ПАШИНЯННЫҢ ПАРАСАТЫ МЕН ӘРЕКЕТІ

Арменияны дағдарыстан шығара ала ма?

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Қазіргі таңда жұрт Армения десе, Никол Пашинян­ды ауызға алатын болды. Өйткені, ол да халықтың  бас көтеріп,«жұмсақ төңкеріс»жасауымен билік басына келіп,  үкімет тізгінін қолға алған  ұлттық батыр.

Армян жұртында орын алған жағдайды еске түсіре кетсек, осыған дейін осы елді  он жыл бойына 2008–2018 ж.ж. аралығында президент ретінде басқарып келген  әккі саясаткер Серж Саргсянның «жоспар-жобасы» жүзеге  аспай қалды.  Ол 2015 жылдың  жел­тоқсанында  елде референдум өткізіп, президенттіктен – парламенттік басқару жүйесіне көшіріп, әрі премьер-министрдің құзыретін күшейткен.  Мұны сол кездің өзінде оппозициялық қауым:  «бұл Серждің  алдын ала жасап отырған  амал-айласы мен қулығы. 2018 жылы оның  президенттік  мерзімі бітеді. Сол кезде  парламенттегі басым дауысқа ие  өзінің  жетек­шілігіндегі АРП (Армения  республикалық партия­сының) қолдауымен  премьерлік таққа отыра қоймақ­шы» деген болжам жасаған еді. Солардың айтқаны айдай келіп, биылғы 2018 жылдың 17 сәуірінде  Арме­нияның Халық жиналысында (парламентте)  көпшілік дауыспен Серж Саргсян  еш қиындық-кедергісіз үкімет басшысы болып сайланды.

Бұл Саргсянның басшылығынан ығыр болған халықтың наразылығын тудырды. Жұрт жаппай көше­лерге шығып, көлік қозғалысын тоқтатып,  оныңби­ліктен біржолата кетуін талап етті. Бұрыннан оппо­зицияшыл ұстанымдағы Никол Пашинянтұрғын­дардың қарсылық шеруін ұйымдастырып, олардың бел ортасында жүрді. Үкіметтің нұсқауымен полиция оны тұтқындап, абақтыға жапты. Мұнысы жұртшылықтың ашу-ызасын онан сайын өршітті. Алты күнге созылған  қарсылықтан кейін Пашинян  тұтқындаудан босаты­лып, Серж Саргсян  23 сәуірде  өз еркімен  отставкаға кетті.

Бір айта кетерлігі, ол қызметінен кетіп бара жатып, ар-ұяты оянып: «Пашиняндыкі дұрыс екен, мен қателесіппін», – дегенді айтты. Бірақ та соған қара­мастан оның ықпалындағы АРП фракциясы  1 мамырдағы сайлауда  Никол Пашинянды  премьер­лікке өткізбей тастады. Бұған халыққатты наразылық танытып, парламентке бойкот жариялады. Жағдайдың ушығып бара жатқанын сезген АРП   8 мамырдағы екінші  сайлауда «Елк» партиясы ұсынған, «Царукян блогы» мен  «Дашнакцутян» фракциялары жақтаған  Н.Пашинянның кандидатурасын қолдауға мәжбүр болды. Сөйтіп, сайлау қорытындысында депутат­тардың: 59-ы  жақтап, 42-сінің қарсы болуымен, Никол Пашинян Арменияның  Ұлттық жиналысы­ның қаулысымен үкімет  премьер-министр болып сайланды.

Содан бері  бір жарым айдай уақыт өтті. Баяғы  айқай-шу, дүмпу бәрі  сабасына түсіп, басылды. Әйтсе де,«мамандығы филолог болса да, қорғаныс және ішкі істер министрліктері, ұлттық қауіпсіздік комитеті секілді күштік құрылымдарды басқарған, бір жылдай үкімет тізгінін ұстап, президенттік лауазымға қол жеткізген аса тәжірибелі  саясаткер Серж Азатұлы Саргсян  неліктен  биліктің биік сатысынан қуылып, тақтан тайдырылды?» деген сұрақ көкейден кетпейді. Мұны біз неге еске алып, арнайы тоқталып отырмыз?  Себебі, Саргсянның қателігі мен тағдыр талайы басқаларға сабақ болуы ләзім.

Бұл орайда «пәлен-түлен» дейтіндей әр түрлі себеп­терді айтуға болар еді. Ең дұрысы: «С.Саргсянның  президенттік қызметі тұсында билеп-төстеген кландық–олигархтық режимнен, экономикалық дағдарыс тудырған кедейшіліктен, кең белең алған сыбайластық пен жемқорлықтан, әділетсіздіктен  армян халқы  әбден мезі болып, шаршады» деген жөн шығар.  Жылдар бойы жинақталып, кемерінен асып-төгілген осындай  ашу-ыза оларды  көшеге шығарып, билікті бейбіт жолмен өзгертуге  итермеледі.

«Бейбіт жол» демекші, көптеген саяси сарапшылар мен талдаушы мамандар Армениядағы көтерілісті Украина, Грузия және Қырғызстандағыдай  түрлі-түсті  емес, шығынсыз, қантөгіссіз «жұмсақ төңкеріс» деп бағалады. Бұған керісіншебазбір ресейлік саясат­таншылар мұның себеп-сырын сырттан, әдеттегідей АҚШ-тан іздейді.  «Ақ үйдің  жоспар-жобасы» деседі.

Мәселен, белгілі сарапшы Виктор  Баранецтің  айтуынша, армян жерінде   Құрама Штаттардың ЦРУ (Орталық барлау басқармасы), РУМО ( Қорғаныс министрлігінің  барлау басқармасы)  т.б. он беске жуық федералдық барлау  ұйымдарының өкілдері өріп жүрген көрінеді. Ол: «Армениядағы төңкеріс солардың  жұмыстарының жемісі. Оппозиция серкесі болып, үкімет басына келген Никол  Пашинян солар әкелген  өкіл. Қазірше ол Ресейге жылы қабақ танытуда. Бірақ та  американдық  нұсқаушыларының  айтуымен  бірте-бірте  саясаты мен ұстанымын қатай­татын болады. Күндердің-күнінде  Гюмридегі Ресейдің әскер базасын  әкетуді талап етеді», – дейді.

Әрине, әр сарапшы, әр саясаттанушы өзінің пайым­дауы мен таным-түсінігіне қарай  пікірі көзқарасын, болжам-топшылауын айтуға ерікті. Солай бола тұра,  біздіңше В.Баранецтің пайым мен болжамы қисынға аса келіңкіремейді. Оған негіз боларлықтай айғақ пен дәлел жоқ. Оның үстіне Армения Републикасын  Ресей Федерациясымен  саяси-экономикалық, қорғаныстық, әлеуметтік, мәдени-гуманитарлық тұрғыдан көптеген мәселелер  байланыстырып  жатыр. Сондай-ақ, Армения Ресей жетекші рөл атқаратын ЕурАзЭС (Еуразиялық экономикалық одақ) пен ОДКБ ( Ұжымдық келісім-шарт-ұйымының) толыққанды мүшесі. Осындай себептерге байланысты Арменияның Кремльден  жуық арада іргесін аулақ салып, бөлініп кетуі екіталай.

Енді  бір ресейлік саяси сарапшы Андрей Фурсов  Арменияға барып, жағдайды өз көзімен көріп, біршама жайға қанық болып қайтқанын, расында  да Саргсянның режимі  халықты кедейшілікке  ұшырат­қанын, сол үшін де жұрт бас көтеріп, «Саргсян және оның кланы қалай да кетуі керек!» деген ұран көтер­генін жазады. Сөйте тұра, бұл да жаңа премьер Никол Пашинянның  айналасынан  американшыл,  Ресейге қарсы  адамдарды  көргенін айтады. Міне, солар «халық­тың наразылығын, Пашинянның белсенді әрекетін өз мүдделеріне пайдаланып кетпей  ме? Сал­дарынан Украинадағы жағдай қайталанып, тұрақ­сыздық орын алмай  ма?»  деген алаңдаушылық білді­реді.

Бажайлап қарасаңыз, мысалға келтірген екі саясаттанушы сарапшының да  мәселеге  Мәскеудің ұстанымы мен саясаты тұрғысынан келіп, соған сай көзқарас-пікір білдіріп  отырғаны байқалады.

Ал Пашинян саясат сахнасына шығарған  фракция­лық «Елк» партиясының өкілі, депутат Арарат Мирзоянның  пайымдауы басқаша. Ол: «Бұл ешқандай да түрлі-түсті төңкеріс емес. Халықтың  жылдар бойы жинақталған  наразылығының, әлеуметтік әділетсіз­дікке, жаппай белең алған парақорлық пен жемқор­лыққа  деген ашу-ызасының бұрқ етіп сыртқа шығуы. Жұрт ешкімнің айтуынсыз, сыртқы күштердің аранда­туынсыз, қаржылай көмегінсіз  көшеге шығып, жұмсақ төңкеріс жасады», – деген тұжырым жасайды.

Айта берсе  армян еліндегі  төңкеріс төңірегінде  айтылып жатқан әңгіме, болжам көп. Әлі біразға дейін айтылуы да ықтимал. Армения үшін ендігі басты міндет пен мақсат елде белең алған  саяси-экономикалық, әлеуметтік  дағдарыстан шығу болмақ. Халық үлкен сенім артып, билік тізгінін ұстатқан  Никол Паши­нянның басқаруындағы жаңа үкімет елді тығырықтан шығара ала ма?  Мәселе сонда!

Тілектес, ниеттес көпшіліктің сәл қобалжып, секем алатыны  Никол Пашинянның  басқару ісіндегі тәжірибесінің жоқтығы. Шынын айтқанда, ол 2012 жылы «Армян ұлттық конгресінен», 2017 жылы «Елк» партиясының атынан парламентке сайланып, депутат ретінде саясатқа араласқаны болмаса,  облыс түгілі, аудан басқарып көрмеген, не бір министрліктің тізгінін ұстамаған.

Мемлекетті, үкіметті басқару кез-келген саясат­кер, талантты ғалым, іскер кәсіпкердің қолынан келе бермейді. Оған ерекше қарым-қабілет пен дарындылық керек-ақ. Оның үстіне Армения демократиясы мен басқару институттары жетілген  батыстың бір мемлекеті емес.

Басқару ісіндегі тәжірибесіздіктің  зардап-залалын кезінде 1991-1992 ж.ж. Звиад Гамсахурдиа  президент болған тұста Грузия, 1992-1993 жж. Әбілфаз Елшибей  президент  болған тұста  Әзербайжан бастан кешкен. Керек десеңіз, мемлекеттік құрылымы мен жүйесі барынша жетілген АҚШ-та  президенттік қызметке кәсіп­керліктен келген  республикашыл Дональд Трамптың ішкі және сыртқы саясаттағы  қадам-қаре­кеттері  сыр беріп, демократиялық  партия тарапынан  сынға ұшырап жүр.

Кейбір саяси сарапшылардың  бағалауынша,  Паши­­нянды солшыл не оңшыл,  батысшыл не ресейшіл деп айтуға келмейді. Дәлірегі – ол жұртты соңынан ерте алатын харазматикалық революционер және келісімге, тактикалық мақсатта одақтасуғабара алатын прагма­тикалық саясаткер.  Осындай  қабілет-қасиеттеріне қара­мастан басқарушылық, саясаткерлік пен дипломатиялық тәжірибесі кемшін болғандықтан оған  үкіметті басқару  оңайға түспейді.

Дегенмен,  Армения Республикасының  оппози­циядан келген су жаңа премьер-министрі Никол Па­шинян қызметке кіріскелі бері қандай істер атқарды?  Соларды санамалап, талғам таразысына салып, бағамдап көрейік.

Бір таңданарлығы, Пашинян премьерлік орынтаққа отырғанның  ертеңіне  тікұшақпен Таулы Қарабақтың орталығы Степанакертке ұшып барып, мойындалмаған республиканың басшыларымен кездесіп, жергілікті жағдаймен танысты.

Осының артынша жедел түрде біреулердің монополиялық «майшелпегіне» айналған  Ресейден жанар-жағар май тасымалдау  ісін ретке келтіріп, талайлардың  көңілінен шықты.

Елде  тәртіп орнатқысы келді ме, әлде өзіне сенімді адамдарды қойып, жеке басының қауіпсіздігін нығай­туды көздеді ме, шұғылҰлттық қауіпсіздік қызметі мен полиция басшыларын  ауыстырды.  ҰҚҚ-де Георгий Кутоянның орнына – Артур Ванецянды, Ішкі  істер министрлігінде Владимир Гаспараянның орнына  –  Валерий Осипянды  президент Армен Саркисянның қарауына ұсынып тағайындаттырды.

Осы маусымның басында Никол  Пашинянның  жетекшілігіндегі жаңа үкімет елді одан дамытудың бағыт-бағдары жөнінде өзіндік бағдарлама түзіп, оны  Ұлттық жиналыс –парламентке  ұсынды. Оны 105 депутаттың 62-сі қолдап, мақұлдады.

Бағдарламада Пашинян алдын ала уәде бергеніндей, ең бірінші кезекте мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өткізу, ашықтық пен әділеттілікті қамтамасыз ету үшін сайлау заңына өзгерістер енгізу  мәселесі көрсетілді. Премьер Н.Пашинян  өздері жасаған бағ­дарламаны депутаттар алдына сөйлеген сөзінде:«жаңа үкіметтің  емін-еркін жұмыс істеуі үшін сайлау созылып кетпей  бір жыл  ішінде өтуі тиіс, бұл әрі басқа саяси партиялардың белсенді қимылына жол ашуға қажет», – деп қорғады.

Үкіметтік бағдарламада  сондай-ақ, елдің сыртқы саясатына айырықша орын беріліп, ЕурАзЭС (Еура­зиялық экономикалық одақ) пен ОДКБ  (Ұжымдық келісім-шарт ұйымы)  құрамында бұдан әрі де белсенді жұмыс  жүргізілетіні, «Армения үшін  Ресеймен одақтастық ынтымақтастығы  қауіпсіздіктің бірден-бір кепілі» екендігі,  Ереванның  АҚШ, Иран, Грузия және Еуропа елдерімен де қарым-қатынасты одан әрі жалғастыра  беретіні атап көрсетілді.

Қарапайым халыққа  маңызды жаңалық – үкімет тұрғындар тұтынатын  газдың бағасын төмендетуге күш салатыны айтылды. Премьер  Пашинянның  айтуынша  Ресей Арменияға басқалармен салыстыр­ғанда, арзан бағамен сатады. Бірақ  сыбайлас жем­қорлықтың кесірінен не менеджменттің әлсіздігінен  бұқара халық ондай арзаншылықтың пайдасын көріп,  сезініп отырған жоқ.

Бұл айтылғандарға қоса, шетелдерден келетін инвестицияны қорғау  жайы, сондай мақсатта Ұлттық қауіпсіздік қызметі жанынан арнайы басқарма  құрылатындығы  қамтылды.

Десек те,  Пашинян үкіметінің бағдарламасына миығынан күліп немесе оны  өткір де батыл сынның тезіне алып жатқандар да баршылық. Ондайлар  анау-мынау емес, парламенттің өзінен табылуда.

Мысалы, Армениядағы   Sputnіk ақпараттық агентті­гінің тілшісіне берген сұхбатында  Армения Ұлттық жиналысының  (парламентінің) вице-спикері  Эдуард  Шармазанов үкімет ұсынған бағдарламада  не экономикалық не саяси мәселелердің  қамтылмағанын сөз етіп: «Бұл алға қойған мақсатқа жету жолы, мерзімі және нәтижесі көрсетілмеген жәй арман сипа­тындағы меморандум»  болып шыққан деді. Оның сөзіне қарағанда  бұған дейінгі үкімет  жылдық экономикалық 7,5 пайыздық өсімге қол жеткізген. Ендігі жерде Пашинянның үкіметі  сондай көрсет­кішке жете ала ма, әлде жете алмай ма? Ол жағы беймәлім, әрі күмәнді.

Сондай-ақ, Э.Шармазанов: «Зер салып қараңыз, бұл үкіметтік бағдарлама ма, я болмаса  асханада  тойда отырып, сөйлейтін жақсы тілектердің  хресто­матиясы ма?» деп сауал тастап, бағдарламада   нақты түрде білім беру, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы  мәселелерінің  көрініс таппағанына қынжылыс білдір­ді. «Бұл атқарушы биліктің емес, баяғы  боль­шевиктік үкімет тұсындағы революциялық комитет­тердің  жалаң ұрандарын еске түсіреді», – деді.

Рас, «Сын түзелмей, мін түзелмейді». Жанашыр­лықпен айтылған  шынайы сынға кім-кім де құлақ асып, бас июі қажет. Былай  қисынды да дұрыс сияқты көрінгенімен,  Армения парламенті төрағасының орынбасары  Э.Шармазановтың  айтқандарын айқын ақиқат, күмәнсіз  пікір деп айтудан аулақпыз. Әдетте­гідей шындықтың шырайын  алдағы  өмір ашып көрсетеді.

Айтпақшы, әлдебіреулер Пашинянның айнала­сында кәсіпқой  басқарушы мамандаржоқ. Сондық­танүкіметтің елді дағдарыстан шығаруы қиындаудеседі. Бірақ Пашинян әу бастан  үкімет құрамын түгел тазартудан аулақ екенін, білікті  технократтармен тіл табысып жұмыс істеуге пейілді екенін айтқан.

Әрине,  қазірше жаңа үкіметке жұмысты дөңге­летіп әкету қиын соғып тұр. Олай дейтініміз, жуырда  зейнетақы реформасына қатысты мәселені талқылау барысында  премьер-министр мен кейбір үкімет мүшелері және Пашинянды қолдаған  «Дашнак­цутюн», «Царукян» партиялары  арасында келіспеу­шілік бой көрсетті. Оған себеп – үкіметтің кезекті отырысында 1974 жылдың 1 қаңтарынан бері қарай туылған азаматтар үшін зейнетақы қорына  айына 2,5 пайыз жарна төлеп тұру, қалған 7,5 пайызын  мемле­кеттік бюджет есебінен өтеу жөнінде ұсыныс енгізіл­ген-тін. Егер оны парламент мақұлдаса,  алдағы 1 шілдеден күшіне енетін еді.  Міне, осындай өзгерістің жасалуына жоғарыда аталған партиялық блоктар және Экономикалық даму мен инвестициялар  министрі  Арцвик Минасян қарсы шықты. Мұндай жай­сыз көріністі күтпеген Никол Пашинян ашуға булығып: «Жауапкершілікті өзіне ала алатындар – бізбен бірге, қалғандар бізбен емес!» дегенді айтып қалды.

Ақиқатында,  Арменияда  зейнетақы  қорын жинақ­тау жайы 2014 жылдан бері қызу талқыланып, талайлардың  қарсылығына ұшырауда.

Мәселен, «Царукян» блогынан сайланған  парла­мент депутаты Геворк Петросянның пайымдауынша: «Зейнетақы қорын құрып, оған ақша аударуға міндеттеу – бұл адамның ең негізгі әлеуметтік-эконо­микалық құқын бұзу болып табылады. Және де  әр азаматтың  қаржы-қаражатын оның еркінен тыс пайда­лану халықаралық құқық нормалары мен Арменияның Конституциясына қайшы келеді».

Керек десеңіз, үкіметтің тағы бір мүшесі, Еңбек және әлеуметтік мәселелер министрі Мане Тандилян  да: «Мен бұған  әуелден қарсы болғанмын. Әзірше қоя тұру керектігін айтқанмын. Мұндай  мәселе жұрт­шылықтың талқылауына  түсіп, қоғамның қолдауына ие болуы тиіс», – дегенді айтып, өз еркімен  қызме­тінен кетті. Осыған қарағанда  Пашинянның үкіметінде  «жұмылған жұдырықтай» бірлік кемшіндеу.

«Үмітсіз шайтан» демекші, Пашинян жаңа үкіметке басқару ісі мен қаржы-қаражаттық жағынан  шет мемлекеттерде тұратын  армян  диаспорасы қолдау көрсетеді, көмектеседі  деп үміттенеді.

Кейбір деректер бойынша  Арменияның өзінде  үш миллионнан сәл көп, шет елдерде 7-8 миллион армян ұлтының өкілдері тұрады. Ең көбі АҚШ-та — 2 млн.-ға жуық, Ресейде – 1,1 млн.,  Францияда  — 700 мыңнан астам,  Қазақстанда – 25 мыңдай. Жат жұрттағы  армяндардың көпшілігі қалталы азаматтар.

Никол Пашинянның айтуына қарағанда, жуырда Францияда тұратын бір патриот азамат тарихи Отанына келіп, оның игілігі жолында аянбай қызмет етуге тілек білдірген. Ол жайында  Пашинян  Face­book-тегі парақшасында: «Франциялық армян дәрігері  Геворг Абгарян  біздегі  күш қолдаусыз, бейбіт халық төңкерісі туралы  естіп-біліп, Арменияға инвестиция құйды. Алдағы уақытта еліне қайтып, халқына қызмет етпекші. Жақында бізде болып, менің көтеріліс кезінде айқайлай-айқайлай қарлыққан даусымды қалпына  келтіруге көмектесті. Оған өзіміздің  дәрігер­лер: «өзіміз-ақ емдейтін едік қой» деп  намыстанып қалды», – деп жазды.

Армян ұлтының кейбір өкілдері: «Пашинян  Саакашвили сияқты радикалды реформалар жасап, елдегі парақорлық пен жемқорлықты түп-тамырымен  жойса екен», – деп тілейді.

Ендеше, мұндай түбегейлі өзгеріс пен рефор­маны,Арменияның  дағдарыстан шығып, дамудың даңғыл жолына түсуін уақыттың еншісіне қалдырып, алдағы күндерден күтейік.

«Ақшамның» анықтамасы

Никол Пашинян 1975 жылы 1 маусымда Армения­ның Иджеван қаласында дүниеге келген. Әкесі Вова Пашинян  мектепте ұстаздық еткен. Анасы Ерджаник Чибухян. Отбасында үш ағайынды: Армен мен Артак есімді  ағалары бар. 1991 жылы орта мектепті аяқтап, Ереван универ­ситеті филология факультетінің журналистика бөлім­шесіне оқуға түскен. Төртінші курста университеттен шығарылған. Бір дерек бойынша оқу үлгеріміне байланысты десе, екіншісінде бір оқытушының  парақорлығын әшкерелегені үшін делінеді.

Журналистикамен  студент кезінен айна­лысып, 1993-1994 ж.ж. «Дпрутюн», 1994–1997  ж.ж. «Лрагир», «Лрагир-ор» және  «Молорак» басылымдарында тілшілік қызмет атқарған. 1995–1997 ж.ж. «Молорак» газетінің «Эм-эс-э» қосымшасын шығарған.

1998 жылдан саяси істерге араласып, прези­денттік сайлауда Ашот Блеянның штабын­да жұмыс істеген. Сол жылы «Орагир» газетін ашып, өзі бас редакторлық еткен. 1999 жылы  осы газетте жарияланған бір мақала «жала» деп танылып, сот шешімімен газетке  20 төменгі айлық жалақы мөлшерінде айыппұл салынып, бас редактор Н.Па­шинян бір жылға бас бостандығынан айырылған.

1999 жылдың жазынан 2008 жылдың наурызына дейін «Айкакан жаманак» газетіне басшылық етіп, әрі қарай бас редакторлық  тізгінді әйелі Анна Акопянға тапсырды. 2007 жылғы парламенттік сайлауда президент Роберт Кочерян мен премьер Серж Саргсянды қызметінен кетуді талап еткен «Импичмент» блогының  қатарында белсенділік көрсетті. Бұл блок небәрі 1,29 пайыз дауыс жинап, «көз­бояушылыққа жол берілді» деп санап, сайлау қорытындысын мойындамады.

2008 жылы Армения Республикасының президенттігіне кандидат Левон Тер-Петро­сянның  штабында жұмыс істеді. Сайлауға байланысты 1-2 наурызда  Ереванда  жаппай тәртіпсіздік орын алып, Никол  Пашинянға іздеу жарияланды. Бір жылдай бой басталып жүріп, 2009 жылы өз еркімен құқық қорғау ұйымына  берілді. 2010 жылдың қаңтарында «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдасты­рушы­лардың» бірі ретінде жеті жылға сотталды. Алдымен жазасын өтеу мерзімі екі есеге қысқартылып, 2011 жылы мамырда Армения тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай рақымшылықпен босатылды.

2012 жылы «Армян ұлттық конгресс» партиясынан парламентке депутаттыққа өтті. 2013 жылдан өзі құрған «Азаматтық келісім» партиясының мүшесі. 2017 жылы «Елк» пар­тиясы блогынан «Армения Ұлттық жиналысы­ның  депутаты болып сайланды. Осы жылдың қыркүйегінде  Ереван  мэрі қызметіне сайлауға түсіп, 21 пайыз дауыспен екінші орын иемденді.

2018 жылдың сәуірінде Серж Саргсянның премьерлікке сайлануына қарсы  көпшіліктің наразылық акциясын ұйымдастырды. 8 мамыр­да парламентте басым дауыспен Арменияның премьер-министрі қызметіне сайланды.

Отбасылы, зайыбы Анна Акопян «Айкакан жаманак» басылымының бас редакторы. Үш қыз және бір ұлы өсіп келеді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *