ОМАР ХАЙЯМ РӨЛІНДЕ – ӘЙЕЛ АДАМ

немесе жапонның Кабукиін еске түсірген қойылым

Алматыдағы «Жас сахна» театрында «Омар Хайям» спек­таклі қойылды. (Режиссері Барзу Әбдіразақов, авторы Тимур Зұлпықаров).

– Ең басты және жеке рөлде әйел адам ойнады. Себебі, ол ақынның жан-дүниесіндегі бұл­қыныстарды өте нәзік жет­кі­зеді деп шештім, – дейді қойы­­лымның режиссері Б.Әб­ді­­разақов. – Бұл қойылымнан көрермен ақынның өмірбаяны не болмаса танымал өлеңдерін естіп біле амайды, режиссер оны поэзия кешіне айналды­руды да ойламаған. Бұл — моно­спектакль. Ақын рөлін Әйгерім Мұстафа бейнеледі. Сахнада сағат бойына бір тамшы судай жарықтардың үйлесімімен керемет ойын көрсетіледі. Қойылымның авторы, ақын Тимур Зұлпықаровтың айтуын­ша, ойлағанындай, ақын өмі­рінің соңғы сәттерінде, өлер ал­дында ғұмырының ең жар­қын күндерін көз алдынан өткі­зеді.

Ақынның танымалдылығы сондай, оны көзіқарақты жұртқа таныстырып жатудың өзі артық. Ең бастысы, оның поэзиясының құдірет-күшін көрсету. Ең маңыздысы, ақын­ның өмір өткелінде не айтқысы келгені. Әрине, көрермендерге ақын рөлін әйел адамның сомдауы екіұшты ой қалдыруы мүмкін. Сондай-ақ, актриса өзінің әйелдік бейнесін жасы­рып жатпайды. Ал енді бұл рөлді ер адамға ұсынсақ, ол одан сайын күрделі көрініп, көрерменді тартпауы да мүмкін екен.

– Мен бұл рөлде әйелді не ер адамды көрсетуді мақсат тұтпадым. Бастысы, ақынның жан-дүниесіндегі әрекеттерді бүгінгі жаңғырықтармен байла­ныстыру. Сондықтан оны жаны нәзік әйел адамның алып шығатынына сендім. Өйткені, олар өмірдің бағасын еркек­терден әлдеқайда терең түсі­неді, сезінеді, – дейді қойылым режиссері. – Мен аспан мен жердің арасын тұтастырып тұратын, қазіргі қатаң қағи­даларды назарға да алмайтын образды іздедім. Бұл тұрғыдан келгенде Әйгерімге разымын. Кез-келген актер мәтіндегі ауырлықты бұлай алып шыға алмайды. Бұл ешқандай кепілсіз, жалғыз өзі Эвересті бағындырғанмен бірдей.

Р.S. Жапонияның атақты Кабуки театрын білетін болар­сыз. Бұл театр Жапонияда ХVІІІ ғасырда пайда болған. Актерлері маска киіп ойнайды. Ойынында, киім киісінде, жүріс-тұрысында ежелгі дәс­түр жаңғырып жатады. Актер­лер құс секілді кеңістікте қалықтап жүргендей, өлеңдетіп сөйлейтіндей әсер қалдырады. Айтпағымыз, ғасыр басында Кабукидің алғашқы қойылым­дарында кілең әйелдер ойнаған екен. Өкінішке орай, әйелдер жеңіл жүріске салынып кеткен соң сёгунат Токугава арнайы жарлық шығарып, ойыннан аластатады. Император Мэйдзи кезеңіне дейін бірде-бір әйел актриса болмаған. Содан бері Кабукиде әйелдер рөлін еркек­тер сомдаған. Оларды жапон тілінде «оннагата» деп атайды. Сондай әйел бейнесін сомдау­шы атақты актердің бірі Фуку­сукэ Накамураның ойынын да өз көзімізбен көрудің де сәті түскен.

Тақырыпқа орай мына бір мысалға да ден қояйық. Бірде атақты актриса Алла Демидова «Мен ежелгі Грекияда да актри­са  болғым келді. Бірақ олардың театрында тек қана еркектер ойнайтынына таң­қалу­шы едім. «Сіз де еркек болып ойнайсыз» деді олар маған» деп еді.

Әрине, бұған таңқалатын ештеңесі жоқ. Қыздың ел жұр­тымен қоштасуын, сыңсуын, т.б. түрлі мінездерді өзіміздің Қаллекиден (Қ.Қуанышбаев) асырып келістіріп ойнаған ешкім жоқ шығар. Бірақ біз Алла Демидованың сөзіне Грецияда емес, Жапонияда көз жеткізіп, оның сырына әбден қаныққан едік.

Айтпағымыз, аталмыш қо­йылым туралы естігенде Кабу­кидің есімізге түскенінің сыры осында еді. Айырмасы мұнда ер адамның бейнесін әйел адам бедерлейді. Бұны да жамағат жатырқамай қабылдап, зор әсерленсе, одан артық жетістік болмайтыны сөзсіз.

 

Қ.ИМАН.

 

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close