ҚОЖАНАСЫР МІНГЕН КӨК ЕСЕКТІҢ ТҰҚЫМЫ

Жеңіс ШЫНЫБЕКОВ        

– Сұмдық-ай, мұндай масқараны кім көрген. Жүз жастағы Кемиек әжем де көрмеген, естімеген шығар. Қазір айтсам ел сенер ме екен, әлде өзімді өсекші, өтірікші атандырып, қара есекке теріс мінгізіп, мазақ қылар ма екен? Түндегі оқиғаны ойлап таң атқанша ұйқы көрмей, ішім шытыр жеген сиырдай сыздап, кеуіп шықты. Айтпасам қарным жарылып кетер, неде болса естігенімді елге жеткізейін!

Ауылдағы «Хабар агенттігінің тілшісі» атанып кеткен Кексебике жеңгей ұзын көшені басына көтеріп айғайлап келеді. Ащы даусы ауыл сыртындағы сүт ферма­сына да жетіп тұр. Көп адамдар Аңшыбай ақсақалдың есік алдына келіп топтанып күтіп тұр. Кексебикенің «соңғы жаңалығын» бірге тыңдамақ ниетте.

– Мына керауыз, бетпақ қазір кімнің үстінен өсек айтар екен. Осы албасты басқырдың ащы даусынан шошынып, үйіндегі жалғыз сиыры жыл сайын бұзау тастаушы еді. Даусың өшкірдің даусы қандай жаман, – деді көрші абысыны Кердеңкүл. – Әй, таң атпай елді дүрліктіріп келесің, жер сілкінді ме, әлде топан су қаптады ма?

– Одан да жаман, одан да жаман! – деді Кексебике алқына сөйлеп. – Мен керауыз болсам, сен мыстан кемпірсің. Жаз шықса шыбын тышып құрттап жүретін аузыңнан бір жақсы сөз шықпайды. Монжыбас момын қайным анау екі келі ет шығатын салпиған жырық ерніңнен жиренбей қалай сүйер екен? Сол есіме түссе, жерік қатынша жүрегім айнып, құсқым келеді менің, – деді Кексебике шаптығып. Бұл сөздеріне айызы қанбай қалып артынша еркекше боқтап жіберді.

Кердеңкүл де қайтпас қайсардың өзі еді. Бірақ анау сияқты шешен емес, алып күш иесі.

– Сенің шашыңды бір талдап жұлып, улы жылан тіліңді суырып алайын, – деп саусақтарын тарбитып тұра ұмтылды.

Кексебике де «оңай шағылатын жаң­ғақ» емес, бокс стойкасын ұстап, қаймықпай қарсы тұра қалды.

– Келсең кел, далауыз неме, бетіңді бүлдіріп тұрған жалпақ танауыңнан шелпек жасап берейін.

Мына көрініске жастар жағы ішек-сілесі қатып күліп, араға түсе кетті. Қарттар жағының «заман не болып барады?» деп еңсесі түсіп тұр.

Бұл екі әйелдің бір-біріне тарпа бас салуы, сай-сүйекті сырқыратып, ащы сөздері бүгін ғана емес, ұзақ жылдар бойы жалғасып келеді. Екеуінің өлердей өште­сетін сырын осы елдің бәрі жақсы біледі. Жас кездерінде Кексебике Кердеңкүлдің жігітіне, ал Кердеңкүл Кексебикенің жігітіне ғашық болған. Бірақ тағалы қатал тағдыр ғашықтарды қоспады, керісінше шықты. Кердеңкүлдің жігіті Кексебикені, Кексебикенің жігіті Кердеңкүлді алып қашты. Ең ауыры сол, екі жігіт көрші тұратын. Екеуі бір күнде үйленді. Тойды қатар жасады. Қыздардың шын сүйген жігіттері күйеуі емес, күйеу жолдас болып қасында отырды. Бұл нағыз азап еді.

Содан бері отыз жыл өтсе де, бұлар бірін-бірі иттің етіндей жек көріп, атарға оғы болмай жауласып келеді. Бұл қыздар шын ғашықтарына қосыла алмай шер­менде болған байғұстар екен. Бұлардың жан жарасын, қайғы-мұңын Кемиек кемпір жақсы түсінетін. Ол кісі:

– Қайтсын-ай, байғұстар! «Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шықты» дегендей, бұлар да жас кезінде әйбат, көркем мінезді қыз болған. Қолда өскен балалар ғой. «Қыздың жолы жіңішке», шын сырларын сүйген жігітіне айта алмай, шерменде болған сорлылар ғой. Бұлардың тілін шығарған, мінезін бұзған сәтсіз махаббаттары. Махаббат деген жаналғыш жендет. Жендет болмаса Бекежан Төлегенді, Қодар Қозыны өлтірмес еді ғой деп отырады.

 

***

– Кексебике келін, – деді Аңшыбай ақсақал дау-дамай, айқай-шу басылған соң. – Елді дүрліктірердей не сұмдық көрдің, не сұмдық естідің. Дұрыстап айт!

– Айтамын ата, мен мына кебісауыз Кердеңкүл сияқты өсекші, өтірікші емеспін. Айтсам, өз көзіммен көргенді, өз құлағыммен естігенімді айтамын. Айып етпеңіз ата, сіздің жиеніңіз Қоқым бетіңізге қара күйе жағып, масқара қылды. Қоқым кеше елден жасырып, ешкімге айтпай, құда тойын жасады. Той деп айтудың өзі ұят. Құдасына кәрі көксау, арық ешкісін сойыпты. Дастарханында кепкен тоқаш, оншақты қатқан құрттан басқа дым жоқ. Көрші ғой, шақырмаса да қазан алысайын, ыдыс-аяқ жуысайын деп бара қалып едім. Кейін барғаныма өкіндім. Онда көргенімді айтуға ұялып тұрмын, – деді Кексебике аз тыныстап.

– Айт, айт, – деді көпшілік әңгімеге ынтыға түсіп.

– Ұяламын деуін қарашы. Маймылда да ұят болады екен-ау, – деді Кердеңкүл миығынан күліп.

– Сен салпыауыз, оттапсың, мен мектепте оқып жүргенімде «сыныптың миссисі» атанғанмын. Нағыз маймыл мен емес, сен, – деді Кексебике.

– Ойпырмай-ай, қарақтарым, қойсаң­даршы, – деді Аңшыбай жалынышты дауыспен.

– Ал келін, әңгімеңді жалғастыр, бұдан басқа не көрдің.

– Масқараның көкесі алда,  – деді Кек­себике шабыттана сөйлеп, – құдалардың алдына қойған киітін көргенде, айдаладағы мен жер болдым. Сұмдық, сұмдық, киіт деп қойғаны тігісі сөгілген шапан, сандық түбінде жатып шіріп, иістеніп кеткен көйлек-көншек, мата, орамал. Құдаға қойғаны оның өзі берген шапаны екен. Құданың «әй, Бәтіш, мына шапан баяғы өзің кигізген шапан ғой» дегенін өз құлағыммен естідім. Қызының абыройын ойлады ма құдағи оған «тссс» деді. Масқа­раның үлкені құдалар аттанар алдында болды. Қоштасу кезінде:

– Ал құдалар, тағы келіп тұрыңыздар. Заман деген мынау, үш келін түсірдім. Жинаған мал-мүлік соларға жұмсалды. Осы үйде қозғалатын мүліктен қатын екеуміз бармыз. Қозғалмайтын мүліктен мына ескі диван, төрт орындық бар. Бірақ отқа қарап отырған жоқпын, қорамда өз баламдай бағып отырған есегім бар. Соны мініп кетіңіз құда! Есек болғанда да тұлпарға бергісіз, баяғы Қожанасыр мінген көк есектің тұқымы, – деді Қоқым жүзі жанбай. Құда-құдағилар не айтарын білмей, бір-біріне жалтақ-жалтақ қарайды. Айтыңызшы аңшы ата, о заманда, бұ заман құдасына есек мінгізгенді көріп пе едіңіз?

– Кексебике, қарағым, мына әңгімең шындыққа жанаспайды, – деді Кемиек кемпір, – Тәшкенге барып сауда жасап, өзбектердің өзін сазға отырғызып жүрген Қоқымның үйінде мүлік жоқ дегенге кім сенеді? Қорасына, шөп астына тығып қойған әбдіресінде неше түрлі жібек мата, құндыз жағалы шапан, алтын-күміс алқа, білезік сыңсып тұр. Мен оны өз көзіммен көргенмін. Өтірікті де өлшеп айтпайсың ба, қарағым.

– Көргенімді айтамын әже, өтірік айтсам өліп кетейін, – деді Кексебике қорғанып.

Мына әңгімеге манадан бері намыстанып тұрған Аңшыбай ақсақал:

– Есек жөніндегі әңгімең өтірік. Қоқымның Көкдала жайлауында үйір-үйір жылқысы, бір қора қойы мен сиыры бар. Сол мал тұрғанда, құдасына есек мінгізіп не көрініпті. «Өтірік айтсаң – өлтіріп айт» деуші еді жорналшы Қодар суайт. Сен сол Қодардан асып кеттің-ау қарағым.

– Сенбейміз, өтірікті судай сапырып тұрсың, – деп шуласты ел.

Оғаш әңгімесіне жұртты сендіре алмағанына күйініп Кексебике долданып жылап жіберді.

– Сенбейсіздер ме, әне, Қоқымның өзі келе жатыр, өзінен сұраңыздар.

Шынында көк есегін қыдыңдатып келе жатқан Қоқымның нақ өзі екен. Келе кішілік жасап, есегінен түсіп нағашысына сәлем берді.

– Сәлемің сартқа, – деді нағашы қатқыл дауыспен, – құдаңды ұрлап елден ұрланып шақырыпсың. Үйір-үйір жылқысы тұрғанда, құдасына есек мінгізіпті деп шулап жүр осы ел.

– Ойбай-ау, нағашыеке, құдалар тым асығыс екен. Сіздерге хабарлап үлгере алмадым. «Отырмаймыз, кетеміз» деп апшымды қуырды. Аз ғана дәм ауыз тиді де, асығыс аттанып кетті, кешіріңіз!

– Құдасына мінгізді деген көк есегің астыңда… Осы ел өсек айтпаса, жүре алмайтын болған ба, – деді нағашы жаны жай тауып.

– Сіз де айтады екенсіз-ау нағашы. Ертең, әйтпесе бір айдан кейін төркініне кетіп қалатын келіннің әкесіне көк есекті қайтып қиып беремін. Қорада оның былтырғы қодығы, биыл тайқар болған жас есекті бердім. Алмаймын деп азарда-безер болып еді, мәшинесінің багажнигіне салып жібердім, – деді Қоқым.

Өзі мәз болып күліп тұр. Мына сөзден кейін Кексебике шаттанып қуанды. Аңшыбай көзімен жер шұқыды.

– Сені бекер ғайбаттаппыз ғой келін, бізді кешір, – деді Кемиек кемпір. – Әй, Кердеңкүл, жаңағы айтқан ғайбат сөзің үшін Кексебикеден кешірім сұра.

– Она же стерва, подумаешь, – деп теріс айналды.

Сол кезде бұлардың қасына көк тай­қарды жайдақ мінген Қоқымның немересі келді.

– Ата, сүйінші, көк тайқар қашып келді, – деді немере танауы желпілдеп.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *