Отыз жылдық тарихы бар кафедра

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің QS World Unіversіtі Rankіng халықаралық рейтингтік анықтамасының қорытындысы бойынша 800 жоғары оқу орындарының арасында 299-орынды иеленіп, «Топ-300» әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарының қатарына ену арқылы халықаралық деңгейдегі мәртебесі артты.

Университетімізде білім алатын шетелдік студенттердің санын арттыру мәселесі де оның дамуының стратегиялық міндеттерінің бірі саналады.

Университеттің ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінде жыл сайын шетелдік тыңдаушылар мен қазақ диаспорасы өкілдерінің саны артып келеді. Бұған қоса 2012 жылдан бастап университет ректоры Ғ.Мұтановтың қолдауымен факультетте талапкерлерді кешенді тестілеуге дайындайтын ақылы бөлім ашылды. Алғашқы кезде оған 25 талапкер ғана қабылданса, биылғы жылы олардың саны 60-қа жетіп отыр.

Факультеттің негізгі құрылымдық бөлімдерінің бірі саналатын ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының білім беру үдерісінде өзіндік қолтаңбасы бар, бағыт-бағдары айқын. Яки кафедраның басты мақсаты – тыңдаушыларға сапалы білім бере отырып, төрт пәннен кешенді тестілеуге даярлап, алған білімдерін еліміздің жоғары оқу орындарында жалғастыруына ықпал ету.

Отыз жылға таяу тарихы бар ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасын ұзақ жылдар бойы басқарған профессор, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, бүгінгі таңда университеттің құрметті кафедра меңгерушісі Қ.Аққошқарованың кафедраның ғана емес, факультеттің іргелі істеріне әрдайым ұйытқы болып, дамуына көп үлес қосқандығын айрықша атап өткен жөн.

ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасында қазіргі кезде өз ісінің мамандары, білімді де білікті тәжірибелі ұстаздар қызмет етеді. Атап айтар болсақ, профессор Т.Қаратаев, 1980 жылдардың басында ауған жерінде ұстаздық еткен ардагер ұстаз, доцент Ж.Садықов, п.ғ.к., доцент М.Көккөзова, аға оқытушы Е.Катеков, ф.ғ.к., доцент Р.Әбішева, аға оқытушы Р.Наралиева, аға оқытушы М.Смағұл, т.б.

Факультетте білім алушы тыңдаушылардың саны артқан сайын, атқарылатын жұмыстардың да еселене түсетіні белгілі. Ең алдымен оқыту жүйесін қазіргі заман талабына сай үйлестіре алуға баса көңіл бөлінуде.

2010 жылдан бастап факультетте Елбасымыз Н.Назар­баевтың бастамасымен Ауғанстан Ислам Республикасына гуманитарлық көмек көрсету мақсатында қолға алынған мемлекеттік бағдарлама негізінде ауған жастары білім алуда. Факультет алғаш күннен шетелдік студенттерді тілдік және әлеуметтік ортаға бейімдеу жұмыстарын қолға алып, оны ұдайы жетілдіріп отырады. Ең алдымен оқу үдерісіне қажетті оқу-әдістемелік базаны нығайтуға баса көңіл бөлінеді.

Кафедра оқыту үдерісіне заманауи әдістеме мен озық технологияларды енгізу, білім берудің сапасын жақсарту, білік­тілікті арттыру, тәжірибе алмасуды нығайту мақсатында респуб­ликалық, халықаралық деңгейдегі семинарлар, конференциялар, шеберлік сыныптарын өткізуді дәстүрге айналдырған.

«Сөз зергері», «Өлкетану» секілді үйірмелер жұмыс істейді.

Ойымызды түйіндеп айтар болсақ, мемлекеттік бағдарлама негізінде білім алып жатқан қазақ диаспорасы өкілдері және шетелдік тыңдаушыларға сапалы білім беріп, жоғары оқу орындарына даярлау, осылайша университетіміздің бүгінгі таңда қол жеткізген халықаралық деңгейдегі мәртебесінің артуына үлес қосу – біздің басты ұстаным, мақсат-міндеттеріміздің бірі.

Нұргүл АЛДАБЕК, ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close