ОТЫРҒАН ЖЕРІ жарық боп кететін еді

Қали СӘРСЕНБАЙ

Жүкең, Жұмекең, Жұмабексіз бір жыл өтті. Арлы, асыл азамат еді ғой біздің Жұмекең.

***

Кейде кісінің сыртқы факту­расына да мән бересің. Адамның сырбаз, сымбатты болуымен қатар, тал бойынан бір тартымдылық, сүйкім­ділік лебі есіп тұратыны да бар. Біздің Жұмекеңнің бойында осы екеуі де үйлесіп тұратын. Әдетте «Жамбыл­дың жасын, Күләштің әнін, Сәкеннің сәнін берсін» деген тілек айтылып жатады ғой. Әне, сол әні де, сәні де келіскен біздің Сәкен – Жұмекең еді.

Тереңдігімен, танымымен, тартым­дылығымен тамсандырған тұлға еді ол. Біздің көз алдымызда қалыптасты, өсті, өнді, биіктеді, үлкен әріппен жазылатын тұлғаға айналды. Біздің дейтініміз, біз курстаспыз. Сөздің шыны керек, курс дегенде, ең алды­мен сол курстың көшбасшы азамат­тары, университетке өмірбаяндарын байытып келген Жайлаубай, Әшір­бай, Сапар, Қалдыбай, Жаппар ағаларымыз, Дүрәлі, Болатбек, Талғат, Шархан, Ғабдулғазиз, Еркін   тәрізді сақа жігіттер еске түседі, алдымен соларды ауызға аламыз. Жұмекең де сол курстың ғана емес, жылдар жылжи келе елдің ардақ тұтар азаматына айналды. Уни­верситетте Лениндік стипендияға оқып, бірқатар дүниежүзілік және бүкілодақтық студенттер мен жастар форумына қатысып, 3-курста жүргенде-ақ қалалық кеңестің депутаты болып, еңбек жолын «Социалистік Қазақ­станнан» бастаған Жұмабек Омарұлы Кенжа­линнің өнегеге толы өмір жолын бір мақалаға сыйғызып айту да мүмкін емес. ҚР Президенті сыйлығы­ның лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық журна­листика академиясының академигі, саяси ғылымдар кандидаты, «Білім және еңбек» (Зерде), «Халық кеңесі», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Ақиқат­тың» Бас редакторы. Өмірінің соңына дейін «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры, редакторлар кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарды. Қысқасы, бір атанға жүк боларлық, атынан ат үркетін атағы бар Жұмекең соны­сына қарамастан өте қарапайым, бауырмал азамат еді. Мұның сыр­тында Жұмекеңнің қаптаған ұйымдар мен комиссияларға мүше­лігі, оқу, білімді, ғылымды шығар­машылықпен ұштастырып, еліміздің мәртебелі жоғары оқу орындары­ның мінберінен дәріс оқып, мем­лекеттік емтихан комиссияларының төрағасы тәрізді қоғамдық қызметтердің де басында жүріп, соған қалай уақыт табатынына да қайран қалатын едік.

Мемлекет, қоғам жұмысына сұра­пыл араласқан Жұмекең өзінің төл кәсібі журналистикадан да қол үзбей, қаламгерлік қайратын да молынан танытты. «Желкілдеп өскен құрақ­тай», «Шындықты шы­рақ етіп ұста­ңыз», «Ұлт рухын ұлық­таған ұрпақ­пыз», «Саяси менеджмент және баспасөздің жұртшылықпен байланыс мәселе­лері», «Ер Жәуке мінбегенмен алтын таққа» атты іргелі еңбектер қалдырды.

Жүкең, Жұмекеңнің ағайынға, досқа, әріптеске деген ілтипаты, құрметі ерекше болатын. Ұстазымыз Ержұман Смайыл өмірден озғанда біз Жұмекеңді де есімізге алып едік. Ерекең тек қазақ баспасөзінің қара нары ғана емес, өз курсының да қамқоршысы, көшбасшысы болды. Былайша айтқанда, өз курсының Жұмабегі еді. Ал Жұмекең біздің Ержұманымыз еді. Адамға ерекше мейірімі мол қос саңлақтың атын қатар атап отырғанымыз да екеуінің бойындағы егіз ұқсастықтар еді. Асыл азаматтардың рухы шат болсын!

Жұмекең соншалықты биік бола тұра, бетегеден биік, жусаннан аласа өмір сүрді. Ол қуанса шынайы қуана­тын. Жәй сөзінің өзі дайын мәтін еді. Себебі, шын жүректен шығатын. Бірде «Алматы ақшамы» элиталық басы­лым­ға айналды» деді. Және онысын құр сөзбен емес, нақты дәлелдермен айтқанда, мен сеніп қалғандай едім. Сенген себебіміз, бұл пікірін бізге ғана емес, жүрген жерінде де, қай ортада да айтып отырғаны бізге жетіп жата­тын.  Мен мұны мақтану үшін айтып отырғаным жоқ, ол кімге де болсын жылт еткен жаңалығы, жақсылығы болса, қуанышын бірінші болып бөлісуге асығатын. Адамдарды алаламайтын мұндай қасиетін сан мәрте аңғардым.

Оған ақсүйектік, зипалық, бек­заттық тән еді. Мақсатына жету жолында өлермендігі мүлдем жоқ еді. Кез-келген мәселені биік парасат-пайыммен шешетіні талайға үлгі болып қалды. Кей күндерде қоғамда «осы қағаз басылымдардың керегі не, шетжұртта басқаша, электронды басылымға, сайттарға көшуіміз керек» деген мәселенің шеті шыға бастаған тұста ол сондай күрестердің де жуан ортасында жүрді. «Қазақ газеттерінің» тағдыры тартысқа түскенде атқа мінді Жұмекең. Бұл мәселедегі оның ерен еңбегі талай мәрте еске түсіп, бағалануы керек. Ол жалпы ұлттық құндылықтар үшін айқайлап алаңға шықпай-ақ үнсіз күрескен және соның жолын тапқан адам.

Кешегі жақсылардың көзіндей, сөзіндей, тіпті өзіндей еді Жұмабек. Өйткені, адамды, оның еңбегін, қабі­летін бағалауға келгенде кішіпейіл­дігіне салып айтсақ, ол бір саты төмен тұратын еді. Оның осы қасиеті жұғысты болған жігіттердің бүгінде осалы жоқ. Бүгінде бірауыз сөз жазса дүниеге сыймай, әсіресе, әлеуметтік желіде әбден желігетін желөкпелерді, тумай жатып төрге ұмтылатындарды көргенде, тұлпарлығы тай кезінен білініп топ жарған қайран Жұмекең келеді көз алдыма. Ол қашанда төр менікі деген жоқ. Төрдің өзі оны тапты.

Ол ағаларын жағалаған жоқ. Қайта ағалары оны жағалаған болуы керек. Сол жақсы ағалардың да қамқорлығына бір кісідей бөленді. Ол да болса өзінің еңбегінің, алғыр­лығының арқасы еді. Бұл да болса тұлғаның тұлғаны, таланттың талант­ты тануы сынды бүгінде көп байқала бермейтін кемеңгерлікке бара-бар қасиеттің сол жылдарда ешкімді алаламайтын алғаулыққа, толайым адамгер­шілікке негізделіп, содан бастау алып жататынынан болса керек.

– Зейнетке шықсам, бір күн отыр­маймын. Тура туған КазГУ-іме тарта­мын, дәріс оқимын, – деуші еді жарықтық.

Іргелі басылымдарды басқарып, мүйізі қарағайдай қалам қайрат­керлерімен қоян-қолтық жұмыс істеп, талай талантты шәкірттер де тәрбиелеп шығарған оның тәжірибесі, өнегесі журфакқа керек еді. Әсіресе, туа сала журналист болғысы келетін шикіөкпелерге керек еді. Себебі, ол әу бастан шебер, шешен лектор болатын. Болмысынан мұғалімдік мағына, зия­лы­лық есіп тұратын. Кейінгі жылдары баспасөздегі менеджмент, қазіргі кезеңдегі баспасөздің маңызы, міндеті, рөлі туралы жазылған еңбектерінің сол дәрісханаларда беті ашылмай қалуы да бір өзек өртейтін жағдай. Ен­дігі жерде осы еңбектер Жұме­кең­нің көзіндей ғана емес, артына қал­дырған сөзіндей болып жас журна­листердің киіз кітабына айналса дейсің.

Оның табиғатына сал-серілік тән еді. Қолына қоңыр домбырасын алып, оған қоңыр даусын қосып, арасында қоңыр әңгімесін айтқанда, ол отырған жерін нұрландырып жіберетін. Кейде ойлай­мын, осы біздің Жұмекең өзін өнерге арнағанда да бір биікке шығар ма еді. Сонау сту­денттік жылдардан бері құла­ғы­мызда қалған, аракідік отырыс­тарда бәріміз қосылып шыр­қайтын, курсымыздың «махаббат гимніндей» болған «Ақ ару – ай­нұрым» әні оның жүрек жыры, асыл жары Әлимаға деген шынайы махаббаты­ның белгісі еді.

«Өмірде әр адамның өзіндік орны бар. Десек те, сол өзіндік орны бар әр адамға үлгі болу үшін жаралған жан­дар болады. Қай қырынан алсаңыз да, адами қасиеттері ерек­ше биік тұратын осындай қарымды қаламгеріміз, қазақ журналисти­касының ірі қайраткерінің бірі, «Қазақ газеттері» ЖШС Бас ди­рек­торы – Редакторлар кеңесінің төр­ағасы Жұмабек Кенжалин еді. Күні кеше жанымызда жүрген әріптесіміз туралы  өткен шақпен айтамыз деп кім ойлаған!

…Бір қарағанда, тұйықтау көріне­тін жігіт ағасы, шын мәнінде, сыпа­йының ішіндегі сыралғысы, зиялының ішіндегі зияткері еді. Тік жүріп, тік тұрып, ойын ашып тура айтатын, елді де, әріптестерін де бөліп-жарып қара­майтын, үлкен азаматтық ұстаным­дағы Жұмекең­нің тазалығы мен адал­дығын іштей бәріміз де мойын­дайтынбыз. Оны өзгелерден биіктетіп тұрған да осы қасиеттері болатын.

Жұлдыздар туралы жиі жазатын журналистердің өз жұлдыздары ту­ралы сирек қалам тербейтін бір дағ­дысы бар. Сондай сиректің бірі де бірегейі жұрт білетін Жұмабек Омар­ұлы Кенжалин еді. Ортаңда жарқыл­дап жүргенде кім кімнің қадірін білгендей. Туралықты айтуға келгенде туғаны жоқ бидей, сөйлеп бір кетсе шешен, білімі мен білігі де өзін өзгеден ерекшелендіріп тұратын, журналис­тикада өз мектебін қалып­тас­тырған оның жұлдызы енді одан сайын жар­қырап биіктей береді. Ол тек бір курс­тың ғана көшбасшы кербұғысын­дай болған жоқ, отандық баспасөзден ойып тұрып орын алған ойы озық оғлан еді».

Жұмекең өмірден озғанда «Алма­ты ақшамында» (25.07.2017ж.) осын­дай қазанама жарияланды. Қаралы жиында Алаштың ардақты азаматы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдісағит Тәтіғұлов ағамыз ерекше толқып, қолымды қатты қысып, бізге ақкөңілін, жылы лебізін білдіріп еді. Бұл қаза әріптестердің, оқырман­дардың ғана емес, Алаштың айтулы азамат­тарының да қабыр­ғасына батты. Сол тұста еліміздің түкпір-түк­пірінен келіп жатқан көңіл айтулар­дың толассыз болуы да соның дәлелі.

Бардың бағасын, жоқтың қадірін білетін азамат еді Жұмекең. Отырған жері жарық боп кететін, төңірегіне шуа­ғын шашып, топ жарып жүретін жі­гіттің  жұлдызы еді ғой, біздің Жұм­е­­кең. «Орнында бар оңалар» деген. Енді артында қалған екі құлы­ны Дастан мен Жандостың ғұмы­ры ұзақ болып, солардың орта­сында не­мере-шөберелердің қызығы­на тоймай Әлиманың аман жүруін тілейміз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *