Оразада «ет жемейік»

Пайғамбарымыз бір күні сахаба­ларына ораза ұстауды бұйырып, артынша былай деп қатаң ескерту жасады:

– Мен рұқсат етпейінше, кешке ешкім ауыз ашпасын!

Елдің бәрі жаппай ауыз бекітіп, ораза ұстады. Кеш түскенде жеке-жеке келіп, ауыз ашуға рұқсат алып жатты. Дәл осы тұста бір кісі жақындап келіп:

– Уа, Алланың ардақты Елшісі! Екі қызым да күні бойы ораза тұтқан еді. Ұялғандықтан өздері келіп сізден рұқсат сұрай алмады. Рұқсат етсеңіз, оразаларын аяқтап, ауыздарын ашса жақсы болар еді, – деп өтініш білдірді.

Алайда, Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған рұқсат бермеді. Әлгі кісі тағы екі рет келіп рұқсат сұрайды. Үшінші рет келгенде пайғамбарымыз (с.а.с.):

– Өкінішке қарай, олар бүгін ораза ұстаған жоқ… Күні бойы «кісі етін жеген» (әркімнің сыртынан өсек айтып, ғайбат сөйлеген) адам қайтіп ораза ұстасын?! Бар да оларға айт: егер ниет етіп ораза ұстағандары рас болса, дереу құсып, асқазанындағының бәрін шығарсын, – деді.

Әлгі кісі қыздарына пайғамбары­мыздың (с.а.с.) айтқандарын айна-қатесіз жеткізді. Олар оның бұйрығын дереу орындап, өздерін күштегенде кесек-кесек қан құсты. Әлгі кісі келіп бұл жайды пайғамбарымызға айтқанда, ол:

– Құдіреті күшті Алла Тағалаға ант етейін, егер олар әлгі ұйыған қанды құсып тастамай, асқазанда сол күйі қалып кеткенде, Тозақ отына отын болар еді, – деді. Худжрат сүресінің 12-аятында: «Біреуді біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген туысының етін жеуді жақсы көре ме? Әрине, одан жиіркенесіңдер!» деген нақты дәлелдер бар. Сол үшін Расулул­лаһ ғайбат еткен адамға «Тәубе ет, бауырыңның етін жедің» деп бұйыратын.

Иә, тек тамаққа ғана емес, тілге де, көзге де, аяққа да, қолға да ораза болса, сонда ғана ол нағыз ораза болмақ.

 

Жеті шелпек тарату дұрыс па?

Жеті шелпек пісіріп, оны тарату дұрыс па? Шариғатта ол бар ма?

МЕРУЕРТ.

 

«Жеті шелпек пісіру» үрдісінің қазақ дәстүріне қайдан қалыптасқаны, қандай нанымнан туындағаны жайлы айтылған нақты дерек кездестірмедік. Бірақ біздің түсінігімізше, жеті шелпек тарату үрді­сі­нің астарында – әруақтың атынан елге тамақ беріп, сауабын өліге бағыштау түсі­нігі жатыр. Осы тұрғыдан қарағанда оның шариғатқа терістігі жоқ. Себебі, жасалған жақсы амалдың сауабын өлген кісіге бағыштау – шариғатымызда да бар. Енді оны неге жеті деген? Сандардың арасында «7» санының ерекше таңдалып алынуы бекер емес (жеті шелпек). Өйткені, діні­мізде жеті санымен байланыса айтылған үкімдер көп. Мысалы, иманның жеті шарты, жеті рет қағбаны тауаф ету, ит жалаған жерді жеті рет жуу. Шелпектің «жеті» санымен байланыстырылуының мәні де осында жатса керек.

Қалай болғанда да, жеті шелпекті тарату үрдісін дінге теріс деу немесе ширкке алып барар жол деу қиын. Неге десеңіз, жеті шелпек таратқан адам әруақтан медет тілеп емес, о дүниедегі өлген кісіге сауабы және пайдасы тисін деп таратады. Оның үстіне, қазіргі кезде шелпек қазақтың ұлттық тағамының бірі ретінде қалыптасқан.

 

Діни бірлестіктер бас қосты

 

Осы аптада қалалық Қоғамдық даму басқармасының басшысы Әлібек Әлденейдің төрағалығымен қалалық діни бірлестіктер жетекшілері клубының отырысы өтті. 

Іс-шара клубтың 2 жылдық көлемінде атқарылған жұмыс нәтижесін қорытындылауға арналды.

Алқалы жиында Алматы қалалық Орталық мешітінің наиб имамы Руслан Қайыргелді «Исламдық дінаралық татулық» тақырыбында баяндама оқыды. Клуб Алматы қаласының Қоғамдық даму басқармасының жанындағы еркін консультативтік-кеңестік орган болып табылады.

Клуб қызметі дін саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға, азаматтардың діни сенім бостандығы мен құқықтарын қамтамасыз ету саласында ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеуге, рухани және конфессияаралық келісімді нығайту мен қаланың түрлі діни бірлестіктері арасындағы қажетті ұйымдастырушылық, консультациялық және басқа да көмек көрсетуге бағытталған.

Әсел ДАҒЖАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *