ПАТРИОТ БОЛУ – ӨЗ ОТАНЫН ШЕКСІЗ СҮЮ

  • Кинокеңістік

 

12Балнұр АХМЕТ

Егемен елімізде күннен-күнге қанат жайып келе жат­қан отандық кино­инду­рия көпшілік көрерменге көтеріңкі көңіл-күй, рухани қуаныш сыйлауды әдемі дәстүрге айналдыра бастады. Міне, осы орайда, жақында елімізде ҚР Мәдениет және спорт ми­нистрлігінің арнайы тапсыры­сымен түсірілген «Оралу» фильмінің тұсаукесері өтті. «Қазақфильм» киносту­диясы мен «Көркем фильм» кино­компаниясы бірігіп түсірген фильмнің түсірілімі Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ, Алматы облысындағы Тұрар ауылында өткен. Жауқазын жастардың жүрегінде туған жерге, туған елге деген шексіз сүйіспеншілік сезімін оятатын фильмнің басты кейіпкерлерін Санжар Мәдиев, Аружан Жа­зылбекова мен Обонна Эндэ­буезе сомдады. Отандық фильм­нің тұсаукесеріне арналған баспасөз мәслихатында «Қа­зақфильм» киностудиясының бас редакторы Дидар Амантай мен фильмнің режиссері Рашид Сүлейменов туынды туралы өз ойларымен бөлісті.

– Ұзақ уақыт шет елде өмір сүрген Мақсат есімді фильмнің басты кейіпкері атадан қалған мұра үшін өзінің Отанына оралғанда мыңдаған жастардың өміріндегі оңды өзгерістерді байқайды. Бұл жағымды жағ­дай мемлекеттегі жастар сая­сатының игі ықпалының арқа­сында жүзеге асырылады. Фи­льмнің негізіне мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баевтың «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050», «Нұрлы жол» бағдарламалары мен Елба­сының халыққа Жолдауларын­дағы терең философиясы астар­ланған, – деді «Қазақ­фильм» киностудиясының бас редакторы Дидар Амантай.

Ал, өз сөзінде еліміздегі жастар саясатының маңыз­дылығын атап өткен кино­режиссер әрі сценарий авторы Рашид Сүлейменов фильмге жан бітіруге Елбасының еліне деген махаббаты септігін тигіз­гендігін жеткізді.

– Бұл туындыны қолға алуға Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың туған еліне деген шексіз сүйіспеншілігі шабыт берді. Фильмнің негізіне Елбасының Жастар саясаты енгізілген. «Патриот болу – Қазақстанды жүрегінде сақтап жүру» деген мемлекет басшысы. Фильм арқылы осы ойды жеткізе алдық деген ойдамыз. Туын­дының өнбойынан патриотизм тақы­рыбының лебі сезіліп тұрады, – деді ол.

Толықметражды жаңа фи­льмнің басты қаһарманы –  Мақсат Еуропада тұратын азамат. Шетелдік ірі ком­панияда қызмет ететін ол кейде жұмыс бабымен немесе іс­сапармен келгенде ғана өз Отанын ұшақ терезесінен көреді. Алайда, алыста қалған ауылдағы ата­сының қазасы өзге елде жүріп толағай табыстарға қол жет­кізген кәсіпкер жігіт өмірін бір сәтте-ақ өзгертіп жібереді. Ата­сынан қалған жылқы фермасын сату үшін бірнеше күнге туған жеріне келген жас жігіт енді ауыл өмірінің өңі өзгергендігін көреді. Тағдыр жігерлі жігітті тал бойына ұлттық құндылықтарды ұялат­қан Аружан есімді бойжет­кенмен кездестіреді. Тамыры ті­рілген туған ауылының тір­шілігіне үңілген жас кәсіпкер қазіргі таңда тамаша мүм­кіндіктерді жүзеге асыру үшін өз Отанында да барлық жағдай жасалған­дығын түсінеді.

Туған жердің топырағын басқан сәттен бастап тарихи түпкі тамырын, қасиетті қазы­ғын тапқан Мақсаттың жан-дүниесінде айналадағы қор­шаған әлемге деген көзқарасы өзгереді. Туған жерден жырақта күн кешкен кейіпкер енді ауыл атты алтын аймақтан, ыстық ұясынан ешқашан ешқайда кеткісі келмейді. Енді ол құшақ жая қарсы алған Отан-Анасын, өзінің алақандай ауылын әлемнің ешбір әсем қаласына айырбастағысы келмейтінін сезінеді. Қасиет тұтқан ата-бабасының жерінде жаны сая тапқан жас жігіт енді өз өмірін өзге елде елестетпейді. Туған топырағынан тұла бойына күш-қуат алған Мақсат келешегін жат елдегі жарқыраған жат өмірмен жалғағысы келмейді. Қаланың қарбалас өмірі мен ауылдың қоңыр тіршілігі бейнеленген бұл фильм адамзатқа туған жерін сүюді үйретеді, көрерменге Отан-Ананың құдыретін сезіндіреді.

Сондай-ақ, бұл отандық туынды әрбір ойлы көрерменге Отан-Анасы мен өзінің жанұясы – адамзат өміріндегі ең ұлы құндылық екендігін түсіндіреді. Отан – батыр бабаларымыздың ұрпақтан ұрпаққа қалдырған аяулы аманаты болып көрінеді. Міне, бұл фильм аталары­мыз­дың асыл аманатын ардақтау қажеттігін жас толқынның жүрегіне жылы жеткізеді. Тамыр жайған атамекенінен алыстамау туралы адамзатқа терең ой тамызатын фильм «Отан! Отан! Бәрінен биік екен!» деген Мұқағали Мақатаевтың пара­сат­ты пікіріне көрерменнің көзін жеткізеді. Жас ұрпақтың жүре­гінде Отан-Анасына деген сезімін асқақтататын, өмірлік құндылықтарды қастерлеу қажеттілігі туралы ойландыратын фильмнің құндылығы міне, осында!

 

Айдын МОЛДАЖАНОВ,

«Алматы тазалық» кәсіпорнының басшысы:

Бар қазаққа ой салатын фильм

– «Оралудың» көтерген мәселесі өзекті. Жастардың ғана емес, бар қазақтың жүрегінен ойып тұрып орын алатын көркем туынды дер едім. Фильм шет елге кетіп, туған жерді ұмытқан қазақстандық азаматтың өмірі арқылы қалың көпшілікке ой салған. Отанға деген ыстық сезіміңді, елге, жерге деген махаббатыңды оятады. Рухыңды асқақтатады.

Білуімше, қазақстандық жоғары оқу орындары әлемнің көптеген университеттерімен өзара іскерлік байланыс орнатқан. Алыс-жақын шет елдерде және «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып жатқандарда есеп жоқ. Бұл, әрине, жақсы ғой. Бірақ, оның «әттеген-ай» деген тұстары шығып жатыр. Мәселен, шет елде оқитын студенттеріміздің сол елдің мүддесіне жұмыс істеп қалып жататындары бар. Қай мемлекетке барса да олар барған мемлекеттің мәдениеті мен тарихынан сабақ алып, дыбыстарына машықтанып, сол тілді еркін меңгеруге мүмкіндік алады. Нәтижесінде, сол елде тұрақтап жатады. Олардың отандық ғылымға қаншалықты үлес қосатындары да белгісіз. Сондықтан мына біз көрген фильм – алыстағы осындай ағайындардың елге оралуына себеп болатын бірден-бір туынды деуге тұрарлық. «Оралу» арқылы өскелең ұрпақты туған елді қадірлеп, жерді қастерлеуге тәрбиелеуге әбден болады.

 

Гүлім МЫРЗАҚҰЛ,

Абай атындағы университеттің 3-курс студенті:

Патриоттық сезімге жетелейді

– Әсерлі фильм. Отанға деген, еліңе деген патриоттық сезіміңді арттырады. Киноны көріп, ерекше тебірендім. Тіпті, көзімнен жас та шығып кетті. Неге десеңіз, еліңе деген махаббатты, жеріңе деген сүйіспеншілікті кино актерлері керемет жеткізе білген. Бұл, әрине, менің пікірім. Бірақ, залда отырған көрерменнің барлығы осы күйді кешкені айтпаса да түсінікті болатын. Өйткені, қалың көпшілікті басты кейіпкер Мақсаттың мұрагерлікті заңдастыруға келіп, ақыр соңында райынан қайтып, әлгі ферманы сатпайтынын жеткізетін жерлері өте әсерлі болды.

Рас, өзге мемлекеттерге оқуға барып, сол елдің қаңсығын бізге таңсық етіп айтып жататын құрдастарым жоқ емес. Шет елде білім алудың жөні осы екен деп сол жақтың мәдениетін жыр етіп айтып жүретіндері қаншама?! Менің ойымша, ол маңызды емес, ең бастысы – ұлтыңның қадір-қасиетін бағалай білу, еліңді, туған жеріңді сүю, сол арқылы елге қызмет ету. Фильмнің идеясы да осы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *