Қош келдің, Әз-Наурыз!

Алматыда Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтуде. Бүгін қаланың барлық ауданында халық салтанатты іс-шараларға қатысты. Мерекенің орталығы – қайта жаңарған «Астана» алаңы, Панфилов және Жібек жолы көшелері, Алатау ауданындағы Атлеттер ауылы мен «Алматы Арена» спорт сарайы.

Қала тұрғындары мен қонақтарын айтулы мерекемен құттықтаған Алматы әкімі Бауыржан Байбек Наурыздың адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының ажырамас бөлігіне айналған ғажап мереке екенін атап өтті.
– Биыл халқымыздың «Наурыз» мейрамымен қайта қауышқанына 30 жыл толып отыр. Кеңес дәуірінде тойлауға тыйым салынған ұлттық мерекеміз 1988 жылдың көктемінде бір топ ұлт зиялыларының бастамасымен, сол кездегі Министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен Наурыз мейрамы болып осы Алматыда қайта жаңғырды. Бұл жөнінде Елбасы «Наурыз – ғасырлар қойнауынан бастау алған ерекше ұлық мерекеміз, жақсылықтың жаршысы, жаратылыстың шынайы жыл басы» деп атап өткен болатын, – деді Бауыржан Байбек.

«Астана» алаңында мыңдаған қалалық пен мегаполистің қонақтары үшін ерекше концерттік бағдарлама көрсетілді. Оған Роза Рымбаева, «МузАРТ», «Дос Мұқасан» топтары қатысты. Отандық эстрада жұлдыздарымен қатар 12 елдің шығармашылық ұжымдары, соның ішінде Үндістанның, Өзбекстанның, Иранның, Ауғанстан мен Пәкістанның, Қырғызстанның және басқаларының өнерпаздары белсенділік танытты.

Сонымен қатар, бүгін ұлттық тағамдар фестивалі өтіп, қала тұрғындары мен қонақтарына бауырсақ пен Наурыз көже таратылды. Киіз үй тігіліп, сауда шатырлары, түрлі инсталляциялар «кереге құрақ», «қос», «абылайша» және басқалары мейрамға келушілердің көзін арбады.

Жібек жолы мен Панфилов көшелері бойында әртүрлі елдің қышпен, зергерлік бұйымдармен, керамикамен, жібек жіппен жұмыс істеу шеберлік сабақтары ұйымдастырылған.

Қайта жасалған көшелерде театрландырылған көш керуені өтіп, суретшілердің пленэрлері, спорттық сайыстар, жастар арасындағы авторлық ән байқауы, балалар ойындары, өлең оқу, би нөмірлері, театр қойылымдары да қолға алынған.

Жібек жолы бойындағы ең ұзын «Құрақ көрпе» келушілерді ерекше тәнті етті. Шеберлер мегаполисте құрақ көрпе тігуден «Гинестің рекордтар кітабына» енуге ниетті. Ұлттық «Құрақ көрпенің» ұзындығы 25 мың шаршы метрден асады.

Ал Алатау ауданындағы «Aлматы-Арена» стадионы маңындағы «Наурыз – бүкіләлемдік мәдени мұра» бағдарламасы да көптің көңілінен шықты.

Сондай-ақ, қаладағы Наурыз мейрамы аясында «Әлем халықтарының тағамдары» фестивалі өтті. Онда шетелдік қонақтар қызығушылық танытқан әрбір жанға әзірбайжанның лаваштағы палауын, пахлаваны, түріктің шпинатты берегін, үндінің «тандай» сусынын және басқаларын әзірлеуді үйретті. Сонымен қатар, қолөнершілер жәрмеңкесі, асық турнирі ұйымдастырылған.

Бұлардан өзге, «Almaty Art Center» аллеясы алдында сауда алаңы жұмыс істеп, қонақтарға «Qazaq Oner» қолөнершілер орталығының ұлттық сувенирлері мен киім өнімдері ұсынылды.

Алатау ауданындағы ашық концерт алаңында қазақ эстрадасының жұлдыздары Бүркіт, Нұрлан Албан, «АЗиЯ», «Үшқоңыр», «Ньютон», Роман Ким, Жасұлан Мұсағалиев, Рауан Абильбаев, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының солистері, «Rise», «Ivory», «Republic» шоу балеттері және тағы басқалар өнер көрсетті. Мереке қонақтары үшін «BIG Караоке шоу» өтіп, Live band және альтернативті топтардың көрсетілімдері ұйымдастырылды.

Бүгінге арналған мерекелік шаралардың соңы «Астана» алаңында өткен отшашуға ұласты.

Наурыз мейрамы тойланған жерлерді тікелей көрсету үшін Алматыда 40 медиаборд ұйымдастырылды. Ал телекөрермендер үшін «Алматы» телеарнасы тікелей трансляция жүргізді.

Жалпы, Алматыда Наурыз мерекесі бір ай бойына аталып, 150-ден астам шара өтеді. Мысалы, ертең Қайрат Нұртас «Астана алаңында концерт қойса, «Алматы Аренада» «DISCO стиліндегі Наурыз» атты үлкен концерт болады, онда Baccara, Kevin Mccoy Ex Bad Boys Blue, Londonbeat, Ottawan, Sounds Of Boney M Sheyla Bonnick, Secret Service, Joy, Arabesque Original Michaela Rose және басқалары өнер көрсетеді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *