ОН МЫҢ СӨЗДЕН ТҰРАТЫН СӨЗДІК ҚҰРАҒАН

Сәбит Иманғалиев отбасы «Мерейлі отбасы» байқауының Алматы қалалық іріктеу кезеңінде бас жүлдені иеленді

Алматылық Сәбит Иман­ғалиев пен Зүбайра Қыстау­баеваның отбасы биыл бесінші рет өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық бай­қауының Алматы қалалық іріктеу кезеңінде бас жүлдені ие­леніп, қыркүйек айында Елордада өтетін рес­пуб­ли­калық байқауға жол­дама алды. Президент Нұр­сұлтан Назар­баевтың бас­тамасымен ұйымдас­тырылған байқау­дың басты мақ­саты – отбасы инсти­тутын нығайту екені белгілі.

Жарты ғасырдан астам бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан отбасының өнегесі мол. Сәбит ағамыз Зүбайраны бір көргеннен ұнатыпты. Зүбайра ол кезде небары 18-де болатын. Ал ісі түзік, сөзі сынық, қазақы тәрбиеде өскен бой­жеткен бір ауылдың айтулы жігітіне бірден сыр алдыра қойған жоқ. Әдеп-иба сақтап, біразға дейін бақылап жүрді. Сұрастыра келе жігітке өзінің немере жеңгесінің бөле әпке екенін білді. Сөйтіп сыйлас, сырлас, «Шырайлым» деп еркелете­тін жеңгесінің інісі екен деген құрметпен жақын тарта жүріп, сезімі бүр жарды. Көп ұзамай шаңы­рақ көтерді. Өмірге келген ұл-қыздарын тәрбиеледі, өздері де өмірлік тәжірибе жи­нады, есейді. Қос қанат жауапты қызметтерде жүріп, үйдің жұмысын, қоғам­дық іс-шараларды да қатар алып, үлгеруге тырысты. Шаңырақ көтергенде отбасында әжесі мен ата-аналарының болуы екі жастың ара-қатынасының берік болуына, нығая түсуіне әсер етті. Зүбайра апамыз бүгінде «мәде­ниетті, зиялы отбасына келін болып түстім» деп жастық шағын сүйіспен­шілікпен еске алады. Мектеп директоры болған атасы Иманғали Жұмағұлов Темірбек Жүргенов­пен Ташкенттегі оқу комиссариатында бірге оқыған, әрі ағайын туыстықтары да бар екен. Түске дейін сабақ беріп келетін Зүбайраға атасы шәй құйғызбайтын. «Қазір тағы кетеді мектебіне, бәйбіше, шәйіңді өзің құя бер, балам дұрыстап шәйін ішіп алсын» деуші еді. Ал біртоға енесі ешқашан еріне қарсы келген емес. Өзімен тетелес екі қайын­сіңлісі, бір қайны­сы, бәрі қатар өсті. Жақсы сыйласты, сырлас болды. Қалада өскен қыздың алға­шында даладағы ошаққа от жағып, табаға нан жабуды білмей, онысын үлкендерге білдір­мей, тығылып жүріп табаға нан салған күндері де болды. Кейде тамақ жетпей қалма­сын деп көбірек істейтіні бар-ды. Сонда үлкен әжелері «көп болып кетіпті-ау, арты­лып қалатын болды ғой» десе, Сәбит те екі жақты ренжітіп алмайын дегендей: «Бұл Зүбайра ертең тамақ істеп жүрмей-ақ қояйын деп әдейі көп жасаған ғой», деп әзілдеген болып қуаттап, демеп отыратын-ды.  Қазір сол сәттердің бәрі сағыныш. Сәбит үнемі түзде, партия жұмысында болды. Зүбайра жауапты қызметте болса да, ошағының жанында жүріп-ақ балаларының сабағын қадағалай­тын. Бала-шағаны жатқызып, түнде өз жұмысына отыратын. Ертең елдің алдында оқитын баяндамасын әуелі қағазға қазақша түсіріп алып, одан кейін орысшаға аударуға көшетін. Аулаға шағын бау-бақша екті, балалары маңдайы терлеп, нанның қадірін, тәтті дәмін сезініп өсті. Кейін Сәбиттің ізінен ерген іні-қарындастары оқуға түсті. Сосын үш жылдың ішінде бірінен соң бірі – алдымен әжелері, одан соң ата-енесі қайтыс болды. Сөйтіп қамсыз, еркін жүрген жас ерлі-зайыпты­ның мойнына үлкендік бір күнде түсті. Олар барлық кедергіні бір-біріне деген сезімін суытпай, қол ұстаса, ақыл, ұстанымдарын біріктіре жүріп еңсерді. Әу бастан қазақы отбасында, бір-біріне дауыс көтеруді, жаман сөз айтуды білмейтін, дастарқан басында да өсек айтуға жоқ, тіпті бір-бірінің көңіліне тиіп алмауды ойлап тұратын шаңырақтан тәлім алған Зүбайра апамыз жас түскен келіндерінің де бетінен қақпай тәрбиеледі. Сол жылдары қол­дарын­да Сәбиттің немере қыздары мен Зүбайраның інісінің қызы студент болып, үйлерінде жатып оқыды. Екі қыздың жатын бөлмесінің, оларға қарама-қарсы орналас­қан ұл мен келіннің бөлмесінің есіктеріне «Қыздарға өсиет» деп этнопедагогикалық ұлағатты сөздерді жазып іліп қойды. Аналық ақ ниеттен туындаған ақыл-кеңестер кейін жастардың өмірінде үлкен бағдаршам болғаны анық. Бұрын туған ауылға, ұшқан ұяға жиі баратын. Бүгінде әке-шешенің көзін көрген үлкендер де, ағайын-туыстар да жоқ. Дегенмен, баяғы кішкентай ауыл, түтіні түзу ұшқан қара шаңырақ, әсем тіршілік жүрек түкпірінде. Қызылорда облысының Жалағаш ауданына қарасты шағын ғана Аққыр дейтін ауылға арнайы барып, үлкендердің рухына Құран бағыштауды ұмытпайды. Екі жыл бұрын Сәбит алыс-жақындағы бала-шағаның басын қосып, елге барды. Сол сапарда, бүгінде бір-бір үйдің отағасы, отанасы болып отырған балалары да бір сәтке сәби, балдырған шаққа еніп, мәз болысып, «анау біздің тығылыспақ ойнаған жеріміз еді ғой, мына жерде ошақ бар болатын, ал мынау сарайдың орны ғой, шарбақтың үстіне шығып алып өлең айтушы едік, мынау біз еккен тал ғой» деп арқа-жарқа болысты. Ел ішін алқымнан алған нарық жылдары Сәбит пен Зүбайра бала-шағасын жетектеп Алматыға қоныс аударды. Айналаның бәрі сауда-саттыққа, бизнеске бет бұрып жатқан болатын. Екеуі де жоғары оқу орнында ұстаздық етіп жүргендіктен, балаларын да ғылымға бағыттады. Қателеспепті. Гүлжан, Гүл­сара, Бауыржан, Гүлназ, Сәтжан есімді ұл-қыздарының ата-анасын жерге қарат­қан жері жоқ. Бәрі де жоғары білімді, лауазымды қызметте. Соңғы үшеуі ғалым атанды. Бауыр­жан – жүргеновтанушы, Гүлназ – филология ғылымының, ал Сәтжан – заң ғылымының кандидаты, «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Қазіргі таңда жиырма шақты немере мен 4 шөбереге ата-әже. 2012 жылы халық­аралық «Заман-Қазақстан» газеті жариялаған «Үлгілі отбасы» байқауына қатысып, жүлделі орынды иеленді. Енді немерелерінің қызы­ғына, жеткен жетістік­теріне қуанып, мар­қайып отыр. Тоғжан есімді немересі – қытай тілінің маманы, магистратурада білімін жалғастыруда. Ол ана тілінен бөлек, орыс, ағылшын, француз тілдерін де еркін меңгерген. Алдияры 6 жасында шахматтан «спорт шебері» атанып, халықаралық байқауларда елдің атын шығарып жүр. Ал Назерке мен Жаһангер музыка мектебінің дәстүрлі ән бөлімінде оқып, домбыра тартады. Қалалық, республикалық байқау­лардан жүлделі оралып жүр.

 

* * *

Зүбайра апамыз отағасының жүрегі жұмсақ, мейірімді, мұқтаж жандарға қолұшын бергісі келіп тұратын елгезек, адамгершілігі жоғары жан екенін айтады. Оған қоса ән-жырға құмарлығы, домбыра тартатындығы, жиын-тойларды басқара­тын тілге шешендігі де бар сегіз қырлы азаматты «Өмірінде темекі тартып, арақ та ішкен емес» деп еді, Сәбит ағамыз: «Періште десейші» деп, жарасымды әзілдей бір күліп қойды. Иә, екі жақсы қосылғалы бері олардың шаңыра­ғынан өз балаларынан бөлек 17 ұл-қыз тәрбиеленіп, қанаттанды. Сонау жыл­дары Төретамда тұратын Ыбырай есімді ағайын­ның әйелі қайтыс болып, шиеттей бала-шағасымен жанына көшіріп әкеліп, ұл-қыздарына пана болып, оқытып, тоқытып, үйлендіріп, үй қылған осы мерейлі отбасы болатын. Сол балалар да бүгінде бір қауым ел. Олар өздерінің рухани әке-шешелерін ұмытқан емес, мерекелерде арнайы келіп құттық­тайды. Сый-сияпаттан бөлек, ақжарма ықыластарынан кенде емес, ырымдап өз балаларының тұсауын да кескізіп, әр­дайым құрметтеп отырады. Сәбит Иман­ғалиев – Қазақстан Журналистер одағы­ның мүшесі, Жалағаш ауданының Құр­мет­ті азаматы. 1942 жылы К.Маркс атындағы ұжымшарда (Қазалы ауданы) әкесі мектеп директоры болып тұрған кезде ауылға Сәбит Мұқанов келіп, құр­метті қонағы болады. Сол кеште дүниеге келген нәресте ұлы жазушының есімін еншілеген екен. Жақсының шарапаты болар, жазу-сызуға жақын болды. Қазақ­станның әр жылдары астанасы болған Қызылорда, Алматы, Астана қалаларын­дағы көшелерге аты берілген 1500-дей танымал тұлғалар жайлы елімізде тұңғыш рет үш тілде көлемді 5 кітап жазды. Ерлі-зайыптының «Астаналардағы көшелер» атты кітабы 2014 жылы Германияның Майндегі Франкфурт және Түркімен­станның Ашхабад қалаларын­дағы халықаралық кітап көрмелеріне қойылған.

 

* * *

Иманғалиевтер отбасында ұл-қыздары, немерелері бірнеше тілді меңгерген. Бірақ үйде ешқайсысына өзге тілде шүлдірлеуге жол жоқ! «Сырттан кіріп келе жатсың ба, басқа тілді табалдырықтан қалдырып кетіп, ана тіліңде сөйле!» – әке-атаның қатаң талабы осы.

– Жоғары оқу орнында ағылшын, орыс тілдерінде лекция оқитын бір қы­зым­ның балалары, яғни жиендерім әлгі талабыма «көніңкіремей» жүр, батырып ұрысып қояты­ным бар. Біздікіне келуге жинала бастағанда-ақ «атаға бара жатыр­мын, қазақша сөйлеу керек» деп дереу өз­гере қояды екен, оған да шү­кір дейміз, – деп күлді Сәбит ағамыз әңгі­ме арасында. Бірде қызы мен күйеу баласы халықара­лық шахмат жарысына қатысатын ұлдарымен бірге Астанадан дос­тарының екі баласын да ертіп келеді. Есіктен ене берген астаналық мейман балақай Сәбит атаға қолын ала жүгіреді. – Сәлеметсіз бе?! – дейді сосын. – Ай, балам, бұдан кейін ата-ағалар­мен «Ассалаума­ғайлей­күм!» деп амандас, жарай ма?! Сосын, андағы орыс тілің біздің үйге жарамайды, біздікіне келдің бе енді, тек қазақша сөй­лей­тін болыңдар, – деді арқасынан қағып. Сөйтіп, әлгі екі балақай тілі келмесе де тырысып қазақша сөйлеп жүріпті. Екі күннен соң бірінің шешесі келеді ғой. Сонда алдынан жүгіріп шыққан әлгі 8-9 жасар қонақ бала: «Мама, тсс, бұл үйдегі адамдар тек қазақша сөйлейді екен», деп сыбырлап жатқанын естіп қалған көпшілік аңғал баланың таза көңіліне, ниетіне риза болысып, жамырай бір күліп алған екен.

 

* * *

Ал отанасы Зүбайра Қыстаубаева – Қазақстан білім беру ісінің үздігі. Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педаго­гикалық училищенің, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік универ­ситеті Филология факультетінің түлегі. 1965–1967 жылдары Жалағаш аудандық комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі болып қызмет атқар­ған. 1968–1987 жылдары Жалағаш ауданы мен Қызылорда қаласындағы орта мектептерде мұғалім, әдіскер, оқу-консуль­тациялық пунктінің меңгерушісі болды. 1988–2007 жылдары Қорқыт ата универси­тетінде, Алматы Экономика және статистика академиясында, Қазақ-Америка универ­сите­тінде аға оқытушы болды. Қоғамдық негізде мектепте партия ұйымының хатшысы, Қызылорда қалалық оқу бөлі­мінің қазақ тілі секциясының жетекшісі, мұғалімдердің білімін жетілдіру институ­тында лектор болды. Қазақ тілі пәні бойынша өткен Қызылорда облыс­тық және республикалық оқушылар олим­пиадасы­ның қазылар алқасы құра­мында бірнеше рет қазылық етті. 1989 жылы Қазақ КСР Оқу министрлігінің конкурсы негізінде кешкі орта мектептің 9-11-сыныптарына арнап жазған «Қазақ тілі» атты оқулығы «Мектеп» баспасынан 17 мың таралыммен жарық көріп, республика мектептерінде бүгінге дейін оқытылуда. 1999 жылы Алма­тыға қоныс аударып, екеуі де ұстаздық, шығарма­шы­лық жұмыспен айналысты. Сол жылдан бастап Алматы Экономика және статис­тика академия­сында аға оқытушы болып, екеуі де зейнеткерлікке дейін студенттерге дәріс оқыды. Зүбайра апамыздың шешесі балаларын кешке төсекке жатқызғанда көздеріне ұйқы тығылғанша деп жұмбақ жасырып, мақал-мәтел жаттатып, мәйекті сөздер үйретеді екен. Этнопедаго­гикадан бала күнінен қанып ішкен Зүбайра апамыз да бүгінде немерелеріне ертегі айтып береді. Тіпті, таусылып бара жатса, ертегі кейіпкерлерін ойдан шығарып алып, өз қия­лы­мен өріп, баяндап бере қояды. Осындай әжесі мен атасы бар ұрпақ бақытты.

 

* * *

3 ғалым, 2 Журналистер одағының мүшесі, 2 Құрметті азамат шыққан, 17 кітап жазылған, бірнеше тілді қатар меңгерген, қазақша дәстүр-салтты сақ­таған, домбы­рада ән салып, күй тартатын ұрпағы өсіп келе жатқан Иманғалиевтер отбасының бүгінгі мерейлі биігі осындай!

 

Нұржамал ӘЛІШЕВА.

Алматы.

«Егемен Қазақстан»,

23 тамыз, 2018 жыл.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *