Онкологиялық және гематологиялық көмекті жетілдіру мәселесі қаралды

Педиатрияның көптеген салаларына жетекшілік етіп, үйлестіру қызметін атқаратын Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы «Қазақстан Республикасында 2019–2021 жылдарға арналған балаларға онкологиялық және гематологиялық көмекті жетілдіру жөніндегі «Жол картасын» іске асыру аясында өңірлік балалар  онколог және гематолог мамандардың қатысуымен жұмыс кеңесі өтті.

Н.ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

Басқосуға республиканың барлық облыстарының онко-гематолог дәрі­герлері қатысты.

Кеңесте қатерлі ісікке шалдыққан балаларды демеуші тера­пияға ар­налған дәрі-дәрмектермен қамту мәселесі, гемофилиямен ауыратын науқастардың қанның ұйығыштық факторларымен қамтамасыз етілуі, сүйек кемігін транспланта­ция­лаудан кейінгі терапияға арналған препа­раттармен қамтамасыз ету жайы қаралды. Сонымен қатар, өңірлердің медициналық ұйым­дарындағы онко­лог-гематологтар кабинеттерінің жұмысын мони­торингілеу нәтиже­лері, атап айт­қанда, ремиссиядағы науқас­тарды және гемофилияға шалдық­қан науқастарды есепке алу, дина­ми­калық қарауды бақы­лау, демеуші терапияның жүр­гізілуін қадағалау  мәселелері қаралды.

Педиатрия орталығы жыл сайын аймақтарға онкологиялық және ге­матологиялық ауруларды ерте диаг­ностикалау бойынша алғашқы меди­циналық-санитарлық көмек дәрі­герлеріне арналған оқыту курстарын жүргізіп келеді. Бұл жұмыстардың нәтижесінде қатерлі ісік І-ІІ сатысында ерте анықталуда. Қатерлі ісікпен нау­қас­танған баланың толық сауығуы аурудың ерте са­тысында анық­талуына, медициналық көмек­тің уақытылы көрсетілуіне бай­ланысты болғандықтан, облыс­тардағы дәрі­герлердің біліктілігін арттыру орта­лықтың басты мақсаты болып отыр.

«Педиатрия және балалар хирур­гиясы ғылыми орталығы еліміздегі 2019–2021 жылдарға арналған бала­ларға онколо­гиялық және гемато­логиялық көмекті жетілдіру жөнін­дегі «Жол карта­сының» үйлестіру­шісі болып табылады. Сондық­тан орталық ұдайы онкологиялық және гемато­логиялық ауруларды ерте анықтау бойынша  аймақтардағы мамандарға оқыту дәрістерін өткізіп отырады. Жыл сайын 300 дәрі­гер­лерді оқытсақ, қазіргі уақытта жылына 3000-ға жуық дәрігер­лердің біліктілігін арттыру міндетін алдымызға қойып отырмыз. Басты мақсатымыз – еліміз­дегі онко­ло­гиялық және гематологиялық кө­мекті жетілдіру. Қатерлі ісікті ал­ғашқы сатыларында анықтау және ерте ем тәсілдерін қол­дану толық айығудың негізгі жолы», – дейді басқарма төр­айымының ғылыми-клини­калық және иннова­циялық жұмыстары жөніндегі орынбасары Ләззат Манжуова.

Шара барысында Мәскеу қаласы Денсаулық сақтау басқар­масының Морозов қалалық клиникалық бала­лар ауруханасының дәрігер-гема­тологы, м.ғ.д. В.Ю.Петровтың қатыс­уымен бала­лардағы гемофилияны заманауи диагностикалау және емдеу мәселесі бойынша оқыту дәрісі өтті.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *