ПАРЫЗ БЕН ПАЙЫМ

Дархан Мыңбай, Мәжіліс депутаты

Халық жазушысы, ұлтқа ортақ тұлға Шерхан МҰРТАЗАНЫ еске алу шаралары Алматыда ата дәстүрге сай өтті. Зиратының басына орнатылған көктастың өзі көпке ой салатындай әсерлі шыққан. Талантты суретші әрі мүсінші Ербосын Мелдебектің идеясында терең мән де, биік мұрат та бар. Яғни тасқа бедерленген кітаптағы қызғалдақ арқылы жазушының туып-өскен жерін аңғартса, мәртебелі сөздің құдіретін, қаламгердің өткірлігін Шер-ағаңның алдаспан бейнесімен жеткізіпті. Шеберлік ізденісі, шығармашылық пайымы айрықша мүсінші ұлты үшін басын бәйгеге тіккен өр тұлғаны өз деңгейінде сомдағаны бірден байқалады. Мұны өнер туындысында қалам қайраткеріне жасалған тағзым десек те жарасады. Бұл – ұлт жазушысына құрмет, зиялылары мен естілері жолының жалғасы, өркениетті мәдениет үлгісі, жалпы қоғамымның аманатқа адалдығы дер едік.

Шерхан МҰРТАЗА адам ретінде де, жазушы, көсемсөзші ретінде де, қайраткер ретінде де ғұмырда қайталанбас өз жолын тапты, қазақ өмірін Ұлы даланың дана перзентіндей жақсы көрді. Қуанса да шын қуанды, жыласа да шын жылады, сынаса да шын сынады. Намысын биік ұстады.

Ол Қазақ елін тәлкекке түсірген қиындыққа да, теперішке де, қызық-шыжыққа да парасатты азамат көзімен қарады. Өз сөзімен айтсақ, Құдай жаратқан мінезімен өмір кешті. Тұрмыс-тіршілікке, байлыққа байлануға иманы жібермеді, ал қыл үстінде тұрған елдік өткір мәселелерде атойлап, атқа қона кететін. Сол үшін мансабын, дәрежесін, лауазымын құрбан етуге даяр-тұғын.
Шерхан МҰРТАЗА кезінде идеологияның көрігі болған газет-журналдарды басқарды. Жәй басқармады, ұлтының қажетін ойлап, түсініп, сезініп басқарды. Отымен кіріп, күлімен шықса да, ой түкпірінде қазақ мұраты, қазақ намысы тұрды. Ол шын мағынасында халық жазушысы ғана емес, халық редакторы болды. Әр туындысында, әрбір мақаласында оның мінезі, табиғаты көрініп тұратын. Ол «шындықты айтыңдар» деп шыж-быж болмады, шырылдамады, өзі өнеге көрсетті. «Кіші 37-ні» қайталағысы келгендердің ит терісін басына қаптатқанын, Семейде қалған-құтқан бомбаларды жарып, ақша істемек болғандардың, Қарағанды жұмысшысын ұлт мүддесіне қарсы айдап салғандардың құлқынына су құйғанын, Солженициннің сандырағы мен Розенбаумның рия сөздеріне қасқайып тұрып, тойтарыс бергенін ұмытпақ емеспіз. Журналистикадағы Шерхан жолын ескермеу, оған көз жұма қарау – жәй қиянат емес, тарихи қиянат және түпсіз жетесіздік болмақ.

Шерхан МҰРТАЗА – Алаш арыстары аңсаған азаттықтың мінбері, сөзұстары бола білді. Тәуелсіздік Шер-ағаңның қаламгерлік тынысын ашты. Ол «Қазақ әдебиетін», «Егемен Қазақстан» мен Қазақ телевидениесін нағыз азаттықтың, шынайылықтың, сындарлықтың айнасына айналдырды. Қазақстан Парламенті Шерхан сөзімен, ойымен, қасиетімен толысып-қомақтанып тұрды. Ол зейнетке шығып та зейінді, мұратты жұмыстар атқарды. Ол өз елінің өркениетті, бәсекеге қабілетті ел болатынына имандай сеніп, өмірден көшті.

Жазушының қай шығармасын, қай қызметін алсаңыз да ұлт діліне, тіліне, мәдениетіне, тарихына, дініне, пәлсафасына адал қызмет еткенін аңғарамыз. Ата-бабамыз айтып кеткен «Бір кем дүниеге» өзі сенді, өзгені иландыра білді. Ілгеріде өткендердің, замандастарының қолынан келмегенді өзі жазуға бел буды. Ол – нақты жазудың классигі, заманауи форматтың көшбасшысы, жаңашыл, батыл қаламгер-тін. Қысқа-нұсқа, қуаты тас жаратын көркем сөзбен кестеленген «Бір кем дүниесі» – кіршіксіз тілдің, көркемсөз бен көсемсөз үйлесімінің, мұнтаздай мұраттың рәмізі деуге негіз бар. Бұл – ұрпаққа аманат сөз.

Кеңсай пантеонындағы бейітіне ел боп жиылып Құран бағыштау, тұрған үйі қабырғасына мемориал-тақта орнату, еліміздің төрт бұрышынан Қалам қайраткерін іздеп келген халыққа имани ас беру – сауабы мол парыздың бірі немесе бірері ғана. Зор парыз – Шер-ағаң аманаттаған ұлттың ұлы мүддесі мен мұратына әрқашан адал болу.

Өмір мен өлім екі дүниені жалғастыратын – тек парыз екен.
Парыз өлгендерді тірілтеді, тірінің тіршілігін мәнді етіп, дем береді. Парызды орындау қоғамды тазартып, сананы өсіреді. Сондықтан парыздан асқан биік міндет жоқ. Бұл – енді біз жасаған пайым.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close