Он алты жастағы актердің сегіз жастағы кейіпкері

Мен оны театр сахнасында ең алғаш рет көрген кезде жеті жастағы бала екен деп ойлап қалдым. Шынымен, сырттай қараған әрбір адам оның кішкентай бала екеніне еш күмәнданбауы мүмкін. Себебі, 16 жастағы Данияр Измахунов қасындағы құрдастарынан өзінің сүйкімді бала бейнесімен ерекшеленеді. Жақында бұл ерекше бала Мұхтар Әуезов театрының сахнасында Анна Каренинаның Сережа есімді сегіз жастағы баласын сомдап, өзінің өнерімен сезімтал көрерменнің көңілін ерекше елжіретті. Театр сахнасындағы бұл ең алғашқы рөлі киелі өнер әлеміне құлшындыра түсіп, жасөспірімнің жүрегін қуанышқа толтырды.

Балнұр АХМЕТ

Өмірде өнердің биігіне қанат қағуды армандайтын Даниярдың актерлік өнерге қызығушылығы кішкентай кезінде теледидардан көрген мультфильмдер мен кино кейіпкерлерінің бейнесін сомдаудан бастап пайда болған. Күнде кешке ата-анасы жұмыстан келгеннен кейін ол күндіз көрген мульт­фи­льмдері мен ертегі кейіпкерлерінің келбетін кескіндеп, қызықты қылық­тарымен үйіндегілерді күлдіріп отырған. Кейіннен №118  мек­теп-гимназиясында өткен мере­келік мәдени іс-шараларға белсене қатысқан баланың өнер әлеміне, сахнаға сүйіспен­шілігі арта түскен. 9-сыныптан соң биыл Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ ұлттық өнер академиясының колледжіне түскен ол қазір «Актер шеберлігі» маман­дығы бойынша білім алып жүр. Мұхтар Әуезов театрында жақында сахналанған «Анна Каренина» спектак­лінде өнер көрсеткен өрен өзінің отба­сымен бірге «Алатау» ауданында тұрады. Биыл 1-курс студенті атанған Данияр өзі­нің үлкен театр сахна­сына қалай шыққаны туралы бізге ерекше әсермен әңгімелеп берді.

– Біз қазан айында ұстазы­мызбен және колледж студент­терімен бірге Әуе­зов театрына КСРО және Қазақ­станның Халық әртісі Асанәлі Әшім­ұлының шәкірттері қойған «Қарагөз» спектаклін тамашалауға барған едік. Сол кезде Асанәлі Әшімұлын көрдік. Театрға бізбен бірге барған ұстазымыз Ұлбосын Тәжібаева қойылымның алдында мені аты аңызға айналған Асанәлі Әшім­ұлымен таныстыр­ды. Бір қызығы, дәл сол күні «Қарагөзді» көруге Назгүл Қарабалина да келген екен. Сол бір сәтті күні мен бұрын тек теледи­дардан көрген өмір жолы өнегеге толы Асанәлі Әшімұлымен және Назгүл Қараба­линамен таныстым. Сол сәттегі көңілімдегі қуанышым шексіз болды. Анна Карени­наны бейнелеген Назгүл апай маған: «Сен спектакльде Сережа деген баланың бей­не­сін сом­дауға керексің» деп айтып, теле­фон нөмірімді жазып алды. Ертеңіне хабарласып, театрға шақырды. Келесі күні театрға барғанда қойылым­ның режиссері Есмұхан Обаев­пен таныс­тым. Ол маған Сережаның рөлін ойнай­ты­нымды айтқан соң, кейін­нен қойы­лым­ның дайындығына қатыс­тым. Әлемге әйгілі театр тарландарымен таныс­қаным өмірімдегі ешқашан ұмы­тыл­майтын қуа­нышты сәт болды. Есімі елімізге белгілі талантты әртістермен бір сахнада өнер көрсеткеніме алғашқы кезде өзім іштей сене алмай жүрдім. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Қойы­лымдағы бұл рөл театрға, сахнаға деген ықыласымды арттыр­ған­дықтан, болашақта өмірімді театрмен, сахнамен байланыс­тырғым келеді, – дейді Данияр.

«Анна Каренина» спектаклінде өзіне баланың рөлі бұйырғаны Даниярды ерекше қуантады. Спектакль сахналау­дағы дайын­дық кезі, актерлердің өзара қарым-қаты­насы, сахна сыртында әйгілі әртістермен танысуы, премьерадағы сахна шымылды­ғының ашылуы, жұдырықтай жүректің тебіренісі, алғаш рет сахнаға шығу сәті, кө­рермен алдындағы көңілдегі сезімі, қойылым кезіндегі кейіпкерлердің іс-әрекеті, спектакльдің соңы, көрермен­дердің қошеметі – бәрі-бәрі өнер әлеміне алғаш рет имене қадам басқан баланың кіршіксіз көңілінде ерекше әсер қал­дырды. Театрдағы Данияр қатысқан қойылымды ерекше ықыласпен тама­шалаған оның анасы, ата-әжесі, ұстаз­дары, достары мен сынып­тастары оның өнердегі алғашқы қадамына қуанып, шығармашылық табыс тілеген. Отбасы мен ұстаз­дарын өзінің өнерімен қуантқан жасөспірім спектакль соңында көрер­мендер берген гүлдерді аяулы анасына сыйлап, ана құшағын гүлге толтырған.

Ақкөңіл, адамдармен тез тіл табы­са­тын, мінезі ашық, алғыр, ақылды Данияр бойы­ның қыс­қалығы ағзадағы өсу гор­мо­нының аздығына байланысты екенді­гін айтты. Бірақ бұл оның актер болу туралы асқақ арманына қол жет­кізуіне ешқандай кедергі келтіре алмай­тынды­ғын атап өтті. Оның айтуынша, алғашында кішкентай бала деп ойлап қалатын айналадағы адамдар онымен танысып, сөйлес­кеннен кейін Даниярдың 16 жастағы жасөспірім екендігіне анық көз жеткізетін көрінеді.

Айта кетерлігі, Даниярды «Ха­бар» телеарнасындағы «Детектив әже» теле­хикаясы мен әнші Ғалым­жан Молда­назардың бейнекли­піндегі кішігірім көріністерден көруге болады. Сондай-ақ, ол ре­сейлік режиссер Михаил Плиско­ның фестивальдік фильміне түскен.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *