ҚОНАЕВ ЖӘНЕ ЗИЯЛЫЛАР

6Редакцияға бір қарт кісі қоңырау шалды. «Ертең Қонаевтың туған күні ғой» деді. Әрине, еліне елеулі еңбек сіңірген ерлердің есімі ұмытыла ма? Еске алып, үлкен сөз болмаса да барынша ілтипат білдіріп жақсы сөз айту да міндет, парыз тәрізді емес пе? Әрине, Димаш Ахметұлы туралы жеткілікті жазылды, айтылды ғой десек те, мұндай кесек тұлғалар туралы толғаныстың өз жөнімен, ретімен әр қырынан көріне беретініне және шүбә жоқ. Бұл жолы қалам ұшына Қонаев және зиялы қауым деген тақырып оралды. Бұл тақырыпқа бір себептен мемлекет басшысы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың аса көрнекті мемлекет қайраткерінің 100 жылдығына арналып Алматыда өткен жиында сөйлеген сөзі де түрткі болды. Елбасы «Қазақ елінің тағылымды тарихында заман жүгін арқалаған талай толағай тұлғалар болды. Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев – сондай біртуар болмыс иесі.

Қонаевтың бай ішкі мәдениеті, терең білімдарлығы мен мол өмірлік тәжірибесі ерекшеленіп тұратын. Ол өзінің бойына біздің халқымыздың, сол уақыттағы қазақ зиялыларының ең жақсы қасиеттерін сіңіре білді» деп атап көрсетті.

Мемлекет басшысы өз сөзінде қазақ зиялылары туралы бекер айтпаса керек. Егер көңіл-тезіне салып айтсақ, шынында да Қонаевтың биікке шығуының көп себебінің бірін Елбасы дөп басып айтқандай, оның өнер, әдебиетке құмарлығынан, сол сала адамдарымен тығыз байланысынан, зор интеллект иесі болғанынан білуге болады. Димекеңнің кезіндегі елмен арадағы байланыста «алтын көпір» болғандар көбіне ақын-жазушылар деседі. Ол кісімен Мұхаңдар, Ғабеңдер, Сәбеңдер, Шәкеңдер тікелей телефон арқылы сөйлесе беретінге ұқсайды. Әрине, Сәбит Мұқановтың уақыт ағымымен Димекең туралы қате байлам жасауы, ол басқа әңгіме. Әсіресе, ол кісінің Шәкен Аймановпен айнымас достығы бір кітапқа арқау боларлықтай. Айманов демекші, бір шет ел сапарында Асанәлі Әшімовтің кісі бойындай афишадағы суретін көріп, сол елге ол жөнінде айтып мақтанып, кейіннен оған атақ беру, жағдай жасау жөнінде пәрмен бергені де бір хикая. Бұл жалпы Димекеңнің шығармашылық адамдарына жасаған қамқорлығының бір көрінісі ғана.

Шығармашылық дегеннен еске түседі. Сол уақыт үшін жаңалық болып көрінетін мына бір  жағдай еске түсіп отыр.

Әлем елдерін, оның ішінде батысты 60-жылдары битломания жаулап алғанын жақсы білеміз. Әрине, болмысы, танымы бөлек десек те, музыкадағы осы бір ағымның өзгелерге де әсер-ықпалы болмай қойған жоқ. Біздің даңқты «Дос-Мұқасанның» өмірге келуіне осы ағымның тікелей әсері болған жоқ десек те, тоталитаризм құрсауында қалған елде оның тууы, сөйтіп, әлемді шарлауы, тамсандыруы табиғи заңдылық, қажеттіліктен туған еді. Ол дүние есігін ашқан аз уақыттың ішінде-ақ кең танылып үлгерді. Қазақтың мұрағатта шаң басып қалған, ел ішінде аракідік қана айтылатын әндерінің бағы жанып, олар шын мәніндегі халық махаббатына бөленді. Олар концерт берген жер дау-дамайсыз, айқай-шусыз болмайтын.

1972 жылы «Дос-Мұқасан» студенттердің Бүкілодақтық вокалды-аспапты ансамбльдер байқауында бас жүлдені иеленгеннен кейін, Алматыда Ленин атындағы Мәдениет сарайында жеке есептік концерт берді. Олардың өнеріне деген ел сүйіспеншілігінің орасан зор болғаны соншалық, тіпті, билетсіз адамдар милицияға қарамастан сарайдың терезесін, есігін бұзуға тура келді. Осындай көріністер Қазақстанның  басқа өңірлерінде де болып жатты. Мәселен, олардың концертіне кіре алмаған Жамбыл қаласының студенттері көшеге «өнер – халықтікі» деп плакат ұстап шыққан. Осы мәселеге орай Қазақстан коммунистік партиясының орталық комитеті өзінің бір мәжілісінде жастарымыз буржуазиялық музыка сарынына еліктеп барады деп мәселе қарады. Алайда, Д.Қонаев бұл пікірге үзілді-кесілді қарсы шығып, «Дос-Мұқасанның» басын даудан арашалап алды. Осыдан бастап аталмыш ансамбль үкіметтік концерттерге қатысатын болды. Бұл-бұл ма, бірде Ташкент шаһарында да «Дос-Мұқасанның» концертіне кіре алмағандардың шу шығарғаны бар екен. Тіпті, өзбектердің намысын оятып, «Ялланың» өмірге келуіне де осы «Дос-Мұқсанның» себебі болған деседі.

«Тұлпарлығы тай кезінен танылған» демекші, тағы бір қызықты дерек еске түседі. Өткен ғасырдың 70-жылдарына дейін өмір сүрген Алаштың атақты арыстарының бірі Әлімхан Ермеков тұтқындалып бара жатқанда пойызда ұшырасқан екі балаға қаға берісте хат беріп үлгереді. Олар – Мәскеу түрлі-түсті металлургия институтының студенттері болып шықты. Студенттің бірі – Дінмұхаммед Қонаев еді. Әлгі хатты бала Димаш қайраткердің туыстарының қолына табыстады. Жылдар өткен соң ақталып, елге оралған Әлімхан Ермековтің кейінгі тағдырына да Димекең батыл араласады. Оның қызметке тұрып, 70-жылдарға дейін өмір сүріп, ғылыммен айналысуына зор ықпалы болған. Әрине, мұндайда күні кешегі Ілияс Есенберлинге, Олжас Сүлейменовке араша түскен сәттері де сөз болмай қалмайды. Шағын мақалада оның бәрін айтып тауысу мүмкін емес. Мемлекеттік жоспарлау комитетін басқарып жүрген атақты Ілияс Омаровты мәдениет министрі етіп тағайындауы сол кезең үшін сенсацияға бергісіз жағдай еді. Ілекеңнің басқа салаға ауысуына жақсы мағынасында наразы болғандарға өзі «Бәріне өзім кінәлімін, Қонаевқа мәдениет саласында өзгерістер жасау жөнінде көп ұсыныс айтушы едім» деп жауап беріпті. Міне, тұлғаның тұлғаны тануы, еңбегіне, қабілетіне қарай бағалауы деген осы. Мұның сыртында атақты күміс тенор, Миланның «Ла-Скаласында» тәжірибеден өткен қазақ әншісі Амангелді Сембинге жасаған ғажап қамқорлығы да еске түспей тұрмайды.

«Рухани биік кісі – ұлттың ұйытқысы» деп Қадыр Мырза Әли айтпақшы, өзі биік кісінің өзгені де биіктен көргісі келетініне нақты дәлелдің керегі де жоқ. Бұл кісінің алдына қандай жағдайда да барған адам шаруасын бітіріп шығатын көрінеді. «Алды кең еді» делінеді күнгі бүгінгі көп әңгіменің бірінде. Бәлкім, тұлға мен тұлғалар арасындағы адами қарым-қатынастың дәстүрге айналуы Қонаевтың азаматтық, адамгершілік болмысының қалыптасуына зор ықпалы болған шығар. Ұдайы болатын рухани ұшырасу кісіні бекзаттық биігіне көтеретіні сөзсіз.

Бір деректерде Қонаев 42 қала салдырды десе, енді бір деректе ол 47 делінеді. Мейлі ғой, әйтеуір, аз емес. Бірақ, сол қалалардың біріне келешекте Қонаев аты берілетініне деген сенім біртүрлі күшті. Біз әзірге тілі қазақша шыққан қаланы көргеніміз жоқ. Бәлкім, сол қаланың тілі қазақша болар.

Әрине, тұлға жөніндегі көзқарастың өзгеріп отыруы заңды құбылыс дедік. Дейтұрғанмен де, осы кезге дейін Қонаев жөнінде жөнсіз әңгімелердің айтыла бермеуі көңілге көп сенім ұялатады.

Елін емірене сүйіп еңбек еткен Тұлға — қашан да таусылмайтын тақырып. Тұлғасын танып, қадірін білген елдің таңы ағарып атады, күні қызарып батады.

Орыстың бір басылымында Қонаевты «қазақтың Черчиллі» деді. Қазақтың өз ішіндегі теңеуге салса, бұдан да асырып жіберер еді. Қонаев дүниеге қазақ болып келді, қазақ болып қалды. Қонаев атымен бірге қазақ аты төл ұғымға айналып кетті заманында. Ең бастысы, ширек ғасырдан астам ел басқарған адамның атына қызметтен кеткеннен кейін де кейбір басылымдар беттерінде «бөстекі» сөздер айтылғанымен, ол қоғамдық пікірге айналмады, дүниені бәле-жала торлап тұрған уақытта қазақ тез оянды.

Рас, құдыреттей көрінген Кеңес одағы күйреген кезде сол уақта басшылықта болғандар төңірегінде алуан түрлі әңгімелер айтылды. Қонаев секілді тұлғаларын артына ит қосып қаралап жатқан елдер де болды, Қонаевқа да тас атқысы келгендер болмай қалған жоқ, әрине.

Ол — өз заманының перзенті еді. Заманның күйін күйлеп, биін билеген шығар, бірақ, ұлт мүддесіне келгенде қолынан келгенін аянып қалмағаны тағы да белгілі. Брежневпен «достығын» тек қана қазақтың мүддесіне пайдаланған бір қазақ болса, осы кісінің өзі шығар.

Айттық қой, кейбіреулер жоқ жерден сенсация іздеп, Қонаевқа топырақ шаша бастаған тұста оның тұлғасы одан сайын биіктеп бара жатты. Таза тұлға туралы қандай сөз айтылса да оны тек биіктетуге ғана қызмет етеді. Ал, партияның көп шенеунігі жөніндегі әңгіме бөлек, әрине.

Өмір өзгерген сайын тұлға туралы көзқарастың да өзгеріп, толығып отыруы заңдылық. Бірақ, Қонаев секілді азаматтар туралы көзқарас көп өзгеріске ұшырамайды. Бізде заманына қарай тұлғасына да бір жақты баға беру секілді жаман дағды болған. Біздің қазақ қазір бұл дағдысынан арыла бастады. Тұман ішінен тұлғасын ажыратып алатын жағдайға жетті. Оның шенеунік емес, адам, азамат ретіндегі бейнесіне терең бойлау қажеттілігінің уақыт өткен сайын өткір сезілетіндігін, өкінішке қарай, кеш түсінетініміз және бар.

Өнер, әдебиет адамдарын, оның ішінде, талантты өкілдерін заманның өртіне шалдырмай қолдап, демеп отыру Қонаев қайраткерлігінің бір қыры болғанына осынау азын-аулақ мысалдың өзі дәлел болса керек.

Ал енді зиялының зиялысы, ұлы Мұхтар Әуезов 1956 жылы «Мен бір жақсы адамдармен жекжат болған екенмін. Олай дейтінім, Димаштың туысқандарының бәрі еңбек етеді, өз күнін өзі көреді. Шетінен еңбекқор. Димашқа біреуі де салмақ салмайды. Біздің қазақтың жаман әдеті – біреу әкім болса, «саған бақ қонды, енді бізді бағасың» деп мойнына отырып алады. Ал менің құдаларымда ондай әдет жоқ. Жақсы адамдармен туысқан болдым деген себебім осы. Сосын Димаш, бұйыртса, исі қазақтың ортақ ұлы болғалы тұр. Тіл-көзден сақтасын» деп жазып, болашағына да анық болжам жасапты.

Шынында да, Қонаев «исі қазақтың ортақ ұлы» болды ғой. Тұлғаның тұлғаны тануы деген осы. Әуезов әулие екен.

 

Қ.ИМАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close