Орталық Азия мен Капказдың 8 елімен жасаған бүкіл тауар айналымының 60 пайызы – Қазақстанға тиесілі

415ҚР Президенті Н.Назарбаевтың тікелей шетелдік инвестиция тарту жұмыстарын жетілдіру жөніндегі тапсырмасы аясында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар (ИЖТМ)  министрі Әсет Исекешев басқарған қазақстандық делегация жұмыс сапарымен Герман  Федеральдық Республикасына келді. Берлиндегі экономикалық форумда Қазақстандағы германдық бизнесті әрі қарай дамыту жөніндегі жоспарлар  талқыланды. Қазақстандықтар экономикалық форумға, іскерлік кеңеске, «ITB Berlin – 2014» халықаралық туристік көрмесіне қатысты. Сондай-ақ, отандастарымыз Герман Үкіметінің мүшелерімен, елімізде жұмыс істейтін ең ірі неміс концерндері, инжинирингтік компаниялары, институттарының  басшыларымен он бес рет екіжақты кездесу өткізді.

– Өткен жылы екі жақты сауданың көлемі дағдарысқа дейінгі көрсеткіштен асып, 6,5 млрд. еуроға жетті. ГФР-дың Орталық Азия мен Капказдың 8 елімен жасалынған бүкіл тауар айналымының  60 пайызы – Қазақстанға тиесілі. Солай бола тұра, германдық компаниялар еліміздің әлеуетін әлі толық аша алмаған тәрізді, – деп, экономикалық форумда сөз сөйлеген вице-премьер кезде германдықтарды неғұрлым белсенді жұмысқа шақырды.

Қазақстан және Германия арасындағы бірлескен жобалардың жалпы қоржыны 92 жобаны қамтиды. Бұл ретте 72 жоба соңғы 4 жыл ішінде келісілген. Осы уақытта жалпы көлемі 700 млн. еуроны құрайтын 12 жоба іске асырылды. Мәселен, «Мэтро Кэш энд Кэрри» компаниясы Қазақстанда 8 сауда орталығын ашты, осы ретте 1 мың 500 жұмыс орны ашылды. Сауда-бөлшек саудада өнім сапасының жаңа стандарты, тиімді менеджмент жүйесі енгізілді. Жақын арада Атырау мен Ақтау қалаларында 2 жаңа сауда орталығы салынады.

Әсет Исекешев кәсіпкерлермен кездесу кезінде елімізде  индустрияландырудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы әзірленгенін, мұның шеңберінде машина жасау, химия, металлургия саласы басым екенін атап айтты. Әлбетте, бұл салалардағы Германияның артықшылығын айтпай қалмады. Қазақстандық делегация «ITB Berlin – 2014» халықаралық туристік көрмесіне қатысты, ҚР ИЖТМ мен ЮНВТО (БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымының қысқартылған атауы) арасында «ЭКСПО – 2017» аясында туризм саласындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Айнабай МӘДИ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *