Оның теоремасы: АДАЛДЫҚ, ЕҢБЕК, ІЗДЕНІС

Рая ЕСКЕНДІР

Жақында Алатау ауданындағы №178 лицей шаңырағында осы мектептің ашылуына ұйытқы болған, қазақ балаларының бапкері, ұлтының ұлы болған ұстаз Әбдімәжит Қоңырбайұлы Өтештің 60 жылдығына арналған еске алу кеші өткен еді.

Арда азаматпен қоңыр күзде қапияда көз жазып қалған қалың қазағы әлі күнге бұл өмірдің жалғандығына сен­бейтіндей. Әлі күнге Әбдімәжит Қоңыр­байұлының көзәйнегінің ар жағынан көзі күлімсіреп тұратын бейнесімен ұшырасып қалатындаймыз. Дәл осы мектепті пайдалануға берген кездегі қуанған сәті өз алдына бөлек әңгіме. Ұстаз­дық кәсібін бақытым деп баға­лаған абзал азамат дәл осы жолда өзінің барлық еңбегін ғана емес, денсаулығын да сарп етті. Талай қазақ баласының бағын ашып, оларға қамқор бола білді. Егер еліміз бойынша дарынды балаларға арналған мектептер туралы шежіре жазыла қалса, сол тарих тікелей Әбді­мәжит Өтеш есімімен басталған болар еді.

Еліміздегі білім саласының дамуына еселеп үлес қосқан ардақты ұстаздың барлық мақсат-мұраты — білімді дамыту болды. Әсіресе, дарынды балаларға қолдау көрсету, талантты балаларды тану сияқты  ұлтқа қажетті жағдайда ерекше қанаттанып кететін еді. Бүгінде «шахмат ханшайымы» атанған Жансая Әбдімә­ліктің де бағын ашқан осы Әбдімәжит Өтеш болатын. «Мен бір ерекше баланы таптым. Сендер газетке  осындай дарынның бар екенін жазың­даршы» деп редакцияға хабарласып, көп ұзамай кіп-кішкентай Жансаяны ертіп келген еді. Содан кейін-ақ Жансаяның жұлдызы жанып, ұстаз үмітін ақтаға­нына бәріміз куәміз.

Алматыдағы Әбдімәжит Қоңырбай­ұлы ашқан мектептердің бір осалы жоқ. Шетінен дарынды балалардың ұстахана­сына айналып үлгерді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Әбдімәжит Өтеш қайта-қайта мәселе көтеріп, дарынды балаларға арналған мектептер санын арттыру туралы бастама көтергеніне де куә болғанбыз.

– «Бір Мәскеуде мен білетін кездің өзінде 130  арнайы мектеп бар еді. Бүгін­де олардың саны екі жүзден асып кеткен шығар. Біз бір-екі мектептен аспай отырмыз, – деп шарқ ұрып жүретін.

Сол арманы жүзеге асып, Алматыда да бірнеше мектеп ашылып, жемісті нәтиже көрсете бастады. Әттең, ұлты­ның әрбір табысына ортақтасып, балаша қуанатын елгезек жан мезгілсіз өмірден өтіп кетті. Атам қазақ «алпысты — тал түс» десе, сол асуға енді бет алған шағында ештеңеге мойымаған асау жүрек соғуын тоқтатқан еді. Әлбетте, есеп жағының мамандары ән-әуенге, өлеңге жақын болып келеді. Бұл тұр­ғыда Мәжит ағамыздың «кейде матема­тикадан, есеп-қисаптан шаршап кетесің, сондайда өлең оқып өзімді, жан-дүниемді демалдырамын» дегені еске түседі. Абзал азаматтың биік парасат пен мәдениеттің иесі екендігін соңғы мәрте театрға барып, сосын мәңгілік ұйқыға аттанғаны көрсетіп тұрғандай.

Еске алу кешіне жиналғандар Әбдімәжит Қоңырбайұлының еңбегіне берілген марапаттар мен Құрмет, Алғыс хаттар толы бұрышқа аялдап, бір сәт абзал азаматты еске алды. Осыдан соң өмірі өлеңдей өрілген жанның әр жылдардағы бейнесі үлкен экраннан көрініп, сағынышқа толы сәт басталып та кетті. Алғашқы сөз кезегін алған физика-математика ғылымының докто­ры, академик Мұхтархан Өтелбаев қимас бауырындай болып кеткен Әбдімәжит інісін сағынып жүргенін айтып, әлі де сенбейтінін айтты.

–       Әбдімәжит 1974 жылы атақты республикалық физматты бітірді. Абай атындағы педагогикалық институттың Физика-математика факультетіне түсіп, ең озат студент атанды. Лениндік стипендиат атанды. Үздік оқуымен ерек­ше­леніп, математика деген мамандықты игеріп шықты. Әбдімәжитке ғылымда да орын бар еді. Нағыз ғалым болатын жігіт еді. Бірақ өзінің көңілі қалаған ұстаздық жолды таңдап, мектепке барды. Өзі оқыған мектепте мұғалім болып, директорлық қызметті де атқарды. Содан бергі өмірі сіз бен біздің көз алды­мызда өтті. Қашан көрсең көзі күлімсіреп, адамды жақын тартып тұратын қасиетін бір сәт те жоғалтпады. Адам баласының бойындағы ең асыл қасиеттерді осы Әбдімәжиттің бойынан кездестірген едім, – дейді рухани ағасы әрі ұстазы болған жан.

Келесі кезекте Әбдімәжиттей інісін, әріптесін еске алған физика-математика ғылымының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаев былай деді:

– Әбдімәжит қандай істі қолға алса да маған хабарласып, кеңесіп отыратын. Оның барлық мақсаты — қазақтың талантты балаларына бағыт-бағдар беріп, еліміздің өркендеуіне үлес қосса дейтін. Әсіресе, дарынды балаларға арналған мектептердің көптеп ашылып жатқанын айтып, сүйіншілей хабарла­сатын. Өзінің көзқарасы, парасат-пайымы, ішкі-сыртқы мәдениеті келіс­кен жігіт еді. Сол биігінен аласармай өтті, – деген Асқар Серқұлұлының арда аза­мат туралы сағынышқа толы есте­лік­тері жұртшылық көңілін тербеді.

Әбдімәжиттің теоремасы – «адал­дық, еңбек, ізденіс» болды деген Асқар Жұмаділдаев қазақ білімінің тарихында, математика ілімінде Әбдімәжит есімінің алтын әріптермен жазылып қалатынын айтып, абзал азаматтың есімін мәңгіге қалдыру мәселесін көтеруді қолға алу қажет екендігіне тоқталды. Әбдімәжит Қоңырбайұлының әріптесі әрі өмірдегі ең жақын досы, Абай атындағы ұлттық университеті ректоры Тахир Балықбаев еліміздегі білім саласына айрықша үлес қосып кеткен жанның еңбегі өлшеусіз екендігіне тоқталды.

– Әбдімәжитпен кездесе қалсаңыз, жеке өзінің мәселесін емес, «қайтсек, білім саласын көтереміз» деп әңгіме бастайтын еді. Егер әлемде ең озық іс-тәжірибе болса міндетті түрде неге біздің елімізде қолға алмасқа деп баста­ма көтеріп, жаны қалмай жүретін. Бір жылы «Алматы ақшамы» газетінен «Алматыға алтын жауған күн» атты мақа­ланы оқып, осы Мәжиттің мекте­бінен 49 түлектің «Алтын белгі» алғанын білдім. Мәжиттің бір артықшылығы — осы табысым жетеді деп қол қусырып отырмайтындығында еді. Ұлты үшін еңбек етіп, ұлты үшін жанын беруге дайын болатын. Оның биязы мінезі, бол­мыс-бітімі, білімі, адамгершілігі барлығы біздің есімізде мәңгі сақталып қалды. Біз әркез сағына еске алып отыратын боламыз, – деді.

«Математиканың нағыз марқасқасы еді» деп Әбдімәжит Өтештің еңбегін үнемі бағалап жүретін өмірдегі әпкесі, әріптесі Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова өзінің сағынышқа толы лебізін жолдады.

– Әбдімәжит менің әріптесім ғана емес, бауырым еді. Әркез жаны қалмай, «апай, осылай етсек қалай қарайсыз немесе осы жұмысты қолға алып жатырмын» деп ақыл-кеңес сұрап хабарласып отырушы еді. Оның биязы табиғатын сөзбен жеткізу еш мүмкін емес. Қайда жүрсе де еңбегімен дарала­нып, ешкімді сөз етпей, таза қалпында өз жолымен жүретін азамат еді. Бақытты ұстаз болып, бақытты өмір сүрді. Нағыз азамат деген атқа өмірінің соңына дейін дақ түсірмей кетті. Бақыт­ты ұстаз болып ғұмыр кешіп, өмірден өтудің өзі үлкен бақыт. Бұл да көпке бұйыра бермейді. Еліміздің барлық бұрышында Әбдімәжит Қоңырбайұлы­ның шәкірттері болғанбыз деп мыңда­ған ұл мен қыз жүр. Олар мақтанышпен еске алып, ұлы есімге тағзым етері хақ, – дей келе, ұлы ұстаздың есімін мәңгілік­ке қалдыру туралы бастаманы қолдай­тынын айтып, бұл мәселенің ескерусіз қалмайтынын жеткізді.

Келесі кезекте әріптестер атынан сөз алған Берік Асубаев осындай жан­мен өмірде әріптес болғанына, рухани ой-пікірлерінің бір арнаға тоғысатынын айтып, Әбдімәжит Қоңырбайұлы нағыз құбылыс деп баға берді. Кездесуде белгілі сыншы, композитор, Әбекеңнің сыныптасы Тұрсынжан Шапай, белгілі ақын Қазыбек Иса, «Алматы ақшамы» газетінің Бас редак­торы, қалалық Мәслихат депутаты Қали Сәрсенбай сөз кезегін алып, Әбдімәжит Қоңырбай­ұлының адами қасиеттеріне тоқталды.

Әбдімәжит Қоңырбайұлының туған-туыстары да еске алу кешіне келіп, орны ерекше бауырларын егіле отырып, еске алды. Үлкен әпкелері Аманжан мен Жарқын, соңынан ерген бауыры Рашид, аяулы жары Алтыншаш пен қыздары өмірде қайталанбас орны бар үлкенге аға, кішіге іні, жарға қор­ған, балаға әке, досқа адал болған жан туралы сағынышпен еске алып, адами қасиеті, кісілігі, бекзат мінезі, аңқыл­дақ баладай тазалығы туралы еске алды.

Осынау кештің өтуіне Әбдімәжит Өтештің рухани інісі әрі шәкірті болған №182 мектеп директоры Әсет Нұрғазы­ұлы мен №178 лицей директоры Қайрат Шәдиев ұйытқы болып, үлкен азамат­тық танытты. Мар­құмның аруағына бағышталып Құран оқылды.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *