сынып жетекшілігі мен дәптер тексергендері үшін екі есе мөлшерде қосымша ақы төленетін болды. Осындай қамқорлықтар жасалып жатқанда неге бел шеше еңбек етпеске?

Шындығына келсек, бұрындары мұғалім­дердің әлеуметтік жағдайларына қарап, олардың қосымша басқа жер­лерде еңбек ететіндіктерін ескеретінбіз. Енді білім сапасын басты орынға қойып, талап етуге мүмкіндігіміз бар. Өйткені, жақсы жағдайлар жасалып жатқан соң соған сай еңбек етуіміз керек.

 

Айжан ҚАСЫМОВА, Түрксіб ауданындағы №59 мектеп-гимназия директоры:

– Қабылданған жаңа заң еліміздің барша ұстазда­рына үлкен сенім­мен қа­тар зор жауап­кер­шілікті де жүктеп отыр. Бұл біз үшін зор мәртебе. Өйткені, қазіргідей алмағайып заманда білімнің алар орны ерекше. Сондықтан бұл заңды орта білім беретін мекемелер зор қуанышпен қабылдады.

Бұрын еңбектері лайықты дәрежеде бағаланбаса, ендігі жерде заң жүзінде айлығы да артады, көрсеткен нәтиже­леріне қосымша және қаржы төленетін болды. Осының барлығы түптеп кел­генде, білім жүйесіне оң әсерін тигізетін болады. Өйткені, қарапайым қағида арқылы да көз жеткізуге болады ғой.

Адамның тұрмыс жағдайы түзел­мейін­ше, оның жұмысқа деген көңіл-күйі дұрыс болмайды. Мәселен, осы жылы жалақы 25 пайызға артып жатыр. Сәтін салса, алдағы төрт жылда тағы екі есеге көбейеді. Еңбек демалысы 42 күннен 56 күнге ұзартылатын болды. Педагогикалық шеберлігі үшін 30-50 пайыз жаңадан қосымша қаржы алады. Сонымен қатар, педагогтар өз міндет­теріне жатпайтын функциялардан босатылды. Педагогтарға ендігі жерде балаларын мектепке дейінгі мекеме­лерге орналастыру мәселесінің де тетігі табылды. Олардың балала­рына бірінші кезекте орын бөлінетін болды. Бұдан өзге де жеңілдіктер қарастырылған.

Ендігі мақсат осы үдеден шығып, мәр­тебе биігінен көрінуге тырысайық. Мұға­лімнің мәртебесі – өз қолында!

 

Айымгүл ИМАНҒАЛИЕВА, Медеу ауданындағы №19 жалпы білім беретін мектеп директоры:

– «Мұғалім мәр­­те­­бесі» туралы заң­ды ұжым болып тал­қыладық. Ең бас­­ты төрт бағыт та өте ма­ңызды. Педа­гог­тар­дың жалақы­сының 25 пайызға артуы бұл да осы заң аясын­да іске асып жатқан алғашқы қадам.

Жалпы, 21 баптың барлығында да мұғалімнің міндеті, талабы, құқығын қор­лау, әлеуметтік жағдайы, т.б. басымдықтар қадап көрсетілген.

Біз көбіне «Мектепке  жас мамандар келмейді» деп жатамыз. Қазір қоғамда «Жастар мұғалім болғысы келмейді» деген сыңаржақты пікір әбден орнығып алған. Бірақ олай емес. Жалақысы жақсы, әлеуметтік жағдайы жасалса осы мамандық иесі болғысы келетін жастар жоқ емес. Сондықтан айлықтың көбей­гені, басқа да жағдайлардың жасал­­ғаны сілкініс әкеліп жатқан жәйі бар.

Мұғалім мәртебесінің артып жатқа­нын естіген бүгінгі студент, ертеңге ма­ман­дар­дың мектепке мұғалім болып келетініне сенімдімін.

Заңда мұғалімнің мәртебесі оның педагогикалық қызметі, құқығы, міндеті мен жауапкершілігі туралы баса айтылған.

Мұғалімдер ендігі жерде таза педаго­гикалық жұмыстармен айналысатын болды. Олар өздерінің шығармашылық жұмыстарын шыңдап, басқа да пайдалы істермен айналысатын болды.

 

Гүлжан БЕКЕНОВА, Алатау ауданындағы №169 мектеп-лицейінің директоры:

– Халқымыз қа­шан­нан «төрдегі орын ұстаздыкі» деп мұраты биік мұға­лімнің қадір-қасие­тін арттырып келді. Иә, сол биік беделге нұқсан келген кездер де болды. Деген­мен, ел ағалары бас болып, халық қолдап үлкен қанат бітіретін «Мұғалім мәртебесі» атты заңды бекітті. Аз ғана уақыт өтсе де, заңның шапағатын сезіне бастадық. Осы жылдан бастап мұғалім­дердің жалақы­сы 25 есеге көбейеді. Ең бастысы, мұғалім­дер артық жұмыстарға тартылмайтын болды.

Ер-азамат мұғалімдерді әскери қыз­метке шақыру да кейінге қалдыратын болды. Материалдың ынталандыру жағы да қарастырылуда. Осының барлығы мұға­лім мәртебесінің артқаны емес пе?

Алдағы жылдарда мұғалімдердің оқу жүктемелері 18 сағаттан 16 сағатқа дейін азаятын болды. Бұл мұғалімдердің еңбекке деген күш-жігерін арттырса, білімнің сапа­сына да оң әсерін тигізеді. Сапа туралы да сөз осы кезде болады деп ойлаймын.

Сынып жетекшілігі мен дәптер тек­сер­­гені үшін екі есе ақы төленетіні де өте орынды. Ендігі жерде халықаралық байқаулар мен олимпиада жеңім­паздарын дайындаған педагогтардың үш лауазымдық жалақыға дейін біржолғы сыйақыны иеленуге мүмкіндіктері бар.

 

Света АХМЕТОВА, Наурызбай ауданындағы №157 жалпы білім беретін мектеп директоры:

– Тәуелсіз елі­міз­дің 28 жылдық тари­хында алғаш рет мұға­лімнің мәр­­тебесі рес­пуб­ли­калық дең­гейде талқыланып, қабыл­данды. Бұл бастама білім сала­сына көрсетіліп отырған қолдау. Ұстаз мамандығының беделін арттыруға жасалған қадам. Осы талаптардың негізінде дүниеге келіп, қабылданған «Педагог мәртебесі» туралы заңды барлық білім жүйесі қыз­меткерлері зор қуанышпен қабылдады. Әлі де танысып, талқылап жатырмыз. Заңдағы көрсе­тілген мәртебе, мұға­лімнің құқығы, әлеуметтік кепілдігі, шектеулер, міндеттер мен жауапкер­шілік барлығы дерлік нақты айтылған. Ата-аналардың да міндеті көрсетілген.

Ендігі жерде 21 баптан тұратын заң барша ұстаз қауымына қызмет етеді деп сенемін. Осы заңның жүзеге асуына қолдау көрсеткен барлық білім жүйе­сінің тағды­рына салмақпен қарайтын ел азаматтарына ұстаздар қауымының алғысы шексіз.

Біздің міндетіміз — білімді, жоғары деңгейдегі, бәсекеге қабілетті, жеке өз пікірі бар, көп тіл білетін, заманауи тұлға қалыптастыру. Осы жолда біздің еркін еңбек етуімізге барлық жағдай жасалып жатыр.

 

Бетті әзірлеген – Рая Ескендір.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *