ОТАНДЫҚ дәрі-дәрмекті пайдалануға қалай қарайсыз?

КТК арнасының  ақпаратына жүгінсек, жуырда өткен Мәжілістің кезекті отырысында еліміздің Бас дәрі­­гері Елжан Біртанов өз елімізде шығарылып жатқан фарма­цев­тикалық  өнімдерді  тәжірибеден өткізіп, оны емдеу ісінде кеңінен  қолдануға  мүмкіндік беру туралы  депу­тат­тарға сауал жолдапты.   Шамасы, Денсаулық сақтау министрі шет елден дәрі-дәрмек тасып, оның зардабын көбірек тартқан  секілді.  «Сырын білмейтін аттың сыр­тынан жүрме» демекші, сол алыстан арбалап әкеліп жат­қан дәрілердің біздің халқымыздың денсаулығын жақсар­туға қаншалықты жәрдем беріп жатқандығын бір Құдай білсін. Ал  жар­намасына қарасаңыз, бір дәрінің өзі сіздің бойы­ңыздағы бірнеше дертті бірден жұлып алып тастай­тындай жалаулайды.

Бірақ іс жүзінде қымбат дәрілердің шипасын көрдік деген жұрттың қарасы шамалы. Ал жөтел қысса өзіміз­дің қызыл мия тұнбасы мен   өзімізге бала кезден таныс «Мукал­тиннен» тез айығып кететіндерін қарапайым жұрттың аузынан жиі естуге болады.  «Аспирин упсадан» гөрі, «аспири­німіз­дің» де көмегі көп. Біз қолданып жүрген дәрі-дәрмек­тің 90 пайызға жуығы шет елден әкелінеді. Сондықтан болар, Қазақ­стан импорттық дәрі-дәрмекті ең көп қолданатын мемлекеттердің  бірі болып отырған­дығы. Дүниежү­зілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша, әрбір елде отандық фармацевтикалық өнімнің үлесі 25 пайыздан кем болмауы тиіс көрінеді, әйтпесе био-фармокологиялық терроризм қаупі төнуі мүмкін. Олай болса, министр айтқандай,  дәрі-дәрмекке деген  ішкі сұранысты  отандық өндірушілер есебінен қам­там­асыз ету маңызды мәселе екендігі даусыз. Бұл  енді басқа тақы­рыпқа арқау болар мәселе, ал біздің бүгінгі басты  тақыры­бымыз  Денсаулық сақтау министрінің  Мәжі­ліс депу­тат­тарының талқы­сына салып отырған отандық дәрілік өнімдерді  заңды түрде медициналық  эксперимент­тен өткізу  жөніндегі ұсынысы төңіре­гінде болмақ.

Министр мырза өзімізде шығарылатын дәрі-дәр­мекті сынамадан өткізуді, ең алдымен, ерікті түрде бала­лардан, жүкті әйелдерден, әскери  қызметкер­лерден және  қыл­мыс­тық жазасын өтеп отырған азаматтардан бастауды жөн көріпті. Министр сынама  алдымен жан-жануар­ларға жасалған эксперименттен кейін ғана адамдарға қолданы­латын­дығын жеткізді. Біз осы мәселе төңірегінде қала тұрғын­дарының пікірін білу мақсатында сауалнама жүргізген едік. Сіз Денсаулық сақтау минис­трінің бұл ұсынысына қалай қарайсыз? Егер сіз осы экспе­ри­менттік топқа ілігіп жатса­ңыз, сына­маға қатысуға келісесіз бе деген сауалдар төңірегінде бірнеше қала тұрғынымен тілдесіп көрдік.

Райхан  АСҚАРБЕКҚЫЗЫ, қала тұрғыны, көпбалалы ана:

 МЕН КЕЛІСІМ БЕРМЕС ЕДІМ

 

Өзімізде өндірілген дәрі-дәрмекті қол­данғанға не жетсін. Бірақ ауыра қал­саңыз болды, дәрігерлердің өзі  шетел­дік  дәрілерді жазып беріп, бізде ондай дәрі шық­пайды  деп жатады. Ал енді сіз айтқандай, экспе­риментке  қатысуға келісім бермес едім. Оның қандай зардабы боларын кім біледі?

 

Ерқанат  НҰРАХМЕТҰЛЫ,

кәсіпкер:

 

ЕҢ АЛДЫМЕН ҚАНДАЙ

ДӘРІЛЕР СЫНАМАДАН

ӨТКІЗІЛЕТІНІН БІЛУ КЕРЕК

 

Жаңадан жасалған дәрі-дәрмектерді эксперимент­тен өткізу дүние жүзінің тәжі­рибесінде бар үрдіс қой, бірақ ондай сынамалар, ең алдымен, жан-жануарларға жасалған соң, адамдарға қолданылмайтын ба еді. Министр мырзаның дәрілерді сынамадан  өткізу үшін балаларды, жүкті әйелдерді, әскери қызметкерлерді және сотталған адамдарды таңдап алып отырғандығына  таңғалып отырмын. Мықты болса, ең алдымен, дәрігер­лер осы экспериментті өздерінен неге баста­майды? Халық денсаулығын жақсартуға қажетті шара шығар, бірақ  мұндай таңдауға қарсы­мын. Ең алдымен,  сол эксперимент жаса­ғысы келіп отырған дәрі-дәрме­гінің қандай ауру түрлерін емдеуге қолдануға болады, соның тізімі  жария­лансын, содан соң барып жұртшы­лық ойлана­тын шығар.  Шетелдік дәрі-дәрмек­тің сынамаларынан өтіп  біттік, енді өз дәрі-дәрмегіміздің сынамасынан өту қалып еді, мен мұндай тәжірибе жүргізуге қарсы­мын. Мәңгі өлмейтін дәрі берсе де,  бұл экспериментке қаты­са­мын деп айта алмаймын.

 

Айнагүл ЕСМАҒИЕВА,

қала қонағы:

 

САЛ АУРУЫН ЕМДЕЙТІН

ДӘРІ БОЛСА, БІРІНШІ БОЛЫП ҚАТЫСАР ЕДІМ

 

Бұл туралы бірінші рет естіп тұр­мын.  Егер де сал ауруына шалдыққан  балаларды қалыпқа келтіретін дәріні сынамадан өткізуге шақырса, бірінші болып барар едім. Қазір балам он екі жаста, апармаған жерім жоқ. Ақтөбе­ден Алматыдағы «Балбұлақ» сауықтыру орта­лығына келдік. Дәрігерлер  жанда­рын салып емдегісі келгенмен, бұл дерттің дауасы табылмай отыр ғой.  Сал ауруын жазатын дәрі шығардым деген талай емші, дәрігерлерді білемін, бірақ олар ашық айтпайды, ал егер де заңдас­тырылса, жасырын қолданылып жатқан кейбір дәрілердің шынында халыққа пайдасы тиетін шығар. Бұл ұсыныс та халықтың денсаулығын жақсарту үшін қолданылып жатқан шаралардың бірі шығар деп ойлаймын.

Әлимаш НАРБЕКҚЫЗЫ,

қала тұрғыны:

 

ДЕНСАУЛЫҚ ҮШІН

БАРЛЫҚ СЫНАҚҚА

КӨНУГЕ БОЛАДЫ

 

Министрдің бұл бастамасын қолда­уы­мыз керек шығар, бірақ неге жүкті әйел, әскери қызметкер, бала­лар таң­далып алынған, соны түсінбеймін.  Шет елдің дәрісін де, екпесін де пайдаланып болдық-ау деймін. Соның салдарынан талай бала, ана  қайтыс болды. Кезінде жас нәрестелерге екпе егеміз деп,  жұқ­­палы  ауру жұқтырып алған жағдайлар да орын алғаны белгілі. Жасөспірім қыздарға адам попило­масына қарсы егіліп жатқан екпенің де кері әсері туралы жиі айтылады. Бірақ оған көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ. Эксперимент жасалсын, бірақ ол  адам денсау­лығына  зардабын тигізбеуі керек.  Естуімше, еліміз шет елден сатып әкеліп жатқан қымбат дәрі­лерге қажетті шикізаттың 90 пайызы елімізде бар көрі­неді. Осын­ша шикізат көзінің ортасында отырып, шет елден дәрі сатып алып, олардың сына­ма аймағына айналып отырғаны­мыз елдігімізге сын шығар. Өзімізде шыға­рылатын дәрімізді  өзіміз  тұтына­тын уақыт жетті деп ойлаймын. Сон­дықтан Денсаулық министрін қолдай­мын және тиісті заң шығарылса дегім келеді.

 

Сауалнаманы жүргізген —

Нұржамал ТЕГІНБА

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *