ПАТРИАРХ КҮЗІ

Әбді-Жәмил Нұрпейісов болмысының қағидасы

Заманымыздың заңғар суреткері, Қазақстан­ның халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сый­лығының иегері, Қазақстан ПЕН-клубының негізін қалаушы және алғашқы президенті Әбді-Жәмил Нұрпейісов 95 жасқа толып отыр.

Елена БРУСИЛОВСКАЯ

 

Соғыс өрті шарпыған…

Әбдіжәмил Нұрпейісов өзі туралы былай дейді: «Мен ең әуелі қазақпын. Менің осынау бүкіл жаратылысқа, бүкіл тіршілікке деген көзқарасым мына жарық дүниеге келген сәттен, былайша айтқанда, жөргегімнен ана тілімнің әсем әуезі, боз далада бозала таңнан шырылдап, шырқырап ән салатын бозторғайдың үні, садағаң кетейін қазақ даласының бозжусанының ащы исімен ән-күйі арқылы ғана қалыптасқан». Нұрпейісовтің тұла бойына тұнған ерекшелік те – осы дүниені ол осылай ұғынады, шығармаларында да осылай кейіптейді.

Ресейлік әдебиеттанушы, филология ғылымының докторы, Мәскеу мемлекеттік университетінің про­фессоры Николай Анастасьев өзінің Әбдіжәмил Нұрпейісов шығармашылығы туралы жазған кіта­бын «Гүл құмырасындағы аспан» деп атады. Бұл – ағылшынның романтик ақыны Уильям Блейктің: «Мәңгіні көрем сәттен қас-қағым, /Байтақ әлемді – түйірінен құмның, /Шексіздік көрем уыстан шап-шағын/ Ал аспанды – құмырасынан гүлдің», – деп келетін өлеңінің бір тармағы еді.

Мәңгілікті қас-қағым сәтке сыйғызып жіберу екінің бірінің қолынан келмейтініне келісерсіз. Ал Нұрпейісовке Құдай ондай дарын берген. Оның дәуірлер соқтығысындағы адамдар тағдыры туралы ғана емес, әдебиет әлемінің, мәселен, Лев Толстой, Федор Достоевский немесе Мұхтар Әуезов секілді ақсақалдары жайында да бірдей еркіндікпен және тереңдікпен жаза білуі, бәлкім, сондықтан шығар.

«Шетсіз-шексіз мәдениет кеңістігіне енді ғана құлаш ұра бастаған, суы тартылып, сүдіні қашқан Арал теңізі жанындағы ескілікті қазақ ауылынан шыққан ебедейсіз бозбаланың» (жазушының өз сөзі) неміс философы Канттың: «Менің қиялымды үнемі екі нәрсе – төбемдегі жұлдызды аспан мен өз іші­міздегі адамгершілік заңы арбайды да тұрады», – деген сөзін жадында сақтап қалуы да бекерден-бекер емес. Оның өмірін де, шығармашылығын да нықтап ұстап тұрған басты ұстын – осы адамгершілік заңы.

Бір қызығы, Нұрпейісов – аса көп жазған автор емес, әлем әдебиетіне ол екі кітабымен ғана – «Қан мен тер» трилогиясымен және «Соңғы парыз» роман-дилогиясымен («Сондай да бір күн болған», «Сондай да бір түн болған») енді, алайда осы кітаптардың өзі, әдебиеттанушылардың пікірінше, баға жетпес құндылық саналады. Бұлардың әлемнің 35 тіліне аударылуы да, миллиондаған данамен таралуы да жәйдан-жәй емес болар. Демек, ол кітап­тарда осыдан жарты ғасыр бұрынғы оқыр­манның жанын тебірентіп қана қоймай, ғаламтордағы виртуалды әлемде өсіп келе жатқан бүгінгі буынды да өмір мәні туралы ойлануға мәжбүр ететін бір маңызды өзек бар болғаны ғой.

Әбдіжәмил Нұрпейісов – жастық шағын соғыс өрті шарпыған әдебиетші қауымның бір өкілі, нағыз «могиканның соңғы тұяғы». 1942 жылы мектепті жаңа бітірген он жеті жастағы бозбала әкесімен және бес бауырымен бірге өз еркімен майданға аттанды. Бауырларының бәрі Сталинград түбіндегі шайқастарда қаза тапты, әкесі Тернополь маңындағы ұрыста мерт болды.

Ал Әбдіжәмилді тағдыр басқа мақсат үшін – ол кезде өзіне де беймәлім құпия борыш үшін аман сақтаса керек. Алдымен әскери-саяси училищеге оқуға жіберілген бозбала оны лейтенант шенінде тәмамдаған соң 1943 жылы Ново-Шахтинскідегі әскер штабына қабылданды. Сол жерде бір қарағанда елеусіздеу ғана оқиға болды: жас жауынгерді паналатқан үйден, дәлірек айтқанда, сол үйдің иесінен – ол кезде бұған қаусаған кәрі кемпір көрінген кейуанадан жұлым-жұлымы шыққан, біраз парағы жыртылған, мұқабасы жоқ жалғыз кітап табылды. Бұл Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романы еді, арасындағы французша және немісше ұзын-сонар сөз-сөйлемдерден батпақтап әрең өткен Нұрпейісов оны қызыға оқып тауысқан еді. Бірақ ол кезде «соғыс және бейбітшілік» секілді мәңгілік тақырыпты арқау етер жазушылыққа жаны құмартқанын оның өзі сезе қоймаған болатын. Оның өміріне әзірге соғыс қана билік жүргізіп тұрған-ды.

Ново-Шахтинскіден кейін Әбдіжәмил Воро­шиловград түбіндегі миномет батареясына саяси нұсқаушының орынбасары болып барды. Алайда, ол жаңа жұмысына кірісер сәтте әскери бөлімдердегі саяси нұсқаушы қызметін қысқартып тастады. Жас жігіттің тағдырында жаңа бұрылыс пайда болды – ол Қандаш атты шуваш қалашы­ғындағы авиация мектебіне оқуға аттанды. Бірақ Нұрпейісовтен ұшқыш шықпады: ұшу өнерінің қыр-сырын үйрету кезінде-ақ курсанттың басы айналып, жүрегі лоблыған соң, қайдағы авиация – оны бұл міндетке жарамсыз деп тапты. Енді ол резервтегі офицерлер полкына қосылды. Тағдыр оны әркез аман сақтап отырды.

Бұл уақытта соғыс қимылдары батысқа қарай ойысып, Нұрпейісовтен алыстап бара жатты. Қысқасы, Николай Анастасьевтің кітабында жазылғандай, «соғыс Әбдіжәмил Нұрпейісовті қол созым жерде жарылған зеңбірек оғының тарсылы болып, өлім құшқан құрбандардың үрейлі тізімі, сол тізімдегі жанына жақын жарқын есімдер болып, бірте-бірте көңіл жұбанта бастаған майдан мәліметтері болып әсер етті. Әділін айтқан жөн, өзі бұл жөнінде: «Шыны керек, мен соғысып қарқ қылған жоқпын», – деп ашығын айтады. Мұндай тура­шылдық та құрмет тудырады, екінің бірі бұлай айта алмайды».

Арада біраз жылдар өтті, енді Нұрпейісов үшін ашық айқас алаңы ақ қағаздың беті болды: соғыс сұмдықтары туралы толғаныстан туған алғашқы романы – «Курляндияны» жаза бастады. Мұны жазуға түрткі болған шығарманың бірі «Соғыс және бейбітшілік» болса, екіншісі Эмиль Золяның «Күйреу» атты романы еді. Бұл тек мағына қуалап қана қоймай, алдағы уақытта шығармашылыққа бет бұратынын сезгендей соншама шұқшиып, түбі жазатын адам секілді қолына қалам алып, астын сызып отырып оқыған бірінші кітабы болғанын Нұрпейісовтің өзі кейін есіне алады.

Николай Анастасьевтің пікірінше, жас жағынан болсын, қалыптаса бастаған өмірбаяны тұрғысынан болсын, Нұрпейісов әдебиет есігін өз қатарластары – Бакланов, Бондарев, Василь Быков іспетті «лейтенанттық проза» толқыны өкілдерімен бірге ашуына да болар еді, алайда, бұлармен салыстырғанда, ол соғыстың алғы шебіне бармаған-ды. Бәлкім, басқа да көп авторлар секілді соғыс туралы романнан бастағанымен, Нұрпейісовтің 50-60 жылдар тоғысындағы әдебиеттің осы бір соны да қуатты ағысынан сырт қалғаны сондықтан шығар.

Нұрпейісов соғыстан офицер сөмкесіне маржандай ұсақ жазуға толы торкөз оқушы дәптерінің он екі парағын салып алып келді, бұл – оның майталман жазушыларға көрсетпек болған, өзіне өте көлемді көрінген романының басы ғана еді. Соғыстан кейін Алматыға келген ол Жазушылар одағына барды, тағдыр жазып, сол уақытта одақты басқарып тұрған белгілі жазушы Сәбит Мұқановпен кездесті, атақты қаламгер жас әдебиетшінің шығармашылық жолына сәтті қадам тілеп, ақ батасын берді.

Шынын айту керек, Әбдіжәмил Нұр­пейісов мінез-құлқы жөнінен де, адамдарға деген, кәдімгі кең мағынасындағы өмірге деген көзқарасы тұрғысынан да біз үйреніскен шеңберге сыя бермейді – оны бұзып-жарып жүреді, таптаурын жолдардан қашады. Ол ақылға сыйымды әрекет күті­летін жерлерде қисынсыз қылық көрсетіп, жұртты аң-таң қалдыруы мүмкін. Мәселен, соғыс кезінде ол «мұндай марапатты әдетте командирлердің ППЖ-сына (полевые походные жены, яғни дала жорығындағы әйелдер – ауд.) ғана береді» деп салып, медальдан бас тартқаны үшін ГУЛАГ-қа түсіп қала жаздап, әрең аман қалғаны бар. Немесе ешқандай әдеби дайындықсыз, тіпті қарапайым жоғары білімсіз-ақ роман жаза бастағаны ше?! Білім де, шеберлік те бірте-бірте келе бастады, ал оған дейін күні-түні азапты да ауыр жұмыс жүріп жатты. Ол бірінші романын жылуы аз сыз бөлмеде май шамның күңгірт жарығымен жазды.

«Курляндия» деп аталған бұл роман қазақ тілінде 20 мың данамен тарады, кейін тағы да осынша таралыммен қайта басылды. Ол уақытта ғана емес, қазіргі кезде де бұл – таңғаларлық цифр. Роман бірауыздан мақталды, сол кездегі әдебиет саласының ең жоғарғы мемлекеттік марапаты – Жамбыл атындағы сыйлыққа лайық деп танылды. Бірақ шығармаға автордың өзінің көңілі тола қойған жоқ – сегіз жылдан соң ол романының үштен біріне жуығын қысқартып, өңдеп, «Күткен күн» деген атпен қайта шығарды. Бұл да – әдеттен тыс, тосын шешім.

Алайда, оның «жұлдызды» кітаптары әлі алда еді. Кезінде «Қан мен тердің» бірінші кітабын оқып шыққан Мұхтар Әуезов: «Қазақ тілінде осындай дүниелер туа бастаса, демек, біздің әдебиеттің болашағы зор», – деген екен. Адамзаттың ХХ ғасырда жүріп өткен жолын қайта саралайтын осы «Қан мен тер» трилогиясы мен «Соңғы парыз» дилогиясы жазушы шығармашы­лығындағы ғана емес, бүкіл әлем әдебие­тіндегі көрнекті туындыларға айналды.

 

Жұлдызды сәт

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының сыртқы әдеби байланыстар және аналитика бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі Светлана Ананьева: «Ә.Нұрпейісовтің өзі де үнемі қайта оралып соғып отыратын басты кітабы – «Соңғы парыз», – дейді.

– Көркем сөздің шебері айрықша талан­тының арқасында Жер шарындағы күллі тіршілік иелерінің өзара байланысы мен өзара тәуелділігін керемет ашып көрсетеді, – дейді ол. – Арал қасіретін ол ғаламдық экологиялық апат деңгейіне дейін көтеріп, алып шыққан. Тартылып бара жатқан Арал түбінен ұшқан тұз тозаңы қазір Солтүстік Мұзды мұхит мұздарынан табылып жатыр. Жазушы кітаптың жаңа басылымдарына кеңес дәуірінде идеологиялық себептермен қырқылып кеткен тарауларды қосып, аталған экологиялық зұлматтың мемлекеттің ағат та саяз саясатының салдары екенін ашық аңғартты. Жаһандық деңгейде ой қорыта алатын Жәдігердің естеліктер ағыны иірімдей шиыршықтала келіп, басты кейіпкер тұлғасының рухани қалыптасу үдерісіне, оның өмір жолының негізгі кезеңдеріне (балықшылар колхозындағы басшы қызметіне және тағы басқаларға) жіті мән беруге көмектеседі. Парыз, жауапкершілік, ар-ождан, мейірім, өзін құрбан ете білу – роман кейіпкерінің бойындағы басты қасиеттер.

ҚР Тұңғыш Президентінің Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты, француз ғалымы Альбер Фишлер де «Ұлы Даланың көрнекті суреткерлерінің бірі, ұлы Мұхтар Әуезовтің жолын қуушы» Нұрпейісовтің шығармашылығын аса жоғары бағалайды. Шетелдік оқырман­дарды қазақтың көне де күрделі тарихымен таныстыратын «Соңғы парыз» романын ол «алып тарихи фреска» деп атайды.

С.Ананьеваның айтуынша, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Халықаралық Абай клубымен бірлесе отырып, шетелдік авторлардың Әбдіжәмил Нұрпейісов шығармашылығы туралы мақалаларын жинақ етіп басып шығарды. «Нұрпейісов әлемі» деп аталатын бұл жинаққа Бельгия, Болгария, Германия, Испания, Қытай, Люксембург, Словакия, Франция елдерінің белгілі қоғам қайрат­керлерінің, сыншыларының, әдебиеттанушы­ларының, жазушыларының, ақындарының, публицистерінің, журналистерінің, баспагер­лерінің жазғандары топтастырылған.

Француз қаламгері, ақын және қоғам қайраткері Луи Арагон Нұрпейісов романдары туралы ойларын «Суы кермек құдық» деген ықшам метафораға сыйдырған. Бельгияның белгілі баспагері, қоғам қайраткері Жорж Буйон болса, қазақ жазушысының әңгімешілдік дарынын ғана емес, өз кейіпкерлерінің адами әлемін ашудың ішкі монолог тәрізді тәсілін шебер меңгергенін де айрықша атап өткен.

Испан әдебиеттанушысы Аугуст Вида­льдің пікірінше, Нұрпейісовтің эпикалық кең құлашы, суреттеген оқиғаларының тереңдігі, сан алуан кейіпкерлерінің тізбегі, көркемдік шеберлігі Михаил Шолоховтың «Тынық Донын» еске түсіреді.

Шетелдік зерттеушілер Нұрпейісов прозасын мұқият мән беріп қана емес, сүйсініп те оқиды. Французша басылымына жазған алғы сөзінде оның аудармашысы Юрий Казаков «тарихи романға жүрек­сінбей кіріскен автордың батылдығы мен асқан талантын» айрықша атай келіп: «Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» тарихи кесек туындылардың эталонына айналды, енді қазақ оқырманы одан кейін дүниеге келген жаңа романның бәрін «Абай жолымен» салыстыратын болды», – деп түйеді.

Әдебиеттанушылардың Әбдіжәмил прозасын Әуезовтің әйгілі романымен ғана емес, Шолоховтың «Тынық Донымен», Алексей Толстойдың «Азапты сапарда­сымен» салыстыра келе ортақ үйлесімдер табуға тырысуына қарамастан, Нұрпейісов өзінің ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасын сақтай білді, дүниеге өзінше қарай алатынын көрсетті. Әйтпесе, былай жаза алар ма еді: «Біздің ұлы далада адам шатыны салып, адамша тіршілік етеді. Ол түсіне білгенге адамша сөйлейді. Ал оны түсіну үшін сол далада тууың керек. Дала дегеніміз – сайыпқыран жігіттердің ат ойнатып, ептілігімен ерлігін шыңдар ұлан-байтақ мекені. Сонымен бірге, дала дегеніңіз – күні тастөбеден шақырайып қарап тұрған көгілдір аспан астында шетсіз-шексіз ішектей шұбатылған ұзақ жолда келе жатқан жалқы жолаушының түпсіз де терең пәлсафаға толы ойлары мен тұңғиық толғам-тұжырымдары. Ол сонау шырқау биікте тербеліп тұрған көгілдір күмбездей аспаннан да жоғары, одан да заңғар, өзі өмірбақи іздеумен келе жатқан Ақиқатпен ғана оңаша сырласып келе жатқан адамның жан сыры іспетті». Осылай жазатын басқа кім бар?

Тұңғиық сырға һәм терең пәлсафаға толы осы жолдардың жан арбайтын тартымдылығы, отандық оқырманды ғана емес, шетелдік әдебиетшілерді де қызық­тыруы бекерден-бекер емес. Мәселен, париждік ақын әрі аудармашы Атаназ Ванчев де Траси былай деп жазады: «Меніңше, жазушының миссиясы – махаббат пен сұлулықты паш ету. Қазақстан қалам­герлерімен көптен таныспын. Аударма­ларымның қатарында қазақтың ұлы жазу­шысы Әбдіжәмил Нұрпейісовтің шығармасы да бар. «Соңғы парызды» аудару барысында мен күніне жеті сағаттан үш жыл жұмыс істедім. Менің француз тіліне аударған дүниелерімнің ішіндегі ең ауқымдысы да осы шығар. Нұрпейісов – кемеңгер жазушы, оны біздің елдің оқырмандары өте жақсы көреді. Француз академиясы ғажап туындысы үшін оған, ал жақсы аудармам үшін маған арнайы сыйлық табыс етті».

Светлана Ананьева берлиндік ақын, аудармашы, баспагер Леонард Кошут жолдаған, осыдан екі жыл бұрын Әбдіжәмил Нұрпейісовтің туған күні қарсаңында келіп жеткен хатты ұқыптап сақтап қойған. Неміс қаламгері мен қазақ жазушысы ұзақ жылдар бойына достық қарым-қатынас жасасып келеді. Ол хаттың мазмұны мынадай: «Қадірлі досым! Қолыңды алып, құшақтап тұрып, жүзбе-жүз құттықтағым-ақ келіп еді. Сені ойласам, бүкіл Қазақстан көз алдыма келеді. Ұшы-қиырсыз қазақ даласын, бәріміз қонып шыққан киіз үйді, Ажардың жол бастауымен біз бауырына өрмелеген биік тауды (аты қалай еді, жаттап алмағаным-ай) жадыма оралтамын. «Соңғы парыз» дилогияңды қолыма алып, көзімді жұмсам, Аралды көремін, тарихи-қоғамдық шытырман әлемге күмп беремін, ал Германияға оралған соң, біздегі «Қазақстан кітапханасын» сенің дилогияңның немісше басылымы ашқанын есіме аламын. Басты рөлінде сен ойнайтын ұзақ кинофильм көріп жүргендеймін… Құшағыма қыстым, қадірлі досым!».

«Художественная литература» баспа­сының директоры, Ресей Сөз өнері акаде­миясының академигі Георгий Пряхин «Түпкі ой. Интонация» атты жаңа хикаятында жазушылық еңбек туралы ой толғайды. Баяндаушы-автор белгілі прозаикпен әңгіме өрбітеді, ол прозаиктің бейнесінен біздің Әбдіжәмил Нұрпейісовті тануға болады. Жан-дүниесі тұрғысынан олар –  «бақы­лаушылар, ең риясыз да толымды, ең азапты да сүйікті істері сол. Бақылау – қарау да, тыңдау да емес. Ойлау». Ойлауға, толғануға, қайта оқуға, оқығанды қайта зерделеуге шақырушының бірі – Әбдіжәмил Нұрпейісов, ол Қазақстан Республикасы Ұлттық кітап­ханасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен Үміт Тәжікеннің «Ниет шабысы» атты жаңа кітабының тұсау­кесерінде жастарды солай жігерлендірген болатын. ХХІ ғасырда да кітап мәдениеттің айрықша құбылысы дәрежесін сақтап келеді. Ал біз жазушы-оқырман өзара байланысының және оқыр­манның әдебиетке белсене арала­суының жаңа типіне куә болып отырмыз. Телегей теңіз білім, жарқын ойларын тұжы­рымдап түзе білу қабілеті, терең білімдар­лық, кең дүниетаным – осының бәрі қазақ және әлем әдебиетінің патриархы Әбдіжәмил Нұрпейісов талантының ажыра­мас құрамдас бөліктері саналады, – дейді Светлана Ананье­ва.

Мына қызықты қараңыз: он жыл бұрын Ақтөбеде С.Бәйішев атындағы облыстық кітапханаға қарама-қарсы, Абай скверінде Қазақстанда бірінші болып әдеби кейіп­керлерге ескерткіш ашылды! Олар – Әбдіжәмил Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясының қаһармандары еді. Мүсін композициясында тура кемені еске түсіретін Беларан аралында тұрған кітаптың жеті кейіпкері мен ит бейнеленген. Кейіпкерлер қоладан құйылған, ал аралдың өзі теңіз толқыны түстес тақтатастан салынған.

Мүсін композициясының авторы, «Өмір өзен» қорының төрағасы Ерік Жауынбаев өз туындысына қатысты былай дейді: «Бірінші кейіпкер – ақиқатты айтам деп азап шеккен, алысқа қарап тұрған Еламан, оның артында досы, барымташы Кәлен тұр. Одан кейін өсекші Қарақатын мен тағы бір жағымсыз кейіпкер – Судырахмет келеді. Мүсіннің екінші бетінен қарағанда Еламанның арт жағында Сүйеу, одан кейін басты кейіпкердің бейопа әйелі Ақбала орналасқан. Тәңірберген бай бәрінен бөлектеніп, бір аяғымен балық аулайтын ауды басып тұр, кітапта да ол жұртқа балық аулауға рұқсат етпеуші еді ғой. Байдың иті – Қарақан­шықты мен ең соңына қойдым, ол: «Енді не істейміз?» дегендей аянышты кейіппен иесіне қарап тұр».

Қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәмил Нұрпейісов үшін жұмыс процесі – әлі күнге ең маңызды нәрсе. «Қуаныш деген – есіл-дертің ақ қағазда болып, одан қас-қағым сәтке алыстаудан қорқатын шақтағы сезім. Қуаныш деген – санаңда қазір ғана жылт еткен көмескі бейненің сұлбасы біртіндеп айқындала бастаған сәт. Қуаныш деген – өзің жасап алған жан толқытар тылсым әлемге әбден үйренісіп алып, сені қалайда күйкі тірлікке қайта оралтпақ болып жатқандарға ашулану. Ал ең зор қуаныш – сөзбен жұмыс істеу, сөздің жетінші, оныншы нұсқасын таңдап, бас қатыру, ал таңертең жемтігіне шүйілген лашындай үстелге тұра ұмтылу, түнде ғана енді бұлжымастай көрінген жазбаңды қайта шимайлау».

 

Жазушының жетпіс жеті қыры

 Қазақ әдебиетінің классигі Әбді-Жәмил Нұрпейіс тек өз халқы емес, ғаламдық деңгейде мойындалған жазушы. Себебі, оның туындылары ең алдымен өз топырағынан нәрленіп барып, адамзаттық құндылықтарды терең қамтуымен ерекшеленеді. Оның шығармаларындағы осы басты артықшылықты әлемнің аузы дуалы, сөзі уәлі тұлғалары талдап, бұтарлап жазып келеді.

Таяуда ұлт руханиятында айтулы оқиға болды десек, артық кетпейміз. «Қазығұрт» баспасынан абыз қаламгердің тұңғыш рет жеті томдығы жарық көрді. Аталмыш жинаққа жазушының әлем жұртшылығы әлдеқашан мойындаған туындылары мен оның суреткерлік, адами қыр-сырын, құпиясын ашатын эссе, мақалалар да қатар берілген. Сонымен қатар, аталмыш еңбекте жазушының жеті емес, жетпіс жеті қырын ашуға әрекеттенген әріптестерінің іргелі, іңкәр ізденістеріне куә боласыз.

Орыс тілінен аударған –

Сәкен СЫБАНБАЙ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *