ҚОРЖЫНДА – ШИРЕК ФИНАЛДЫҚ ЖОЛДАМАЛАР

7Ербол ТҰРЫМБЕТ

Қаламызда өтiп жатқан бокстан Әлем чемпионатында жерлестерiмiздiң қарқыны жаман емес, ешқайсысы жеңiлiс тапқан жоқ. Тiптi, кей салмақта мықты саналатын спортшылардың өзi бiздiң боксшылар алдында тiзе бүгiп жатыр. Жалпы, осы чемпионат басталар алдында ұлттық құрамамыздың бас бапкерi Мырзағали Айтжанов құрама мүшелерiнiң физикалық жағынан да, психологиялық тұрғыдан да дайындығы жақсы екенiн, сондықтан, жүл­делi орындарға таласуға толық мүмкiндiктерi жететiнiн айтқан болатын. Әзiрге, бас бапкердiң айтқаны айдай келуде.

Ең жеңiл салмақта командамыздың ең тәжiрибелi боксшысы Бiржан Жақыпов кезектi қарсыласы өзбек Хасанбой Дусматовтан басым түстi. Айта кетейiк, биыл өткен бүкiләлемдiк Универсиада ойындарының жеңiмпазы атанған Хасанбоймен болған жекпе-жек жерлесiмiзге ауыр тидi. Сөйтiп Бiржан бiздiң боксшылар арасында алғашқы болып ширек финалға жолдама алды. 23 қазан күнi өтетiн бұл сында оны пуэрторикалық Энтони Чакон Ривера күтiп тұр. Ол өз кезегiнде үндi Нанао Точкомды тiзе бүктiрген болатын.

Келесi 56 келi салмақта Қайрат Ералиев румын Нико­лае Андриануды жеңген едi. Бұдан соң Қайрат 1/8 фи­налда қырғыз ағайындардың үмiтi – Өмiрбек Малабе­ковпен қолғап түйiстiрдi. Жеңiс бiрауыздан жерлесiмiздiң пайдасына шешiлдi. Ендi ол 23-i күнi кубалық Робейси Крразанамен шығады. Айта кетейiк, кубалық боксшы Лондон Олимпиадасында алтыннан алқа таққан болатын.

60 келi салмақтағы жерлесiмiз Берiк Әбдiрахманов пуэрторикалық Даниелито де ла Росамен жұдырықтасып, тартысты әрi қиын тиген кездесуде жеңiп шықты. Шынын­да да, бұның алдындағы кездесуiн өте тиiмдi айла-тәсiлмен көп күш жұмсамастан ұтқан Даниелито сол кезде-ақ бiздiң Берiкке нық дайындалғанын сездiрген болатын.

Берiк ендi келесi кездесуiнде немiс спортшысы Роберт Харутюнянмен бақ сынаспақ.

75 келiде сынға түсiп жатқан отандасымыз Жәнiбек Әлiмханұлы осы салмақ дәрежесiнде мықтылар қатарынан саналған әзiрбайжандық Солтан Мигитиновтi қапы қалдырып, сөзсiз жеңiстi олжалаған болатын. Ал кешегi кездесуде Жәнiбек мексикалық Хуан Мерседоны сабасына түсiрiп, кездесудi аяғына жеткiзбей-ақ, жеңiске қол жеткiздi.

Сондай-ақ, алғашқы кездесулерiн сәттi өткiзген Мерей Ақшалов, Данияр Елеусiнов, Әдiлбек Ниязымбетовтер де келесi айналымға өттi.

Әзiрге, боксшыларымыздың бiзге белгiлi болған нәти­желерi осындай. Әлем чемпионатының қалған кездесулерiн де қадағалап, рет-ретiмен хабарлап отыратын боламыз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *