Қос құрлықты тең ұстайтын бастама

Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Бүгінгі Қытай қарыштап дамуды көздеген, алдына биік мақсат қойып, арманы алға жетелеп, оған жетуде нақты бағдарлама құрып,  тынысын кең алып жатқан ел. Ізгі  мұраттарды  көздеп, ілкімді  жүзеге асырыла бастаған  «Бір белдеу – бір жол» экономикалық серпінді  жоба қарқынды  жүзеге аса бастады.

Қытай «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясындаАзиядан  басқа, Шығыс Еуропаелдеріне ауқымды инвестиция құюда. Әсіресе «16+1» бастамасы, яғни Қытай меншығыс блоктың 16 еліарасындағы ынтымақтастық дипломатиясын қалап  алды.

Қытай   төрағасы  Си Цзиньпин Астанада өткен форумда Жібек жолын қайта жандандыруды көздеп, «Бір белдеу –бір жол» бастамасын жариялаған  еді. Бұл жоба  негізінде  Қазақстанның қосатын үлесі зор. Еліміз аумағының басым  бөлігін  басып өтетін жаңа Жібек жолы «тоғызыншы территория» үшін де, өзгелер үшін де тиімді болмақ. Бастама трансшекаралық сауда айналымына, инвестиция тарту мен іскерлік ынтымақтастықтың қанат жаюына қолайлы жағдай жасауда  таптырмас экономикалық арсенал болып отыр.

Қазіргі уақытта Қытай экономикасы әлемдегі алдыңғы орындарда  тұр.Осыған орай ішкі жалпы өнім 54 трлн қытай юанінен 80 трлн юаньге көтеріліп, әлем экономикасына қосқан нақты үлесі 30 пайызға артып отыр. Соңғы екі құрылтай арасында Қытай елінде 1500-ге тарта реформалық шаражүзеге асырылған. Кедейлікпен күрестің қарқынды жүргізілуінің арқасында 60 млн адам құрсаудан шығып отыр. Кедейлік көрсеткіші 10,2 пайыздан 4 пайызға төмендеді. Осыған орай ҚХР төрағасы: «Біз үшін адамдар бойында қанағаттанғандық сезімі орнауы маңызды» — деп атап көрсетті.

Қытай басшысы сондай-ақ 14 бөліктен тұратын Жаңа дәуірде Қытай спецификасындағы социализм идеясы және оны жүзеге асырудың стратегиясын жариялады. Екі кезеңге бөлінген мерзім ішінде елді бай әрі қуатты, демократиялық, өркениетті, үйлесуімен және жаңғыртылған социалистік державаға айналдыруды көздеген мақсатты міндеттерді ортаға салып отыр. Бірінші кезең 2020-2035 жылдар аралығын қамтыса, екінші кезең 2035 жылдан ғасыр ортасына дейінгі аралықты  қамтыған. Мұндай  ұзақ мерзімдік  әлеуметтік маңызы бар бағдарлама әзірше әлемнің бірде-бір елінде қарастырылмаған.

Азиямен Еуропаны қамтитын «Бір белдеу–бір жол» атты автокөлік жолдары мен темір жолдар, порттар мен құбырлар салу арқылы инфрақұрылымдық дәліз қалыптастыру жобасы және Қытайды Үнді мұхитының жағалауындағы терең сулы порттар арқылы Оңтүстік және Оңтүстік – Шығыс Азияға, Таяу Шығысқа, Африкаға жалғайтын «Теңіз жібек жолы» жобасы қазіргі заманғы тарихта теңдесі жоқ жобалар деп есептеледі. 60-тан астам елді қамтитынбұл жобаларға халықаралық инфрақұрылымдарды жетілдіру мақсатында 1 трлн доллардан астам қаржы жұмсалуы тиіс.

Қытайдың экономикалық және әлеуметтік инфрақұрылымдарға қарай басымдық беруі бүгінде  әлем елдерін  таңқалдырып отыр.  Инфрақұрылымдарға салынған инвестициялар елдердің экономикалық өсіміндегі негізгі кедергілерді азайтып, жаппай дамуды қолға алуда.

2015 жылы 31 тамызда  Қазақстан Президентінің  Қытайға жасаған іс-сапарында Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен бірлесе қабылдаған декларациясы«Қазақстан – Қытай стратегиялық әріптестігінің жаңа кезеңі» деп аталды. 2013 жылы Си Цзиньпин Назарбаев университетінде жасаған баяндамасында «Жібек жолы экономикалық белдеуін ортақ құрайық» дегенұсыныс  жасаған болатын. Сол жылы қазан айында Индонезияға барғанда «Теңіз Жібек жолы ортаққұрылысы» концепциясын жасады.

«Бір белдеу – бір жол» Қытайдың сыртқы саясаттағы жаңа концепциясы, басты ұстанымы. Қазір әлемде ғаламдану жүріп жатыр. Алайда әлемдік ортақ қалыптасқан тәртіп бар. Әлемдік ортақ тәртіп дамыған мемлекеттердің қалыптастырған тәртібі. Дамушы елдер дамыған елдің тәртібіне үйлесуі керек.  Қытай еліәлемге жаңа бір концепция – «Біз қалыптасқан әлемдік тәртіпті өзгертуші емеспіз, керісінше толықтырушымыз» дейтін  жаңа тұрпатты формула ұсынды. Қытай концепциясы дипломатиялық, экономикалық және саяси үдерістерді негіз етеді. Демек, қазіргі ғаламдануда қандай концепция жеңеді деген мәселе алып державалардың арасында бейбіт түрде жүріп жатқан бәсеке  ұстыны.

Қазақстан мен Қытай арасындағы терең достық қарым-қатынас, екі елдіңдәйекті байланысы өте тығыз әрі іскерлікке негізделген. Қытай төрағасы мен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев   бүгінге дейін 15-ке жуық кездесу өткізді. Бұл халықаралық  дипломатияда өте аз кездесетін жағдай. Қытай  лидерініңқазақ еліне деген құрметі өткізілген кездесулерде  шынайылығымен көрініп келеді.

Қытай  мен  Қазақстан халықтарының ұзақ тарихи достық қатынасы бар. Әлемге әйгілі «Жібек жолы» екі ел халқының өзара қатынасын әлі күнге дейін жалғап келеді. Экономиканы дамыту – Қытайдың қазіргі алға қойып отырған басты міндеті. Бұл міндетті орындау үшін бейбіт тұрақты халықаралық орта қажет. Сол үшін Қазақстанмен бейбіт, тепе-тең саясат ұстану, нақты ұстаным негізінде қарым-қатынасты дамыту екі елдің сыртқы саясатының басты бір ерекшелігі. Қытай Қазақстанмен қатынасын дамытуға ерекше назар аударып, осыны сыртқы қатынастағы ең басты басымдықтың біріне қойып отыр. Қазақстан мен достық қатынасты жақсарту Қытайдың батыс, солтүстік аймақтарындағы тыныштық пен осы аймақтың экономикасын дамытуға септігін тигізетіні белгілі.

Бүгінде екі елдің қарым-қатынасы жаңа тарихи сатыға көтерілген. Жинақталған бағалы тәжірибе мен өткен ширек ғасыр ішіндегі ынтымақтастық байланыс бізге одан әрі  ілгеріжылжуғажаңа серпін береді. Біз, екі елдің азаматтары өзара сенімнің, өзара тиімділік пен бірлесіп дамудың жоғары рухын басшылыққа алаотырып, ынтымақтастықты барлық деңгейде және барлық бағытта біздің стратегиялық әріптестігімізді одан әрі дамыту тұрғысынан нығайта түсуіміз  керек.

Қазақстанға шетелдің инвестициясы жыл сайын артып келеді. Бұл ел экономикасын арттыруға зор мүмкіндік сыйлайтыны сөзсіз.  Қытай елінің «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы арқылы елімізге құйылып жатқан инвестицияның көлемі артыпкеледі. Бұл жоба – еліміздің «Нұрлы жол»бағдарламасымен сарындас.  Жобаның ел экономикасына тигізер пайдасы зор болмақ.

Бүгінде іске қосылған Батыс Қытай – Батыс Еуропа күре жолы Қытайдың Еуропаға шығар ең төте жолы. Қорғас – шығыс қақпа құрлық порты экономикалық зонасының салынуы еліміздің тауар өткермелеу қуатын арттыруға тың қуат бермек. Оның  пайдасын көретін күнде  таяу.

Төрт жылдан бері Қазақстан арқылы  орта Еуропаны беттеген вагон құрамаларының саны 2000-нан асып, тасыған тауар көлемі Азия – Еуропа құрлық линиясына тән тауар көлемінің жартысына жетіп жығылады. 2017 жылы Достық – Алашанькоу, Алтынкөл – Қорғас теміржол өткелдерінен өтетін тауар көлемі  де  артуда.

Бүгіндері Орта Азиядан Қытайға мұнай айдайтын екі құбыр іске қосылған. Бұл Қытайдың құрлық арқылы шикі мұнай айдайтын тұңғыш құбыры. Жібек жолының №21 құбыры атанған Атыраудан бастау алып Алашанькоуға дейінгі 2800 шақырымдық –мұнай құбыры  100 миллион тонналық  көрсеткішті бағындырды.

Осы жылдың күзінен бастап, Қазақстан – Қытайға табиғи газ жөнелте бастады. Биылдың өзінде 5 миллиард текшеметр газ айдалатын  болады. Бұл да Қытайдың өз территориясынан тысқарғы алғашқы газ желісі. Ол – Орта Азия – Қытай газ құбырымен іске асырылып отыр.  Бұл желі Азия – Еуропа құрылығын тұтастырыпжатыр. Қытай мен Ресейді, Қытай мен тұтас Еуропаны, Ресей мен Иранды жалғастырып жатқан қасиетті мекеніміз бұрынғы Жібек жолының негізгі тармағын бауырына басып отыр. Халықаралық геосаяси, геоэкономика, геостратегиялық жағдаяттарды зерттей келе, халықаралық сауда-экономикалық байланыстардың теңізден қайтадан құрлық бағытына  икемделе бастағанын көрсетеді.

Қытай елі өзінің ұлттық әлеуеті қуатының артуымен, халықаралық қауымдастық алдындағы беделімен, әлемнің көшбасшы мемлекеттерінің қатарында келеді. Елде жалпыға бірдей орта дәулетке қол жетіп, халық бұдан дабақытты, бұдан жақсы өмір сүруге  қол жеткізуде.

Халықаралық қаржы нарығында «Қытай қаржысы», «Қытай көмегі» деген ұғымдар пайда болып, ол барған сайын маңызды мәнге ие болуда. Қазірдің өзінде Аспан асты елінің Шығыс Еуропаға салған инвестициясының көлемі 8 миллиард доллардан асып кеткен.

«16+1» форумы достық, ортақ пайда және Қытай мен Еуропалық одақтың тиімді стратегиялық әріптестігіне айналып отыр.

Жалпы, «Бір белдеу – бір жол»әлемдік, яғни батыстық стандартқа  сай келеді. Бұл – нағыз бәсекеге  сәйкестендірілген  даму шыңы. Мұның өзі әлемдік экономиканың  дамуына қозғау салып, оны дағдарыстан шығуға итермелейтін  бастамаға айналмақ. Қытайдың қазіргі ұстанымы осыны  көздейді. Бұл жерде шынайы  тазалық бар. Батыс  елдері  Қытайдың әлеуметтік-экономикалық дамуын мойындайды. Жер бетінде  қанша  халық болса,  сонша пікір бар.  Бұл  жерде де  сондай. Көптеген классикалық теория қытай ұғымына сай келмеуі мүмкін. Сондықтан жаңа бір теория керектігі сұралып келді. Батыстың классикалық теорияларында, тоталитарлық мемлекетте экономиканың еркін дамуы мүмкін емес деп есептейді. Бірақ, іс жүзінде Қытай экономикасы, үздіксіз дамып отырғанын көрседі. Бүгінде Қытай елінің әлеуметтік-экономикасы дамып кеткен. Халықтың тұрмысы көтеріліп, инфрақұрылымдары әбден  жетілген.

Бүгінде, Бейжің Еуропалық Одақтың қатал ережелеріне төзімділікпен қарап, бірқатармемлекетпен сауда-экономикалық байланысын нығайтып отыр.  «16+1» процесіне қосылған елдер Қытай үшін Батысқа ашылған қақпа іспетті. Бұл арқылы  Қытай  елінің  Шығыс Еуропадағы саяси беделі арта түсуде.

Қазірдің өзінде Еуропаның  бірқатар  елдері әсіресе, Чехия елі  Қытай мен Еуропаны байланыстыратын әуе алаңын  ұсынып отыр. Сербия саясаткерлері қытайлықтарға ең үздік оқу орындарын ұсынуды қарастыруда. Биыл Еуропалық одақтың өңірге дотация беруі қорытындалды. Осыған байланысты Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан мәлімдеме жасап, ЕО қаржы беруін жалғастырмаса, өз  елінің Қытайға қарай бет бұратынын мәлімдеді. Бейжің билігіОрталық және Шығыс Еуропа елдерімен ынтымақтастығын нығайту арқылы ЕО-ның Қытайға қатысты қатаң шешімшығаруына жол бермеуге талпынып отыр. Сонымен қатар шығыс блоктың мемлекеттері Аспан асты елімен әріптестігін ЕО-мен пікірталаста өз ұстанымын нықтауға пайдаланбақ. Оның үстіне, «16+1» процесін басқарушы ұйымның бас кеңсесі Бейжіңде орналасқан.  Қытай үкіметі 2000-2014 жылдар аралығында Африка, Азия және Тынық мұхиты өңірі, Латын Америкасы мен Кариб бассейні, Таяу Шығыс пен Орталық және Шығыс Еуропада орналасқан 140 ел мен аумаққа 350 миллиард доллар қаржы салған.Бұл осы уақыт аралығында АҚШ-тың жұмсаған қаржысына (394,6 млрд доллар) шамалас көрсеткіш. Бұдан  әлемдік қаржы нарығында Қытай ықпалының барған сайын күшейіп келе жатқандығын байқауға болады. Бір сөзбен айтқанда, Қытай қаржысы бұдан былайғы уақытта оның әлемдік саясатқанеғұрлым батылырақ араласуына қолайлы негіз қалап, оның қолындағы үлкен қаруға айналмақ.

Сондай-ақ,  Қытай 2000-2014 жылдары Ресейге – 36,6 млрд, Пәкістанға – 24,3 млрд, Анголаға –16,6 млрд, Эфиопияға – 14,8 млрд,Шри Ланкаға –12,7 млрд, Лаосқа – 12 млрд, Венесуэлаға – 11,2 млрд, Түрікменстанға –10,7 млрд, Суданға –10,2 млрд, Эквадорға – 10 млрд, Қазақстанға – 6,7 млрд доллар қаржы салған. Мұның сыртында 1 млрд пен 5 млрд доллар аралығындағы Қытай көмегіне жүгінген елдер саны одан да көп. Демек,  ұлы көршіміз  Қытай  елінің болашағының зор  болатынын  осыдан да  көруге болады.

Бізге, Қазақстанға  мықты, қуатты көрші керек. Көршің қуатты болса,  сен де қуаттысың.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *