Отыз жыл анасын көрмеген ақын

Рая ЕСКЕНДІР

 

Қазақ білімінің қарашаңырағы, жүз жылға аяқ басқан атақты №12 мектептің бай тарихына тағы бір мәлімет келіп қосылды. Мектеп ұжымы әдебиет зерттеушісі, ғалым-педагог, қазақтың ақын қызы Шәмшабану Хамзақызымен кездесті. Ата-бабасының арманы болған атамекенге оралған әрбір қандасымыздың бойындағы елі мен жеріне деген асқақ сүйіспеншілік  пен адалдыққа біз тағы да тәнті болдық. Кездесу кешінің алғашқы сөз кезегін алған гимназия басшысы Рахима Бөлекбайқызы келген қонақпен оқушыларды таныстырып, өмір жолдарына тоқталды.

– Біз бүгін тағдырлы адаммен кездесіп отырмыз. Олай дейтін себебім, Шәмшабану Хамзақызы 1940 жылы Тарбағатай айма­ғындағы Шәуешекте дүниеге келген еді. Бала күнінен қара сөздің қадірін біліп өсіп, Шыңжаң институтының әдебиет факультетін бітіреді. Содан «Шыңжаң жастары» баспа­сында редактор, кейін Шыңжаң оқу-ағарту институтында оқытушы қызметін  абырой­мен атқарып, осы оқу ордасынан доцент деген құрметті атақпен зейнетке шыққан апаларыңның қолынан бір сәт те қаламы түскен емес. Бүгінгі сырласу-сұхбаттасу кешімізде қазақ әйелінің шет жұртта жүрсе де қайсарлығын жоғалт­пағанына куә боласыздар, – деді гимназия басшысы.

Кездесу кейіпкері Шәмшабану Хамза­қызы өмірдің талай бел-белесінен өткен жан. Талай мәрте қиындықпен бетпе-бет келсе де, қаламын тастамай, құдіретті өлеңнен қол үзбеді. Шыңжаңдағы аты белгілі төрт-бес әйелдің алды осы Шәмшабану Хамзақызы. Қиындықты көтере жүріп, өмірге алты перзент әкелген. Білім мен ғылымды дамыту жолында өлшеусіз еңбек етіп, тер төккен Зейнолла Сәніктің адал жары болып, қиын кезде бірге жүрді. Бір басына бірнеше қасиет қонған Шәмшабану Хамзақызының есімі бүгінде өзінің туған халқы, қазақ елінде де кеңінен танылып отыр.

Ең алғаш рет 1956 жылы өзінің «Тау бұлағы» өлеңімен танылған ақынның сөз саптауы, қара өлеңнің қаймағын қалқып, ұйқас емес теңеу іздегені көпшіліктің де назарына ілініп, келесі өлеңін іздеп, күте бастаған еді. Өзіндік үні бар ақын бірде «өмірде жазық жалғыз, қия қырық, келмейді-ау, шіркін шабыт жиі ағылып», – деп күйбең тіршілікті де бір сәт ұмытпайтынын өлеңмен жеткізсе, жыр жаздым, қазан-аяқ жия жүріп… деп келетін өлең жолдарынан қарапайым қазақ әйелінің отбасының береке-бірлігі үшін тырбанып жүрген тынымсыз тірлігін көз алдыңызға әкелесіз. Осылайша жаны жырға жақын, көңілі өлеңді қалайтын Шәмшабану Хамзақызының «Жау­қазын», «Ғасыр толғаныстары», «Арманның суыртпағы», «Балаларға базарлық» сынды жыр-жинақтары жарық көрген.

Қара  шаңыраққа келген сәттен ойына орамды ойлар мен сүбелі сөздер оралған ақын апа сөз кезегін алып, былай деді: «Абай өлеңдері біздің жүрегімізге әліппемен бірге орнады. Сондықтан да шығар, Абай үлгісі біздің бойымызға сіңіп, қанымызға тарап кеткен. Мен Абайдың кемеңгерлігін бой­тұмар еттім», – деген Шәмшабану ана арғы бетке жылы желдей жеткен қазақтың ақын қыздарының өлеңдерін жаттап алатынын жеткізді.

– Сол кездерде біз Мәриям Хакімжанова, Фариза Оңғарсынова, Күләш Ахметова сынды қазақтың мықты ақын қыздарының өлеңдерін тағатсыздана күтіп отыратынбыз. Өлеңдері қолымызға жетсе кезектесіп оқып, келесі кездескенімізде жарыса жатқа айтатынбыз, – деген ақын апаны оқушылар сауалдың астына алды. Әрине, сан алуан сауалдың барлығына ұстаз-ана тұшымды жауап қайтарды. Кездесуге Шәмшабану Хамзақызының ұлы Қанат, келіні мен қызы келіп қатысып отырды.

 

Мағиза Құнапияқызы, ақынның әріптес сіңлісі:

– Қытайдағы зиялы қазақ әйелдерінің көшін бастаған Шәмшабану Хамзақызы 40 жыл бойы шәкірт тәрбиеледі. Ағартушы бола жүріп, өлеңді жанына серік етті. Бұл кісі тағдырлы ақын. Олай дейтін себебім, Қытайда «Мәдениет төңкерісі» деген саяси алапат жүрген еді. Жолдасы екеуі сол алапаттың құрбаны болып, 10 жыл еңбекпен түзеу лагерінде болды. Көптеген жандар шыдай алмай өліп кетті. Арада 20 жыл өткенде ол саясаттың солақай екенін тарих өзі дәлелдеді. Зейнолла Сәнік ағамыздың отбасына мойын бұруға шамасы болмады. Ұлты үшін еңбек етті. Тарихты зерттеумен айналысты. Сол кезде Шәмшабану апамыз балаларын да тәрбиелеп, жарының еңбек етуіне жағдай жасады. Зейнолла ағаның 15 томдығы жарыққа шықты. Әлі жария болмағаны қаншама! Зейнолла Сәнік атында қор бар.

Ақын апамыздың тағдыры оңай болған жоқ. Ана үшін, ақын үшін 30 жыл анасын көрмеуден үлкен қасірет бар ма? Қазақ еліне өтіп кеткен анасын араға 30 жыл өткенде, екі ел арасындағы шекара ашылған соң ғана көруге мүмкіндік алған еді. Мұның өзі ақын жүрегіне жүк түсірді.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *