ОРТАЛЫҚ КӘРІЗ ЖҮЙЕСІНЕ ҚОСЫЛМАҒАН ТҰРҒЫНДАР ТӨЛЕМНЕН БОСАТЫЛА МА?

Төлемдерді енгізу-енгізбеуді «Тоспа су» мекемесі шешпейді

33Естеріңізде болса, 2008 жылдың желтоқсан айынан бастап 2010 жылдың қазан айына дейін Алматы қаласының орталық кәріз желілеріне қосылмаған тұтынушылары кәріз қызметі үшін төлемақы төлеп келген еді. Кейіннен бұл жүйе тоқтатылды. Бірақ, араға уақыт салып, қайта күшіне енеді. Сөйтіп, «Алматы Су холдингіне» еншілес «Тоспа Су» МКК 2013 жылдың қазан айынан бастап кәріз қызметі үшін есеп жүргізуді қайта бастады. Айта кету керек, «Тоспа Су» МКК Алматы қаласында кәріз жүйесі аясында қызмет көрсететін жалғыз мекеме. Сөйтіп, орталық кәріз жүйесіне қосылмаған тұрғындар «біз не үшін төлеуіміз керек?» деп наразылық білдірумен  болды. Десек те, көнбеске амал жоқ деп, кәріз құбырының қызметі үшін ай сайын ақша төлеуге келісім берген тұрғындар «бес жылдың көлемінде төленбеген күндер есептеліп, мойнымызға қарыз ретінде жазылып қойылған түбіртектер келіп жатыр» деп шағым­данды. Мәселен, «кәріз құбыры қызметіне деген төлемді заң шыққан күннен бастап төлемесе болмас па еді?» деген пікірлер де жиілей түсті. Бұл сұраққа «Алматы су холдингі» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері:

– Біз мемлекеттік мекеме болған­дықтан, заңға сүйеніп жұмыс істейміз. Заңды аттай алмаймыз. Және тұтыну­шыларды төлемнен босату-босатпау біздің құзырымызға кірмейді. Мұндай төлемдерді енгізу-енгізбеуді де біз шешпейміз, – деп жауап берген еді.

Расымен, орталық кәріз су желісіне қосылмаған тұрғындарға кәріз су қыз­метіне есеп жүргізу Қазақстан Респуб­ликасының қолданыстағы нор­малары негізінде жүргі­зілуде. Аталған шешім Алматы қаласы ма­ман­данды­рылған ауданаралық экономикалық сотының 2010 жылғы 18 наурыздағы шешімімен, соттың Апелляциялық алқасының  2010 жылғы 5 мамырдағы қаулысымен, Алматы қалалық сотының  Кассациялық сот алқасының 2010 жылғы 17 шілдедегі қаулы­сымен расталып отыр. Сондай-ақ, аталған сот шешімдері негізінде аталған төлем заңды түрде күшіне енді. Дәл осындай төлемақы Өскемен, Астана, Орал, Атырау қалаларында да жүргізіледі екен.

«Су жабдықтау өлшемі – кәріз суының өлшемімен тең беріледі» деген нормативтік акті бар дейді мамандар. Соған орай, орталық кәріз жүйесіне қосылмаса да, пайдаланған су үшін кәріз суының өлшемі беріледі. Демек, кәсіп­орын қолданыстағы заң нормаларын орындап отыр. Қолданыстағы заңна­малар тұтынушының  қанша көлемде  су пайдаланса, сол көлемге сәйкес ағынды су көлеміне төлем жүргізуі міндетті екендігін белгіледі. Қазақ­стан Республи­касының заңнамаларына сүйенсек, барлық сұйық қалдықтар шыға­рылып, олар арнайы  ағындыларды қабылдау нүктелеріне төгілуі қажет деп белгіленген. Бұл ретте заң бойынша, орталық кәріз жүйесіне қосылмағандар да, қосылғандар да кәріз қызметін төлеуге міндеттелді. Өйткені, септиктегі сарқынды су ассе­низатор арқылы бәрібір қалалық кәріз жүйелеріне жеткізіледі. Ал, жиналған сарқынды су кәріз желілері арқылы кәріз тазарту құрылыстарына тасы­малданады. Ол жерде биологиялық, механи­калық тазартудан өтіп, жинауышта тұн­дыры­лады. Ал, мұның бәрі үлкен қаржыны талап етеді. Тұтыну­шылардың ассени­затор­лық көлік арқылы  жүйеге төгілген ағындылары әрі қарай кәріз су құбырлары арқылы Іле ауда­нында орна­ласқан кәріз су тазалау ғимараты стансасына тасымал­данады. Тазалау ғимараттарында барлық ағын­дылар тиісті деңгейге дейін  толы­ғымен механикалық және биологиялық таза­лаудан өтеді. Осыдан кейін тазаланған ағындылар арнайы каналдар арқылы су жинауыш тоғандарға жіберіледі, – дейді С.Шағыров.

 

Министр тұрғындарды төлемнен босату туралы Заңды қолдайды

Десек те, қалалық әкімдік тұрғындар арасында үлкен дау тудырған бұл мәсе­ленің оңтайлы шешілуін «Тоспа Су» мекемесіне міндеттеген болатын. Сөйтіп, өткен жылы қалалық әкімдік пен «Тоспа Су» мекемесінің қызметкерлері бірлесіп ҚР Аймақтық даму министрлігіне ор­талық кәріз жүйесіне қосылмаған тұр­ғындарды төлемнен босатуды сұрап хат жол­дапты. Бірақ, кейіннен аталған министрліктің ҚР Ұлттық экономика ми­нистрлігі болып қайта құрылып, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық комитеті осы министрлікке енуіне бай­ланысты хат тамыз айында екінші рет жібе­ріледі. Аталған хатқа ұлттық эко­номика ми­нистрі Е.Досаев орталық кәріз жүйесіне қосылмаған тұрғындарды төлемнен босату туралы Заңға өзгерістер енгізу керектігін қолдайтынын  айтып жауап беріпті.

– Енді осы хаттағы жауапқа байла­нысты «Тоспа су» МҚК тұрғындардың есепшотынан кәріз құбырының қызметіне деген төлемді алып тастап, ақыны тұтыну­шы пайдаланған лас судың барлық көле­мін қалалық кәріз су жүйесіне әкеліп төгетін ассенизаторлық көліктен алуды ұйғарып отырмыз. Ол үшін ең алдымен шұңқырлардағы қалдық суларды қалалық кәріз су жүйесіне тасымал­даумен айна­лысатын мекемелермен келісім-шартқа отыруымыз қажет, – дейді С.Шағыров.

Айта кету керек, жаңа заң норма­ла­ры әлі күшіне енген жоқ. Сондықтан «Тоспа Су» МКК бүгінгі күнге дейін жүр­гізіліп жатқан төлемдерді өз бетінше тоқтата алмайды. Алдын ала бол­жам­дар­ға сәйкес, тиісті заң үстіміздегі жыл­­дың көктем айынан жұмыс істей бас­тамақ.

– Тағы бір ескеретін жәйт, бұған дейін тұрғындардың төленбеген күндері есептеліп, мойындарына  қарыз ретінде жазылып келген түбіртектердегі төлем­дерді төлеулері қажет. Өйткені, бұрынғы төленбеген күндердің есептелуі сол кезде қолданыста болған заң нормалары негізін­де жасалды. Ал, заң орындалу керек. Сонымен қатар, қарыз болып келген тө­лем­дерді қысқарту немесе жойып жіберуді сот қана шешеді, – дейді С.Шағыров.

Зейнеткерлерге және басқа да азамат­тарға ешқандай жеңілдік жоқ. Тек қарызды бөліп төлеуге болады. Ол үшін тұр­ғындарға қызмет көрсету орталық­тарына келіп, қарызды бөліп төлеу туралы өтініш жазасыз.

 

АНЫҚ-ҚАНЫҒЫН БІЛГІҢІЗ КЕЛСЕ…

– Біздің үйде ағынды, қалдық суларды жинайтын ешқандай шұңқыр жоқ. Бірақ, неге екені белгісіз, қызметке ақша төлеу керектігі туралы хабарлама келе береді.  Біз не істеуіміз керек екен?

– Ағынды суларды жинайтын арнайы шұңқыр болмаған жағдайда «Тоспа су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына жазбаша түрде хаттама жіберу керек. Бұл ретте  ағынды суларды жинайтын арнайы шұңқырдың жоқтығы расталған жағдайда сол адамның төлем есепшотына түзету енгізіліп, алдағы уақытта төлем жүргізілмейтін болады.

– Біздің үйдегі судың біраз мөлшері бақшадағы ағаштарды, жеміс-жидектерді суғаруға, үй шаруасындағы тірліктерге  жұмсалады. Яғни, бұл сулар кәріз жүйесіне ақпайды. Бірақ, төлемді толық мөлшермен төлеуге міндеттіміз. Не үшін? 

– Бақшасын суғаруға, үй шаруасындағы тірлікке жұмсалған су үшін кәріз қызметіне төлемақы төлемейді. Бірақ, оған бөлек есептеуіш құрал қойылуы керек. Аталған есептеу құралының көрсеткіші кәріз су қызметіне есептеу жүргізу барысында ескерілмейді. Есептеу құралы жоқ тұтынушыларға суғару қажеттіліктерінің көлем нормалары белгіленген. Нормада көрсетілген суғаруға арналған көлем кәріз су қызметіне есептеулеріне кірмейді.

– Біздің үйлер орталық кәріз жүйелеріне қосылмаған. Не істесек болады?

– Ең әуелі, Алматы қаласының Сәулет және құрылыс басқармасынан (Абылай хан даңғылы, 91, Қазыбек би көшесінің қиылысы) желілерге қосылу үшін техникалық шарттарды сұрау керек.

– Желілерді жобалап, келістіру (осы салада  лицензиясы бар жобалау ұйымына жүгіну);

– Желі құрылысы бойынша монтаждық жұмыстар жүргізу және салынған желінің суретін ұсыну;

– Есептеуіш құралын орнату (су құбырына қосылғанда);

– Орталық желіге қосылғаны үшін төлем жасау;

– Сумен қамту және суды бұру қызметтеріне келісім-шартқа отыру керек.

Орталық кәріз жүйесіне қосылудың екінші жолы көршілеріңізбен бірігіп, аудандық және қалалық әкімдікке хат жолдауларыңыз қажет.

 

КЕРЕК ДЕРЕК 

«Алматы Су холдингі» кәсіпорынның халыққа қызмет көрсету орталықтарының мекен-жайлары төмендегідей:

– Жароков көшесі, 196-үй, 1-қабат;  Жұмыс күндері сағат 8.00-ден – 19.00-ге дейін. Сенбі күні сағат 9.00-ден – 14.00-ге дейін;

– Жетісу-3 ықш., 37-үй;

– Ботаникалық көшесі,  29А (Сейфул­лин-Дегтярев көш.қиылысы); Жұмыс күндері сағат 9.00-ден – 18.00-ге дейін. Сенбі күні сағат 9.00-ден – 13.00-ге дейін жұмыс істейді.

Мәншүк БЕКБОСЫН

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *