Қорқыт бабаның өршіл рухы сахнадан көрініс тапты

3692М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында ақын, драматург Иран-Ғайыптың «Қорқыт­тың көрі» қойылымы көрсетіліп жатыр. Спектакльдің режиссері – Литва режиссері Йонас Вайткус. Литва еліндегі орыс драма театрының көркемдік жетекшісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Йонас Вайткустың бұл Қазақстандағы алғашқы қойылымы емес. Өткен күзде Астанадағы Максим Горький атын­дағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында 2011 жылы Мәскеудің Домодедова әуежайындағы жарылыстан қаза болған талантты драматург Анна Яблонскаяның «Язычники» спекталін сахналаған болатын.

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Драматург Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» пьесасы Йонас Вайткусты ұлттық мәдениет құнды­лықтарының бай бояуымен, дәстүр-салт, әдет-ғұрып, ата мұрасының ұрпақтан-ұрпаққа жалғастық табуымен қызықтырса керек. Режиссер танымы бойынша қазақ өнері өзге халықтар мәдениетімен өзектес дамып, өзіндік ерекшеліктерімен дараланып тұрады. Тарихы ертеден бастау алатын қазақ халқының мәдениеті, оның ішінде, ІХ ғасырда ғұмыр кешкен қоңыр қобыздың атасы саналатын Қорқыт баба өнері Балтық жағалауы халықтарына да кең тараған.

– Біздің елімізде жергілікті халықтың көне тарихына қатысты пъесалар да жиі сахналанып жүр. Оларда көрерменді көне тарихпен байланыстыратын, халықтық құндылықтар – байырғы жырлар мен әндерден үзінділер көп қолданылады. Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» пъесасында да осы елдің өткен тарихына қатысты көріністер, халықтық құндылықтар кеңінен қамтылған. Қорқыт ата – теңдесі жоқ өнер иесі болумен қатар, емші, ақын және ұлы ойшыл да. Қойылым басты кейіпкер өмірінің соңғы сәтін, атақ-даңқы жер дүниеге тараған шарықтау шегін ала отырып, жұмырбасты пенденің мақсат-мүддесінің шегі жоқ екенін көрсетуге тырыстық. Қорқыт баба жарық дүниеден қол үзіп кете алмай аласұрып жүріп, жазмыштың үкімімен шыққан биігінен төмен құлдырайды. Ақ киім киіп, аппақ қудай сақал қойып, қара қобызын зарлатқан Қорқыт баба небәрі 42 жасында бақилық ғұмырына аттанып кетеді. Қойылым авторы Иран-Ғайып пъесасы қысқа ғұмыр кешкен Абыз атаның басталған мәңгілік ғұмыры қобыз шанағынан тараған күйлерімен кейінгі ұрпаққа тарап жатқанын меңзейді. Қорқыт бабаның арман-мақсаты мәңгілік, күй мұрасы арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жатыр, – дейді қоюшы режиссер Йонас Вайкус.

«Қорқыттың көрі» қойылымындағы басты рөлде жас та болса танымал актер Азамат Сатыбалды ойнайды. Көшпенді халықтың жадағай өмірі, ауыр тұрмысы, Қорқыт бабаның басынан өткерген қиын кезеңдері, ішкі толқыныс, күйзелістерін нанымды келтіруде Азаматтың көп тер төгіп, еңбектенгенін байқауға болады. М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында бұрын да тарихи қойылымдарда басты кейіпкерлерді сомдап жүрген Азамат Сатыбалды бұл жауапты рөлді де үлкен жауапкершілікпен атқарып шыққан деп айтуға болады.

Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» қойылымын сахналардан бұрын литвалық режиссер Йонас Вайткус түркі халықтарының өмірі мен тұрмысын зерттеу мақсатында талай елдерде болып, оның ішінде Қорқыт ата ғұмыры мен шығармашылығына қатысты көптеген тарихи мұралармен танысып, өзін үлкен жауапты міндетке дайындаған екен. Қалай дегенде де театр көрермендері Қорқыт өмірінің ұлылығын айшық­таған жаңашыл әсері мол қойылымының куәсі болды деуімізге толық негіз бар.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close