Оның қуыршақтарының бәрі мейірімді

Нұржамал ӘЛІШЕВА

 

Түрлі ойыншықтар, нақтырақ айтсақ, мультфильм кейіпкерлерін тоқып, оларға «жан» бітіретін Анар Лепесовамен Алматыдағы Бостандық ауданына қарасты жалғызілікті қарттар тұрып жатқан «Әлеуметтік үйде», Жеңіс күні құрметіне арналған мерекелік жиында таныстық. Ол мұнда қалалық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Әлеуметтік үйдің» директоры Анар Оспанованың шақыртуымен келіпті.

Анар Лепесова осынау мерекелік жиында тегін шеберлік сабағын өткізді. Оның өнерін үйренуге ойын баласы да, уақыты көп зейнеткер де ынталы. Бүгінгі таңда Анар 28 адамға сүйкімді ойыншықтарды қалай тоқудың әдіс-тәсілдерін тегін үйретіп жүр.

Анар кезінде шаһардағы О.Таңсықбаев атындағы қолданбалы өнер және көр­кемсурет колледжінің дизайнер маманды­ғына оқуға түскен. Бірақ денсаулығына байланысты оны тастауға мәжбүр болған.

Қолға алған ісін көзін жұмып отырып-ақ тоқи беретін ерекше қыз сатылған ойыншықтарынан түскен қаражатты дәрі-дәрмегіне жұмсайды.

Бала күнінен «Балдырған» журналын оқып өсті. Әкесі Сайлау Лепесов – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан. Қарапайым еңбек адамы. Қалам-қағазға жақын жан, көп жазады. Кішкентай Анардың қолына бала күнінде-ақ «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш» газеттерін оқы деп ұстатып қоятын да осы кісі болатын.

Анардың тілекшісі, тірегі – отбасы. Ата-анасы мен Әпкелері оны мақтан тұтады. «Шұқшиып көп отыра берме, шаршайсың ғой» деп үнемі жанашырлық танытып жүретін де осы аяулы жандар.

 

***

2016 жылдың жазында 15 үміткер (ішінде Анар Лепесова да бар) «Даму» қорының грантына қатысты. Содан бес адам суырылып шығып (арасында тағы да осы Анар бар), үш миллион теңгеден ұтып алады. Сол қаражатқа Анар замандасымыз шағын шеберханасын ашып, «Анардың ойыншықтары» деген атпен жеке кәсіпкер­лігін бастап та кетті. Бірақ сол шеберха­насы қаладан алыстау болып тұр, сондық­тан үйренуші-оқушылар да келе алмайды. Бүгінде шеберханасын қала ортасына көшіруді ойластырып жүр. Ол кезде мүм­кіндігі шектеулі қыздың өз ойыншықтарын тарату да біршама жеңілдер еді.

Былтырғы жылы Тұңғыш Президент мұражайында ең алғашқы көрмесін өткізді. Оған 30 ойыншық шығарды. 26 ойыншық түске дейін өтіп кетті.

Көрмеге дайындалуға екі-үш ай уақы­тын жұмсады. Одан да көп ойыншық тоқуы­на болатын еді. Тек арасында үзілістер болып, ауруханаға жатып қалған кездері болмағанда.

Сиқырлы саусақтарынан шыққан ойыншықтарын балалар үйлеріне, дімкәс өрендер емделіп жатқан мекемелерге тегін сыйлайтын мәрттігі де бар.

 

***

Жалпы, ол тоқу дегенді мектеп жасы­нан біледі. Түрлі киімдер тоқитын. Бұл өнер оған нағашы әжесінен дарыған сыңайлы. Ал ойыншық тоқуды бес жыл бұрын бастапты. Ең алғаш интернеттен тоқылған ойыншық көріп қалып, қатты ұнатты. Соған көңілі ауа берді. Сөйтіп, ең бірінші көңілді керік тоқыған болатын. Қатты қуанып, марқайып, тіпті бірінші жұмысын көршілеріне дейін көрсетіп шыққаны бар.

Алғашқы ойыншықтарын ағайын-туыстарының қуанышына сыйлап жүрді. Кейін сатуға шығарып, шағын кәсіп көзіне айналдырды.

Иә, басында ойыншықтары өтпейтін. Шығыны көп болды. «Бәрі бекер қалып қояды-ау» деп мұңайған. Бірақ жанына тыныштық, жайлылық, мейірім сыйлайтын сүйкімді ойыншықтарынан, жан қалауы­нан қол үзе алмады.

Инстаграм желісінде өз парақшасын ашып, ойыншықтарын жариялай бастады. Оның бұйымдарын әлеуметтік желі арқылы көре бастаған ел-жұрт асқан қызығушылық танытып, тапсырыс беруге көшті. Тіпті, бір жылдары Африкадан да тапсырыс түскені бар.  Сөйтіп, Анардың бір керігі Африка еліне пошта арқылы жол тартқан.

Бүгінде Анардың Инстаграмда 11 мың­нан аса, ал Фейсбукта 5 мың оқырманы бар. Оларды қолдаушыларым деп есептейді.

 

***

Ең алғашқы болып ойыншыққа отандық «Ринго» тобының мүшесі әнші Данияр Өтеген тапсырыс берген көрінеді. Оған бірден үш керік тоқып беріпті. Айтпақшы, басында тек керікті тоқып үйренгендіктен, басқа ойыншық жоқтай алғашында тек қана керік тоқи бергенін бүгінде күліп еске алатыны бар.

Қазір тапсырыс берушілердің қалауына қарай түрлі ойыншық тоқи береді. Көбіне сұраныс мультфильм кейіпкерлеріне түседі.

Кейін белгілі продюсер Нұртас Адамбай «Сәбина келін» образын жасауға тапсырыс берді. Оны бір айда тоқып бітірді. Н.Адам­бай әлгі ойыншықты аукционға шығарып, түскен қаражатты науқас балаларға бере­тін болған екен. Кейін Анарға хабарласып, түскен ақшаны өзіне ұсынғысы келетінін айтыпты. Қуыршақ 300 мың теңгеге сатыл­ған.

 

***

Сондай-ақ, әнші Айқын Төлепберген де баласына мультфильм кейіпкеріне тапсы­рыс берген. Актриса Әсел Садуақасова  былтырғы жаңа жыл мерекесі қарсаңында 300 мың теңгеге тапсырыс беріпті. Қыс бойы жылы үйде отырып, сол өнер жұлды­зының тапсырысын жасады. Оның үстіне танымал актриса «нақты мынау кейіп­кер болсын демеймін, өзіңізге қай ойын­шықты тоқу оңай, соларды жасап берсеңіз бола­ды» деген екен. Ә.Садуақасова кейін Анарды өзінің «Келін де адам» фильмінің тұсаукесеріне шақырды.

Иә, Анардың сапалы да сәнді ойыншықтарын әлеумет­тік желілерде отандық жұл­дыздар көп жарнамалайды. Ата-аналар ойыншықтарды көріп, олардың бағасын сұрап жазған кезде, кейде бәріне жауап беріп үлгере алмай қалатыны бар. Соңғы рет «Рэкетир» фильміне түскен актер Саят Исембаев Анардың ойыншықтарын жарнамалап, ертеңіне бірден 20 тапсырыс түсіпті. Көбі Майя арасына, Пороро пингвині мен қоянға тапсырыс берген. Бүгінде сәукеле киген «қазақ қызын» да тоқып жүр.

 

***

Ол егер бір ойыншығын таңертең бастаса, кешке аяқтай салады. Көбіне сәнді киінген қуыршақтарын ұнатады. Оның жұмыстары сәл күрделілеу болатын­дықтан, 2-3 күн тоқиды.

Ойыншықтарға қажетті сапалы жіптер­ді сауда орталықтарынан, интернет-дүкендерден, ал фурнитураларды Alіex­press-тен тапсырыспен алдырады. Сосын ойыншықтарға арналған аяқ киімдерді де сатып алады. Олардың бағасы кәдімгі адамдікімен бірдей. Ең кішкентайы 3-4 мың теңге тұрады.

Кез-келген ойыншығы сапалы жіптер­ден тоқылған. Іштерін синтепон, холлофай­дермен толтырады. Оларды кір жуғыш машинада жууға болады. Жуған кезде ішіне салынған шикізаттары басылып қалмайды, кепкен соң қайта қалпына келе қояды. Қуыршақтың басы, қолы мен аяғы бірге тоқылатындықтан, түте-түтесі шығып жұлынып кетпейді.

 

***

Иә, Анардың балаларды қуантып жүрген ойыншықтарына бүгінде сұраныс көп. Негізі, Астана, Ақтау, Шымкенттен тапсырыс көп түсетін көрінеді. Сосын Ресейден де көп хабарласатындар бар.

Бұрын ойыншықтарын «Магнумның» целлофан қалталарына салып беретін. Онысы үшін қатты ыңғайсызданатын еді. Қазір сыртында «Игрушки от Анарик» деген жазуымен арнайы қағаз пакеттер жасатты.

Айтпақшы, оның сұлу «қыздарын» жігіттер де туған күндерге, мереке қарса­ңында жақсы көретін қалыңдықтарына сыйлыққа алады екен. Көбісі қуыршақ­тардың бармақтай туфлиіне қызығады.

– Қазір қорқынышты мультфильм кейіпкерлері де аз емес. Олар балалардың психикасына сөзсіз әсер етеді. Кейбір ата-аналар құбыжық Хайға тапсырыс береді. Мен алмаймын. Өйткені, қара түс маған мүлдем ұнамайды. Ашық, жарқын түстерді ұнатамын. Мен тоқитын ойыншықтарды сүйкімді, мейірімді деп бағалап жататын­дығы сондықтан шығар, – дейді Анар.

Үлкенге де, кішіге де қуаныш сыйлап жүрген рухы биік, өмірге құштар Анар Лепесоваға қашанда сәттіліктер серік болсын деп тілейміз.

 

Керек дерек

* Оған дәрігерлер склеродермия деген диагноз қойған, буын ауруы. ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жан. Бірақ ол төрт қабырғаға телміріп, «мен мүгедекпін» деп мұңайып, қол қусырып қарап отыратын жан емес. Жәрдемақыға сеніп, өзгеге де алақан жайған күні жоқ.

* Ата-анасымен тұрады. Төрт ағайынды. Үш әпкесі де тұрмыста.

* Ойыншықтарының ең арзаны 3 мың теңге тұрса, қымбаты – 15 мың теңге. Оның өз қолөнеріне қоятын ең басты талабы – оған деген адалдық. Ойыншықтың ішін қоқысқа толтырмау керек, матасы таза әрі жайлы болуы тиіс деген ұстанымда.

* Алматыдан отандық сапалы ойыншықтарды қолжетімді бағада сататын дүкен ашуды көздейді. Әзірге оған қаражаты болмай тұр…

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *