Қолы алтын дәрігер

Онкогинеколог Мұрат Қайырбаев туралы үзік сыр

Серік ЖҰМАБАЙ

 

Алғыс арқалаған азамат

Дәрігерлік – жауапты мамандық. Мұнда адам тағдыры тұрғандықтан еш қателесуге болмайды. Бұл ретте дәрігерлер үнемі білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілдерін жетік меңгеруі тиіс. Осы ретте онкогинекология саласында жемісті еңбек етіп, халықтың алғысына бөленіп жүрген Мұрат Решатұлының өнегелі істері төңірегінде сөз қозғағанды жөн санадық.

Қатерлі ісік, жатыр мойнының обыры дертімен ауыратын науқастардың барлығы дерлік білікті онкогинеколог Мұрат Қайырбаевты жақсы біледі десек, артық айтқандық емес. Өйткені, Алматыдағы «Sema» қазақ-түрік клиникасы тек қана қала тұрғындарына ғана емес, республикамыздың түкпір-түкпірінен келген науқастарды да қабылдап, ем-шара жүргізетін үздік мекемелердің қатарында келеді. Осы ретте клиника басшысы Мұрат Решатұлы қатерлі ісікке шалдыққан талай науқасқа операция жасап, аты жаман дерттен айығуына жол ашып келеді. Мұрат ағаның емін қабылдаған жандардың барлығы оны өте тәжірибелі, өз ісіне берілген еңбекқор маман деп айтып, ризашылықтарын білдіруде. Тіпті, көпшілік оны «қолы алтын дәрігер», «алғыс арқалаған азамат» деп құрметтейді. Өйткені, талай сырқаттың сауығуына себепші болған Мәкең күллі саналы ғұмырын медицина саласына арнаған жан.

Мұрат Решатұлының өмір, еңбек жолдарын зерделер болсақ, ол Оңтүстік Қазақстан облысында дәрігерлер отбасында дүниеге келген. Оның әкесі оториноларинголог маман, яғни құлақ, мұрын, тамақ, сонымен бірге бас және мойын потологиясын емдейтін, қысқаша айтқанда, лор дәрігері болып жұмыс істеген. Ал анасы педиатрия саласында (балалар дәрігері) қызмет атқарған.

– Мен өзім нағашыларымның қолында өстім. Олар мені адалдыққа, адамгершілікке, білімге құштар болуға үйретті. Кейін Алматыға әке-шешемнің қасына келіп, арнайы ағылшын тілінен сабақ беретін №105 мектепте білім алдым. Өмірде болсын, дәрігерлік салада болсын, ағылшын тілінің маған көп көмегі тиді. Себебі, жасыратыны жоқ, қазіргі таңда ғылымның тілі – ағылшын тілі. Дамыған елдердің көпшілігі ағылшын тілін қолданады. Бізге келетін медициналық кітаптар, ғылыми журналдар, патенттер, басылымдардың барлығы дерлік ағылшын тілінде жазылады. Оны орыс тіліне аударамын дегенше біраз жыл өтеді. Одан кейін оның маңызы болмай қалады. Артта қалып қоясың. Сондықтан бұл ретте тіл білудің маңызы зор. Осыны ерте түсінген ата-анам менің ағылшын тілін меңгеруіме күш салды. Ол кезде Алматыда ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын бір немесе екі-ақ мектеп болатын. Оның үстіне, №105 мектеп біздің тұратын үйден өте алыс болды. Соған қарамастан әке-шешем мені кезек-кезек жетектеп, автобустан-автобусқа отырғызып, ары-бері тасып жүрді. Ол кезде автобусқа міну деген үлкен проблема болатын. Уақытынан кешіккен автобустар кейде сығылысқан жолаушылармен бірге аялдамаға тоқтамай, кетіп қалатын. Ондай кездер де бастан өтті, – дейді Мұрат Решатұлы.

Атақты тұлғалардан дәріс алған…

Мектепті үздік бітірген соң Мұрат аға бір емтихан тапсырып, Алматы мемлекеттік медициналық институтының Емдеу факультетіне оқуға түседі. Оны бітіргеннен кейін клиникалық ординатураға тапсырып, онда акушер-гинекология мамандығын таңдайды. Ең алғаш еңбек жолын 1999 жылы №1 қалалық клиникалық перзентханадан бастайды. Одан бөлек, Алматы қалалық шұғыл көмек көрсету ауруханасының Жедел гинекология бөлімінде қосымша жұмыс жасайды. 2002 жылдары ғылыми жұмыспен айналысу үшін Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына аспирантураға қабылданады. «Бір ерекешелігі, онкогинекология саласында операциялар жиі өтіп тұрады және онда үлкен оталар жасалынады. Мұнда өзіңді дамытуға мүмкіндік зор. Көп тәжірибе жинайсың. Ал акушерлік гинекология саласында мен екі жылда 20-30 ғана ота жасадым. Онкогинекологияда аптасына он шақты операцияға қатысасың. Оның үстіне, бір-біріне ұқсамайтын күрделі оталар жасалады. Сондықтан мен өзімді үнемі жетілдіріп тұру үшін онкогинекология мамандығын таңдадым», – дейді М.Қайырбаев.

Осылайша Мәкең аталмыш институтта жүріп, Мәскеудегі Н.Н.Блохин атындағы Ресей онкологиялық ғылыми орталығында тағылымдамадан өтеді. Ол жақта атақты медицина ғылымының докторы, профессор Кузнецов Виктор Васильевичтен дәріс алады, тәжірибе жинайды, операцияның жаңа түрлерін меңгереді. Сонда жүріп әйгілі В.Кузнецовтың жетекшілігімен докторлық диссертация қорғайды.

Халқымызда «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген аталы сөз бар. Мәкеңнің өз ісінің білгірі болып қалыптасуына ұстаздарының қосқан үлесі өте зор. Ол медицина ғылымының докторы, профессор, КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі Эрнест Уәлиұлы Нұғмановтан, онкогинеколог дәрігер, профессор Алиса Байназаровадан, шет елдік ғалымдардан – Виктор Кузнецовтан, Австралияның әлемге әйгілі онколог-ғалымы Невил Хакерден дәріс алған. «Мен сондай атақты кісілерден үлгі-өнеге алдым, еліктеп өстім, тәрбиесін көрдім. Олар өз еңбегімен үлкен дәрежеге жеткен тұлғалар. Ол кісілердің жастарға деген қамқорлығында шек болмады. Әсіресе, «жастар оқысын, білім алсын» деп, бізге үнемі қолдау көрсететін, демеу болатын, жанашырлық танытатын. Қарап отырсам, өмір жолымда адам және маман ретінде өсуіме сол кісілердің ықпалы көп тиіпті», – деп еске алады Мұрат аға.

 

Әлемдік деңгейдегі жаңалықтарды елімізге енгізеді

Міне, осындай атақты, ірі тұлғалардан дәріс алған Мәкең Қазақ онкология және радиология институтының Онкогинекология бөлімінде жұмыс істейді. Мұнда әйгілі профессорлардан үйренген отаның жаңа түрлерін тәжірибеге енгізеді. Алғашында онколог-ғалым Виктор Кузнецовпен және Онкогинекология халықаралық одағының президенті, әйгілі Жапония профессоры Шинго Фуджилермен бірге неше түрлі оталар жасайды. Кейін Қазақстанның онкодиспансерлерінен дәрігерлерді шақырып, мастер-кластар, тренингтер өткізеді. Оларға да отаның жаңа түрлерін үйретеді. Онымен тоқтап қалмай ол жаңа тәсілдерді, операцияның күрделі түрлерін меңгеру үшін қосымша курстар іздей бастайды. Германияның Лейпциг қаласындағы радикальды жамбас хирургиясы мектебіне барып, білімін шыңдайды. 2011 жылы Австралияның Бас әйелдер госпиталі – онкологиялық орталығында алты ай әйгілі онколог-профессор Невил Хакерден дәріс алады. Отаның жаңа түрлерін меңгеріп, тәжірибе жинақтайды. Одан соң АҚШ-та Гарвард медицина мектебінің дипломнан кейінгі білім беру факультетінде «клиникалық зерттеулер тәжірибесі мен принциптерін» меңгереді. Тіпті, Жапонияға да барып, ота жасаудың жаңа тәсілдерін үйренеді. Бір сөзбен айтқанда, Мәкең медицинаның, оның ішінде онкогинекология саласындағы әлемдік деңгейдегі жаңалықтарды көріп қана қоймай, солармен танысып, іс-тәжірибелеріне қатысып, оны елімізге енгізуге ықпал етеді. Сол арқылы қаншама науқастардың дертінен айығуына көмектеседі.

Қазақ онкология және радиология институтының басшылығы Мәкеңнің осындай еңбекқорлығы мен ізденімпаздығын ескеріп, институт ішінен жаңадан Онкогинекология орталығын ашуды тапсырады. Мұндай сенім әлбетте білікті мамандарға жүктелетіні сөзсіз. Мұрат Решатұлы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты Онкогинекология орталығына 6 жыл жетекшілік етеді. Көптеген науқастарға ота жасап, ауруларынан айығуына септігін тигізеді. Ел-жұрттың алғысын алып, ризашылығына бөленеді.

2017 жылы «Sema» қазақ-түрік клиникасының директоры қызметіне тағайындалады. Мұнда да басшымын деп қарап отырмай, онкогинекологиялық аурулардың емделуіне ықпалын тигізіп, әлі күнге дейін түрлі оталарды өзі жасап тұрады.

Мәкең – өз ісінің білгірі ғана емес, керемет ұйымдастырушы да. Онкогинекология мамандарын даярлауда өз мектебін қалыптастырып үлгерген Мұрат Решатұлына әріптестері де «бүгінгі заманның жаңа тұрпаттағы жоғары дәрежелі дәрігері» деген баға беріп отыр. Ол Қазақстан онкологтар қауымдастығының, тіпті Еуропа гинеколог онкологтар қауымдастығының, ол аз десеңіз, Халықаралық гинеколог онкологтар қауымдастығының мүшесі. Кезінде «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» медалімен марапатталған. Бұл – осы саладағы жоғары білікті, кәсіби шеберлігін танытқан, жемісті еңбек етіп жүрген дәрігерлерге берілетін марапат. Бұйырса, ол кісі әлі талай атақ-дәрежелерге қол жеткізетіні сөзсіз. «Ең бастысы, халықтың алғысына ие болсақ, соның өзі мен үшін үлкен марапат», – дейді ол. Иә, қандай атаққа ие болса да, ең бастысы халықтың берген батасы мен алғысына жетпейтіні шындық. Ол кісі халық ризалығын алып отыр. Халық алғысына бөленген жан бақытты болатыны сөзсіз. Жампоз әрі ізденгіш, абырой-беделі үлкен дәрігердің бақыты да, мұраты да осы болса керек. Ләйім солай жалғаса берсін!

Оқшау ой

Мұрат ҚАЙЫРБАЕВ, онкогинеколог маман, медицина ғылымының докторы, «Sema» қазақ-түрік клиникасының директоры:

 Онкологиялық аурулар көпсалалы клиникаларда емделуі керек

– Өткенде ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мырза «Әлемде онкологиялық ауруларды көпсалалы клиникаларда емдейді» деп айтып қалды. Мен мұны толық қолдаймын. Шынында да мұның артықшылықтары көп. Өйткені, онкологиялық диспансерлерде қазір тек қана онкологтар жұмыс істейді. Егер науқасқа аяқ астынан бір проблема туындап қалса, олар амалсыздан басқа клиникалардан мамандар шақыруға мәжбүр болады. Ал онкологиялық аурулар көпсалалы клиникада болатын болса, онда барлық сала дәрігерлері бір орталықта шоғырланатын болады. Оның тиімділігі мол. Егер бір мезетте онкологиялық науқастың жүрегі ауырып қалатын болса, сондағы кардиолог, кардиохирургтар қарап, емін жасай салады. Сол секілді, бүйрегі ауырса – невропатолог, асқазан жарасы сыр берсе – гастроэнтеролог маман емін тағайындай алады. Мұның артықшылығы осында болып тұр. Науқастарды әр ауруханаға сабылта бермей, бір орталықтан қаралатын болса, емнің де шипалы болатыны сөзсіз. Оның үстіне, онкологиялық аурулармен көбіне жасы егде тартқан кісілер ауырады. Енді олардың жасы келгендіктен, одан да басқа аурулар меңдеп алуы мүмкін. Кейбіреулерінің жүрегі ауырады, инсульт, инфаркт алғандар да болуы ғажап емес. Мұндай жағдайда бәрін бір орталықта емдеудің маңызы зор деп есептеймін.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *