Отандық туризмді дамытамыз

Рая ЕСКЕНДІР

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университетінде «7 жаңа туристік маршрут» атты жоба бастау алған болатын. Жақында аталған стартап жоба негізінде Алматы облысының тарихи орындарына алғашқы арнайы экспедиция жасақталып, киелі жерлермен танысуға мүмкіндік туды.

Жаратылыстану факультетінің ұйытқы болуымен қолға алынған шараның басты мақсаты – отандық және жергілікті туризмді дамыту жолдарын қарастыру, аймақтық киелі жерлер мен жәдігерлерді насихаттау.

Бұған дейін жаңа маршруттардың желісін құру үшін студенттер мен магистранттар арасында конкурс ұйымдастырылған еді. «7 жаңа туристік маршрут» стартап таныстырылым байқауына қатысуға өтініш білдірген 19 топтың ішінен алдын-ала іріктеуден өткен 8 топ ақтық кезеңге жолдама алды. Сайыс барысында әр команда көпшілікке кеңінен таныла қоймаған, алайда туристік әлеуеті жоғары нысандардың өзіндік ерекшелігін таныстырып, бизнес-жоспарын қорғады. Қазылар алқасы әрбір жұмыстың ерекшелігін, мәні мен маңызын жете сарапқа салды. Нәтижесінде Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің студенттерінен құралған «Жетісу» тобының «Жетісу – жер жаннаты» атты жоба үздік деп танылған болатын. Жобада «Жеті қазына» құсбегілер мұражайы, «Ойрантөбе» тарихи орны, «Бартоғай» көлі, Шарын шатқалындағы «Қамалдар аңғары», «Жабыр», «Темірлік Шыңғысхан бейнесі», «Қызылсай» сияқты тарихи, табиғи ерекшелігі бар нысандар қарастырылған.

Осыған орай «Жетісу» тобының мүшелері «Құсбегілік – қазақтың төл өнері» атты экспедиция құрамында Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданының аумағында орналасқан «Жеті қазына» құсбегілер мұражайына арнайы барды. 2003 жылы ашылған мұражай қазақтың ежелден келе жатқан ұлттық өнерінің бірі – саятшылықты кеңінен насихаттайды. Бүгінде мұнда 11 құсбегі мен қыран бүркіттер бар.

– Бұл мұражайдың ашылуына «Жеті қазына» саятшылар клубы мұрындық болған. Құсбегілердің айтуынша, бүркіттің салмағы географиялық шығу тегіне байланысты. Алтай таулары, Ұлытау, Алатаудың құсы, тау құсы, ой құсы, қыр құсы деп табиғи жерге байланысты бүркіттің дене тұрқы да соған сәйкес бейімделеді. Үлкен таулардың бүркіттері алып болып келеді. Мәселен, аталық бүркіттің салмағы 3-4 келі болса, аналығы 6-7 келі шамасында. Негізінен құсбегілер қолға аналық бүркітті түсіруге тырысады, – дейді экспедиция жетекшісі, География және туризм кафедрасының оқытушысы Жомарт Шыңғысов.

– Қазақ ит баптап, құс күйттейтін заманнан айырылып, құмайдың тұқымы құрып кетті деуге де болады. Саятшылық ұлттық спорт түрі ретінде дамытуды дұрыс жолға қойып, аңшы жануарлардың санын көбейтіп, экологиялық мәдениет қалыптастырып, тазының, оның ішінде құмай тазының құрып кетпеуін қадағалауымыз шарт, – дейді клуб жетекшісі Қуаныш Исабеков.

Студенттер саятшылық өнері турасынада мол мәліметке қанықты.

Сонымен қатар, экспедиция аясында Шарын шатқалына да арнайы сапар ұйымдастырылды. География және туризм кафедрасының меңгерушісі Шайхислам Лайсхановтың айтуынша, алқаптар ғимараты деп аталатын Шарын шатқалы Алматы қаласынан 195 шақырым қашықтықта орналасқан.

Студенттер саяхаттың өте қызықты әрі әсерлі болғанын айтады. Олар осындай саяхат арқылы табиғи, тарихи нысандарды көпшілікке паш ететін жаңа туристік маршруттарды құрастырмақ. Жоба ұйымдастырушыларының пайымдауынша, бұл бастама – туризмнің, жалпы алғанда, еліміздің дамуына өзіндік септігін тигізбек.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *