Он екі мүшеміздің амандығын ойлаған

Жазым деген аяқ астынан болады емес пе, осыдан екі жыл бұрын абайсызда жығылып, аяғымды сындырып алып едім, бірақ, сынығым дұрыс бітпей, соңы бір аяқты мүлде кесіп тастауға әкеліп соқтырды. Басыңа түскен іске не шара,  көп қиналдым.

Осылай мұңайып жүрген сәтімде Алматы қаласындағы  протез жасау орталығына бару жөнінде шешімге келдім. Шешімім дұрыс болып шықты. Мұндағы мамандар денсаулығымды толық тексеруден өткізіп, кесілген аяғымның орнына протез  кию керектігі туралы кеңес берді. «Қолтығыма батқан балдақтан құтылсам болды», – дедім дәрігерлерге, олар маған «балдағыңызды ұмытып, жеңгемізбен бірге  би кешіне баратын боласыз», – деді,  көңілімді көтеріп. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген емес пе, дәрігерлердің осы бір ауыз сөзі көңілімді көтеріп, арада бір айдың қалай өткенін байқамай да қалыппын. Міне, қолы шебер әрі жеңіл, алақандары шипалы дәрігерлердің арқасында екі аяғымды тең басатын жағдайға келдім.  Жалғыз мен емес, осында келіп емделіп, қол-аяқ­тарына протез жасатып жатқан түрлі жағдайлардағы адамдарды көрген сәтте, біздің медицинаның жетістіктеріне, мамандарымыздың білім-біліктіліктеріне басымды идім.   Қарапайым адамдардың қолында ақ бата беріп, алғыс айтқаннан басқа не бар дейсіз, жаныма демеу болып, жаратқанның жазуымен кемдікке ұшыраған   мүшемді бүтін етіп, екі аяғымды тең басуыма жәрдем берген  ақ желеңді абзал жандар —  бөлімнің  бас дәрігері Ш.Шәріповаға, мейірбикелер Айгүл Тынаева, Бижамал Тұрысбекова, Қарлығаш Ошақбаева, Күлтай Аманқұлова, Сағымкүл Әлиеваға, күтуші Күләйхан Сламжановаға  өзімнің сүйікті газетім – «Алматы ақшамы» арқылы алғыс айтқанды жөн көрдім.  Жасаған емдеріңіз шипалы болып, елдің шарапатына бөленіп жүре беріңіздер,  көптің амандығын тілеген ақ желеңді абзал жандар. 

Емделуші  Жомарт АҢЛАМАСОВ және бұл тілекке  менімен бірге аяқтарына протез жасатып жатқан  Ержан РАЗБЕКОВ, Айдос ЖЫРҒАСБАЕВТАР да қосылады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *