ОТАНСҮЙГІШТІК СЕЗІМДІ ҰЯЛАТАДЫ

%d0%b4%d0%b8%d0%bd

Қоғамдағы рухани жаңғыру немесе рухани өзгеру, ең алдымен, қоғамдық және дара сананы түбегейлі мағынадағы жаңғыртулардан басталады. Ал сананың жаңғыруы әрбір адамның ақыл-ойында, жаны мен жүрегінде өзгерісті қажет етуді нақты түсінуінен бастау алады. Алдымен адамның өзін-өзі өз­гертуіне талпынуы шарт, демек, әлеуметтік про­грестің бастауы адамның рухани әлемінде, яғни, тұлға бойындағы ішкі мазмұндық сипаттағы өзге­рістер мен бол­мыстық өзгерістер құндылықтық дүниемізді түбе­гейлі қайта қалып­тастырады. Әрине, осындай қадам­дар оңай шаруа емес және ол тарих субъектісінен қажыр-қайрат пен рух табандылығын қажет ететін өте қиын әрі ауыр жол. Жаңғыру біз­діңше, қоғамның, мемлекеттің, тіпті әрбір азаматтың жаңа сапа­лы дең­гейдегі даму сатысына көтерілуі.

Бүгінгі ақпараттар легі өзінің мазмұнын өзгертіп отыруы тиіс. Адамның жан-дүние­сіндегі, оның қимыл-әрекетіндегі өзгерістерді талап ету үшін, отансүйгіштікке шақыру үшін қоғамдық ақпараттар жүйесіндегі сапалы құрылымдар орнығуы керек. Ұлтжандылыққа тәрбиелеу мәселесін шешудің негізгі тетігі қоғамымыздағы рухани құндылықтарды қайтадан жаңғырту. Бұл мәселені Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында өзектендіріп көтерген еді. Сан ғасырлық тарихы бар, атадан балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүріміз, әдеп-ғұрпымыз, діни ұстаным мен тілдік ерекшеліктерді сақтай отырып, жаңа заман талаптарына сәйкестендіріп, бейімдеп дамудың тағы бір сатысына көтерілу мақсаты айқындалды. Яғни, ұлттық кодты сақтай отырып, келешек жастардың жүрегіне ұлт­жан­дылық, отансүйгіштік сезімін ұялату межесі тұр.

Кез-келген жаңғыру күрделі әлеуметтік және мәдени құбылыс. Жаңғыру – әлем тарихында дәстүрлі қоғамның заманауи қоғамға ауысуының бүкіләлемдік тарихи үдерісі. Бұл үдеріс шамамен ХVІ ғасырдан бастау алғанымен, әлемнің кейбір елдерінде әлі де аяқталып бітпеген. Дін – дәстүрлі қоғамның белгісі мен анықтауышы болса, ал жаңғыру – жаңа үлгідегі әлеуметке өту үдерісі. Алайда, бұл үдеріс дәстүрлі қоғамның негізгі құндылықтарынан ажырау, өткенді аластау немесе жоққа шығару емес. Дін дәстүрлі қоғамның негізгі құндылықтарының бірі, сондықтан жаңғыру үдерісіндегі діннің өзіндік ережелері мен мәселелері бар.

«Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы» деп Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, бүгінгі жаңалық, кешегі тарих болып қалатыны сөзсіз.

 

Қазіргі уақытта қоғамы­мыз болашақтың іргета­сын мықтап қалаудың жолында. Жаңғыру әрқа­шан да дәстүрлі және заманауи элементтердің жинағы болып табылады. Оның қаншалықты сәтті, өнімді, нәтижелі және табиғи түрде орындалуы жаңғыру үдерісіне байла­нысты.

 

Мәселен, Үндістанда тәуелсіздік алғаннан кейін жаңғыру қарқынды дамыды. Бұл жағдайға негізі діни сенімі индуизм болып саналған үнді өркениетінің сан ғасырлық дәстүрінің де әсері зор болды. Индуизм, веда дінінің бай интеллектуалды дәстүр қалып­тастырғаны белгілі. Үндістанда екі мың жыл бұрын брахмандық білім беру бағдарламасы қасиетті мәтіндер мен салттарды үйренуден бөлек, фонетика, грамматика, өлең шығару, астро­номия, медицина мен тарихты да оқытқан. Индуизм аясында әртүрлі филосо­фиялық мектептер, логика ғылымы құрылып, нәти­жесінде рационалды танымның қалыпт­асуына мүмкіндік берді.

Қытайда дәстүрлі өркениет мұрасының жаңғыру үдерісіне қалай бейімделгендігін сараласақ, бұл елде христиан, индуизм, ислам тәрізді кең таралған дін болмады. Даосизм, буддизм сияқты ағымдар жергілікті халықтың азғантай бөлігін қамтыған. Алайда, Қытай үшін аса көрнекті ілім конфуцийлік болып саналды. Конфуцийлік ілімді Қытай өркениетінің «бет бейнесі» деп атауға болады. Конфуцийлікті дін емес, дұрысы – моральдық ілім деп түсінген жөн. Конфуций ілімінде беймәлім, мистикалық ештеңе жоқ. Онда отбасылық құндылық, кішінің үлкен алдын­дағы міндеті, ұжымдық және топтық мүдденің жеке тұлға мүддесінен басымды­лығы, мұның барлығы қоғамды байланысты­ратын нақты ережелер мен заңдар жүйесінде бекітілген. Конфуцийлік шеңберінде ерте заманнан бері басқару және зияткерлік қыз­метке лайықты үміткерлерді іріктеу мақса­тында қолданы­латын емтиханның өзіндік жүйесін даярлан­ған. Конфуцийлікке ағарту­шылық пен білімге табыну рухы тән. Қыс­қасы, конфуцийлік қоғам білігі мен оны әртүрлі мақсатта жұмылдыруды қамтамасыз етті.

Мұсылман әлемінде жаңғыру үдерісіндегі діннің екіжақты рөлі жақсы көрініс тапқан. Ислам өркениетінің қалыптасуы әр қилы түрде жүзеге асып, кедергілі жолдармен таралғанымен, алғашқы ғасырларда оның керемет мәдени шарықтау кезеңі болды. Осы кезде жас ислам діні білім, технология, ғылым мен философияның өрлеуіне ықпал жасады. Ерте орта ғасырдағы араб қоғамы Еуропада әлдеқайда ілгері болып, оны Аристотель, Пла­тон және т.б. ғұламалардың көне мұраларымен толықтырды. Алайда, бұл мәдени өрлеу біртіндеп құлдырай бастады. Мұның себебі, ішкі өзара араздасулар мен сыртқы шапқын­шылықтар мұсылман қоғамын әлсіретті. Үлемдер мен басқа да діни беделді адамдар төзімсіз, консерватор бола бастады. Бұл ахуалды тарихшылар «Иджтиһад қақпасын» құлыптау деп атады, яғни, еркін ойлау мен шығармашылық сұхбатқа тосқауыл қойылды.

Ислам қоғамындағы жаңғыру әлемдік өркениеттік даму қарқынымен салыстырғанда, сылбырлау дамығаны рас. ХІХ ғасырда Абдо Мұхаммед, Жамал ад-Дин әл-Ауғани және басқа да мұсылман реформаторлары шықты, алайда, олардың саяси-идеялық ықпалдары шектеулі болды. Мұның ақыры мұсылман әлеміндегі бірінші ірі жаңғыру реформалары исламды айналып өтіп, тіпті оны елеместен басталып кетті. Мұстафа Кемал Ататүрік Түркия еліне жаңғыру реформасын алып келген тарихи тұлға. Ол түрік халқы үшін жедел жаңғырудың бірден-бір жолы меншік­теу мәселесіне үлкен мән беру,  яғни, секуля­ризациялауды прогрессивті құбылыс деп санады.

Ататүрік туған халқының болашағын, елінің тәуелсіздігін, біртұтастығын, ана тілі мен ұлттық мәдениеттің дамуы жолында еңбек етті. Осы қағидаттар негізінде бірнеше рефор­малар іске асырылды: сұлтандық жойылып, Түркия Республика болып жарияланды, шариғат соттары таратылып, жаза туралы заңдар қабылданды, әліпби араб тілінен латын тіліне ауысты, түрік тілін араб-парсы кірме сөздерінен тазартты, дін мем­лекеттен ажыра­тылып, лаицизм, яғни, зайырлылық бағытын ұстанды. Мешіттер мемлекет қарамағына өтті, діни ұйымдарды мемлекет жіті қадағалай бастады және оларды өздері енгізіп отырған зайырлылық реформа­сын қабылдауына мәжбүрледі. Кемал өзінің жаңғыруды мақсат еткен реформаларын жүзеге асыруда еуро­палық даму жолының әдіс-тәсілдеріне сүйе­неді. Әрине, осындай үдерістерге қарсылық көрсеткен діни саяси ұйымдар да табылды.

Осылайша Түркия мемлекеті Ататүріктің табандылығымен аз ғана уақыт ішінде халқы ислам дінін ұстанатын әлемдегі ең бірінші зайырлы мемлекетке айналды. Мұстафа Кемалдың жаңғыру жолындағы идеялары мен қағидаттары, реформалары қазіргі Түркияның саяси, экономикалық, әлеуметтік өміріне көптеген оң нәтижелі өзгерістер әкелді. Алайда, дінсіз жаңғыру және реформа берік болмақ емес, өйткені, дін әрқашан саяси және қоғамдық өмірге белсенді болмаса да, жанама түрде араласып отырады. Сондықтан Мұстафа Кемалдың қазасынан кейін Түркия елінде діни ұйымдар қайтадан құрылып, мешіттер мен құран үйрету мектептер ашыла бастады. Осы үдерістер қазіргі Түркияда барынша айқын көрініс беруде.

Жоғарыдағы аталған әлеуметтік оқиға­ларға қарама-қарсы жағдай ретінде Иран Ислам мемлекетінде 1979 жылы болған Ислам революциясын айтуға болады. Шах билігін құлатқан Ислам революциясы ХХ ғасырдағы ең маңызды оқиғалардың бірі болды. Халықтың билікке қарсы шығуының себебі – қоғамда ислам құндылықтарының жете қадірленбеуі және ислам діни қызметкер­леріне қысым көрсетілуі, Иран елін жаппай еуропаландыру саясатына деген наразылығы еді. 1979 жылы Ирандағы конституциялық монархия Ислам Республикасы деп жария­ланып, билікке дінбасылар келді. Содан бері Иран бұрынғыдан мүлде басқаша болып өзгерді. Қазіргі таңда Иран ислам мемлекеті дамушы елдер қатарына енеді.

Кез-келген діни дәстүр – бұл өзінше сұқбат алаңы, яғни, уақыт пен кеңістікте дамитын, қоғамдық жағдайдағы, психоло­гиялық типтегі, білім деңгейі мен рухани сипаттағы, сонымен қатар әрқилы ішкі түйсіну дәрежесіндегі әртүрлі адамдар арасындағы сұхбаттасу алаңы.

Қазақстан тұрақты дәстүрлі діни көпконфессиялық мемлекет болып табылады. Республикамыздың негізгі стратегиялық бағыты демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құру. Конфес­сияаралық және этносаралық тыныштық сақтау мен нығайту мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарының бірі. Қазақстан аймағында әр түрлі мәдениет пен діни сенім-нанымдар бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болып, еркін өмір сүруде. Қазақстан мәде­ниеті әрбір жаңашылдыққа ашықтығы мен толеранттығымен ерекшеленеді. Бұл ерекше­лік жаңғыру үдерісінің қалыпты жағдайда дамып, өркендеуіне оң әсерін тигізеді. Мәдени дәстүрдің саналуандығы өзара түсіністікті, төзімділікті, ортақ көзқарасты талап етеді, сонымен бірге, әртүрлі конфессия өкілдерінің бір-бірінің діни құндылықтарын құрметтеп, діни сенімдеріне түсіністікпен қабылдауға шақырады.

Әрине, таяқтың екі ұшы бар дегендей, әрбір өзгеріс, жаңалық лезде оң нәтижесін беріп, жақсы бағытта дамып кете қоймауы да мүмкін. Әрбір ұлы өзгерістердің бәрі тоқы­раудан өтуден, тоқырауды жеңуден басталады. Сондықтан еліміз үшін нағыз жарқын болашақ алда деген ойдамыз.

 

Лаура ТОҚТАРБЕКОВА,

ҚР БҒМ ҒК философия, саясаттану және дінтану институтының ғылыми қызметкері.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *