ОТБАСЫНДАҒЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕДЕН ҚҰРАЛАДЫ

Ертең — Отбасы күні

Н.НАЗАРБАЕВ:

Еліміздің болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына өзіміз қандай тәрбиені сіңіретінімізге тікелей байла­нысты. Ең алдымен, біз қызда­рымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар болашақ жар, болашақ ана, шаңырақ­тың шырақшылары.

 

  «Қазақстан -2050»  стратегиясы  қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты Халқына  Жолдауынан.

dsc_8283

Елбасымыз Н.Назарбаевтың Жарлығымен 2013 жылдан бастап қыркүйек айының екіншісі жексенбісі Отбасы күні болып белгіленген болатын. Отбасы құндылықтарын арттырып, шаңырақтың беріктігін, сол шаңырақ астындағы отбасы мүшелерінің бір-біріне деген құрметі мен сыйластығын дәріптеуге, еліміздегі Отбасы институтын құрудың алғышарты болып табылатын бұл күнді Қазақстан жұрты биыл төртінші рет атап өткелі отыр. Өзге аймақтармен қатар, Алматы тұрғын­дары да бұл мерекені өз дәрежесінде атап өтуді игі дәстүрге айналдырып келеді. Біз осы «Отбасы күні» мерекесі қарсаңында Алматы қаласы әкімі жанындағы  атқарар міндеті салмақты комиссиялардың бірі – Әйелдері ісі, отбасы және демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы, қала әкімінің Бас инспекторы Нәзира Асылбекқызы Тоғызбае­вамен әңгімелескен едік.

– Нәзира Асылбекқызы, ертең аталып өткелі отырған  «Отбасы күні»  мерекесіне дайындық барысы қалай? Биыл бұл мереке қандай  тақырыпта аталып өткелі отыр?

– Өздеріңіз білетіндей, Елбасының Жар­лығымен 2013 жылдан бастап қыр­күйек айының екінші жексенбісі  елімізде «Отбасы күні» болып белгіленген болатын.  Міне, сол жылдан бастап қыркүйек айының екінші жексенбісінде біз әрбір адам баласы үшін қасиетті болып саналатын Отбасы күнін атап өтіп келеміз. Бұл мерекенің ең басты мақсаты және ең негізгі – жұртқа, әсіресе, жаңадан отбасын құрған жас жұбайлар мен болашақ отбасы иелері – жастарға отбасы құнды­лық­тарын, отбасы дегеніңіздің сыйластық, жарас­тық орнаған шағын мемлекет екендігін түсіндіру болып табылады. «Ауруын жасырған өледі» деген сөз бар емес пе,  шынын айтсақ,  кейінгі кезең­дерде отбасы деген сөздің қадір-қасие­тін төмендетіп алғанымыз рас-ты. Ажы­расулар белең алып, тірі жетім-жесірле­рі­міздің қатары көбейе бастады.   Жастардың бір шаңырақ астында жарасымды өмір сүрулері мүмкін болмай кетті. Міне,  Елбасы осы ұлты­мыз үшін үлкен қауіп-қатер болып отырған ажырасулардың алдын алып, әрбір отбасының жарасымды өмір сүрулері үшін ел арасындағы көпба­лалы отбасыларын, бақытты ғұмыр кешіп, өздерінің отбасылық тарихымен төңі­регіне үлгі болып жүрген   шаңырақ иелерін жиі насихаттап, оларды жастарға үлгі-өнеге етуді мақсат еткен еді.

– Сол ниетіміз бүгінде жүзеге аса алды ма?

– Асып келеді деуге болады.  Отбасы күні белгіленгелі бергі осы төрт жылға көз жүгірт­сек, игі нәтижелер жоқ емес секілді. Ең бірінші байқағанымыз, қазір үлгілі әрі көпбалалы отбасы болуға ұмтылушылар­дың қатары  респуб­ликалық байқауының  аудандық, қалалық кезеңіне қатысуға ниет білдірген отбасыларының қатарының  көбейгенінен  аңғаруға болады. Осы мере­кеге дайындық барысында АХАТ бөлім­деріне хабарласқан едік, олар  да соңғы  екі-үш жыл аралығында Алматы қаласындағы ажырасу саны төмендеп, керісінше туу көр­­сеткішінің артып келе жатқандығын айтып, бізді қуантып тастады. Мысалға, өткен жылы қаламыздағы көпбалалы отба­сыларының қатарына 111  шаңырақ қосы­лып, 33 ана  «Алтын алқамен», 77 ана «Күміс алқамен» марапатталса, ал биылғы жылдың 1 тамызына дейінгі деректерге қарасақ, 8 айдың өзінде 61 отбасы көпба­лалы отбасыларының қатарына қосылыпты. Осылардың арасында отыздан жаңадан асқан жас аналар саны көп. Қазіргідей бала тууды есеп-қисапқа салып отырған мына  заман­да отыз жаста  өмірге жеті нәресте әкелуді үлкен ерлікке балауға болады. Біздің комиссияның өзінде бірнеше көпбалалы аналар бар екен. Соның бірі жеті баланың анасы, Әуезов ауданы бойынша көпбалалы аналар қоғамдық қорының төрайымы  Нағигүл Бейсембина деуімізге болады. Осы жақсылықтардың бар­лығы Елбасы  ұста­нып  отырған  әлеуметтік саясаттың  үлкен  жемісі деуімізге болады.

– Демек, Отбасы күнін атап өтудің, осы мереке аясында отбасы бақытын дәріп­тейтін іс-шараларды ұйымдастырудың нәтижесі бар дейсіз ғой?

– Жақсы үлгіні сөзбен емес, өзіңнің үлгі-өнегең арқылы дарыт деген даналар сөзіне құлақ түрсек, құры сөзден гөрі, нақты іс көріністер арқылы беріп отырған тәрбиеміздің нәтижелілігі байқалып келеді.

– Дейтұрғанмен, қазақ қыздары мен әйелдерінің атына айтылатын сындардың азаймай отырғанын жасыра алмаспыз…

– Әрине,  баласын туып қоқыс жәші­гіне, дәретханаға тастап тұншықтырып жатқан жасөспірім қыздарымыздың, қызы­нан туған нәрестені еш аяусыз көліктің терезесінен лақтырып жіберген аналары­мызды,  өзінің туған қызына зорлық-зомбылық көрсеткен әкелер, ата-анасын қараусыз қалдырған ұл мен келін, қыз бен күйеу балалар туралы естігенде «әттең-ай» дегеннен басқа амалымыз қалмайды, әрине. Бұрын әке қызын қалай аялайтын еді. Қызы әкесін қалай жақсы көретін еді. Ал қазіргі кейбір қыздарымыз әке тұрмақ, шешені тыңдаудан қалып барады. Ұлттық тәрбиеміздің  үрдісі бұзылды.  Біздің алға қойып отырған ендігі мақсатымыз – ұлттық тәрбиені қайта қолға алып, ата-бабамыздан  жалғасып келе жатқан ұлттық үрдістерді жаңғыртып, қайта қолға алу болып отыр. Ол үшін  ең алдымен отбасындағы тәрбиені дұрыстауымыз керек. Одан кейін қоршаған ортаның тәрбиесін қолға алуға тиістіміз. Қазір Алматы қаласындағы жоғары және арнаулы орта білім беретін оқу орында­рында «Жас отбасы» мектептері құрылып, жас қыздар мен жігіттерді отба­сылық өмірге тәрбиелеу жұмыстары қолға алына бастады. Бұл ретте біздің комиссияның мүшесі,  Гүлфайруз  Қабденқызы Қасы­мова басқаратын Алматы бизнес коллед­жінде құрылған «Жас отбасы» мектебінің жұмысын айрықша атап өтуге болады. Қыздар педа­гогикалық университеті ұжымының қыздар арасында жүргізіп отырған тәрбиелік жұмыс­тарын  да басқа оқу орындарына үлгі етуге болады.

– Биылғы Отбасы күні қаламыздың төл мерекесімен, Алматы қаласының мыңжыл­дығы қарсаңында аталып өткелі отыр, қандай жаңалықтар бар?

–       Отбасының ұйытқысы, берекесі, мейір шапағаты әйел болғандықтан, біз Отбасы күні мерекесін  Қазақстан халық­тары ассамблеясы­ның бастамасымен «Ақ орамал» акциясынан бастап кеттік деуі­мізге болады. Тәуелсізді­гіміздің жиырма бес жылдығы аясында өткізілген бұл іс-шара­ның тәлім- тәрбиелік тағлымы мол.  Дүние­нің тірегі – бір қолымен бесік тербетіп, бір қолымен әлемді тербеткен әйел-анаға деген  бұл тағзым отбасының бақы­ты осы ақ орамалды аналардың аялы алақанда­рында екендігін тағы бір паш етті. Ал ертеңгі «Отбасы күні» мерекесі қаламыздың сегіз ауданында да  ұйымшылдықпен аталып өтіледі.  Әр аудан өз аумағында тұратын көпбалаы отба­сыларын, сол күні шаңырақ көтерген жастарды құттықтап, оларға құрмет көрсететін болады. Балалардың қатысумен «Анашым – мен сені жақсы көремін» флешмобы ұйымдас­тырлады.  Балалар асфальтқа өздерінің отбасын­дағы бақытты сәттерін бейнелесе,  аудан басшы­лары, денсаулық, әлеуметтік сала басқармасы­ның басшылары сол күні сәбилі  болып қала перзентханаларында жатқан  аналар­ды құттықтайды.  АХАТ бөлімдері  күміс, алтын, гауһар той иелеріне құрмет көрсетіп, құттық­таулар жолдайды. Отбасы күні мере­кесінде өткізілетін іс-шаралардың қысқаша легі осындай.  «Отбасы күніне» арналған мерекелік іс-шара 28-панфилов­шылар саябағында әр отбасының ақ тілектері мен алдағы армандары жазылған ақ шарларды көкке ұшыру рәсімімен аяқталмақ. Ең бастысы, осы күні әр отбасы өзінің шағын мемлекетінің төл мерекесін өзіміздің ұлттық салт-дәстүрле­ріміздің негізінде атап өтсе  дейміз. Өйткені, отбасы­ның басты құндылықтары ұлттық тәрбие­ден бастау алады. Ал ұлттық тәрбиені жаңғыртып, оны әр отбасы өз шаңырағы­ның бойтұмары етіп ұстап отырса, қазіргі жаны­мызды ауыртып жүрген келеңсіз оқиғалар орын алмас еді. «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар, дегенмен, ұлтымызға тән  ұяты көп  ұлттық тәрбиені жандандыр­ғанымыз абзал. Ал оған атсалысу сіз бен біздің үлесімізде. Күнтізбеміздегі ең қадірлі – Отбасы күні мереке­леріңіз құтты болып, әр шаңырақтың түңдігі бақыт шуағымен ашылсын.

– Айтқаныңыз келсін. Әңгімеңізге көп рахмет.

 

Әңгімелескен –

Нұржамал БАЙСАҚАЛ. 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *