Онлайн ХҚО-дағы кеңесшінің бір күні

«Өтінімді жіберу үшін цифрлық ID құрып, сәйкестендіру рәсімінен өтуіңіз керек. Алдымен ақпараттық жүйеге ұялы телефон нөміріңізді енгізесіз. Сосын компьютер арқылы селфи жасап және өзіңіздің жеке куәлігіңіздің түпнұсқасын суретке түсіріп жібересіз. Сіздің жеке басыңызды растаған соң, жүйе сізді ЭЦҚ алу бетіне қайта бағыттайды, ол жерде ЭЦҚ-ны сақтауға арналған жолды көрсетуіңіз керек болады…»
Бұл Қабылтаева Алмагүл Бақтиярқызының карантин кезіндегі күнделікті жұмысының бір сәті. Кезекті клиентке электрондық сандық қолтаңбаны онлайн алу жолын түсіндіруде.
Ол «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалы жасақтаған Call-орталық операторы. 1414 нөмірі бойынша азаматтарға үйде отырып кеңес береді.
«Минутына 3-4 қоңырау түседі. Барлық қоңырауға жауап беруге тырысамын. Кейде қоңыраудың қызығына түсіп, ас ішуді де ұмытып кетем. Осындай қиын кезеңде халыққа пайдам тисе деймін. Олар да еріккеннен қоңырау соқпайды. Өзің білгенді өзгемен бөліскенге не жетсін?! Әрі алғыстары мен баталарын аламын», — дейді Алмагүл жұмысына қанағаттанған сезімде. Алмагүл Қабылтаева «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ Алматы филиалына осыдан бес жыл бұрын жұмысқа кірген. Т.Рысқұлов атындағы экономикалық университетінде қаржы-экономист магистрі дәрежесін алған ол ХҚО-ға келгенге дейін Зейнетақы төлемдері жөніндегі мемлекеттік орталықта жұмыс істеді. Бүгінде Бостандық аудандық фронт-офисіндегі білікті де тәжірибелі мамандардың бірі. Отбасында сүйікті жар, үш баланың анасы.
Қазіргі жағдайға байланысты филиалда қашықтықтан қызмет көрсетуді ұйымдастырып жатқанда, ұжым Алмагүлді қашықтықтан кеңес беретін Call-орталық жұмысына үйден қосылатын 50 оператордың қатарына қосқан. Бүгінде отбасының ортасында, балапандарының жанында, үйде отырып халыққа қызмет көрсетуде.
«Жұмыс орны үйде дегені болмаса, талап әдеттегідей. Таңғы сағат 9.00-де басталған жұмыс кешкі 18.30-ға дейін жалғасады. Күніне 200-250 қоңырауға жауап беремін. Кеңес алуға қоңырау шалатындар туу туралы куәлік алу, бала тууына байланысты жәрдемақылар, МАБ жазу, автокөлікке қатысты құжаттарды үйге жеткізу қызметі, онлайн ЭЦҚ алу, жеке куәлік алу, уақытша және тұрақты тіркеу, емханаға бекіту туралы, автокөлік құралдарын есептен шығару және қою, автокөлікке тыйым салуды тексеру, жүргізуші куәлігін қалай алу және ауыстыру туралы, сондай-ақ қайтыс болу туралы куәлікті қалай алу, жерлеуге арналған құжаттарды, техникалық паспорт, жер учаскесінің мемлекеттік актісі, ЖК қалай ашуға болады және т. б. сұрақтарды жиі қояды», — дейді Алмагүл.
Иә, бүгінде 608 мемлекеттік қызметті электрондық үкімет порталы арқылы алуға мүмкіндік бар. Смартфон арқылы 60 қызмет түрі қолжетімді. Алайда, екінің бірі онлайн қызмет алуды білмейді. Басқа түскенде адам әрекетке ұмтылады, білмегенін сұрайды. Сол себепті, филиал карантин кезінде халыққа кеңес берушілер қатарын көбейткен. Осылайша, «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ халықтың электрондық үкімет порталын белсенді пайдаланып, сыртқа шықпай-ақ, бар жұмысын үйде бітіріп, мемлекеттік қызметтерді онлайн алуына жағдайлар жасаған.
Филиалдағы Call-орталықтағы 60 операторымен қатар, Алмагүл секілді үйде отырып кеңес беретін 50 оператордың да күнделікті жұмысы осылай жалғасады.
«Түскі үзіліске берілген уақытта ас дайындап, түскі ас ішіп үлгеремін де, жұмысыма қайта кірісемін. Балаларға жолдасым қарап көмектеседі. Бұрын мектепке, балабақшаға баратын… Бәріміз түгел, бір-бірімізге қолдау көрсетіп үйде отырмыз. Тезірек карантин уақыты бітсе екен. Аман-есен жұмыс орнымызға оралуды тілеймін», — дейді ол.
Иә, бүгінде барша қазақстандықтардағы, тіпті әлемдегі бар халықта бір тілек – аман-есен індеттен құтылу. Сол күн тезірек туса екен…

Жаңыл ӘПЕТОВА.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *