Онлайн олимпиада өтті

   Жақында ҚазҰУ-дың «Менеджмент» кафедрасының ұйымдастыруымен ұлы ғалым Абу Наср ибн Мухаммед әл-Фарабидың 1150 жылдығына орай «Менеджмент» мамандығы бойынша «Индустрия 4.0 жағдайындағы Менеджмент» атты ХІІ Республикалық студенттік пәндік олимпиадасы өтті. Биылғы олимпиаданың ерекшелігі алғаш рет онлайн форматта өткізіліп отыр.


Пәндік олимпиада – бұл орта, жоғары және кәсіптік білім беру ұйымдары студенттерінің бір немесе бірнеше пәндер бойынша білімі мен дағдыларын көрсетуді талап ететін байқау болып табылады.
Жалпы, алғашқы студенттік пәндік олимпиадаларға 1994 жылдан бастап өткізілетін IMC халықаралық студенттік олимпиадасын (International Mathematics Competition for University Students) жатқызуға болады. Мектеп олимпиадалары сияқты студенттік олимпиадалардың да түрлі деңгейлері болады: студенттер үшін республикалық олимпиадалар, халықаралық олимпиадалар. Соңғы жылдары технологиялардың белсенді дамуына байланысты көптеген олимпиадалар жиі онлайн форматта ұйымдастырыла бастады. Олимпиадаға жоғары кәсіптік білім немесе орта оқу орындарының студенттері сынақ нәтижелеріне байланысты жіберіледі. Жалпы республикалық студенттік олимпиадаға ұйымдастырушылардың талаптарына сай келетін кез келген студент қатыса алады. Оқытушылар ең белсенді студенттерге ЖОО-ның абыройын қорғауғаүміт артады.
Байқауды ұйымдастырушылардың шарты бойынша студенттерге қойылатын талаптар ең алдымен олардың кәсіби шеберлігі, шығармашылық дағдылары, заманауи технологияларды қолдана білуі талап етіледі. Олимпиададағы табысты өнер көрсету үшін студентке оқу әдебиеті, мәдени ой-өрісі, пәндік дағдыларын дамытуы, олимпиада өткізілетін саладағы сарапшылардың жұмыстарымен танысуы қажет. ҚР «Білім туралы» Заңыңа сәйкес, олимпиадалар студенттердің «зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін, ғылыми қызметке қызығушылығын, ғылыми білімді насихаттауына» бағытталады.

Осындай студенттік пәндік олимпиадалардың бірі биыл әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Менеджмент» кафедрасының ұйымдастыруымен «Менеджмент» мамандығы бойынша онлайн форматта республика көлемінде өткізілді.
Осымен 12 жыл бойы «Менеджмент» кафедрасының ұйымдастыруымен өткізіліп отырған олимпиадаға қатысу үшін 20-ға жуық ЖОО студенттері өтініш білдірген еді. Қатысушылар 1-турда алдын-ала берілген «Индустрия 4.0 жағдайындағы Менеджмент» тақырыбы бойынша ғылыми жоба жұмыстарын жіберді. Ғылыми жоба жұмыстарында қатысушылар креативті идеяларын және игерген білімдерін қолдана отырып, өзекті мәселелерді шешуге тырысты.

Комиссия құрамында «Атамекен» ҰКП ҚР ЖМО-ның мамандарын cертификаттау басшысы А.Акзамбекқызының төрағалығымен «ТК мегаполис-Қазақстан» ЖШС HR департаментінің персоналды іріктеу және бейімдеу бөлімінің басшысы А.Аптаева, «Менеджмент» кафедрасының меңгерушісі, э.ғ.д., профессор А.Тұрғынбаева, профессор м.а. Д.Құнанбаева, э.ғ.к., доцент Ж.Тұмбай, э.ғ.к., аға оқытушы Г.Нурсейтова төрелік етті. Комиссия шешімі бойынша, іріктеуден 2-турға 4 аймақтың 5 ЖОО-нан 21 қатысушысы жолдама алды.

Ақтық мәреде қатысушылар онлайн форматта пәндік жиыны тест сұрақтарына жауап беріп, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді.   Олимпиаданың қорытындысы бойынша жеңімпаздар ІІ кезеңнің І, ІІ, ІІІ дәржелі дипломымен марапатталып сертификаттар табысталды.
Олимпиада жеңімпазы болып 1-ші орынды бірауыздан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Ангелы Тейлора» командасы иемденді. Екінші орынды ҚазҰУ-дың және Қазтұтынуодағы Қарағанды Экономикалық Университетінің (Қарағанды қ.) командалары бөлісті. Ал 3-орынға С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің (Нұр-Сұлтан қ.) және Еуразия технологиялық университетінің екі бірдей командасы ие болды.
Қорытындылай келгенде, республикалық пәндік олимпиада болашақ мамандардың шығармашылық қабілеттерін ашу, студенттердің зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға ықпал ету, жас ғалымдарды қазіргі заманғы ғылыми мәселелерді шешуге тарту, ғылыми қызметке қызығушылықты дамыту, талантты студент жастарды қолдау мақсаттарында ұйымдастырылады және бұл олимпиада жыл сайын жалғасатын болады.

А.Тұрғынбаева
Ә.Баржақсыева

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *