ПАЙДАСЫЗ ПАРКИНГ

2Алматының бас ауыртар мәселелерінің бірі болып тұр

Темір тұлпарды тақымдап, көлік иесі атану бүгінде қиын емес. Қаласаң, несиеге де, тіпті, сыйлыққа да ала аласың. Бірақ, осы көліктің өзіне тән қаншама машақаты  бар. Жыл санап жанармайың қымбаттаса, көшеде зулап жүріп-тұруыңа кептеліс кедергі келтіреді, біразға дейін балаларға арналған автокресло мәселесі жұртты әбігерге салды. Алайда, көлік қоятын жер таппай сандалғанның қасында жоғарыдағылар түк емес. Өйткені, автотұрақ Алматының бас ауыртар мәселелерінің бірі болып тұр.

 

Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ

Қаладағы автотұрақ мәселесі жол қозғалысын қиындатып отырғаны жасырын емес. Көше бойын жағалай орналасқан темір тұлпарлар өзге көліктердің жүріп-тұруына, кептелістің туындауына зиян келтіріп жатыр. Ал орын тауып, тұрақтай алмай жүрген көліктер көпқабатты үйлердің аулаларын тұрақ жасауда. Бұл мәселе қайтсе шешімін таппақ? Міне, тұрғындар тарапынан түскен осы тақылеттес шағымдарда есеп жоқ.

Азаматтардың мұң-мұқтажына құлақ асып, көлік инфрақұрылымын ретке келтіру барысында қала басшылығы аянып жатқан жоқ. Осыған орай қазан айының алғашқы жартысында шаһар тұрмысының өзекті мәселелерін қамтыған «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы өткен болатын. Онда автотұрақ мәселесі кеңінен талқыланған-ды. Жиын барысында қала өміріне қатысты көптеген мәселелер сөз болды. Әсіресе, көлік тұрағына байланысты көптеген ұсыныстар мен ойлар айтылды. Келтірілген деректерге сүйенсек, қаладағы зерттеу жүргізілген 42 автотұрақтан 1 сағат ішінде 305 мың 500 теңге түскен. Ал тұрақта 4 мәрте ауысқан автокөліктерден 1 тәулік ішінде жиналған ақша көлемі – 1 млн. 222 мың теңге болмақ. Енді есептей беріңіз, егер автотұрақ 1 тәулікте дәл осылай ақша табатын болса, ол 1 жыл ішінде 446 млн. 30 мың теңге жасайды деген сөз. Ал бұл қаражаттың қанша бөлігі қала қоржынына түседі?! Ол бір Аллаға ғана аян. Бұл деректер шынымен ойлантады. Егер автотұрақтан дәл осындай қаражат түсетін болса, неге сол ақшаны жаңа автотұрақтар салуға жұмсамасқа?! Ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланып, қала игілігі үшін пайда келтіріп жатса, бұл да халық үшін адал қызмет етудің бір үлгісі емес пе?!

Бұдан кейін қала басшысы Бауыржан Байбек  қалалық әкімдікте шаһардағы автотұрақ мәселесін бір жүйеге келтіріп, оны дамыту жөнінде құзырлы мекеме басшы­ларымен және бір жиын өткізді. Оған «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңесінің мүшелері мен қала прокуратурасы қатысты. Сала мамандары жол көлік қозғалысына қатысты арыз-шағымдарды мұқият қарағандарын айта келе, бұдан былай қалалықтар қалаған жеріне көліктерін қойып, кім көрінген олардан автотұраққа деп ақша жинай алмайтынын, алдағы уақытта Алматы­дағы тұрақтар бір жүйемен жұмыс істейтінін жеткізді.

Маңызды мәселе талқыланған жиынның қорытын­дысында келесі жылдың басына дейін автотұрақ инфрақұрылымының бірыңғай құрылымы жасалып, оның құрамына тұрақ аймағы көрсетілген карта, стационарлы, аула ішіндегі автотұрақтар мен кооперативтер енетіндігімен, сондай-ақ, жеке инвесторларды тарта отырып, ақылы автотұрақтар құру жобасы да қолға алынатыны айтылды. Бұл жүйе 2016 жылдың мамыр айында жұмыс істейді деп жоспарлануда. Сала басшылары тарапынан айтылған бұл ұсыныстар басшылықтың көңілінен шығып, қала әкімі оны қолдайтындығын жеткізді.

Сонымен, сала мамандары автотұрақ жүйесіне темірдей тәртіп 2016 жылы басталады деп отыр. Яғни, барлық автотұрақтар жоспар бойынша ақылы түрде мамыр айынан бастап жұмыс істемек. Көлік иелері үшін де жағымды жаңалық. Оларға есеп айырысу кезінде төлеген ақшасына сәйкесінше чек ала алмаса, сол мезетте 109 нөміріне хабарласып, шағымдарын айта алатын мүмкіндік тумақ. Мұндай тәртіп келесі жылдың соңына қарай орайлас­тырылады. Тағы бір ескеретін жәйт, бұл маңызды жобаға жеке инвесторлар тартылмақ екен.

Келелі жиында қала әкімі тұрғындар тарапынан түсетін көлік тұрағына байланысты арыз-шағымдардың көп екенін жеткізді. Сондай-ақ, қала билігі автотұрақтардан қанша қаржы түсетінін бақылап көрген. Өкінішке қарай, қала бюджетіне бұл саладан аз ақша түседі екен. Мәселен, қала прокуратурасы бірнеше көлік тұрағына жүргізген тексеру нәтижесінде автотұрақ иелері табыстарын екі есеге азайтып көрсетіп отырғандары белгілі болған. «Тәтті өтіріктен ащы шындық артық» деген. Бұдан қала бюджетіне түсуі тиісті қаражатты жолдан жымқырып, өз пайдасына жарата­тындар көп екені байқалады.

Әрине, бұл мамандардың көмегімен анықталған бір ғана мысал. Ал алып шаһарда өзі би, өзі қожа болып жұмыс істеп жатқан жекеменшік тұрақтар қаншама?! Олардың барлығы мемлекет жерін жеке бастың қамы үшін пайдаланып отырғандары айдан-анық. Осындай деректерге сүйенген қала басшылығы әкімдік тарапынан жалға берілген жер телімдерін мақсатсыз пайдаланғандардың жер учаскелерін қайтарып алмақ.

Рас, бізде белгілі бір орталықтардың алдында болмаса, көпшілікке арналып жасалған автотұрақтар  жоқтың қасы. Сондықтан олар амалсыз жол жиегін жағалауға  мәжбүр. Бұл, әрине, біріншіден, көлік кептелісін тудырса, екіншіден, жол-көлік апатына да себепкер болады. Осындай сәттерде кейбіреуіміз «автотұрақ мәселесін неге ертерек ойластырмаған?»  деп ойлауымыз мүмкін. Себебі, Алматының көшелері кеңес дәуірінде салынғандықтан, шаһар жолдарына мұндай көлік өсімі ескерілмеген. Ең басты себеп осы. Бірақ, шешілмейтін мәселе болмайды. Қала басшылығының тікелей қолдауының арқасында бұл мәселенің де түйіні тарқап, алдағы уақытта жол қоз­ғалысының бір ізге түсетіні анық. Бүгінде автотұрақ мәсе­лесін шешу барысында қала халқына жағдай жасаудың оңтайлы жолын қарастыру үшін ел азаматтары білек сыбана жұмыс істеп жатыр.

 

Керек кеңес

Автотұрақ мәселесіне біржола нүкте қою үшін келесі жылдың соңына дейін кезекшіліктің бірыңғай байланыс орталығы құрылып, 109 нөміріне қала тұрғындары заңсыз алынған ақша туралы хабарлай алады.

 

Тақырыпқа орай:

Дастан КЕМЕЛБЕК, көлік жүргізуші:

Мәдениетті өмір сүруге тиіспіз

– Автотұрақ мәселесін қала басшысы дер кезінде қолға алып отыр. Өйткені, Алматыда шынымен автотұрақ мәселесі ушығып  барады. Кейде, тіпті, амалсыз заң бұзуға итермелейтін жәйттер көп болады бізде. Себебі, көліктегі жолаушыны түсірудің  ретін таппай қиналатын кезіміз көп. Біз – алматылықпыз. Сол себепті қала өміріне сай мәдениетті өмір сүруге тиіспіз. Кімде көлік жоқ, екінің бірі темір тұлпарға ие. Сондықтан көлігімізге дейін талапқа сай орындарда тұрса дейміз. Ол үшін «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, жұмыс жүргізу керек болар.

 

Әділхан БАЛЫҚБАЕВ, кәсіпкер:

Ақылы болса да автотұрақ керек

– Тәртіп ханға да, қараға да бір­дей болу керек. Ал біздегі заң қара­пайым халыққа ғана арналғандай. Оған мысал да келтіре аламын. Бірде Абай даңғылымен келе жатып, бір мекемеге кіруім керек болды. Бірақ, ол жерде арнайы автотұрақ жоқ, жол бойы онсыз да жағалай тізілген көлікке толып тұр. Сәл кідіріп едім, артымнан МАИ-дың көлігі жетіп келді. Ереже бұзғанымды айтып айыппұл салды. Артынша мен жасаған қателікті тағы бір көлік иесі қайталады. Қасына барған МАИ қызметкеріне әлгі азамат куәлігін көрсетіп еді, басын шұлғып қала берді. Сонда тәртіпке қарапайым халық қана бағыну керек пе?! Осы жағы көңілге қонбайды. Егер арнайы автотұрақтар болса, біз де жөнсіз қателік жасауға бармаймыз ғой. Ақылы болса көлігімізді сол жерге қояр едік.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *