ҚОНАЕВ ШӘЙ ІШКЕН КЕСЕ

немесе ұлағатты ұстаз Нілжан Күздеубаева туралы бір үзік сыр

«Ұстаз деген ұлағатты атауды естігенде, күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей сезінемін», – деген екен қазақ өнерінің  серкесі, ұлттық театр мен киносының негізін қалаушылардың бірі Серке Қожамқұлов. Өзім құрмет тұтатын  Нілжан тәтейім  Күздеубаева  мен үшін сондай ұлағатты ұстаз  еді. Сондықтан да  бізге «мың бір білім» үйреткен ол кісіні әрдайым  сағынышпен еске аламын.   

Ғұламалардан «Ғалымдардың дүниеден өтуімен бір әлем дүниеден көшеді» деген сөз қалған. Ұстазымызбен өзінің әдемі әлемі де бірге кетті оралмасқа. Ол әлемнің ішінде кәміл иман, ұят-иба,  Раббымызға құлшылық, отаны мен халқына сүйіспеншілік, жарына итақат, балалары мен ұрпақтарына, жақындарына махаббат, дос пен жолдасқа адалдық, шәкірттерге ұлағат, жанкешті іскерлік, жомарттық, білімге таусылмас құштарлық бар еді…

Бұл әлем бізге жақын еді. Біз ол әлемді әлі талай-талай сағынатын боламыз, іздейтін боламыз. Сол салмағы ауыр сағынышты мына жалған дүниеде соңғы деміміз біткенше арқалап өтеміз. Байқасам, жүрегімді сыздатқан бұл сағыныш «Ұстазың дүниеден өтті» деген хабарды естіген сәттен басталып кетіпті!..

 

Ұстаздың тӨресі

Нілжан тәтейіміздің дауыс көтеріп, қатты сөйлегенін көрмедім. Үні жұмсақ, сөзінен мейірім төгіліп тұратын. Сыныпқа кіріп келгенде шыбынның ызыңы естілер тыныштық орнайтын. Кейде сыныптан алыста коридорда келе жатып үнін естігенде, біздер сілтідей тына қалушы едік. Тіпті, үзіліс кезінде тәтейіміз сыныпта болмаса да,  басқа сыныптармен салыстырғанда ерекше тыныштық сақтап отырушы едік. Кейін осы туралы мен талай ойландым. Жауабын таптым: бұл қорқу емес, ұлағатты ұстазға деген құрмет екен!

Тәтейдің мейірімі төгіліп тұратын, бір ауыз сөзі қандай тентек болса да, тезден шыққандай сабырлы қалыпқа салып қоятын.

Берген сабағы қандай еді!.. ҚазПИ-дің Филология факультетін бітірген кәсіби маман. Кейінгі оқығаны қаншама?! Талай ізденіп тапқаны, қауызын тастап, жауһарын жиғаны, кәдеге жаратамын деп түйгені, кестелеп тоқығаны ұлан-асыр еді ғой! Жыр-дастандардан қаншама үзіндіні, көркем шығармалардағы нешеме кейіпкердің сөздерін жатқа айтатын! Хрестома­тиядан іздесең, таппайсың!

…Ұстаздың төресі еді ғой!

 

Димаш аға екі мәрте  Нілжан тәтейіміздің қолынан дәм татқан

Нілжан тәтейіміз ақжарқын, қолы ашық, қонақшыл, жүрегінен мейірімі, көмейінен шәрбәт сөзі төгіліп тұратын иманды жан еді. Шу өңірінде өтетін ірілі-ұсақты қонақ күту, дастархан жаю сияқты ел ішіндегі дәстүрлі шаралар­дың көбісі тәтейіміздің атқаруымен өтетін.

Кеңес заманында Қазақстанның бірінші басшысы Дінмұхамед Қонаев Шу ауданына екі рет келгенде де Нілжан тәтейіміздің қолынан дәм татыпты.

«Димаш аға екінші рет келгенде қыстың аязды күні болатын. Өзінің арнаулы вагонының жанында шығарып салып тұрғанбыз. Сол жерде тұрған­дардың ішіндегі ең бойшаңы Димаш аға екен. Ағайдың қасында бірнеше жоғары лауазымды басшылар болды. Жүріс-тұрысынан, киім киісінен Димаш ағаның  өте қарапайымдылығын байқауға болар еді. Басында – қоян тымақ», – деп Нілжан тәтей Дінмұхамед Ахметұлы­ның қарапайымдылығын арагідік айтып отыратын.Әлі есімде, сол кездері мектепте жоғары сынып оқушылары­ның біразы қоян тымақ киетін.

Тәтейіміз директордың жұбайы бола тұра, үйінің бүкіл шаруашылығын өзі атқаратын қарапайым да аса іскер жан еді. Мал ұстайтын, құс өсіретін, бау-бақша салатын. Жылдағы соғымды да өзі бордақылайтын. Қонақтарын өзінің еңбегімен тапқан асымен күтетін.

Бір  жолы тәтейіміздің арнайы шақыруымен  Димаш  аға дәм татқан сол дастарханнан дәм тату бақыты бізге де бұйырды. Жайылған  ақ дастархандағы ас-сусынының түгелге дерлігін  жұбайы Қайып ағамыз екеуі ауылдан алып келіпті – тәтейіміздің өзі бордақылаған соғым, өзі өсірген қаздың еті, қазы-қарта, жал-жая, өзі әзірлеген жент, құрт, қымыз…

Шәй үстінде: «Сіздердің алдылары­ңыздағы кеселерді Дінмұхамед Ахмет­ұлын күткенімізде арнайы алған едім, – деді тәтейім, ашық қызыл түсті, ірі ақ дөңгелектері бар кеселерді меңзеп. – Он дана.  Бәрі де сау. Осы кеселердің біреуінен Димаш аға шәй ішкен болатын. Әттеген-ай! Асығып жүріп, сол кесеге белгі салып қоюды естен шығарып алыппын».

Мен: «Тәтей, біздердің әрқайсымыз алдымыздағы кесені Димекең  шәй ішкен кесе деп ойлайық», – дедім.

Өмір бойы ұмытылмастай тамаша отырыс болды. Нілжан тәтейіміз өзінің өнегесімен өсіп келе жатқан Эльвира келін (бүгінде алты баланың анасы) екеуі бізді хан сыйлағандай тік тұрып күтті…

Шіркін-ай!.. «Білгенге маржан, білмеске арзан». Алланың пендесіне бұйыртқан биік ақыл-парасатының бір белгісі, сол ақыл мен парасат иесінің басқаларға көрсеткен өлмес өнегесі болар бұл!

 

Орындалмаған арман

Дәл уақыты есімде жоқ. Өткен ғасырдың 90-шы жылдардың соңы сияқты. Нілжан тәтейіммен ауылда жолықтым. «Бағдат, мен қатты өкініп жүрмін, – деді. – Мектепте қазақ тілі мен әдебиеті және тарих пәндерінен сабақ бердім. Кеңестік жүйе халқы­мыздың тарихына қатысты шындықты жасырып, айтқызбады. Тәуелсіздігіміз­бен бірге тарихымыздағы қаншама ақтаңдақтар ашылып жатыр. Шіркін-ай, осы бүгін сабақ берсем ғой!.. Менің армандаған күнім енді туды!..».

Бірақ зейнеткер жасындағы ол кісіні ешкім мектепке ұстаздыққа қайта шақыр­маған сияқты. Шақырса, маған айтар еді ғой деп ойлаймын. Сол арманын өмірінің соңына дейін анда-санда айтып жүрді. Арманда кетті, жарықтық!..

 

«Ақшамның» жанашыры әрі тұрақ­ты оқырманы еді

Нілжан тәтейіміз жақсы жаңалыққа жаны құмар, қайырлы білімге ынтық адам еді. Құмартқан кітабын, мақаласын іздеп табатын, көңілі қалаған газет-журналдарды жаздырып оқыды. Олардың ішінде «Алматы ақшамы» мен «Айқын»  газеттері бар. Өзі жақсы көре­­тін ғалымдар, жазушылар мен журналисттердің еңбектерін жібермей оқуға тырысатын. Солардың қатарында Мекемтас Мырзахметов, Асқар Сүлейменов, Мырзатай Жолдасбеков, Таласбек Әсемқұлов, Болат Бодаубаев, Қали Сәрсенбай,  Нұртөре Жүсіп бар еді. Нұртөре Жүсіптің «Мың құмырсқа және біз» деген кітабы жарық көрді дегенді ести сала маған телефон шалды. Мен дереу «Айқынның» редакциясымен хабарластым. Іздегені тез арада қолына тиіп, тәтейім қатты қуанып қалды. Біраз уақыт мың құмырсқаның құдіретін отырған жерінде айтып жүрді…

Тағы бірде тәтейім: «Алматы ақша­мын» үзбей оқимын. Қали Сәрсенбай­дың жазғандарын жібермеуге тырыса­мын. Бірақ соңғы кездерді көру қабі­летім төмендеп кеткен сияқты. Оның үстіне газетті майда әріптермен басатын болыпты», – деді. Бір жина­лыста Қали ағамызды көріп қалып, тәтейімнің айтқанын былай деп жеткіздім: «Менің ұстазым, Сіздің оқырманыңыз Нілжан тәтейіміз: «Алматы ақшамының» айтар сөзі ірі, ал әріптері майда болып бара жатыр», – деді. Қали ағамыз сөзге тапқыр ғой: «Мен ол кісіні танимын. Менен дұғай сәлем айт. Енді бұдан былай газетті ірілеу әріптермен басатын боламыз», – деді. Мен тәтейіме Қали ағамыздың сәлемін де, сәлемде­ме­сін де жеткіздім. Нілжан тәтейіміз көңі­лі таудай болып бір көтеріліп қалды.

 

Біз сағынатын әлем

Биыл жазда тәтейіміздің сырқаты күшейіп, ауруханаға түсті. Мен жұба­йым мен ұлымды ертіп қал-жағдайын сұрауға бардым. Көңілі көтеріңкі екен. Жақсы сұхбаттастық. Әңгіме бары­сында Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы туралы да сөз болды. «Шипагерлік баяны» бар еді, жоғалтып алдым», – деді. Мен: «Тәтей, алаң болмаңыз, менде бар, сізге әкеліп беремін», – дедім.

Содан шамалы уақыттан кейін қысқа еңбек демалысын алдым. Бір күнін ұстазыммен бірге өткіземін деп шештім. Жұбайым Ғалияны ертіп алдым. Тәтейім Бибінұр әпкеміздің үйінді екен. Сәскеде келгеннен түнге дейін бірге болдық. Сәлемдескеннен кейін, қолым­дағы кітап пен газеттерді көріп: – «Шипагерлік баянды» әкелдің бе?» – деп қатты қуанып қалды.

Мен: «Иә. Тағы екі газет ала келдім. Біреуінде Мұстафа Шоқай туралы тың деректер, екіншісінде Мекемтас Мырзахметовтың сұхбаты бар», – деп әкелгендерімді бердім.

«Шипагерлік баянды» бұл жолы жақсылап оқи алды ма, білмедім. Бірақ өзінің дертіне шипа болмады. Қожа Ахмет Яссауидің тілімен айтсақ, «мың бір білім үйреткен» ұлағатты ұстазы­мыз бақиға аттанып кетті… Ұстазымыз­бен өзінің әдемі әлемі де бірге кетті мәңгілікке. Ол әлемнің ішінде шәкірт­терге ұлағат, білімге таусылмас құштар­лық бар еді!

Бұл әлем бізге жақын еді. Біз ұлағатты ұстаз әлемін әлі талай-талай сағынатын боламыз, іздейтін боламыз…

 

Бағдат  ТЕЛТАЕВ,

Нілжан  Күздеубаеваның  шәкірті. 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *