ОЛИМПИАДАДА ТӨРЕЛІК ЕТКЕН ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚ

Серік Әбден­алиев – тамаша боксшы, бапкер және төреші. Ұлы Отан соғысынан қайтпаған қазақ жауынгерінің жалғыз ұлының тағдыры жеңіл болды деуге әсте келмес. Бокстан АИБА-ның халықаралық дәрежедегі төрешісі, Олимпиада ойындарында төрелік еткен тұңғыш қазақ барлық жеңісіне тағдырмен тайталасып жетті.

 

Әкеден айырған соғыс

Серік аға Алматы облысы, Жамбыл ау­данының Қаракестек ауылында 1939 жыл­дың 28 ақпанында дүниеге келіпті. Өзі айтады. «Ол соғыстың алдындағы ауыр жылдар екен. Анам, Жамбыл атаның жақын туысы, темекі алқабында тынбай еңбек етеді екен, әкем комбайыншы. Соғыс басталғанда әкейді броньмен ауылда қал­дырып, бірақ 1943 жылы қайта шақырыпты. Ал 1944 жылы отбасы әкейден «…Варшава қаласының түбінде тұрмыз, шабуылға бұйрық күтіп» деген соңғы хат алады. Содан кейін жауынгер хабарсыз кетеді…».

Әке бейнесі есінде еміс-еміс қалған. Серіктің ес білгелі арманы әкесінің жатқан жерін табу болды. Сонау 1960 жылдары Ленинградта Кеңес Одағы чемпионатына қатысып келе жатқан боксшы Серік ұшақта әскери кісі – полковникпен көрші отырады. Майданнан қайтпаған әкесі жайлы айтып берген Серікке полковник соғыста хабарсыз кеткен солдаттардың барлығына арналған Мәскеуде «Белгісіз жауынгерлер мемориалы» бар екенін, елдің бәрі сол жерге барып зиярат ететінін айтады. Содан бері Серік аға әр жолы түс­кен сайын Мәскеудегі «Белгісіз жауын­герлер мемориалына» соғып, гүл шоғын қоюды әдетке айналдырған.

Асыл  әке  майданға кеткенде Серік 4 жаста қалған екен. Ол кезде отбасында төрт перзент болғанмен, Серік жүген ұстар жалғыз, яғни жалғыз ұл еді. Әрине, төрт жастағы Серік әке бейнесін еміс-еміс білсе де, естияр болып, әкемен әңгімелесіп үлгермеген еді. Сұм соғыс әке мен баланы ажыратқан болатын… Бұл Ұлы Отан соғысында Отан қорғауға кеткен 1 млн. 200 мың қазақстандықтың майдан даласында жартысы қалған заман еді. Серік те сол кезде соғыс жетім еткен екі баланың бірі болатын…

 

Интернатта оқып жүр…

Серік аға Алматыға алғаш келген сәтін және өз өмірінде жақсы жандардың жолыққанын сағына еске алады. Жетінші сыныпты бітіріп, ержетіп қалған Серікті астанаға көрші ағалары, белгілі спорт жур­налисі Сейдахмет Бердіқұлов және Уәли Ахметбеков ертіп келіпті. Уәли ол кезде ҚазМУ-дың студенті болатын. Ал 14 жас­тағы Серікті №12 мектеп-интернатқа қабылдайды. Интернаттың кейбір бозбала­лары бокс секциясына барады екен және оларды Қазақстанда бокстың негізін қалаушы, «аңыз адам» Шоқыр Бөлтекұлы жаттықтырады.

Қазақтан шыққан тұңғыш «КСРО спорт шебері» Шоқыр Бөлтекұлы алып келген соны спортқа қызыққан Серік те бокспен айналысқысы келеді. Бірақ өзі арық әрі тым кішкентай Серікті бокс секциясына қабылдамай қояды. Десе де, бокс көкейіне арман боп ұялаған бозбала өздігінен спортзалға күнде келіп, қатар­ластарының жасаған жаттығуларын қайталап жүрді. Кейін қайтпас мінезді бала бокс секциясына қабылданды. Бұнымен болашақ чемпионның бокстағы жолы даңғыл болып кеткен жоқ еді…

Бір жылдан соң Серік жасөспірімдер арасындағы Алматы чемпионатына қатысты. Алғашқыда оны дәрігерлер жарысқа жібермей де қойған. Жарыс алдындағы міндетті дәрігерлік тексеруден өткенде, Серікті көрген мамандар аң-таң болады. Тұлғасы боксшыға тіптен келмей­тін Серікке бас дәрігер гимнастика ма, акробатика ма, басқа спортқа баруға кеңес те берді. Бірақ қайсар мінез бозбала мақсатынан қайтпайтынын білдіреді. Шоқыр бапкер болса Серіктің бетін қай­таруды жөн көрмеді. Және де бозбаланың бірінші жекпе-жегінде таяқ жеп, тауы шағылатынына сенімді болатын. Сосын боксты тастап кетер деген…

Алғашқы жарысының алғашқы жекпе-жегінде Серікке екі жылдан бері бокспен айналысқан, ІІІ разрядты Переверзов бұйырады. Гонг соғылғаннан маңдайына соққы алған Серік ринг еденіне сұлағанын біледі. Алғашқы кездесу, алғашқы алған соққы. Үзілісте Шоқыр бапкер бірнәрселер айтып жатты, бірақ намыс қысқан Серік оны естіп жатқан жоқ… Тезірек ортаға шығуды ойлаған. Үш раундтың нәтиже­сінде жеңіс айқын басымдықпен Серік Әбденәлиевке беріледі. Қайсар бала осылай өзіне деген көзқарастың тас-талқанын шығарған еді.

 

Боксқа байланған тағдыр

Серік 1957 жылы №12 мектеп-интер­натты тәмамдап, Қазақ мемлекеттік Дене тәрбиесі және спорт институтының студенті атанады. «Біздің топта түрлі спорттың студенттері болды, боксшылар тоғыз едік» деп еске алады Серік аға. Сту­дент Серік жатақханада болашақ респуб­ликалық Спорт комитетінің төр­ағасы Аман­ша Ақпаевпен, даңқты палуан Әбдісалан Нұрмахановпен, танымал спортшылар Ғалым Жарылғапов, Мәжит Омарғалиевтермен бір бөлмеде жатты. Студенттік өмір 1957–1961 жылдарда өтті. Бірге студент атанған Әбдісалан досы ол кезде республика чемпионы болатын. Ә.Нұрмаханов институт қабырғасында жүріп КСРО Спорт шебері нормативін де орындаған, Кеңес Одағы чемпионатына қатысты. Ол кезде Кеңес Одағында «Спорт шебері» атағын алу өте қиын болатын. Атақты республика чемпионы болғандарға да бермейтін ол кезде.

Серік алғаш рет 19 жасында республика чемпионы атанды, кейін төрт рет Қазақ республикасы чемпионатын жеңіп алды. Ал Одақ деңгейіндегі алғашқы жеңісі 1960 жылы келді, «Буревестник» Орталық спорт қоғамының чемпионы атанды. Кеңес Одағы құрамасының 80–90 пайызын құрайтын студенттер арасындағы бірін­шілік, шын мәнінде КСРО чемпионаты еді. Чемпион «КСРО спорт шебері» атанды. 1963 жылы С.Әбденәлиев КСРО чемпио­натының финалына шықты.

Серік аға 1960 жылы Өскемен қала­сында өткен финалдық жекпе-жекті еске алды. Финалдағы қарсыласы республика чемпионы Владимир Мусалимов болатын. Қарсыласы кейіннен үш рет КСРО чем­пионы, Еуропа чемпионы (1969), Олим­пиада ойындарының жүлдегері (1968) атанды.

Бокс қолғабын шегеге іле қоймаған Серік Әбденалиевтің ұстаздық жолы 1961 жылы Қызылорда педагогикалық инсти­тутында басталды. Институтта бірге оқы­ған, Қызылорда пединститутына жолдама­мен кеткен досы Аманша Ақпаевтың ұсынысымен Сыр бойына келген болатын. Жұмысқа кіріскен Серік бір айдан соң кезекті оқу-жаттығу жиынына жиналды. Осы кезде Серікті институттың оқу бөлімінің басшысы шақырып алып, «Сен институтқа жұмыс істеуге келдің бе, әлде бокстасуға келдің бе?» деп мәселе қояды. Десе де, Серік Алматыға аттанып, Қазақ­стан чемпиона­тын жеңіп алды.

Бір Алматы сапарында Серік танымал боксшы Қалдыбековпен кездеседі. Ол Қазақ Политехникалық институтының дене тәрбиесі кафедрасының меңгерушісі екен. Әлі де боксты тастамаған Серікті кездестірген Қалдыбеков Алматыға қайтуға ұсыныс жасайды. Өзінің кафед­расына жұмысқа алатынын, институттың атынан жарыстарға еркін қатыса алатынын айтады. Алматыға оралған Серік ҚазПТИ атынан бірнеше рет Алматы чемпионы, республика чемпионы атанды. С.Әбден­әлиев боксшы ретінде рингке шыққанды 1965 жылы тоқтатты.

Алматыға оралған Серік 1963–1968 жылдар аралығында ҚазПТИ-да Дене тәрбиесі кафедрасында аға оқытушы болып қызмет етті. 1968–1970 жылдарда Кеңес әскері қатарында, рота командирінің орын­басары болып, аға лейтенант шенін алады.

 

Жаттықтырушылықпен жалғасқан өмір

С.Әбденәлиев 1970–1975 жылдарда Қазақ Дене тәрбиесі институтында, бокс кафедрасында аға оқытушы болды. 1972 жылы «Еңбек» спорттық қоғамында аға жаттықтырушы қызметін бастады. Кейін­нен барлық кәсіподақтарды бір спорттық қоғамға біріктіріп, Серік аға осы спорттық қоғамның штаб басшысы болады.

Бұл Қазақстан бокс мектебінің өкіл­де­рінің Кеңес, Еуропа, Әлем біріншілік­терінде олжа салған кезеңнің басталуы еді. Спорттық қоғам атынан жарысқа шыққан боксшылар талай жерде жүлделі болды. Мысалы, теміртаулық Ерсайын Еребаев жас­тар арасында Еуропа чемпионы, Руд­ный қаласынан шыққан Олег Зоболот­ский Әлем чемпионы атанды. Ал Теміртау қаласының тумасы Игорь Ружников КСРО, Еуропа, Әлем (1989) чемпионы болды?

Тәуелсіздік бастауында (1991–1993) Серік аға бокстан Қазақстан Республикасы құрамасының Бас бапкері болды. 1993–2005 жылдары ҚР Мемлекеттік жаттық­тырушысы қызметін атқарды.

Сол жылдарды Серік аға былай еске алады. «1991 жылы мені бокс құрама командасының бас жаттықтырушысы болуға шақырды. Негізі, кәсіподақтар қоғамындағы жағдайым жақсы болатын, дегенмен жаңа жұмысқа келісім бердім. Қалай болғанда да тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еді. Халықаралық рингке тәуелсіз мемлекет атынан шығатын кез келген.

1993 жылы тұңғыш рет Қазақстанның дербес командасы боп, Финляндияның Тампере қаласында Әлем чемпионатына қатыстық. Дербес ел ретінде алғашқы Әлемдік жүлдені де алдық, Василий Жиров 75 келі салмақта қола жүлдегер атанды. Бұл кезде атақты ауыр салмақтағы боксшы болған Әбдісалан Нұрмаханов досым мемлекеттік жаттықтырушы болып қызмет ететін. Мен Әбдісаланға қызмет ауыстыру­ды ұсындым. Себебі, жеңіл салмақты маған біздің ауыр салмақтағы боксшылардың жаттығудағы соққыларын «ұстау» қиын еді.

Қазақстанның алғашқы дербес қатыс­қан, 1996 жылғы Атланта Олимпиадасында біздің боксшылар қанжығаға төрт медаль байлады. Тәуелсіз Қазақстанның төл боксшылары – Василий Жиров 81 келіде алтын алса, Болат Жұмаділов (51 келі) күміс еншіледі. Болат Ниязымбетов (63,5-ке дейін) пен Ермахан Ыбырайымов (71 келіге дейін) қола жүлдегер атанды. Боксшылар құрама командасы Куба мен Болгариядан кейінгі командалық үшінші орынға тұрақтады.

 

Тұңғыш халықаралық төреші

2000 жылы Сиднейде өткен Олимпиада ойындарында Серік Әбденәлиев Олимпиа­дада төрелік еткен тұңғыш қазақ болды. Тиісті теориялық, практикалық тесттердің барлығын тапсырып, Олимпиадада қызмет ететін 34 төрешінің қатарында болды.

Сидней Олимпиадасы қарсаңында Қазақстанға Олимпиада алдындағы Халық­аралық төрешілер семинарын өткізу мүм­кіншілігі берілді. Халықаралық дәрежедегі төреші Серік Әбденәлиев еске алады: «Біз қазақы қонақжайлылық көрсетіп, шетел­діктерге барынша жағдай жасадық. Тәуелсіз Қазақстанда тұңғыш өткізілген семинарда ел спортының, оның ішінде бокстың деңгейін көрсетуге тырыстық. Ойымыз Олимпиада ойында­рында рингке шыққан боксшыларымызға әділ төрешілік еткенін қаладық. Нәтиже­сінде Сиднейде төрт бірдей боксшымыз финалға шықты. Бекзат Саттарханов (57 келі) мен Ермахан Ыбырайымов (71 келіге дейін) чемпион болды. Ермахан финалда румыниялық боксшы Мариан Симонмен қолғап түйіс­тірді. Ауыр кездесу  болып, финалдық гонк­ке  20–30  секунд  қалғанда  Ермахан 3 ұпай жеңіліп жатты. Соңғы секундтарда барын салған Ыбырайымов нәтижесінде 25:23 есебімен жеңіске жетті. Бұл кезде бізде Бекзаттың алтыны бар еді. Төрешілер Қазақстанға бір алтын жетеді деп, Ерма­ханды «құлатып» жіберуіне болатын еді. Бірақ  бәрі  әділ  шешілді. Екін­ші мысал, 91 келі салмақтағы Мұхтархан Ділдәбеков ширек финалда атақты кубалық Алексис Рубалькабомен кездесті. Рингтегі төреші Африкадан келген Бригада генералы. Ол екеуміз бір бөлмеде тұрып жатқанбыз. Бір кезде Мұхтархан куба­лықты «сұлатып салды». Жағдай даулы еді. Нокдаун есеп­теуге болады немесе қазақ боксшысы «ашық қолғаппен» соққы жасады деп келтіруге де болады. Төреші болса мәселені Мұхтархан­ның пайдасына шешті. Ол жерде басқа төреші болғанда Мұхтарханды рингтен «қуатын» еді. Осының бәрі Қазақ­станда өткізілген семинардың нәтижесі еді».

Бүгінгі бапкерлердің біразы білікті бапкер Серік Әбденәлиевтің «шеберлік мектебінен» өткенін айтады. Олар – Эдуард Ғабдолов, Тұрсынғали Еділов, Дамир Боданбеков, Александр Апачинский, Александр Стрельников, Нұрғали Сафиу­лин, Мырзағали Айтжанов, т.б. Расында да мықты боксшы, Халықаралық деңгейдегі төреші, білікті бапкер Серік Әбденәлиевтің тәжірибесі тәуелсіз Қазақстанның қаже­тіне жарады.

Серік аға өнегелі отбасының да иесі. Жұбайы Лиза Рашева – педагог. Лиза апай студенттік жылдарда волейболдан Оңтүстік Қазақстан облысының командасы сапында республика чемпионаттарында өнер көр­сеткен. Ұлы Ғалым – баскетболшы. Қазақ Дене шынықтыру институтын, Қонаев университетінің Заң факультетін бітірген. Бүгінде Ғалым Алматыдағы №45 мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Қызы Ғалия кезінде семсерлесу спортымен айналысқан. Қазақ Дене шынықтыру институтын тәмамдаған. Бүгінде Ғалия дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, көздері нашар көретін балалар командасын жат­тық­тырады. Ғалияның шәкірттері Ресей, Германия, Оңтүстік Кореяға жарыстарға барып, жүлделі оралған.

Серік аға сонымен қатар, Мәдина, Әмина, Әделя есімді немерелерінің сүйікті атасы.

80 жасқа толып отырған Серік аға Әбденәлиевке зор денсаулық, отбасылық бақыт тілеп, «Жамбыл бабаның жасына жетіңіз» дейміз!

Қасым МӘУЛЕНОВ,

профессор, заң ғылымының докторы, ғылым саласындағы Шоқан Уәлиханов сыйлығының лауреаты,

ҚР бокс федерациясының Атқару комитетінің мүшесі.  

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *