ҚОРЫҚПАСТАРДЫ ҚОРҚЫТҚАН ҚАРА ДҮЛЕЙ

Бір дәуір, бір кезеңде ғұмыр кешкен әріптес, замандастар қатарында еңбек жолымызды бірге бастап,  зейнетке шыққанға дейінгі уақыт жетпіс жылдан аса дәуірлеген Кеңес мемлекеті үстемдік еткен тұсқа дөп келгені белгілі. Ендеше, сол шақтарда бастан кешкен ыстық-суық, қызық-шыжықтар да (сол ұрпақ өкілдеріне) ортақ, ықпыл-жықпылы таныс, тұнып тұрған ақиқат екеніне ешкім пәлен дей қоймас (дейміз). Қысқасына көшсек…

Сол ел аман, жұрт тыныш, әркім бұйырған жұмысын істеп, жайбарақат, сақтықпен тіршілік ететін (деуге сыйым­ды) уақыттарда ешкімде шатағы жоқ, өзімен-өзі боп, тірі пендеге бөтен қылық көрсету өң түгіл, түсіне кірмейтін қара­пайым, қаймана көпшіліктен басқалар өлердей сескеніп, зәре-құты қалмай қорқатын – көзбен көріп, қолмен ұстауға болмастай – кез-келген сәтте, кез-келген жағдайда ойламаған жерден тап беруі ықтимал буалдыр лаң, шаққан жерін ойып түсетін қара бүйідей қаскөй дүлей дерлік бір кесапат болатын. Асырың­қырап жібердік пе? Жо-жоқ! Тіпті де!  Ол не сонда? Асықпа! Әуелі  тиесілі тірлі­гінен басқада шаруасы жоқ, ешкімге зиянсыз мүміндерден өзгелер аяқ тартып, жандары қалмай дірілдейтіндер кім? Соны айтайық…

Олар… олар… ауыл, аудан, облыстан бастап республикалық деңгейдегі үлкен-кіші атқамінерлер, бағы шауып бастық болғандар, билікке мастанып, әділеттен аттайтындар, қарапайым қауымға тізе батырып, құлқынды ойлайтын сұғанақ­тар, суайттар… Иә-иә, сондайлар, солар… сол тектестер… Бірақ  та…

Сол қаскөйлердің «шарапаты» арқа­сында қара дүлей кесірінен түк кінәсі болмаса да, текке күйіп, зардап шегетін (шеккен) жандар да (болатын), болғаны да шындық, әрине. Өкінішті!..

Енді ол не дегенге келсек, қара дүлей – шұбар лаңды айтамыз. Немесе домалақ арыз. Ондайды естуіңіз бар ма? Қаншама  колхоз, совхоз, аупартком, ауатком, облпартком, министр, ғылым, білім, мәдениет басшылары, қала берді, Министрлер Кеңесі, Жоғарғы Кеңес, Орталық партия комитетінде істеген (бәрі емес) жоғары лауазым иелерін жылы орындарынан тайдырып, бейабырой етуге шамасы еркін жететін (жеткен) домалақ арыз. Бұл үлкен әңгіме, әрине. Пах-пах! Осы күндерде Кеңестік дәуірде дүрілдеп, тағы да сол дәуірде (соңғы генсек, прези­дент) Горбачев желкесін қиған домалақ арыздың неше қилы «ғажап­тарын» көзбен көріп, куә болғандар көп болмағанмен, аз да болмауы ғажап емес. Өз басымыз сол тұстарда сол қара дүлей, қара дауылдың бел ортасында жүргенімізді айттық (жоғарыда). Олай болса…

Алдымен сол орайдан ащы-тұщысы аралас бір-екі факті келтірейік те, онан соң діттегенімізге ауысайық. Әділіне келсек, домалақтың (әрі қарай солай атаймыз) тиімді жағы болғанын да жоққа шығармаймыз, ағайын. Зияны одан көп екені белгілі. Ертеректегі Әуезов пен Сәтбаевтың үстінен қардай бораған  домалақтың пәлендей кесірі болмаса да, кежірі де жетіп-артылған-ды (бұл жөнін­де таяуда «Жұлдызда» жарияланған ма­қалада да айтылады).  Керісінше, бір ғы­лыми-зерттеу институттың басшысы үсті­нен жазылған домалақта баян­дағандар түгелдей дәлелденген соң, астамсыған директор қызметтен қуылып, сазайын тартты. Бәрі мейлі, алайда, Д.Қонаевтың үстінен жазылған дома­лақтарға не деуге болар еді? Ау, ағайын, еліміздің түкпір-түкпірінен жазылатын домалақтың дені бірінші басшы Қонаев­тың атына жол­данбаушы ма еді? Міне,  сөйтіп, сондай жағдай оның өз басына келгеніне де куәлердің біріміз. Домалақ­тың «қауіпті» жері  міндетті түрде тек­серілетін. Соны білетін домалақшылар алақандарын ысқылап, қит еткенді қалт жібермей, тіпті, іштарлық, көреалмау, пә­леқорлық, қарау­лық шылауында жазық­сыз жан­дардың үстінен де домалақтарын айдай салуға қашан да дайын жүретін. Сөйтіп…

Кезек Қонаевқа келді (дедік). Қайда да, қай жерде де домалақта айтылатындар міндетті түрде тексерілумен қатар, дома­лақшыларды анықтап, егер жазғандары жалған болса, жазаға тарту үшін оларды да тексеру амалдары жүзеге асырылып жататын. Соның бірі – барша мекемедегі машинкалардың басылу үлгісі болатын. Өз басым қызмет ететін редакциядағы үш машинканы да КГБ қызметкерлері жы­лына кемі екі рет келіп, басу үлгісін алып кететін. Демек, бұл осы үрдіс барлық жерде болды деген сөз, Мәскеуде де. Үлкен кісінің үстінен жазылған шағымды әлдебір мәскеулік әйелдің машинкаға басқаны анықталып, фактілер растал­ғандықтан, домалақшы үлкен қызметінен төмендеді. Осы оқиғаға куәлердің бірі – Алматыдан Мәскеуге барып тексеруге қатысқан  КГБ полков­нигі әлі аман-сау, ортамызда жүр.

Енді жоғарыдан төмен түсіп, редак­цияларға, әріптестер әлеміне ойысайық. Алдымен айтарымыз, әзірге былайғы қауым әлемдегі барша бүге-шігені тәп­тіш­­теп жазатын журналистер өздері жай­лы жақ ашпайды, ешкім ештеңе айтпай­ды, жазбайды дейтіндерінің орнын тол­тыра қоюдан аулақ болсақ та, базбір тұс­тарға тоқтала кеткен көптік етпестей көрінеді. Мәселенки…

Қайталады демеңіз, домалақшылар тұс-тұсқа айдап жататын домалақтың тоқсан пайызға жуығы өтірік-өсек, жала болып, қаншама уақыт шығындала­тындықтан, аренадан кетер қарсаңда оны біржола құртқан Горбачевқа бәрекелді, әрине. Олай деуге тағы бір себеп, домалақ арыз түспейтін редакция болмайтын. Және қатаң талап бойынша, оларды не арнайы барып, не сенімді мекеме, тұлға­лар арқылы тексеру бұлжымас заң, мін­дет-тін. Кейбір домалақта жазыл­ған­дар­дың растығы – сирек те болса – анық­та­латын. Анықталатын да, шара қолда­нылатын. Өз басым  «Мәдениет және тұрмыс» журна­лына жолданып жататын екі домалақ ішінен Арал және Жетісай аудандарынан түскен екі арызды тексеру­ге арнаулы тілші жіберіліп, екеуі де анықталғаны, журналға жазылып, кінәлі адамдар жауапқа тартылғанын білемін (тігінділерді қара, көр). Енді бұл, әрине, домалақты қолдау, қуаттау емес, редак­цияға түскен екен, тексеру парыз екенін аңғарту. Және шындық болған­дықтан…

Жасырары жоқ, жоғарыда шетпұш­пақтап сөз еткендей, домалақтан қорық­пайтын, аяқ тартпайтын ешкім (әсіресе, бастықтар) болмайтын. Және сол бас­тық­тардың кейбірі қарамағындағы біреу­лер­дің үстінен домалақ жазылса деп тілей­­ті­нін, не өздері ұйтқы болатынын қайтерсіз.

Домалақтың біразы редакцияларға жолданатынын айттық. Тағы бір қызығы, сол домалағыңыз редакторлардың өз үстерінен де түсіп, соның әсерінен қыз­метпен қоштасатындар да ұшырасатын. Біразының  аты-жөні санада. («Ара-Шмель», «Қазақстан әйелдері», «Үгітші блокноты», «Вечерний Алматы», «Сельс­кое хозяйство Казахстана», «Огни Алатау», т.б.).

Апырай, ә! (деймісіз?). Шындықты білгіңіз келсе, ол солай енді. Айтпақшы, әлгінде екі ауданнан түскен домалақты тілші жіберіп тексеріп, нәтижесін жур­налда жарияладық деген менің үстімнен де екі-үш рет домалақ жазылғанын неге жасырамыз? Бір жолғысы бас редактор екеуміздің үстімізден. Орталық Коми­теттің пәрменімен ол домалақты Мәде­ниет қызметкерлерінің білімін көтеру институтының директоры Бабан  Елкеев, Мәдениет министрлігінің басқарма бастығы Нұрлан Оразалин, сол мекеменің тағы бір қызметкері үш күн тексеріп, ештеңе анықталмады. Домалақшылар  сырттан емес, іштен екені айтпаса да түсі­нікті. Ниеті лас жамантайский көжектер шауып алардай шабынып, еліріп-ежі­рейіп, белсенді-ай дерсің. Бас редак­тор екеумізді қызметтен аластап,  без тергізіп те үлгерді. Пыш-пыш, гу-гу. Жанашыр­ларына әділдігінен іштарлығы басым Кетегенов көкем айтатын – бәдік.

– Алаңдамаңдар, – деді бір қал­та­рыста бас тексеруші  Бабан Елкеев.

– Он беттік арызда бір шындық жоқ, – деді Нұрлан Оразалин телефон соғып.

– Как это так? – деді Орталық Ко­митеттің баспасөз секторын басқаратын Виталий Энголи. – Все нормально!

Журналистер өмірінен шертілер сыр естігіңіз келсе, бір парасы осылай да осылай. Енді бірі…

Соны айтайық та, доғарайық. Бұл тек менің өзіме қатысты. Редакциялардағы бір осал тұс – қаламақы (гонорар). Мұны басқа әріптестер де білсе керек. Ал аталмыш журналда жұмыстанған ұзақ жыл ішінде бұл жағынан өз басымда бір рет те мүлт жіберу болған емес. Алайда, сары шымшықтан қырағы домалақшылар қарап жатпай, ілік табуға іңкәрлігі сезілмей тұрмайтын. Бірде ішкі түйсік айтты: «Осы жолы журналдың екі бетін алатын өзің жазатын мақалаға қаламақы қойма, тізімде аты-жөнің болмасын», – деп. Одан кейінгі санда да солай деді. «Екі беттік көлемді мақалаңа қаламақы қойма» деп. Ішкі түйсікті тыңдауға тура келді. Себебі, бірінен соң бірі жарыққа шыққан екі санда да екі мақаланы жазайын деп емес, тиісті қызметкерлер алдын-ала берілген тапсырманы орындамаған соң, артық сөзге бармай, амалсыз өзім жазуға тура келген-ді («Кенже бала Керімше үйленгенде», «Жамал апайдың айтқаны»).

– Өзіңе неге қаламақы қоймадың? – деді бас редактор екі жолы да.

– Миллионерге не керек?!

– Адал еңбегің ғой, екеуі де актуаль­ды.

– Қою-қоймау өз еркім.

– Қызық, – деді редактор басын шайқап.

– Қызық алда, – дедім де, ведомосты бухгалтерияға өткіздім.

Ол шақтарда жалақы, қаламақы, ай­лық, тоқсандық сыйақы уақытында беріледі… ай сайын екі рет жалақы, екі рет қаламақы дегендей…

Ойда дым жоқ, уақыт өтіп жатыр, қарбалас жұмыс. Мен өзіме қаламақы қоймаған екі саннан соңғы үшінші ай болу керек, бір күні таңертең аудандық партия комитетінің нұсқаушысы Ізба­саров теле­фон соғып: «Орныңда бол, қазір барамын, үстіңнен арыз бар, тексеру керек», – деді төтесінен қайырып, «Кім жазыпты?!». «Ешкім емес». Демек, дома­лақшы. Демек, тексереді.  Тексер! Тексер! Тексерсін деймін ішімнен айызым қанғандай боп.

Өткенде де, қазір де тексеруші кел­генде үрейге бой алдырар пенде мен емес (ол мүмкін емесіне де сенімім кәміл болатын).

Аупартком нұсқаушысы көп бөгел­меді. Несіне бөгелсін, қаламақы қойылған журналды қарады да, мен жазған екі мақаланың қақ белінен сызылған белгіні көріп, «өзім де солай ойлап ем» деді кү­лім­­сіреп. «Бір-екі ауыз түсінік жаз, со­нымен бітті». «Жұртты жинап сұрамай­сың ба?». «Қажеті жоқ».

Кабинетте аз-кем әңгімелескен соң, редакторға кіріп мән-жайды айттық.

– Ай, сақсың-ау, көрегенсің. Осылай боларын қалай білдің, а? – деді бас редактор әзілдей сөйлеп.

– Түйсік айтты.

– Онда түйсігіңе рахмет, арыздың аты – арыз, жақсы біткені дұрыс болды.

Сол жолы домалақшылар менің үстім­нен арызды неге сүйеніп жазды дейсіз бе? Домалақтағы бәдіктерге көз жүгірткенде «екі ведомствода да пәлен­шеевтің (мені айтады) аты-жөні жоқ, өзіне мол қалам­ақы қойып, жұрттан жасырып күнілгері алып кеткен» деген шимайлар назарға ілікті. «Ой, шіркін! Логикаларыңа болайын!».

Аупарткомнан арыз тексеруге келген өте мәдениетті, сауатты, адамгершілігі мол нұсқаушы, гурьевтік азамат Ізба­саровпен бұрыннан да сыйлас едік, мына дома­лақтан кейін одан сайын жақындаса түстік…

Горбачев домалақтың ініне су құйған уақыттан кейін әлдебір жерде жолығып қалған Ізбасаров «обал болды» деді әй-шәй жоқ. «Неменеге обал болды?». «До­ма­лаққа». «Неге?». «Оны да Құдай жарат­ты емес пе?». «Онда саған  көңіл айта­мын», – дедім. Әрине, әзіл.

Бұл, әрине, Ізбасаров екеуміздің бұған дейін небір жүрек жұтқан талай-талай қорықпастарды қорқытып келген қара дүлей, буалдыр лаңнан біржола құтыл­ғанға ризалықтың көрінісі еді. Осы күнде домалақ бар ма, жоқ па, қайта тірілмеді ме екен, хабарым жоқ. Ай, тіпті, сол ібіліс бірлі-жарым төбе көрсете қалғанның өзінде де қайбір қауқар бола қойсын. Масаның ызыңына да татымас, бәлкім…

Өй, пәлі-ай!

З.АСАБАЕВ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *