ОРНЫ БӨЛЕК ОРЕКЕҢ

Тағзым

 

Алпысыншы жылдары ұлттық әдебиетке арынды ақын болып келіп, қара сөздің қас шеберіне айналды. Жасы ұлғайған шағында да қариялық қасиетін жоғалтпастан, толысқан талант биігінен төмендемей,   жәдігер ойларын бойтұмардай сақтап өткен текті қаламгер болды.

 

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Біздің жас кезімізде кітаптарын оқыған ақын-жазушылардың дүниетанымы, көркемдік ойлау жүйесі, жазу мәнері мүлде бөлек болатын. Роман, повестеріндегі оқиға желісі, кейіпкерлерінің жаратылыс, мінез-құлқы, елмен араласу әрекетіне дейін өмірден ойып алынғандықтан, нанымды, оқуға ұғынықты, соншалықты шынайы болып келетін. Кітап кейіпкерлерімен бірге қуанып, бірге қайғырған сәттеріміз сол шығармалардағы оқиғалар мен іс-әрекеттердің өмірге етене жақындығынан еді. Көп данамен кітап дүкеніне түскен кітаптар тез тарап кететіні де сондықтан болса керек. Қазақ қаламгерлерінің қатарында алпысыншы жылдары танылған Оразбек Сәрсенбайдың алғашқы «Уәде» атты повестер мен әңгімелер жинағын оқығанда осындай сезімді бастан кешірдік. Одан кейінгі жылдары көркем сөздің қас шебері өндіріп жазып, баспа жүзін көрген кітаптан кітапқа тақырып аясын кеңіткен Оразбек Сәрсенбайдың заман тақырыбына қалам тартқан  «Шамшырақ» пен «Шеңбер» романдары кешегі кеңестік кезеңде өмір сүрген ұрпақтың басынан өткерген қилы-қилы тағдырын сөз еткен нағыз көркем, кестелі туындылар ретінде әдебиетіміздің алтын қорына қосылды. «Уәде» атты повестер мен әңгімелер жинағына Қазақстан Жазушылар одағының М.Әуезов атындағы сыйлығы, «Шамшырақ» романына Халықаралық «Алаш» сыйлығы берілді. «Шеңбер» романы үшін Қазақстан Респуб­ликасының Мемлекеттік сыйлығын алды. Елбасының Жарлығымен «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен мара­патталды. «Қазақстан Республикасы баспа және полиграфия ісінің қайраткері» атағына ие болды.

4Осындай көзі тірісінде ұлттық әдебиеттен өзінің орнын таба білген, оқырманның ықыласына бөленген Оразбек Сәрсенбайды Жазушылар одағында өткен әдеби жиын­дарда сөйлеген сөздерін, жыл қорытын­дысына және тақырыптық жиын­дарда жасаған баяндамаларын тыңдап да жүрдік. «Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген нақылды еске салып, қаламгерлердің өзі ынтымақшыл болуы керек екенін айтқаны да есімізде. Осы қазақы қариялығынан, көпшілікке лайықты орынды сөзін айтудан жаңылмай өтті.

Бұрыннан кітаптарын оқып, шығарма­шылығымен сырттай таныс болып жүріп, Оразбек Сәрсенбайдың соңғы қызмет орны «Қайнар» баспасының директоры болып тұрған кезінде қызмет кабинетіне бірнеше мәрте барып, ауызба-ауыз сөйлесудің сәті түсті. Осы баспадан Байланыс және ақпарат министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша «Ауыл кітапханасы» сериясымен жарық көрген кітаптардың табиғатына келетіндіктен, дайындап жүрген жаңа шығармаларымның қолжазбасын баспа директоры Оразбек ағаға алып келдім. Үлкен қаламгер ағамыз жылы жүзбен жайдары қарсы алды. Газет-журналдарда жарық көрген әңгіме-повесть, журналистік мақалаларымнан хабары бар екенін айтқанда өзімді еркін ұстадым. «Сендердің кітаптарың шықпағанда, кімдікі шығады деп ойлайсың» деп көтермелеп қойды. Көпшілік елдің кітапқа деген қызығушылығы төмендеп тұрған кезде түбінде оқырманның бет бұратынын, жазу өнерінен қол үзбеу керек екенін де ескертті. Менің қол­жазбамды мемлекеттік тапсырыспен жарық көретін кітаптардың тізіміне қосатынын, сәті түссе, шығып қалатынын айтты. Баспаға тапсырған қолжазбамды түгел оқып шығып, тақырыбын «Қырдағы қызғалтақтар» деп Орекең  өзгерткен көлемі 17 баспа табақ кітабым 2011 жылы екі мың данамен жарық көрді. Үш повесть пен жиырма екі әңгімеден тұратын кітабым ХХІ ғасырдағы өркениет қарқынының ауыл тұрмысына ықпалы, жеріміздің көрікті табиғаты, жан-жануарлардың аянышты күйі, адам баласының байлығына қарай жіктелуі, кейіпкерлер психологиясындағы өзгерістер кітапқа арқау болған еді. Ол Оразбек ағаның тәжірибелі баспагер ретінде «Қайнар» баспасына қызметке келгелі нарық талабына лайық жаңа сериялар ашып, басылым­дардың тақырыптық өрісін кеңейтуге жаңашылдықпен еңбек етіп жүрген кезі еді.

Оразбек ағаның бойынан дала қазағына тән кеңдікті, үлкен кісіге тән сабырлы байсалдылықты, өмірден де, кітаптан да көңілге түйгені мол білімділікті байқаған едім. Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы «Жаңа тұрмыс» ауылында дүниеге келген. 1962 жылы Қазақ мем­лекеттік университетінің филология факультетін бітіргеннен кейін, Шиелідегі орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастады. Ағаның шығармашылық өмірбаяны орта мектепте, университетте оқып жүрген шәкірттік жылдарда басталған екен. Елуінші жылдардың екінші жартысы мен алпы­сыншы жылдардың басында аудандық «Стахановшы», облыстық «Ленин жолы», республикалық «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас» газеттерінде алғашқы өлеңдері мен әңгімелері жарияланады. Жазушының көркем әңгімесі негізінде кино режиссер Сатыбалды Нарымбетов 1981 жылы «Долана» атты  көркем фильм түсіргенінен хабарымыз бар. Қазақтың көптеген қаламгерлері жүріп өткен журналистік жолмен жүріп, республикалық жастар газеті – «Лениншіл жаста» әдеби қызметкер, «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, «Жазушы» баспасының бас редакторы, «Өнер»  және «Қайнар» баспаларының директоры, т.б. жауапты қызмет сатыларынан өтіп, қаламгерлер арасында абыройлы болғаны бойындағы осы адамдық қасиеттерінің арқасы деп білеміз.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары баспасөз беттерінде алғашқы өлеңдері мен әңгімелері жарияланған қарымды қалам иесінің көзі тірісінде  20-ға жуық кітабы жарық көрген екен. Әр жылдары В.Короленко, В.Иванов, Ф.Абрамов, Ф.Искан­дер, өзге ұлт жазушыларының таңдаулы әңгімелерін ана тілімізге шебер аударды. Жазушының жеке шығармалары украин, орыс, эстон, якут, марий, тува, венгер, қытай, корей, ағылшын, өзбек, қырғыз, татар тілдеріне де аударылған. Қаламгердің  әдеби сын, көркем пуб­лицистика, тарих, мәдениет, философия саласындағы мақалалары оқырманға жақсы таныс. Жасы ұлғайған шағында баспагер және аудармашы ретінде Ислам әдебиетін оқырманға насихаттау ісінде өндіріп еңбек етті. «Құран Кәрім», «Мұхаммед пайғам­барымыздың хадистері», «Шайтаннан сақтану жолдары», «Сиқырдан сақтану және емделу жолдары», «Адал мен арам», «Мұсылмандық әдеп сабағы», өзге де кітаптарды қазақ тіліне аударуға қатысты. «Махаббат және Ғауадат» атты риса­ласында: «Біздің ұлық Абайымыз айтпаған сөз қалған ба? Жасың ұлғайып, дүние сырына бұрынғыдан тереңірек үңілген сайын Абайға барып жүгінуің жиілей береді. Жаныңды қинаған сұрақтарға жауап іздейсің.

«Өлсем орным  қара жер сыз болмай ма?

Өткір тіл  бір ұялшақ қыз болмай ма?

Махаббат Ғадауатпен майдандасқан,

Қайран менің жүрегім мұз болмай ма? — деп жазады ақын.

Мұндағы Махаббат — ғаламдық көлемдегі сүйіспеншілікті бейнелесе, Ғадауат сол махаббатқа қарама-қарсы — жеккөру, мейірімсіздік, қаскүнемдік, дұшпандық деген ұғымдарды бейнелейді. Бұдан басқа, Абайдың талқысына түсетін Нәпсі деген сөз бар. Оның мағынасы, тіпті, жан-жақты: адамның ішкі жан дүниесі, құштарлығы, құлқы-пейілі болып таралып кетеді. Махаббат. Ғадауат. Нәпсі. Асылы гомо сапиенс аталатын саналы адамның өмірі осындай үш тағанға тіреліп тұратын болса керек», — деп ой түйеді жазушы. Дүниедегі бар жақсылық махаббатпен жасалады, махаббатпен нұрланады. Ең арғысы — сәулетті үй салып, бітік егін өсірсеңіз, жер қойнауын қопарып, кеніш көзін ашсаңыз, кітап жазып, ою-өрнек тоқысаңыз да қаншама ой қуатын, жан мейірімін жұмсайсыз. Өйткені, шын сүйіспеншіліктен туған дүние ғана құнды, сұлу болмақ. Адам баласы жақсы үмітпен өмір сүріп келеді. Ал, сол жақсы үміттің иесі де Махаббат. Ғадауат емес. Бұл ойлар жасы ұлғайған шағында қаламгер қария Оразбек Сәрсенбайды көп толғандырған, ойдан-ой қуып, дүниенің сырына үңілген, түпсіз тереңдікке бойламақ болған тіршілік толғамдары еді. Өмірінің соңғы жылдары имандылыққа бет бұруы, өткенге ой жіберіп, келешегіне зер салуы — қаламгер қиялының кеңи түскенін байқатты. Тіршілік ағысына араласа жүріп, көзбен көріп, көңілге түйгенін қағазға түсірген «Өмірнама» атты күнделігін де оқыған едік. Оразбек Сәрсенбай жетпіс жеті жас ғұмырында жазарын жазып, айтарын айтып кеткен қаламгер. Кейінгі ұрпақ жазушының жазба мұрасына қайта оралып, өзіне керегін кәдесіне жарататын болады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *