ОН ЕКІ КҮНДІК ӘҢГІМЕ

20Қырық жылдай уақыттан бері теберіктей ардақтап, сақтап жүрген мына сурет өткен ғасырдағы 80 не 81-жылдың жаз күндерінде Медеу жақтағы «Алатау» санаторийінің ауласында түсірілген. Сол жақтан бірінші – қазақ театр өнерінің бүгінгі қос абызының бірі қадірлі Сәкең, халық әртісі Сәбит Оразбаев. Суреттің өзіне жарасар, аз-кем тарихы баршылық.

Маусым айының басында еңбек демалысына шыққан бойда «Алатау» санаторийіне барып, түскі ас кезінде асханадағы көрсетілген орынға жете бергенде, дәл сол үстелде отырған таныс тұлға көзіме оттай басылды да, екеуміз арқа-жарқа болдық та қалдық. Бұл, әрине, Сәбит Оразбаев еді. Менен біраз бұрын келіп емделіп, демалып жүр екен. Ол да, мен де жұмысбастымыз, іздегенге – сұраған, құдайымыз берді де қалды. Бос уақыттың бәрі ұшы-қиырсыз әңгіме-дүкенмен өтеді. Әрине, Сәкеңді танитындар көп. Кейбірі «Сізді қолға түсіре алмай жүрміз» десе, «Зәкір екеуміздің әңгімеміз бітсін, бірақ, бүгін-ертең бітпейтін шығар» деп әзілдеп жауап береді.

Шынында да, солай болды. Сәкеңнің бүкіл жүріс-тұрыс, қимыл-қозғалыс, сөйлейтін сөз, айтатын әңгіме-хикаяларының бәрі әзілмен әдіптеліп, қалжыңмен күптеледі. Бос дырду, сәкәкуге жоқтықтан ба, қаншама басқосу, шақыру, дастархандар Сәкеңсіз өтті-ау деймін. Тек оқта-текте нақ бір менің рұқсатым қажеттей, «жаттайтын өлең бар еді» деп бөлмеге кететін. Тағы бір байқалғаны…

Он екі күннен соң демалысы бітіп, үйіне қайтқан Сәбит оқта-текте телефон соғып, менің базбір мақала, сықақ әңгімелеріме пікір білдіретін. Батылдық болу керек. Бәлкім, солай шығар, бірақ, әдебиетке іңкәрлігі, оқыған дүниелерінің тізімін шағып талдауға шеберлігі, артық айтты дей қоймас, бір адамдай болатын. Ғажап күйде қалатынмын, риза болатынмын.

Театрдағы жастары қарайлас үш абыз: Райымбек, Асанәлі, Сәбит! Райымбек бақилық. Асанәлі мен Сәбит, шүкір, халқының ортасында.

Кей-кейде сол баяғы арасында үзіліс болмаған он екі күндік әңгіме-серуен ойға оралады. Оған да шүкір, қанағат дейсің. Қайтып ондай мүмкіндік болған жоқ.

Мерейің өсіп, мәртебең арта берсін абыз, Сәке! Қазақтың Сәбит Оразбаевы!

 

Зәкір АСАБАЕВ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *