Он бiрiншi жылға өкпе жоқ Мәдениет пен өнер саласындағы елеулi жаңалықтар

Роза ӘРЕН

Жақсы өткiздiк пе, жаман өткiздiк пе, әйтеуiр бiр жылды тәмәмдадық. Қоян жылы қазақ елiне, оның iшiнде қазақ мәдениетiне толағай табыстар әкелдi. Бiрақ, бұл жылдың өз өкiнiшi, күйiнiшi мен сүйiнiшi қатар келдi. Бүгiнгi санда 2011 жылы Алматыда өткен мәдени шараларға айрықша тоқталамыз. Телеэкрандағы мәдени шаралар

Бұл жылы қазақ тiлiнде хабар тарататын және мәдениет пен руханият мәселелерiне басымдық берiлген тұңғыш «Мәдениет» телеарнасы ашылды. Көршi Ресейде бiр емес, бiрнеше «Культураның» ықылым заманнан берi дамылсыз қызмет көрсетiп келе жатқанына iштей сүйсiнетiн көрермен ендi «Мәдениеттi» айналшықтайтын болды. Қазiрдiң өзiнде «Мәдениеттiң» алғашқы аяқалысы жаман емес, Мағауиннiң «Жармағын» жан-жақты талдап, «Қасым солай болмаса, несi Қасым?» деп, әдеби сынның әдемi элементтерiн экрандап үлгердi.

Отандық телеарналардағы музыкалық шоу-бағдарламалардың саны көбейдi. Бұрын тек «Қазақстандағы» «Екi жұлдызға» телмiретiн болсаңыз, қазiр «7-арнадан» «Жұлдыздар фабрикасын» көре аласыз. Ал, «Еларнаның» рейтингiн продюсер Баян Есентаеваның «Саз әлемi» байқауы айтарлықтай биiкке бiр-ақ көтердi. Таза қазақша жүргiзiлмесе де, ұйымдастырушылық iстерiнде қателiктерге жол берсе де, жоғарыдағы музыкалық бағдарламалар көрермендердiң көзайымына айналған жайы бар.

Қала көшелерiнде

2011-дiң ең үлкен жаңалығының бiрi – Республика сарайының күрделi жөндеуден өткiзiлiп, пайдалануға қайта берiлуi. Қазiр күндiз-түнi жарқ-жұрқ еткен сәулесiмен өткен-кеткен жанның көзiн сүйсiндiретiн сәулеттi сарайдың беделi сарыла күткен метроның абыройынан бiр мысқал кем болмай тұр. 2 жылға жуық уақыт шағын сахнада аз ғана (Республика сарайының сыйымдылығымен салыстырғанда) көрерменге концерт берiп келген әншi, бишi, күйшi қауым ендi соңғы технологиямен жарақтандырылған «суперсарайда» өнер көрсетедi. 50 адам сыятын конференц-зал, аудио-дүңгiршек, гүл дүкенi, сұлулық салоны, дыбыс жазатын студия – осының бәрi де халық игiлiгi үшiн.

Бұл жылы шаһарға ескерткiштер «аспаннан жауғандай» әсер қалдырды. Ұсақ-түйегiн есептемегенде, айналасы 4-5 айдың iшiнде халқымыздың маңдайына бiткен бiртуар ұл-қыздарына тас мүсiндер тұрғызылды. Сенбесеңiз, саусағыңызды бүгiп тұрып санаңыз: таяқшасын сермеп, шабыттың шырқау биiгiнде тұрған Нұрғиса Тiлендиев, қазақтың бағына бұлбұл боп жаратылған әйгiлi Күләш әншi, маңдайы жарқыраған Жүсiпбек әншi Елебеков, аса дарынды академик Ахмет Жұбанов… Мiне, тыңдарман қауым осы таланттардың тас мүсiндерiмен қауышты. Тұрғындарды қала көшелерi тәрбиелейдi десек, жоғарыдағы ескерткiштердiң өскелең ұрпақтың зердесiне құяр тағылымы көп екенiн бағамдау қиын емес.

Алматы жылдағы дәстүр бойынша биыл да ән мен күйдiң ордасына айналды. «Азиада ойындары» аясында ұйымдастырылған «Мәдени Азиада», «Киноазиада» шаралары, шаһарда өткен Дэгу қаласының күндерi (Солтүстiк Корея), биыл тұңғыш рет ұйымдастырылған «Ғасырлар сазы» дәстүрлi этнографиялық фестивалi қаланың мәдени өмiрiне елеулi жаңалықтар әкелдi.

Тұлға-тағдырлар арамыздан кеттi

2011 жыл ел руханиятын, әсiресе, Алматыдай өнер ордасының қабырғасын қайыстырып та кеттi. Жыл басы әр сөзi афоризмге айналған Қадыр ақынның қазасымен басталды. Сәл кейiнiрек, күллi қазаққа эпистолярлық және очерк жанрлары арқылы танылған, әйгiлi «Махаббат, қызық мол жылдардың» авторы Әзiлхан Нұршайықов дүниеден озды. Ал, 10-ақпан күнi қазақтың ақмаңдайлы әншiсi, ҚР Халық қаһарманы Роза Бағланова қара жер қойнына тапсырылды.

Эпизодтық рөлдiң де бағын жандырып жiберетiн қазақ киносының қара шалы Қасым Жәкiбаев та, бетiң бар, жүзiң бар демейтiн турашылдығынан таймастан Дариға Тiнәлина да өттi жалғаннан. Бiр қуаныш, бiр мұңы бар айрықша әндердiң авторы Мыңжасар Маңғытаев, КСРО халық әртiсi Хадиша Бөкеева, ақиқатшыл ақын Өтежан Нұрғалиевтар да үзеңгiлестерiнiң артынан кете барды.

Деректi фильм саласының майталман маманы Аманкелдi Смайылбеков те, қазақы шапанын үстiнен тастамаған күйi белгiлi суретшi Әбдiрашит Сыдыханов та өмiрден өттi. Ал, қоңыр күзде асқар Алатау қаламын сүйкей салса лирикасы төгiлетiн Тұманбай ұлын жер қойнына бердi. Қалың ел Тұманбай Молдағалиевтi ақтық сапарға бiр кездегi Нұрғиса Тiлендиевтi шығарып салғандай, «Құстар қайтып барады» әнiмен аттандырды…

«Өзектi жанға – бiр өлiм». Жоғарыда аталған ат төбелiндей азаматтардың барлығы жастары жер ортасынан ауғанша қазаққа қалтқысыз қызмет еттi, қалаулы ұл, қалаулы қыз болды. Осы орайда, биыл беймезгiл дүниеден озған жас әншi-сазгерлердi атап кетейiк. «Ұйықтап кетсем, бiр күнi оянбай қалам» деп ән салған бард-әншi Табыл Досымов, бүгiнгi күнi хитқа айналға көптеген әндердiң авторы Ержан Серiкбаев жалғанның базарынан қайтты бұл жылы. Алаштың ардақты айтыскерi болған ақын Оразалы Досбосыновтың жары, әншi Ажар Түзелбекқызы да қапияда қаза тапты.

Театрда

М.Әуезов атындағы әкемтеатр дiттеген «ұлттық театр» статусына биыл да қол жеткiзбедi. Бұл жылы театр сахнасында «Жаужүрек», «Тендерге түскен келiншек», «Империядағы кеш», «Қыз мұңы» драмалары қойылды. Сондай-ақ, ұжымда С.Оразбаев, Е.Обаев, Б.Имашева және т.б театр тарландарының мерейтойы тойланды.

Ғ.Мүсiрепов атындағы жастар театрына жыл басында Ресей және Украинаның халық әртiсi Роман Виктюк келiп, Шиллердiң «Махаббат пен ғадауатын» қойды. Ал, күзде театрдың көркемдiк жетекшiсi Талғат Теменов Ш.Айтматовтың «Теңiз жағалай жүгiрген тарғыл төбетiн» сахнаға шығарды. Бұл ұжым осыдан бiр жыл бұрын Айтматовтың «Шынарым менiң, шырайлым» повесiнiң желiсi бойынша қойылым қойған болатын. Жыл соңында режиссер Балтабай Сейiтмамытұлы «Таудағы түн» лирикалық драмасын көрермен назарына ұсынды.

Жастар театрының белдi әртiсi Айгүл Иманбаева биыл жеке театр ашты. Ақпан айында Еврипидтiң күллi әлем жырлаған «Медеясын» қойды. Ал, көктемде көрерменге өзбек халқының «Темiр қатын» комедиясын ұсынды. Айгүл екi қойылымда да Жамбыл облыстық драма театрының режиссерi Қуандық Қасымовпен бiрiгiп жұмыс iстедi. Театрдың актерлiк құрамында 5 әртiс бар, олар – Айгүлдiң ТЮЗ сахнасында бiрге еңбек ететiн әрiптестерi.

Кино әлемiнде

2011 жыл қазақ киносының қоржынына бiрнеше тәуiр фильмдi елеп-екшеп салып бердi. Биыл «экшн» жанрында түсiрiлген қазақстандық «Ликвидатор» фильмi үлкен көлемде касса жинады. Ресейлiк режиссер Е.Кончалов ский түсiрген «А-ға оралу» атты қазақстандық фильм – «3D» форматында түсiрiлген алғашқы отандық туынды. Сондай-ақ, бұл өнiм атышулы «Оскар» жүлдесiнiң арнайы аталымдарының бiрiне ұсынылып отыр. VII «Еуразия» кинофестивалiнде режиссер Ерлан Нұрмұханбетовтiң жапон режиссерiмен бiрiгiп түсiрген «Көктемнiң алғашқы жаңбыры» фильмi байқаудың бас жүлдесiн жеңiп алды. Ал, Нариман Төребаевтың «Шуақты күндер» фильмi де арнайы дипломға ие болды.

Бұл жылы «Қазақфильм» жарыққа шығарған су жаңа киноөнiмдердiң iшiнде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Балалық шағымның аспаны» (реж – Р.Әбдiраш), «Жерұйық» тарихи драмасы (реж – С.Тәуекел), «Менiң күнәлi перiштем» мелодрамасы (реж – Т.Теменов), «Супербаха» комикстерi(реж – Т.Байтөкенов, Т.Қасымжанов) бар. Әр мезгiлде көрерменге жол тартқан фильмдердiң бюджетi де, бағытталған аудиториясы алуан түрлi. Мәселен, алғашқы отандық комикс – «Супербаха» жасөспiрiмдер мен балаларға арналған. Ал, 1937-38 жылдары қазақ жерiне жер аударылған кәрiс халқының басындағы қиын-қыстау кезеңдерiн баяндаған «Жерұйық» тарихты тереңнен қозғаған тағылымды дүние болды.

«Қазақфильм» тек фильм жасаумен шектелмедi биыл. Жаз айларында алғашқы анимациялық фильмдер фестивалiн өткiзiп, кинотеатрлардан апта бойы кiшкентай бүлдiршiндерге тегiн мультфильм көрсеттi. Ұжым осы жылы 75 жылдық мерейтойын тойлады, «Қазақстанның кино энциклопедиясын» дайындап шығарды. Ал, премьерасы Тәуелсiздiктiң 20 жылдық мерекесiне белгiленген «Мың бала» тарихи драмасы әлi де толық дайын болмағандығы себептi кешiктiрiлiп отыр. Бюджетi жағынан «Көшпендiлерден» кейiнгi екiншi орында тұрған фильм көрерменiмен 2012 жылдың ақпан айында қауышады деп күтiлуде.

Сондай-ақ, осы жылы режиссер С.Құрманбековтiң «Жиде. Күтпеген махаббат», жас режиссер Ж.Пошановтың «Жел қызы», продюсер Б.Есентаеваның «Ғашық жүрек-2» фильмдерi жарыққа шықты.

Жылдың жылт еткен соңғы жаңалықтарының бiрi – алдағы уақытта Алматы қаласында тек отандық фильмдердi көрсететiн кинотеатр ашылуы мүмкiн. Бұл туралы «Жиде. Күтпеген махаббат» фильмiнiң БАҚ өкiлдерiне арналған көрсетiлiмiнде айтылды. Фильм режиссерi С.Құрманбеков «Көршi Ресей мен Қырғызстаннан тек отандық киноөнiмдер көрсетiлетiн кинотеатрларды көрiп, өз елiмiзде де осы жобаны қолға алсақ деген идея туды» дедi. Нәтижесiн күтемiз.

P.S. Қош, сонымен Қоян жылы шаһарда ұйымдастырылған мәдени шараларды түгендеп шығуға тырыстық. Ең бастысы, ел еңсесi тiктелген тұста мәдениет те көш iлгерi жылжитынына көзiмiз жеттi. Өткен жылдан қалған өкiнiш бұлты сейiлiп, ал, алған өнегемiз келер жылға азық болсын деймiз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *