Парасат мектебінің мерейтойы

«Ұлтыңды тәрбиелеймін десең – қызыңды тәрбиеле» деген ұлағатты сөзді басты бағдар ретінде алған ордалы оқу орнының мерейтойы «Ukіlі umіt» атты қайырымдылық балының аясында өтті. Тұңғыш рет ұйымдастырылған игілікті шараның мақсаты – жастарды бекзат өнерге тарту арқылы оларды жоғары мәдениеттілікке, инабаттылық пен қайырымдылыққа баулу. Оқу орнының ұжымы осы жоба арқылы қоғамда «Алматы – ізгі істер қаласы» түсінігін қалыптастыруды және оны нақты іске асыруды көздейді. Оңтүстік астананың еліміздің мәдени орталығы ретіндегі имиджін одан әрмен көтеруге септесетін шара шығармашылық әлеуеті жоғары талантты жастарды анықтауға да үлес қоспақ.

Рая ЕСКЕНДІР

Мерейтойлық жиынға көрнекті мем­лекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, университеттің танымал түлектері, шетелдік және отандық жетекші жоғары оқу орындарының басшылары мен танымал мәдениет қайраткерлері қатысты. Сонымен қатар, балға қайырымдылық пен меценат­тықты өмірінің басты қағидасы ретінде санайтын азаматтар да шақырылды.

Қысқы ертегі желісімен ұйымдасты­рылған шара 75 жұптың орындауындағы ырғақ­ты вальспен ашылды. Балдың дебютанты атанған Қыздар университетінің студенттері мен ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Шекара қызметі академиясы­ның курсанттары классикалық биді жоғары деңгейде орындап көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Оқу орнының ректоры Гаухар Алдам­бер­генова жиналғандарды мерейтоймен құттықтап, игілікті іске қолдау көрсеткен абзал жандарға ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар, университеттің өзіндік ерекшелігіне тоқталып өтті.

– Отандық жоғары білім берудің флагманы, дара дәстүрі бар ордалы оқу орны ғасырға жуық уақыт белесінде қазақ қыздарының шын мәнісіндегі шамшыра­ғына айналды. Өзіндік кескін-келбетін қалыптастырды. Халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан дәстүр­лер сабақтастығын жаңғыртты. Екінші дүниежүзілік соғыстың аласапыран уақы­ты­сында іргетасы қаланған бұл білім орда­сының Қазақстанның педагог кадрларын даярлаудағы алатын орны айрықша үлкен. Себебі, осы жылдар аралығында оқу орнын 60 мыңнан астам түлек бітіріп шықты. Олар ұлан-ғайыр Отанымыздың түкпір-түкпірінде еңбек етіп, сауатты да білімді ұрпақты даярлауға зор еңбек сіңірді. Ұлт педагогикасының дамуы жолында қажыр­лы қызмет атқарды. Бүгінде әлемде тек қана қыздар білім алатын жоғары оқу орындары саусақпен санарлықтай. Осы орайда бірегей білім ордасы ретінде еліміз бен әлемге кеңінен танымал болған оқу орны – «Қыздар университеті» деген өзіндік брендін қалыптастырды. Біздің басты мақсатымыз – осы уақытқа дейін қол жеткізген табыстарды еселей түсу, қазы­налы қарашаңырақты шыққан биігінен түсірмеу, – деді Гаухар Алдамбергенова.

Жиында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың құттықтау хаты оқылды. Ал Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың университет ұжы­мы мен студенттеріне жолдаған ізгі лебізін Алматы қалалық Қоғамдық даму басқар­масы басшысының орынбасары Айдар Есенбеков жеткізді.

«Университет педагогикалық қызмет­пен қатар, еліміздің өнер мен мәдениет саласының дамуына да үлкен үлес қосуда. Оқу орны республикалық рейтинг бойын­ша педагогикалық жоғары оқу орындары қатарында көш бастап тұр. Мұнда ұстаздар қауымы жаңа заман талаптарына сай сапалы білім бере отырып, бәсекеге қабілетті көрсеткіштерге жетуде. Осының барлығы университеттің толағай табыстарының жарқын көрінісі деп білемін» делінген шаһар басшысының құттықтауында.

Сонымен қатар, жиында Абай атын­дағы Қазақ ұлттық педагогикалық универ­си­тетінің ректоры Такир Балықбаев, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов, Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс универ­ситетінің ректоры Сәуле Сағынтаева, AlmaU университетінің ректоры Гүлмира Қорғанбаева, Қазақстанның салалық білім және ғылым кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева, Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университетінің ректоры Мухсин Кар білім ордасының ұжымына ыстық ықыластарын білдірді.

Шара шеңберінде педагогикалық оқу орнының оқытушылары мен студенттерінің шығармашылық жұмыстары мен өнер туындылары аукционға қойылды. Қайы­рым­дылық балынан және аукционнан түскен қаражат І топтағы мүгедек Айсұл­тан Асылхан есімді сәбидің еміне жұмса­лады. 2015 жылы дүниеге келген бүлдіршін ми ісігі, көру нервісінің атрофиясы, эпилепсия және церебральды сал ауруына шалдыққан. Шара барысында түрлі ұйым өкілдері мен азаматтар сәбидің ем-домына қажетті қаражатты аударып жатты.

Мерейтойлық рәсімнің екінші бөлімі «75 жыл: даналық пен даралық жолы» атты деректі фильммен ашылды. Кино туындыда Қыздар университетінің өткені мен бүгіні кеңінен көрініс тапқан. Жиында универ­ситеттің білім, ғылым, өнер және спорт саласы бойынша дамуына сіңірген зор еңбегі үшін бір топ оқытушылар Білім және ғылым министрлігі мен Алматы қаласының әкімінің Құрмет грамоталарымен марапат­талды. Ал Қазақстанның салалық білім және ғылым кәсіподағы ұйымы профессор-оқытушылар құрамына шипажайлық-сауықтыру жолдамаларын табыстады. Сонымен қатар, жиында бір топ ұстазға «Еңбек ардагері» медалі және «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісі табысталды. Шара барысында университет түлектері, танымал өнер майталмандары Тамара Асар, Маржан Арапбаева мен Ұлжан Айнақұловаға университеттің «Құрметті профессор» атағы берілді.

Тағылымға толы оқу орнының мерей­тойының соңында университет тарихынан сыр шертетін театрландырылған көрініс көпшілік назарына ұсынылып, эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концертке ұласты.

Бүгінде университет әлемнің 70-ке жуық жоғары оқу орнымен ынтымақтастық байланыс орнатқан. Оның ішінде АҚШ-тың Миссисипи алқабы мемлекеттік уни­верситеті, Ұлыбританияның Western іnter­natіonal сollege оқу орнымен, Польшаның Катовицахтағы Силез университетімен және Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университетімен қосдипломды білім беру бағдарламасы сәтті жүзеге асып келеді.

Биік белеске бет алған білім ордасына Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұл­тан Назарбаевтың 2018 жылғы 25 желтоқ­сандағы Жарлығымен «Ұлттық» мәртебесі берілді. Бұл – еліміздің өрісін кеңейтуге сүбелі үлес қосып келе жатқан ұстаздар қауы­мына деген құрметтің айқын үлгісі. Осы орайда ерекше атап өтетін жәйт, уни­верситет егемендіктің елең-алаң жылда­рында Елбасының қолдауының арқасында жабылып қалмай, есесіне әлемдегі бірегей білім ордасы ретінде өзіндік брендке айналды. Бүгінде тек қыздар оқитын жоға­ры оқу орындары АҚШ, Сауд Арабиясы, Оңтүстік Корея, Жапония, Үндістан сынды көшбасшы мемлекеттерде ғана бар екен­дігін ескерер болсақ, оқу орнын дамыту стратегиялық көрегендікті айғақтайды.

Университет 75 жылға жуық уақыт аралығында өзінің қалыптасуы мен дамуы жолынан өтті. Ұлт зиялылары қызмет атқар­ған ұлағат ұясында осы уақыт аралы­ғында мыңдаған білікті маман даярланды. Қыздар университеті – көптеген түлектер үшін альма-матер. Осы уақыт аралығында оқу орнының қабырғасынан мыңдаған білікті педагогтар, тарихшылар, журналис­тер мен тіл мамандары түлеп ұшты. Қазақ­стандағы талантты ғалымдар мен дарынды ұстаздардың үлкен тобы осы киелі шаңы­рақтан шыңдалып шығып, Отанымыздың дамуы жолында жемісті қызмет атқаруда. Әр жоғары оқу орны қызметінің айқын нәтижесі – түлектері. Олардың қол жеткіз­ген табыстары. Осы тұрғыдан алып қара­ғанда бірегей университет өз түлектерімен мақтана алады. Олар өз жетістіктерімен оқу орнын ғана емес, Қазақ елін жаһанға танытып жүр.

Осы университетті сегіз жыл басқарған мемлекет және қоғам қайрат­кері Шәмша Беркімбаева — Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Тәңір жазса, бұл институт болашақ қазақ қызда­рының шамшы­рағына айналады. Осы шамшырақтың жарық сәулесі сөнбесін дейік» деген сөзі қай кезде де өз өмір­шеңдігін жойған емес. Бүгінде университет расымен де білім іздеген жас үшін бағдарын айқындайтын шамшырақ рөлін атқарып келеді, – деді.

Әлемдегі бірден-бір тек қана арулар білім алатын Қыздар университеті – педагог даярлап қана қоймайды, ол ұрпақ тәрбиешісі ретінде саналатын болашақ мамандардың бойына халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жат­қан тағылымды тәрбиесін, ұлттық құнды­лықтарын, салт-дәстүрін сіңіреді. Бұл – арулардың парасат мектебіне айналған білім ордасының өзіндік ерекшелігі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *