«ҚОРЛАН» СЕНДЕЙ ӘН ТУМАС Шәмшi Қалдаяқов сондай ән шығаруды армандаған едi

100-4818-4Зәкiр АСАБАЕВ

Қазақ поэзиясы алыптарының бiр де бiрегейлерi қатарындағы Төлеген Айбергеновтiң «Ақын боп өмiр кешiру оңай деймiсiң, қарағым, аузыңда болу бұл өзi сыздаған барлық жараның» дейтiнi екiнiң бiрi, егiздiң сыңарына қарай айтыла салмағаны (бүгiнде) жиi еске түседi. Неге десеңiз, бұл тек ақындар ғана емес, арғы-бергi хас дарын иелерiнiң барлығына ортақ екенiн пайымдап, түйсiнiп, өкiнiштi «әттеңнiң» тас шеңгелiнде қылқынып, зәрезап халде жүретiн сәттер аз болмайды. Осы күндерде арқалы ақын Жұмекен Нәжiмеденовтiң сөзiне жазған әнi тәуелсiз елiмiздiң Әнұранына айналған Шәмшi Қалдаяқов (екеуiнiң) дүйiм қазақтың бiрге мызғып, бiрге оянатын қасиеттi бойтұмарына айналғаны хақында аз-кем сөз қозғар алдында әуелi бiр рет осылайша аз-маз «ақылды» алуға тура келiп тұрғанын несiне жасырайық. 0йткенi, олардың да тiптi де оп-оңай ғұмыр кешпегенi айтылып та, жазылып та жүр, бүгiнгi және болашақ ұрпақ, тарих үшiн десек те, солай бола түспегi заңды.

Бұл жолы бұған дейiн сан рет айтылып, саржамбас болған жайлар емес, керiсiнше, сананың қуыс-түкпiрлерiнде сан жылдар сақталып, ара-тұра жаңғырып, еске түсе кететiн де (сол замат), қайта ұмытылғандай боп қала беретiн базбiр «қалған-құтқандардан» нәр тартып байқауға құмбылдық танытып отырған жай бар (пәлендей жаңалық болмаса да), ағайын. Әңгiме ән төресi «Қорлан» мен ғаламат (сазгер емес) композитор Шәмшi Қалдаяқовтың оған деген таусылмас iңкәрлiк, ғашықтығы туралы өзiмiз ептеп бiлген немесе кездейсоқ куә болған оқиға-болмыстар төңiрегiнде. Алдымен…

Атақты «Қорлан» әнi жөнiнде (тек өз бiлiгiмiзше) айтар болсақ, өткен ғасырдың 1943 жылында халық ақындарының республикалық жиынына қатысқан павлодарлық қарт әншi-композитор Естай Беркiмбаев оны сонау тау қопарар жас жiгiт кезiнде апалы-сiңлiлi қос ару Құсни-Қорланға арнап шығарғаны (бiзсiз де) мәлiм. Бiрақ, ол халыққа «Қорлан» деген атпен таныс (Құснидiң есiмi мәтiнде аталады).

«Қорлан». Ән. Ғашық жүректен тас бұлақты жарып шыққандай кәусар әуен, сағынышты саздың жөнi бөлек. Оны орындауға осы күнге дейiн кез-келген әншiнiң батылы жетпеу не тiсi батпайтынын ешкiм терiс дей алмасы кәдiк. Сондықтан да, «Қорланды» олай емес, былай не пәленше құсап айт дерлiктей түпқазығы жоқ. Иә, жоқ! Бұл мен емес, қазiр көзi тiрi бiрден-бiр ұлы әншi, профессор Ермек Серкебаевтың (қатарынан үш рет жарық көрген эссе-диалог кiтаптағы) лебiзi, жеке пiкiрi, қағазға түскен қолжазба нұсқадағы қол қойып қадап айтқан сөзi. «Сiз де айта алмайсыз ба?» – дегенге мәрт жанды Ерекең: «Айтсам, естiмес пе едiңдер? «Ер Тарғын» операсындағы Қорлан мен Естайдың «Қорланы» – екеуi түбi бiр болса да, екi басқа дүние. Есiңде ме, «Ер Тарғын» увертюра ретiнде хормен айтатын «Қорланмен» басталмай ма? Брусиловский асқан тапқырлық жасаған. Бiле-бiлгенге увертюра деген операға бiрден жан бiтiрiп, тыңдаушыны баурап ала жөнелетiн, қашан аяқталғанша соғып тұратын жүрегi, қарағым. Және кез-келген операда үйiрiмдi увертюра бола да бермейдi, себебiн айттым, оңай емес, бiлдiң бе? Бизенiң «Кармен» операсындағы увертюраны тыңдаған шығарсың. Әне, увертюра деп соны айт. Сондықтан да ол айтулы концерттерде жеке де орындалады. «Ер Тарғындағы» «Қорлан» әнi бойынша жазылған увертюра ертеректе радиодан берiлушi едi, көп болды, естiлмейдi. Сахнада орындалып тұрса, түк те артық болмас едi».

Онан соң Ерекең: «Қорланның» «Құсни-Қорлан» деп аталатын екiншi нұсқасы бар. Оны бiрiншi «Қорланнан» артық демей-ақ қояйын, бiрақ, инедей кем емес. Екеуiн де бабында орындайтын бiр-ақ әншi болған, ол – Ришад Абдуллин. Онан соң «Қорланның» әлгi екi нұсқадан бөлек, олардан бiр мысқал да кем емес, аты да «Бiр мысқал» деп аталатын үшiншi түрi бартын. Оны павлодарлық қарт әншi Байғабыл Жылқыбаев нақышына келтiре шырқайтын да, өзiм қатты қадiрлейтiн аға досым Шәкен Айманов есi кете тыңдап, мәз болатын. Әне, Естайдың сол «Бiр мысқалын» Байғабыл ақсақалдан басқа орындаған әншiнi әлi күнге көрген де, естiген де емеспiн. Болды. «Қорланның» үш түрi туралы бiлетiнiм осылар. Қазiр әншiмiз деп жүргендер көп қой. Солардың iшiнен үш «Қорланды» бабымен айтатындар неге жоғына түсiнбеймiн?» – деп басын шайқап-шайқап қойды.

«Шамалары жетпейтiн шығар да. 0зiңiз де, кезiнде мен де айтпадым, Ришад қана шырқайтын демедiңiз бе? – дегенiме, «Точно, солайө» деп гүр еттi.

Өз басым «Қорлан» әнiн өткен ғасырдың 47 әлде 48-жылдарының бiрiнде «Көлтоған» орталау мектебiнде директор болып iстейтiн жақын атамыздың үйiнде патефонынан тыңдап, құлағымда қалып қойғаны бар-тын. Ерекең айтқандай, кейiн дәл сол жолғыдай «Қорланды» орындаған ешкiмдi кезiктiрген жоқпын. «Қорланды» бабымен айтатын Ришад Абдуллин көбiне «Құсни-Қорланды» шырқайтын. Көрнектi музыкатанушы, композитор Iлья Жақановтың сөзiмен айтқанда, «өлтiретiн». Осы жолдар авторы аталмыш композитордың шығармашылығы туралы әзiрлеген радиоочерк сол әнмен басталып, сонымен бiтетiн.

1958 жылдың қара күзi. «Лениншiл жас» газетi редакторының орынбасары, аяулы Сапар аға Байжанов «Мәдениет және тұрмыс» журналына (онда да орынбасар) ауысатын боп, Жазушылар одағының асханасында шығарып салу рәсiмi өтiп жатты. Әлбетте, қызу думан: ән, күй, би, әзiл-қалжың. Кiл сен тұр, мен атайын өнерлi қауым арасынан Хайдолла Тiлемiсов (өнерлi келiншегiмен), Әбiлпейiз Ыдырысов, Фермахан Шоева, бiрiнен кейiн бiрi ән салып, кезек тығыншықтай жұмыр денелi, орта бойлы, бұйра шашты, қараторы өңдi жiгiтке келгенде, ол ортаға атып шықты да, бiрден әнге басты. «Қорлан». Бiрiншi түрi. Тынысы кең, даусы ашық, әуездi. «Қорланды» қысылмай-қымтырылмай бар мақыш-нақышымен келiстiре айтып шықты. Сарт та сұрт шапалақ. «Жарайсыңө «Сырымбеттi» айтө». «Майда қоңырды» айтө» – деген дауыстар шығып жатты, бұйра бас жiгiт тартынған жоқ. Төрт-бес әндi бүктеп, бiр-ақ тоқтады. Газетте әдебиет пен өнер бөлiмiн басқаратын, таяуда Жазушылар одағына мүше болған, жасы 20-дан ендi асқан жiгiттiң бұған дейiн радиоға бiраз халық әндерi мен «Абай» операсынан Абай, «Травиатта» операсынан Жермонның ариясын жаздырып, олар жиi берiлiп тұратынын бiлгенмен, оның орындауындағы әндер мен ариялар бiр төбе де, «Қорлан» бiр төбе болып көрiнгенiн несiне жасырайын. Жоғарыда айтқан – патифоннан тыңдаған – «Қорланнан» асып түспесе, кем емес. Оның үстiне, сол кездерде қазақ радиосында концертмейстр болып iстейтiн қазақ өнерiнiң жанашыры Наталья Александровна Борисованың қолдауымен Сәкен Жүнiсов, Шәрбәну Құмаровамен бiрге, мен пақыр да «Айнамкөз», «Гүлдерайым», «Бурылтай», «Құсни-Қорлан» сынды әндердi жаздырып, олар «Көркем-өнерпаздар үйiрмесiне қатысушылардың концертi» деген айдармен эфирден берiлiп тұратын. Сондағы көзбасшымыз – әлгiде айтқан – «Лениншiл жас» газетiнiң бөлiм меңгерушiсi Сапар Байжанов ағаны шығарып салатын кеште «Қорланның» бiрiншi түрiн төгiлте шырқаған (кейiн қабырғалы қаламгер, белгiлi жазушы) кәдiмгi өзiмiздiң Бек Тоғысбаев (марқұм) болатын.

Бүгiнде сол шақтарға куә көзi тiрi тiрiлер бар болса да, бұл деректердi ауызға алып жүрген онша көп ешкiмдi аңғара бермеймiз. Сол жолғы Бек орындаған «Қорлан» әлi күнге құлақта жаңғырып тұр десем, титтей жалғаны жоқ. Содан қайтiп «Қорланды» кемелiне келтiре шырқаған бiр пенденi ұшыратқан жоқпын десем, ол да өтiрiк емес. Иә, сонау патефоннан естiген және керемет әншi, жазушы Бек Тоғысбаев айтқан.

Бәрiн суалтып, қара аспанды төндiрiп тастады деме, «Қорланды» орындағандарды мүлде көрмедiк демеймiз, сирек те болса көрдiк, тыңдадық. Бiрақ, Ришадтан өзгесi құлаққа қонбаса, оған кiнәлi бiз емес шығармыз. Оның үстiне, Ришад Абдуллин «Қорланды» сирек шырқап, көбiне-көп «Құсни-Қорланға» ден қойды (дедiк). Сондықтан да…

Бүгiндерде «Қорланның» үш түрiн табиғи рәуiште орындаймын деушi талапкерлерге Затаевичтiң кiтабындағы ноталар- дан өзге үйренетiндей жөндi бастау жоқпен тең сияқты. Бәлкiм, iздейтiн пенде болса, ие, Брусиловксийдiң «Ер Тарғынды» жазған жылдардағы нотаға дәл түскен нұсқа табылып қалар (бiр жерлерде шаң басып жатқан болуы да ғажап емес шығар дегендей).

Ех, шiркiн, бiздiң осынау сөз еткендерiмiз жұмырға жұқ бола алар ма екен десейшi. Өйткенi, бiр «Қорлан» әнiнiң тарихы әрiсi ғарыштай шексiз, берiсi мұхиттай терең емес пе? Осы жерде ұлы әншi Ермек Серкебаевтың 1943 жылғы халық таланттарының жиынында Естайдың бейнесiн таспаға түсiрiп, әндерiн өз аузынан жазып алуға жарамағанымыз неткен жетесiздiк едi деп күйiнгенi тағы да ерiксiз еске түседi.

Ал, ендi осындай жауһар ән төресiне Шәмшi Қалдаяқовтың ғашық болмауына, болғанда да мәңгi ынтызар, шексiз ғашық болмауына әддiсi бар ма едi? Жоқ, жоқ және жоқө Шәмшi (қай мезгiлде екенiн өзi бiлген шығар) «Қорланға» ғашық болды, ғашық едi. Оған бiрiншiден, Шәмшiмен жақын жүрiп, сырлас-мұңдас болған кейбiр көзкөргендерден естiп-бiлгендер, екiншiден, өзiмiз куә болып, көкейде қалықтаған жағдаяттар да дәлел-айғақ бола алар едi деймiз. Әйтсе де, субъективтi жақтар да қаперде ұсталуы дұрыс болмақ (деп тағы да еске саламыз). Сонымен…

Бiз тұңғыш рет көрiп, танысболғанынан бастап сәл қарлығыңқы даусымен берiле айтатын «Қорланды» Шәмшi қай кез, қай уақыттан бастай бiлiп, шырқап жүредi екен? Ғашық болғаны ше? Бұл сұрақтарға Шәмшiнi бiзден гөрi жақсы бiлген Еркiнбай секiлдi замандастар болмаса, өз басымыз нақтылай пәлен дей алмас едiк. Себеп пе? Ол оңай. Оңай болатыны – Шәмшiнiң аса сұлу жағымды, ұғымды, тартымды, шұрайлы да шырайлы, әсем әндерiнiң бiразы радио арқылы халыққа бiрден тарап, кеңiнен танылғанмен, жүре келе, бәрiбiр, мен 1964 жылғы мамыр айынан бастап зейнетке шыққанша қызмет атқарған «Мәдениет және тұрмыс» журналында жарық көрiп, сиясы кеппеген кейбiр әндерi әуелi нотасымен қоса жарияланған соң барып, тыңдармандарға жететiн.

Мәселен, «Терiскей», «Тамды аруы», «Сыған серенадасы», т.б. әндерi бiрiншi кезекте журналда басылды. Нелiктен екенi белгiсiз, «Сыған серенадасы» журналда жарияланған соң, жетi-сегiз жылдан кейiн эфирге шықты. Оны тұңғыш рет орындаған – драма театрының режиссерлiгiнен өз еркiмен кетiп, «Қазақконцертте» әншi болып iстеген хас өнерпаз, сирек дарын Зәуреш Есбергенова (бұл туралы бұған дейiн де там-тұмдап жазылған).

«Сыған серенадасы», «Қорлан». Шәмшi ғашық болған ән. Мен де сондай ән шығарсам деген арман-ән. Манадан бергi нысана осыған жету едi, мiне, жеттiк, жеткендеймiз. Әрi қарай…

Ұлы композитордың арман-тiлегi орындалды ма, мақсатына жеттi ме, сол төңiректе аз-кем куә болғандарымызды айтып көрелiк.

1958 жылы жазда бiр ғимарат iшiндегi «Лениншiл жас», «Қазақстан пионерi» газеттерi мен «Пионер», «Балдырған» журналдарының редакцияларына жиi келетiн қарапайым, қалқан құлақ, шынашақтай қара бала – Шәмшiнi жиi көрiп, сәлемдесiп жүретiнбiз. Кiмге келiп, кiммен сөйлесетiнi есте жоқ. Ол кезде Мұзафар Әлiмбаев, Әнуарбек Дүйсембин, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Қосжан Мүсiрепов, Нұрқан Жанаев, Бек Тоғысбаевтай ақын-жазушылардың бәрi осында iстейдi, бәлкiм, Сапарға келетiн бе едi, кiм бiлсiн. Айтқандай, «Қазақстан пионерi» газетiнде мамандығы музыкатанушы, кiмге болса да қайырымы мол, кейiн Қазақ радиосы, баспаларда жауапты қызметтер атқарған Зәмзәмшәрiп Тарғақов деген аса сауатты, зиялы адам iстеушi едi, бәлкiм, ақыл-кеңес алу үшiн соған келетiн болуы да ғажап емес болса керек. Мол денелi, көп сөзi жоқ, жымиып қана күлiп отыратын жалпақ бет, қасқа бас, өзгелерден жасы едәуiр үлкендеу Зәмзәмшәрiптiң әлемдiк музыка тарихынан әңгiме айтып, классикалық туындыларды пианинода ойнайтынына сан рет куә болып, мұндай адамның нелiктен газетте iстейтiнiне онша түсiнбейтiнбiз. Газетке әзiрлейтiн мақалалардағы әлдебiр түйткiлдер жөнiнде сол кiсiден ақыл-кеңес сұрайтынбыз.

Бүгiнде ойлап отырсақ, ол шақтағы адамдар шетiнен елгезек, мейiрiмдi, ешкiмдi жатсынбай, бауырға тарта жөнелетiн кiсiлiктi жандар едi-ау. Eз басым мұны «Лениншiл жас» газетiне қызметке тұрған бойда редактор Абай Бейсембаевтан бастап, орынбасары Сапар Байжанов, жауапты хатшы Кәкiмжан Қазыбаев, бөлiм меңгерушiлерi – Бекмырза Баймаханов, Бүркiт Ысқақов, Әбсаттар Бөлдекбаев, Сейдахмет Бердiқұловтай үлкен-кiшi атшы- қосшылардың бәрiнен байқап, сезiнiп, жылы сөздерiне семiрiп, әрi шыны керек, таңданып та жүрдiм. Редакцияларға сырттан келiп- кетушiлер аз емес қой. Солардың бiрi – Шәмшiнiң өзiн мейлiнше байсалды ұстап, ақырын жүрiп, анық басатыны да есте. Бiз онымен солайша (елеусiздеу) таныс-бiлiс болған едiк. Әйтсе де…

1963 жылы қараша айының соңғы күндерiнде Сарыағаш ауданының жұртшылығымен кездесуге келгенде (онда мен сондағы аудандық газетте iстейтiнмiн) ол екеумiз бiр-бiрiмiзбен ескi таныстардай шұрқыраса көрiсiп, мәз-мейрам болыстық («Көрiнбей кетiп ең, осында екенсiң ғой» дегенi құлақта). Ал, оның бұл келуiнiң өзiндiк мән-жайы барынан Шәмшi ауданға келмей жатып, күнiлгерi хабардар болатынбыз. Қысқаша айтсақ, Шәмшiнi консерваторияға екi рет қайта қабылдатып, қамқорлық жасаған сол шақтағы Қазақстан комсомолының жетекшiсi Eзбекәлi Жәнiбековтiң тапсыруымен қолға алынған шара болатын. Шәкеңнiң қасында облыстық комсомол комитетi мен Мәдениет бөлiмiнен бiр-бiрден өкiлi бар. Әрине, аудан төбеге көтерiп қарсы алды. Екi күн қатарынан өткен кездесуде халық көп болды. Қазақта әңгiме-дүкен, сұрақ-жауап, қалықтаған әсем ән, күй, Майлықожа ұрпақтары айтқан жыр, терме, көл-көсiр қонақтық…

Қолдан-қолға тимеген Шәмшiнi қонақ ету кезегi Төлеген Айбергеновке жетiп, оған да бiраз жұрт қатысты (аупартком хатшысы, комсомол жетекшiсi, өнер өкiлдерi). Қарақалпақстаннан Сарыағашқа қоныс аударғанына әлi бiр жыл болмаған Төлеген ол тұста кешкi орта мектепте директор әрi аудандық мәдениет университетiнiң штаттан тыс директоры болатын. Әдеби, мәдени шаралар қызу өтiп жатады.

Төлегеннiң үйiнде Шәмшi алғашында қатты қажып, шаршағаннан ба, сөзге онша араласпай, томаға-тұйық, көңiлсiздеу отырды. Жұрттың таусылмайтын сұрағына бiрер ауыз бiрдеңе деп қайыра салады. «Ау, Шәке! Шақырып келтiре алмайтын елдiң еркесi, ардақты қонақсыз. Оның үстiне, жерлесiмiзсiз, мен де сол сiз туып-өскен мекеннен онша алыс емес ауылдың жiгiтiмiн. Былай қабағыңызды ашып, бiр-екi ән салып берсеңiз қайтедi?» – дедi аудандық парткомның бюро мүшесi, комсомолдың бiрiншi хатшысы, Төлегенге келген бойдан қамқорлығын аямай жүретiн Бексұлтан Есқараев.

Оған жалт қараған Шәмшi еңсесiн тiктеп (өзiмен бiрге ала келген), мондалинге қол созды да: «Әрине, – дедi қуақылана жымиып. – Қазiр…

«Қорланды» айтайын». «Қорлан». Шәмшi солай дедi. Ал, көпшiлiктiң күтенiнi – оның өз әндерi. Бiрақ, Шәмшi клубта да, басқа жерлерде де өз әндерiнiң бiрiн де айтқан жоқ. «Менде жөндi дауыс жоқ, бiрақ, амалсыздан тек Роза мен Бибiгүлге ғана айтамын, мүлт кетпесiн деп. Олар нотадан үйренедi ғой… Сонда да…

– Ал, онда тыңдайық!

– Бастаңыз, Шәке!

Шәмшi ән бастады. «Қорлан». Сәл қарлығыңқы дауыспен. Нақышымен, бабымен. Тебiренiп-толғанып, ғаламат сезiм-әсерiмен. Бұл менiң Шәмшiнiң орындауында «Қорланды» бiрiншi әрi соңғы тыңдауым едi. Одан кейiнгi ұзақ жылдарда ондай нәсiп бұйырмады. «Ұша бiлген қанатқа дүние кең» дегендей, Шәкең ойда жүрдi, қырда жүрдi, Алматыға жол түскенде редакцияға соғып жүрдi. Жаңа жазған әндерiн (кейбiрiн) журналда жариялағанды қалайтын (дедiк қой). Бас редакторға кiре ме, жоқ па, қайдам, әндерiн маған көрсететiн. «Сыған серенадасын» әкелгенi жайлы жоғарыда айтылды.

– Осы ән маған «Қорланның» деңгейiне жеткен сияқты көрiнедi, – дедi аман-саулықтан соң бiрден.

– Кiм бiлсiн, өзiм солай шамалаймын. «Қорланда» да, мұнда да жетi такт. Одан арыға баруға болмайды. Әуезi өзiме ұнайды. Тыңдағанда байқарсың.

Кейбiр композиторлар әндерiн әкелгенде қызды-қыздымен даусы қалай болса, олай болсын, шырқап та жiберетiн. Шәмшi өйткен жоқ. Мен де қолқалағаным жоқ. Шәмшiнiң «Қорлан» шамалас болса деп көп армандаған әнi – бүгiнде алты Алашқа мәлiм «Сыған серенадасы», бiздiңше, ән төресiө Сiз өзiңiз бiлесiз…

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *