Ораза – адам ағзасы үшін таптырмас шипа

Ораза ішек ауруларына, іш қатуға, кейбір тері ауруларының жақсаруына көмектеседі. Ораза ұстаған адамның ішкі мүшелеріне жиналатын майларды ерітіп, метоболизмды жандандырады. Бүйрек, бауыр, қуық, су­самыр (қант диабеты), жүрек пен тамыр ауруларына қарсы төзімділікті арттырады. Ол үшін сәресі мен ауызашар уақытында тым көп ас жемеу керек. Оразаның пайдасы туралы доктор Алекс Каррел былай дейді: «Тамақ ішпеу әуелі аштықты ұғындырады. Алайда, ең маңыздысы – бауырдағы шекер­лерді, тері астындағы май қыртыстарын, бұлшық ет, без, көк бауыр жасушаларындағы протеин­дердің қимылын арттырады. Міне, осы­лайша ораза жасушаларымызды тазалап, өзгертіп отырады». 

Ораза кезінде күндізгі уақыттарда қандағы холестерин деңгейі төмендейді. Тамырдың жақтауларында бірігіп қалған ескі холестерин қалдықтары бірте-бірте қан айналымына араласып, қаттылығын жоғал­тады. Осыдан барып ең бір қорқынышты ауру «артериосклероз» (жүректің қысылуы және сал болу себептері (ораза мен дәреттің ортақ әсерімен) жойылады.

Жүрекке кері әсер ететін үш фактор бар: тамырдың қаттылығы, жүйкенің шаршауы және асқазанға ылғи да қысым түсетіндігі. Ораза ұстаған адам осының үшеуінен де зиян шекпейді.

Шамадан көп ас ішкен кезде денедегі бүкіл мүшелермен қатар, жүрек те шаршай бастайды. Бұндай жағдайда қан ми мен орталық жүйке жүйесінің жасушаларына толықтай жете алмайды. Жүрек мамандары көп тамақтану мен жүрек талмасы арасында байланыс барын айтуда. Батыс Германияның Нордхейм Вестфален қаласындағы Рак аурулары институтының маманы профессор Дж.Л.Паул арнайы зерттеу нәтижесінде оразаның рак ауруынан сақтайтындығын жариялады. Профессор Требтің медицина әлемінде айтулы бағаға ие мәліметіне сүйенсек, ораза ұстаған адамдағы «адреналин және кортизол» гормондары көп мөлшерде қанға арала­сады. Дененің ең кіші жасу­шаларының азайып-көбеюін қамта­масыз ететін бұл гормондар жасушалардың рак ауруына шалдықпауын қамтамасыз етеді.  Ораза дененің бүкіл жүйелеріне әсер етіп, денсаулықты нығайтатын қасиетке ие.

Алайда, тек денсаулықты жақсарту ниетімен ораза ұстау дұрыс емес. Ораза ұстаудағы басты ниет – Алланың әмірін орындау болуы керек. Орзаларыңыз қабыл болсын! www.muslіm.kz

 

Бүгінгі дұға:

Уа, Алла Тағалам! Жүрегімді өзіңнен жеткен қуанышпен толтыр, тілімді өзіңді еске алумен тазарт, дене мүшелерімді өзіңнің жақсы көрген және ұнатқан істеріңде қолдануды нәсіп еткейсің. (Жүнәйд-и Бағдади)

 

Бүгінгі хадис:   

Әнәс (р.а.)

Сағд Ибн Убаданың үйіне қонаққа барған пайғамбарымызға (с.а.с.) Сағд ерекше құрмет көрсетіп, дастарханға нан мен зәйтүн майын қояды. Алла елшісі дастархандағы дәмнен ауыз тиіп: «Үйлеріңде ораза ұстағандар ауыз ашсын. Дастархандарыңнан әрдайым салиқалы, тақуа жандар дәм татсын. (Ораза ұстаған адамға ауызашар беру, салиқалы жандарды тамақтандыру аса сауапты іс). Періштелер сендер үшін Алладан рахым, жарылқау тілеп дұға жасасын», – деп бата берді деген.

Алланың көркем есімдерімен дұға жасаңыз

Әл-Уаққаб (Сый беруші )

«Әлде оларда Даңқты әрі Сый беруші Раббыңның мейірім қазыналары бар ма еді?» («Сад» сүресі, 9-аят).

Кедейліктің тауқыметін тартқан пенде үшін осы есімді көп қайталағанның пайдасы зор. Болмаса сәске (бесін) намазының соңғы сәждесінде жатқанда 40 рет қайталаса жақсы. Ондай адамды Алла Тағала, иншалла, таршылықтан құтқарады. Ал қандай да бір дұғаның, тілектің қабыл болуын қалаған жан үшін осы көркем есімді тілегін айтқан соң 7 мәрте қайталағаны немесе үйінде, не мешітте 3 мәрте сәжде жасап, сосын екі қолын көтеріп, осы көркем есімді 100 мәрте қайталау ұсынылады. Сонда Алла қаласа тілегі қабыл болады.

Мұқтаж кісі, тұтқынға түскен адам немесе өз-өзін қамтамасыз ете алмай, дәрменсіз болған жан осы көркем есімді 3 не 7 түн бойы түн ортасында екі рәкағат нәпіл намаз оқып, сосын осы көркем есімді 100 мәрте қайталайтын болса, иншалла, Жаратушы Алла оны мұқтаждықтан, тұтқыннан құтқарады.

 

Ар-Раззақ (Ризықтандырушы)

«Шындығында, Алла – Ризықтандырушы, күш-қуаттың Иесі, Мығым» («Зәрият» сүресі, 58-аят).

Бұл көркем есімді таң намазынан кейін 10 рет қайталап, үйдің төрт бұрышына үрлесе, Алла қаласа оған ризықтың есігін айқара ашады. Ал осы есімді көп қайталауды әдетке айналдырған жанға Алла Тағала жеткілікті несібе  береді.

 

Укол салдырсам, оразам бұзыла ма?

Шариғат бойынша табиғи жолдар (ауыз, мұрын, тік ішек) арқылы ішке кірген нәрсе оразаны бұзады. Ал дене арқылы кірген нәрсе оразаны бұзбайды. Терідегі ұсақ тесіктер арқылы май секілді заттың ішке кіруі оразаны бұзбайды деген пәтуа дәлел.

Қазіргі заман ғалымдары укол арқылы салынатын дәрілерді ас-су сияқты денеге азық, қуат болатын және емделу үшін (денеге қуат, азық болмайтын) деп екіге бөліп қарастырады. Тері астына және бұлшық етке емделу үшін (денеге қуат, азық болмайтын) укол салса, ауыз ашылмайды. Бірақ көк тамырға укол салу (қан құюдан басқа) мәселесінде ғалымдардың көзқарастары бірдей емес. Көп ғалымдар тамырға салынатын укол денеге қуат, азық болмаса, ораза бұзылмайды дейді. Осыған орай, емделу және аурудың алдын алу мақсатында денеге (тері астына, бұлшық етке, жамбасқа, көк тамырға) ине шаншып, ішке ас-судың орнын баспайтын пенициллин, инсулин, екпе, дененің белсенділігін арттыратын, ауырсынуды басатын, денені мұздататын, дене қызуын кемітетін дәрілер мен дәрумендерді қолдану оразаны бұзбайды. Сондықтан ораза тұтатын адам алдымен дәрігерден уколдың қандай дәрі екенін сұрап білуі керек. Алайда, ораза кезінде укол салу қатты қажет болмаса, оны ауыз ашқаннан кейін немесе рамазан айынан тыс күндерге қалдырған абзал.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *