ПЕДАГОГ МӘРТЕБЕСІ: БҮГІН ЖӘНЕ БОЛАШАҚТА

Бүгінгі заман – бәсекелестік пен жоғары технологиялар заманы. Ғылым мен білім заманы. Елбасымыз өзінің 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында «ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық. Біз мұғалім мамандығының беделі мен абыройын қайтаруға міндеттіміз», — деген еді. Осы Жолдаудың нәтижесінде жыл бойы қоғамдық қызу талқыға түскен «Педагог мәртебесі туралы» Заң 2019 жылдың 27 желтоқсанында қабылданды. Осы оқиғаны біздің қоғамымызда бұрын-соңды болмаған, қажеттіліктен туындаған нағыз тарихи оқиға деуге болады. Бұл – әрбір педагогтың өзінің қоғамдағы орнын анықтайтын, сонымен бірге табысты еңбек етуге тікелей қолдау көрсететінмаңызды құжат. 6 бөлім, 21 баптан тұратын құжат барлық білім беру мекемелерінде еңбек етіп жүрген ұстаздардың әлеуметтік дәрежесін анықтап қана қоймай, оларға қолдау көрсетуге бағытталған.

Қазіргі таңда барлық білім беру мекемелерінде осы құжат егжей-тегжейлі қызу талқылануда. Талқылау барысында ұстаздар қауымы Заң жүзінде өздерінің құқықтары қорғалып қана қоймай, педагог мәртебесіне лайық, бүгінгі заман талабына сай еңбек етулері қажет екеніне көз жеткізді. Заңның қабылданғанына көп уақыт өтпесе де, күнделікті жұмыс барысында Үкімет тарапынан өздеріне көрсетіліп жатқан қолдауды сезініп жүргендерін қуанышпен жеткізуде. Ұстаздардың жемісті еңбек етуіне Заңның тікелей әсер етіп жатқаны тәжірибе жүзінде байқалуда. Мысалы, әсіресе орта білім беру мекемелерінде қызмет етіп жүрген ұстаздар Заң қабылданғанға дейін көп жағдайда құқықтары аяқасты болып, қоғамдағы теріс көзқарасқа жиі ілігіп жүрген, өз құқығын қорғауға құзыреті жеткіліксіз, ешқандай қолдауы жоқ, еңбегі лайықты дәрежеде бағаланбайтын жағдайда жүрсе, ендігі жерде Заң жүзінде өздеріне қорғау мен қолдау көрсетілетініне нық сенім білдіруде.

Мұғалім мәртебесіне ие болу бір күнде немесе бір жылда ғана болатын жұмыс емес. Ол сан жылдық тынымсыз еңбек пен тоқтаусыз ізденудің нәтижесінде келетін дүние. Бұл еліміздегі әрбір педагогқа зор жауапкершілік жүктейді, себебі білім берудің уақыт талабы мен заманауи экономиканың қажеттіліктеріне жауап беретін деңгейін қамтамасыз етуі тиіс тұлға – мұғалім. Біздің білім беру жүйеміз әлемдік стандарттарға сәйкес келіп, нақты жетістіктерге жететін әрі Қазақстанды жаңа деңгейге шығаратын заманауи ұрпақ тәрбиелеуі үшін түбегейлі өзгеруде. Қарқынды түрде өзгеріп жатқан қазіргі әлемде көп нәрсе бізге, педагогтерге байланысты. Біз оңтайлы еңбек ету керектігін, сөйтіп әрбір қазақстандық өз әл-ауқатына қол жеткізетіндігін түсінеміз және іс жүзінде жүзеге асырамыз.

Айткүл ҚАДЫРҚҰЛОВА,

№184 жалпы білім беретін мектеп

директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Жадыра СЕРІКОВА,

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Алатау ауданы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *