ОЛИМПИАДА ЖЕҢІМПАЗЫНА МӘҢГІЛІК СТИПЕНДИЯ ТАҒАЙЫНДАЛА МА?

рио

Спорттың шыңы – Олимпиада. Оның бигіне шыққандар өзінің  болашақ өмірін де қамтамасыз етіп қойды  деген сөз. Ал, енді осы спорттағы аса биік,  толағай жеңіс үшін олимпиадашыға   қай ел қанша көлемде сыйақы төлейді?

Ресейдің  мысалына сүйеніп айтатын болсақ, алтынға – 4 миллион рубль, күміске – 2,7 миллион, қолаға –1,7 мил­лион. Бұл  жөніндегі  өкімге жыл басында үкімет басшысы қолын қонжитқан екен.

Бұл аз ба, көп пе? Әрине, бәрі са­лыстыру арқылы мәлім болады. Бұл төлемдер осыдан бұрынғы олимпиада­шыларға  (Сочи, Лондон Олимпиадасы) төленген сомамен  бірдей. Әрине, долларға шаққанда сәл ауытқу болғанын айтпағанда, бәрі қалыпты. Доллардың бүгінгі курсымен есептегенде спортшылар 133 мың  емес, 60 мың доллармен қанағаттанған. Дегенмен, ешкімде реніш жоқ. Себебі, бұған қосымша  берілетін тағы басқа төлемақылар мен  сыйақылар бар. Бұл мәселені «Ресей олимпиадашыларын қолдау қоры» жүзеге асырады. Президенттің көмекшісі И.Леви­тин басқаратын  бұл қордың құрамына миллиардерлер кірген.  Олар  спортшы­ларға  материалдық жағынан көмектеседі.  Клуб мүшелерінің әрқайсысына  салына­тын жарна көлемі  жылына 80 миллион рубль. Сондай-ақ,  әр жүлдегерге пәтер, көлік, т.б. тарту етеді. Ресейдің олимпида комитетінің басшысы А.Жуков бұл жолы да клуб мүшелерінің жеңімпаздарын  риза  ететініне үміт артады.

Сондай-ақ, бұған  өңірлердегі  қосы­латын қомақты қаражат тағы бар. Олардың көлемі жергілікті жердің бюджетіне қарай анықталады. Кей жағдайда ол мемлекет  төленетін қаржыдан да асып-түсіп жатады. Мәселен, Петербур  билігі Сочидегі алтын жүлдегеріне 5 миллион рубль төлеген. Ал, биылғы жылы  олар 1,5 миллион рубльмен шектеліп отыр.

Риода Ресей  қоржынына  тұңғыш алтын салған дзюдошы Беслан Мудрановқа Краснодар өлкесі қазірдің өзінде 2 миллион рубльге уәде еткен. Кубань шенеуніктері мұнымен шектеліп қалмайды. 2-3-орындарға да лайықты ақшалай жүлделер тағайындап отыр. Тіпті, ең төменгі 8-орынмен шектелгендерге де 250 мыңнан төлемекші. Әрине, жүлде үлестірулер мұнымен тоқтап қалмайды. Жүлделі  болғандарға  жекелеген демеу­шілердің де өз базарлығы бар. Оның үстіне кейбір жарнама компаниялары бірден келісім-шартқа кірісіп кетеді. Мысалы, Сочи Олимпиадасының алтын жүлдегері, коньки тебуші В. Анмен «Самсунг» компаниясы келісім-шартқа отырып,  әп-сәтте 200 мың долларға қанжығасы майланып шыға келгенін еске алыңыз. Ендігі жерде спорттық қоғамдардың, мектептердің де қосымша  төлейтіні  және бар. Мұның ішіндегі ең маңыздысы Ресейде алтын  иеленген спортшыларға өмірлік стипендия тағайындау қолға алынбақшы. Спорт министрі В. Мутконың айтуынша, стипендия көлемі 32 мың рубль. Бұл күміс және қола медаль иегерлеріне берілетін сома.

Сондай-ақ, Ресейде Олимпиадада биікке шыққандардың биліктің биігіне шығуына да даңғыл жол ашылған. Мысалы, боксшы Н.Валуев, палуан А.Карелин, гим­насшы С.Харкина, мәнерлеп сырғанаушы  И.Роднина, А.Сихарулидзе және басқа­ларды айтуға болады.

Бұл енді Ресей жағдайына байланысты келтірілген  мысал. Басқа елдерде қалай? Әрине, әр елде әртүрлі. Олимпиада­шыларға осындай көлемде төлейді деген бұлжымайтын заң басқа елдерде жоқ. Себебі, кейбір елдерде  мәселен, Қытайда,  АҚШ-та бұл таңсық жағдай емес,  медаль алушылар біздегіден әлдеқайда көп. Бұл ретте Қытай 50 мың, АҚШ 25 мың доллармен шектеледі. Олар соншалықты шығынды тиімді әрі қажет деп таппайды.  Есесіне американдық спортшы ол ақшаны  қалта шығынына төлеп, жаңа келісім-шарттарға отыруға жұмсайды. Ал, Бри­тания корольдігі, тіпті, алтын болса  да  бір тиын шығындалмайды. Норвегия, Швеция, Хорватияда да солай. Есесіне Британияда жарнамалық келісім-шарттарға отырған  спортшылар өзін өмір бойына қамтамасыз етеді, ақшаға деген мәжбүрлік болмайды. Ал, мемлекеттің ақшасы балалар спортына, болашақ олимпидашы­ларды дайындауға жұмсалады. Кейбір Азия мемлекеттерінде бұл жағдай сәл басқаша. Оларда  банктен ипотека түрінде ай сайын төленеді. Мә­се­лен, Таиландта ай сайын 1300, ал Финлян­дияда 987 доллар төлейді. Кейбір елдерде олимпиадашыға уәде етілген бонустар күлкі шақырады. Немістер жеңімпаздарға Олимпиада  паспортын береді. Сіз сол құжатыңыз арқылы электронды тіс щеткасын тегін пайдаланасыз, аяқ киімге 35 пайыз,  кепілдемеге 50 пайыз  жеңілдік беріледі. Оңтүстік Кореяда әскери қызметіңізді өтемеуге болады.

Әрине, ең бастысы, еңбектің қайта­рымы. Соншама уақыт жұмсаған күш-жігер,  спорт мектептеріне, жарыстарға жұмсалған қаншама қаржының өтеуі бола ма? Біреулер жеңіске жетіп,  тұғырға көтеріліп, елдің мерейін асырып жатса,  енді осы жолға қаншама шығыны кеткен (оның бәрін мемлекет көтере бермейді) спортшылардың  жағдайын да түсінуге болады. Олимпиадашыларға, оның ішінде жеңімпаздарға бұл уақытша ғана, бір реттік берілетін қомақты қаржы екені  белгілі. Одан әрі қарайғы табысы өзіне ғана бай­ланысты болып қалады. Ал, Олимпиадаға қатыспай-ақ, үнемі миллиондап табыс табатын  теннисшілер, баскетболшылар олардан әлдеқайда жақсы  тұратыны айтпаса да түсінікті. Бұларға 50 мың доллар дегенің шемішке  шаққанмен бірдей. Мәселен, атақты  американдық сноу­бордист Д.Чивера  әкесінің фирмасында слесарь болса, бобслейст Жасмин  Френлэ­тор ит қыдыртып күнін көреді. Демек, спорттың биік шыңын бағындырғандар мен  басқаларды салыстыру арқылы да көп  шындыққа қол жеткізуге болады.  Бұл ретте кейбір Олимпиада жеңімпаздарының (әсіресе, боксшылардың) кәсіби спортқа кетіп жататынын да түсінуге болады.

Біздің  Қазақстан билігі де спортшы­ларды марапаттауға келгенде әлгі мемле­кеттерден асып түпесе, кем түспейді. Қалай болғанда да бұл уақытша құбылыс. Бір сәттік 200-300 мың доллармен атағың қанша жер жарып тұрса да алысқа бара алмайсың. Сондықтан  Олимпиада  жеңім­паздарына  мәңгілік стипендия тағайындау жөніндегі Ресей билігінің ұсынысы құлаққа  кіреді. Бұл ұсыныс  бізде де жүзеге асса, бұдан артық бағалау, мәртебе  болмас еді.

 

«АЛТЫН» ЖҮЛДЕГЕРГЕ КІМ,

ҚАНША ТӨЛЕЙДІ?

Сингапур – 745 мың доллар

Тайвань – 628 мың доллар

Индонезия  – 382 мың доллар

Таиланд – 314 мың доллар

Малайзия –249 мың доллар

Филиппин – 237 мың доллр

Италия – 168 мың доллар

Франция – 65 мың доллар

Қытай – 50 мың доллар

Оңтүстік Корея – 32 мың доллар

АҚШ – 25 мың доллар

Германия – 20 мың доллар

 

Бұрынғы КСРО құрамында болған мемлекеттер:

Әзірбайжан – 510 мың доллар

Қазақстан – 250 мың доллар

Өзбекстан – 200 мың доллар

Латвия – 156 мың доллар

Беларусь – 150 мың доллар

Молдова – 150 мың доллар

Украина – 125 мың доллар

Қырғызстан  – 105 мың доллар

Грузия –72 мың доллар

Ресей – 32 мың доллар.

Қ.ИМАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *