Ораза «жасарып» келеді

Мен жастарға: «Ал­дарыңда таудай талап тұр. Өмір заңғарлары

үнемі биік­ке шығарады. Оған жету үшін талмай ізденіңдер?»

дер едім. Жастарға тоғы­шар­лық, бойкүйездік дерті­нен аулақ, сергек,

сезімтал болған жарасады.

 

Ғабит МҮСІРЕПОВ.

 

***

 

 

Жиырма жас тарихи ерліктер жасайтын жас. Осыған әрқашан  да әзір болу керек.

 

Бауыржан МОМЫШҰЛЫ.

 

***

 

Қазірде көпшіліктің пікіріне құлақ ассақ, «ораза жасарып келеді» дегенді көп еститін болдық. Ол қалай? Шындығында, оразада жас болмайды, тек оны ораза ұстаушы­лардың жасымен бағаласа керек. Бүгінде, расында ауыз бекітушілер­дің басым бөлігін жастар құрайды. Мешітке баратын жама­ғаттың да, намаз оқитындардың да көпшілігі жастар.

 Оразаның исламдағы бес парыздың бірі екенін ескерсек, оны жастардың ерте түсі­ніп, оған ерте мойынсұнғанын тек қолдау ғана керектей. Өйткені, жастайынан дініне берік болған адам, өзіне де берік, кез-кел­ген әрекетіне сенімді бола алады. Бұл ретте адамның елге, жерге, Отанға деген көзқара­сы да тұрақты, адалдығы мәңгілік болады.

Биыл, тіпті, ауызды 5-6 жасар балалар­дың да бекіткенін естіп, қуанып қалдық. «Бала ғой, олар ораза ұстауды қайдан біл­сін» деп жатқандарды да естиміз. Десе де, мәселе баланың оразаны қалай ұстауын­да емес, ниетінде, қалауында, оның мұсыл­мандық парыз екенін түсінуінде болса керек. Осы ретте дін қызметкерлері барлық мұсылман қауымына балиғат жасына толғаннан бастап ораза ұстау – парыз екенін айтады.

Балиғат жасы ер балаларға 12 жас болса, қыз балаларға 9 жас болып есептеледі екен. Ал балалар осы көрсетілген жастан ертерек ораза ұстауға ниеттенсе, онда 30 күн бойына күн ұзаққа емес, үйрету мақсатында ертерек аузын аштырып немесе басқа да жеңілдіктермен оларды оразаға үйрету мақсатында жасауға болатын көрінеді.

Бір күн ораза ұстатып, бір күн демалдырып немесе балаларға түске шейін ғана ауыз бекіттіру де оларды 30 күн оразаға дайындаса керек. Мұның бәрі баланың балиғат жасына толғанға дейінгі дайын­дығы болып есептеледі. Ал кішкен­тай бала қиналатын болса, мүлдем ұстат­паған дұрыс екен. Жалпы, жастайынан жауапкершілікті сезініп, дінге құрмет көрсете білген жастардың болашағы жар­қын болары сөзсіз. Ал дәрігерлер психоло­гиялық тұрғыдан сана-сезіміне қоса, физикалық тұрғыдан әлі дене мүшелері толық жетіліп болмаған баланың ораза ұстауын қолда­майды. Енді жетіліп келе жатқан баланың организмі ұдайы түрлі дәрумен­дермен қатар, құнарлы тағамдарды ішіп-жеуді қажет етеді. Сон­дықтан дәрігерлер оразаға ниеттену­ші­лердің 14-15 жастан бастап ораза ұстауын жөн санайды. Өйткені, ораза ұстаған жағдайда ас қорыту жүйесінің жұмысымен қатар, ішкі мүшелерінің қызметі де бұзылуы ықтимал. Дегенмен, мұндай шектеулер тек балаларға ғана қойылады. Дәрігерлер ересектерге созыл­малы ауруы болмаса, ораза ұстаудан келетін зиянның жоқтығын айтады. Керісінше, ол асқазан жұмысын реттеп, организмге көмек қолын созады.

ҰБТ-ға дайындалып, сессия тапсырып, пәтер жағалап жүріп, бір күн ыстық тамақ ішсе, келесі күні ішпей ораза ұстап жүр­гендер де бар. Олардың көпшілігі күні бойы аш жүріп, кешкісін ауызашар уақыт­та асқазанын қолына түскенді жеумен алдап қойып, барға қанағат етеді. Десе де, ниеті түзу, ойы таза пендеге жәрдемін берер Жаратушы оларды да жолда қалдыр­май, оразаға ілестіріп алып келеді. Мұндайлардың көпшілігі оқып, жұмыс істеп, үйінен жырақта жүрген жастар.

Күні кеше автобуста отырып, аузын ашып отырған жас жігітті көрдім. Суын ішіп болып, артынша сөмкесінен анау-мынауын шығарып, жеп отыр. Арасында ұялы телефоны шырылдап еді, оған да жауап берді. Әңгімесінен түсінгенім, студент екен. Пәтер жалдап тұрады. Күндіз оқуда, кешкісін бір жерде күзетте жұмыс істейтін көрінеді. Бұл жұмысқа бара жатқан беті екен. «Үйде отырып, дастархан басында көппен ауыз ашқанға не жетсін? Бірақ ораза ұстадым деп міндетсінуге, аяқты көтеріп жатып алуға болмайды ғой. Сол үшін кейде осылай ауыз ашуға тура келеді» деп жымиды. Дұрыс. Расында, жас болсын, кәрі болсын, ауыз бекіткен адам онысын ешкімге міндетсінбеуі қажет. Ауызашар асын, сәресін дайындап берер адам болса, ол оның сауабын алады, ал басқа кезде әрекетті әркім өзі үшін жасауы керек. Себебі, біреудің ұстаған оразасы екінші біреуге сауап болып жазылмайды.

 Қазірде ауызашар асқа барсаңыз да, мешітке кірсеңіз де ондағылардың 95 пайызға жуығын жастар құрайды. Дін қызметкерлері, оған қуану керектігін айтады. Жастайынан жауапкершілікті алып, дінге құрмет көрсете білген адамның келешегінің де бұлыңғыр болмасы анық.

Сондай-ақ, ораза тек ішіп-жеуге ғана емес, ғайбат сөзді сөйлемей, ауыз оразасын жасауға, түрлі өсек-аяңдарды естімей, құлақ оразасын, күнәлі нәрселерге қара­май, көз оразасын жасауға ниеттендіреді. Бұл жасқа болсын, кәріге болсын, үлкен тәрбие. 30 күн бойы өзін осындай нәрсе­лерден тыйған адам, одан кейін де соған дағдыланып, жаманға қарамай, жақсыға жуып, түзу жолда жүретін секілді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *