Оразаға дейін жасалуы тиіс 10 амал

Он екі айдың сұлтаны, қасиетті Рамазан айына санаулы күн қалды. Ендеше, дайындығымыз бен жоспарымызды бастайық.

 

Рамазан жайлы көп оқу

Рамазан айы жайлы білім алу «оразаны не бұзады?», «ораза ұстамай-ақ қойсам бола ма?», «Рамазан айында не істеу керек?» деген секілді сұрақтарыңызға жауап береді. Рамазан айы жайлы көп білген сайын сол біліміңізді амалға асыруға тырысасыз.

Рамазан айына жоспар жасау

Рамазан айы жөніндегі біліміңізге сүйене отырып, жоспар жасаңыз. Күнімізді қалай өткіземіз, Құранды қай уақытта оқимыз, ауызашар қашан береміз деген секілді осы айда атқаратын істеріңіздің бәрін тізіп жазыңыз. Тіпті, жаман әдеттен арылып, жақсы қасиетті әдетке айналдырмақ болып жүрсеңіз, оны да жазыңыз. Мақсатыңыз айқын әрі анық болуы қажет, егер сіз өзгеруді осы айда қолға алып, Рамазан келгенде сол қалыпты сақтап қалсаңыз, тіптен жақсы. Ертеңгі күнді ұйқыға жатпас бұрын жоспарлаған жөн.

Құран оқуға жоспар құру  

Рамазан – Құран айы. Бұл айда Құранды бастан-аяқ кемінде бір мәрте оқып шыққан дұрыс. Ол үшін әр намаздан соң Құран оқып отыру керек. Егер солай жасар болсақ, әр намаздан соң 41 аят оқып, бір айда Құранды толық хатым етіп бітіреді екенбіз. Рамазан айында Құран оқудан рахат алу үшін қасиетті кітапты қазірден бастап оқуды қолға алған жөн. Ардақты пайғамбарымыз (с.а.с) «Құраннан бір әріп оқығанға бір жақсылық бар, ол он есе жақсылық болып жазылады. Мен әлиф, ләм, мим – бір әріп демеймін. Әлиф – бір әріп, ләм – бір әріп, мим – бір әріп деп айтамын», – деген.

 Сүре жаттау

Рамазан айындағы ең жақсы уақыт – тарауық намазы. Тарауық намазын мешітте оқуға мүмкіндік болса, өте жақсы. Болмаса, тарауық намазын үйде, отбасыңызбен оқыған абзал. Әрбір ракағатта бір сүрені қайталай бергеннен гөрі қазірден бастап сүре жаттай берген абзал. Ал Рамазан айында жатталған сүрелерді қайталауға үлкен мүмкіншілік табасыз.

Ораза ұстауды бастау

Көреген адамдар кез-келген қиындыққа алдын-ала дайындық жасайды. Спорт шеберлері ауыр жаттығу жасар алдында денесін қыздыратын арнайы жаттығулар жасайды. Әйтпесе, бұлшық еттерге шамадан тыс күш түсер болса, сіңірлер зақымдануы мүмкін. Рамазан айында дайындық жасау да сол секілді. Бірден ұзақ уақыт бойы нәр татпай жүрсе, ағзада үлкен өзгерістердің орын алуына әкеліп соғуы ықтимал. Сондықтан ардақты пайғамбарымыз (с.а.с) Шағбан айында жиі ораза тұтып, физикалық әрі моралдық дайындық жасаған.

Ас мәзірін әзірлеп қою

Отбасыңызбен бірге ас мәзірін құрып қойған артық етпесі анық. Тұзды, майлы, қуырылған және газдалған өнімдерді мүлде алып тастаңыз. Рамазан айында ішетін асымыз сіңімді әрі жеңіл болғаны дұрыс. Рамазан басталмас бұрын қажетті әрі пайдалы өнімдерді әкеліп қойыңыз. Мүмкіндік болса уақытыңызды бөліп, тұшпара, мәнті секілді жартылай дайын өнімдерді жасап алыңыз. Рамазан құлшылық айы болғандықтан, уақытты үнемдеудің түрлі жолдарын пайдаланған тиімді болмақ.

Үнемі дұғада жүру  

Үнемі дұғада болып, Алла Тағаладан сұрауды әдетке айналдырыңыз. «Уа, Раббым! Біздерді аман-есен Рамазанға жеткізе көр» деп айтып жүріңіз. Мұсылман адам Рамазан айына есен-аман, рухани әрі физикалық тұрғыда дайын болған халде кіргені жақсы.

Қаза болған ораза болса, өтеу

Осы жылы ұстайтын оразамыз берекелі болсын десек, Рамазан айына кірместен, өткен жылдағы қаза болған ораза күндерін толықтырған абзал.

Сонымен қатар, ақшалай қарыздарыңыз болса да, қайтарыңыз. Рамазан айын таза әрі жақсы көңіл-күймен қарсы алыңыз.

Алаңдатуы мүмкін істі аяқтап қою

Рамазан айын құлшылықпен өткізу үшін аяқсыз алған жұмыстарыңыз болса, аяқтап тастаған дұрыс. Өзге елге қоныс аударуды жоспарлап жүрсеңіз, көші-қонды қазірден бастап әзірлеген абзал. Сауда-саттық жоспарда болса, оны да, тіс дәрігеріне баруды ойлаған болсаңыз, оны да қазірден бастап қолға алған жақсырақ. Егер студент болсаңыз, Рамазан айындағы келе жатқан емтиханға қазірден бастап дайындалыңыз.

Тазалық – иманның жартысы

Үйіңізді Рамазан айына дайындап, толықтай тазалық жүргізіңіз. Киілмейтін қалың киімдерді жуып, оларды таса жерге жинаңыз. Сонымен қатар, Рамазан айының алдында толықтай ғұсыл алыңыз. Осылайша он екі айдың сұлтаны болған Рамазанды таза көңілмен, салауатты тәнмен әрі ақ ниетпен қарсы алайық. Алла Тағала сіздерден де, біздерден де ниетімізді қабыл алғай! Әмин. Мәліметтер www.muftyat.kz сайтынан алынды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *