Оспанханды оқысаңыз, ауруыңыз азаяды

Қазақтың классик қаламгері Оспанхан Әубәкіровтің үйіндегі «Алматы ақшамын» жастанып оқитын Нұрсұлу жеңгеміздің анда-санда ағамыздың архивіне кіріп кеңкілдеп күліп алатыны бар. Бұл жолы да олжасыз келмепті. Классиктің әлі де жарияланбай жатқан дүниелерінің бірсыпырасын (басталғаны, аяқталмағаны бар), өз қолымен маржандай етіп көшіріп алып келіпті. Жеңгемізбен бірге дауыстап оқып, рахат бір күй кештік те, бірден терімге жібердік.

Қазір сатира жоқ дейтіндерде ес жоқ. Сірә, оқымайды. Егер қазақ күлкісінің кемеңгері Оспанхан Әубәкіровті оқыса жатып та күлетін еді, тұрып та күлетін еді. Осағаңнан артық осып түсер кім бар?! Қай дүниесін оқысаң да кешегі, бүгінгі, ертеңгі күлкіңіздің бәрі дап-дайын тұр ғой. Оспанханды бір парақтап шықсақ, бүгінгі саусағыңды шошайтса күле беретін, ессіз, мағынасыз, зорлық күлкіден құтылар едік.

Кешегі, бүгінгі, келешектегі күлкі дедік қой. Осағаңда соның бәрі бар. Бұл кісінің қай әңгімесін оқысаңыз да өкінбейсіз, әрине».

Оспанханды оқыған адамның ауруы азаяды. Күлкіден асқан дәрумен бола бермейді. Ал Осағаңның күлкісі ортаймайды, онда күлкінің неше атасы бар, күлкінің қазынасы ол. Кешегі, бүгінгі, келешектегі күлкі бәрі Оспанханда. Жеңгеміздің гүл-гүл жайнап жүргені де отағасының артына тастап кеткен күлкі қазынасының арқасы екенінде еш күмән жоқ.

Ендеше, әлі жарық көрмеген мына бір дүниелерді оқи отырыңыз, ауруыңыз азаяды, бәлкім, құлан-таза айығып кетуіңіз әбден мүмкін.

 

Оспанхан ӘУБӘКІРОВ

Әй, әжем-ай!

 (әзіл әңгіме)

 

Жалқауды жетектегендей бо­лып, Бөрте әжем биыл жетпіске толды. Сонда да: «Ұйқымен егін сап, мал бағуға болмайды» деп ертемен ережелетіп, «түге-түге» деп бәрімізді оятады. Далаға шығып бара жатып, «бейімделу керек қой, түге» дейді. Сықыр етіп, әрең ашыл­­­ған есіктен кірген таңғы сал­қын ауа бәрімізді бір-екі аунатып ақылға салады. Бейімделу керек, әрине…

Осы Бөрте әжемнің мені қос­пағанда бес ұлы, бес келіні бар. Келіндерінің көп болатын себебі, бір ағамның бүгін қосылып, ерте­сіне ажырасудан басқа «дихан­дығы» болмады. Атын атамай-ақ қояйын, осы «Дихан» ағамды соңғы торғайдай жеңешем, құтырған итті ерттеп мін­гендей мінді, мына Медеудің «қоян­шық» селін бөге­гендей болды. Аты – Тәпә.

Осы Тәпә жеңгем әлгі сықыр­лап ашылатын есіктен бөлініп бөлек шықпай, осы үйде тұрғанда Бөрте әжеме мынадай бір ән шығарыпты:

«Бес самауыр шәй ішер көк

 мешкейім,

Қаптың аузын нық ұстаған тоқ

 мешкейім.

Жағаласып жетпіске келсеңдағы,

Мойныңа тас байласаң

 шөкпестейін».

«Тұрыңдар түге, бейімделу керек қой», – деп ерте оятқаннан басқа Бөрте әжемнің жазығы жоқ. Ал сел бөгеп жүрген Тәпә қу, жы­лы төсек­тен тұрғысы, ене ақылын тыңдағысы келмейді. Әннің шығу себебі осы. Жеңгем осы өлеңіне елден бұрын өзі мәз болып ықы­лықтап күліп жүр­генде, Бөрте әжемнің құлағы шалып қалыпты.

Бір күні Бөрте әжем: «Арба жек, ағаңа барып келейік», – деді насыбай шақшасын дізесіне бір-екі ұрып қойып. Сонымен, сәске түсте тора аттың жалқау аяңымен «Жа­мантыда» тұратын Семсер ағаның есігінің алдына кеп тоқтадық. Тәпә жеңгем дәл бір телеграмма алған­дай алдымыздан апалап жүгіріп шықты. Әжем келінінің сызық-сызық тар маңдайынан насыбайлы аузымен бір сүйді де, ашық тұрған есікке беттеді. Тәпә қу, қырғауыл  ізде­ген қызыл иттей, арғы үй, бергі үйге жүгіріп жүріп, көрпе салып, жастық тастап жатыр.

– Семсер қайда? (Дихан ағамды айтады).

– Жұмыста.

– Балалар қайда?

– Сабақта.

– Өзің нағып жүрсің?

– Кеңсемізде ремонт болып, бастығымыз үйге таратып жіберді.

– Мен саған бір ән шығарып келдім. Жерге қарамай бетіме қарап отырып тыңда.

Тәпә қу құлпырғанын, қутын­дағанын қойып, боп-боз болды да, бетін басты. Әжем адам естімеген ескі әуенмен жайлап алыстан сермеп:

«Сымбатыңнан сән төгілген

 келінім,

Ақыл айтсақ тыңдамайтын

 елігім.

Қол қысқарған, жол қысқарған

 шағымда,

Жәкетайлап «мініп жүрген

 көлігім»,

деп әжем шашалып қалды.

Әжемнің бұл өлеңіне мәз бо­лып, торғайдай жеңгемнің жылап отыр­ғанын байқамаппын. Буы шыққан ыстық жасын жағасымен сүртіп, апамның галош ысқылап жап-жал­тыр болған қара мәсісін, жоғалған баласын тапқандай, түгін қоймай сүйіп жатыр. Солқылдап жылап жүр. Айыбын тартып көй­лек кигізіп, енді жалқау торыға қамшы көрсетейін деп тұрғанда, Тәпә қу:

– Әже, мен де сізге бір ән шыға­рып қойып едім, жолыңызға ермек болсын.

– Айт, – деді әжем.

Келіні ашулы даусымен өлеңін ағытып жіберді.

«Ай қабақ алтын кірпік ерке

 жаным,

Қып-қызыл қырғауылдай

Бөрте жаным.

Арулар алма-мойын арам қатсын,

Сізден өткен сұлу жоқ

серке жаным.

 

Лапылдайды ажарың,

Алаулайды ерінің.

Басымдағы базарым,

Тарқамайтын жерігім.

 

Әйелдің пайғамбары Бифатима,

Ол да сенің қасыңда ұйқа-тұйқа.

Әлемдегі есті қыз екеу болса,

Бірі өзіңсің жан пірім

 Бифатима».

Әжем «О, жаның шыққыр, қу сайтан, не болса соған сенетін тапқан екенсің ақымақты», – деп келінінің бет-аузынан шек-сілесі қатып жүріп, түк қоймай сүйді. Бәріміз де шек-сілеміз қатып күліп жатырмыз. Тіпті, жалқау торы да мырс еткендей болды. Келін санын көбейтіп жүрген «Дихан» ағам ғана келіншегіне риза болмай, «ой, есалаң» деді де қойды. Жалқау торы, әжем үшеуміз ауылға қарай аяңдап келеміз. Енді әжем жылап келеді.

Әй, әжем-ай!..

 

Халық әні «Дударайға» еліктеп

(өлең)

 

Табынғандай жаңадан туған

 айға,

«Сенің үшін тудым» деп

 Дударайға.

Жағор қызы қазаққа ғашық

 болды,

Қарамай ел-жұрт айтқан

«бұл қалайға?!».

 

Мақпал сезім халыққа жария боп,

Қалды ауызда ән болып, әрия боп.

Ғасырлардан ғасырға жете

 берсін,

Әжеміз Жағор қызы Мәрия боп.

 

 

Қарақұрт қазасы

(мысал)

 

Қарақұрт түйені шағып,

Тоңқалаң асырыпты.

Содан бұл зұлымға,

Көп хайуанат бас ұрыпты:

«Шағамын, жарамын, тістеймін,

Білгенімді істеймін»

деп әбден басыныпты.  

Содан қарақұрт

Дара құрт боп

Даңқына бой жетпепті.

Зұлымдығын асырған қарақұртты

Бір күні қой барып жеп кетіпті.

 

12 тамыз, 1964 жыл.

 

 

Ақын

(әзіл)

 

Егер құлақ қойсаң ақылға,

Бөденді қонаққа шақырма.

Шақырсаң үйіңе екі рет келеді

Кешкісін,

Лебіне нан пісіп

Адам көрмеген көкірек келеді.

Кетерде

Дәл табалдырықтан өтерде,

Ошағыңды

Қасындағы қосағыңды,

Ұлыңды

Қалтадағы пұлыңды,

Қызыңды

Тостағандағы тұзыңды,

Өзіңді

Шекеңдегі көзіңді,

Үйдегі екі атаңды

Бұрынғы жеті атаңды

Қаттап-даттап

Жығылып, сүрініп құлап кетеді.

Ертеңгісін

Қалған сөзін құрап,

Кекештеніп кешірім сұрап,

Мыж-мыж бас пен

Жүн-жүн құлақ келеді.

 

14 қазан, 1982 жыл.

 

Еңіс пен Ылдый

(мысал)

 

Еңіс пен Ылдый егесті,

Егескенде не десті?

Еңіс:

– Сіздің елді Ылдый дейді,

Жүретін жолы құлдый дейді.

Бір Ылдыйға бір Ылдый:

«Ылдыйлай жүр ылғый» дейді.

Ылдыйлар төмен қарай

құлдилатқанда,

Кәдімгі торғай қуған қырғый

дейді.

Сондықтан жұрт Ылдыйларды

«Құдай атқан қу ми» дейді.

Ылдый:

– Ал сіздің еліңізді Еңіс дейді,

Еңістің бір түйірі кеміс дейді.

Кемістігі сол болар

Көздері әппақ беріш дейді.

Әппақтығы сол болар,

Еңістер еңіске қарай еңіреткенде

Еңісіңді еңіс,

Егісіңді егіс демейді.

Тегісіңді тегіс,

Терісіңді теріс демейді.

Шыңыраудан бір-ақ шығады,

Еңістерге еңіс болса болды,

Зымыраудан жырақ шығады.

Сондықтан бұларды кеміс

Еңіс дейді.

Ал кеміс Еңістің ақыл-есі

Еміс-еміс дейді.

 

Ылдиың да – Еңіс,

Еңісің де – Ылдый,

Ылдый мен Еңіс кезіксе

Осындай әңгіме естимін ылғый.

 

Азамат!

(өлең, жас спортшыларға арнаймын)

 

Бойда күш тасып,

Бұлшық ет бұлтылдап.

Кілемге шықсаң,

Бурадай бұрқылдап.

Қаптаған халық,

Шулайды мықты деп.

Көтеріп алып,

Ұрды да жықты деп.

Палуан да, боксер де Азамат!

Сайыскер де, епті де Азамат!

Келер күнгі Қажымұқандар,

Жасай бер жас ұландар!

Өздеріңді ел құрметтесін,

Азамат! Азамат!

Білекті шыңдап,

Шынықсаң жалықпай.

Әжем айтатын,

Боласың алыптай.

Ұстазым еңбек,

Бастайтын зор іске.

Еңбекпен келмек,

Құрмет те, жеңіс те!

Палуан да, боксер де Азамат!

Сайыскер де, епті де Азамат!

Келер күнгі Қажымұқандар,

Жасай бер жас ұландар!

Өздеріңді ел құрметтесін,

Азамат! Азамат! 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *