Қолдан келсе, жұртты ұшындырмай жүрейік

2240Бүгінде көшеде жаяу жүргенде аяқ астына қараудан қалдық. Сүрініп, бір нәрсеге шалынып бара жатпасақ, жерге қарамай жүруге тырысамыз. Неге дейсіз ғой? Ол жолдың ластығынан.

 Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ

Бұл ретте біз жолдағы тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстарды, ағаштардан түскен жапырақтарды айтқалы отырған жоқпыз. Тазалықшыларымызға рахмет, олар көшені оншалықты адам қарағысы келмейтіндей күйге түсіріп жатқан жоқ, уақтылы тазалап тұрады. Мұнда біз көресіні адамдардың мәдениетсіздігінен көрудеміз. Оны мәдениетсіздік деп атаған дұрыс па, білмедім, дегенмен, ауызға басқа сөз де түсіп тұрған жоқ.

Кейде әдемі ойға шомылып, Алматының әсем көшелерімен серуендегің келеді. Бұл қаладағы қарбалас тіршілік пен көліктердің кептелісінен бір сәтке арылтатын жалғыз жол. Десе де, сондай демалыстың өзіне кедергі болып жататын дүниелер бар. Тіпті, бүгінде жерге көз салып жүре алмайсыз. Қарай қалсаңыз, көргеніңізден бойыңызға жиіркеніш сезімі ұялап, әлгі демалысқа деген құлшынысыңыз бен қалауыңызды кеудеңізден қуып шыққандай болады. Қадам басқан сайын көретініңіз – жердегі түкірік. Тіпті, айтуға ұят. Бірақ, айтпасқа да амал жоқ.

Соны кім істейді екен деп ойлайсыз. Соны көрсеңіз, тура бір, жұдырық алып жүгірердей боласыз. Ал, бірақ, жеме-жемге келгенде бір нәрсе істеу былай тұрсын, бір нәрсе деуге аузыңыз бармайды.

Бірде Абай даңғылы мен Масаншы көшесінің қиылысындағы аялдамадан түсіп, жұмысқа қарай келе жаттым. Масаншы көшесімен Құрманғазы көшесіне жетіп қалғаным сол еді, оң жақтағы дәмхананың алдында жиналып тұрған бір топ жігітті көрдім. Айнала тұрған олардың бір-екеуі шылым тартып тұр. Жерге қайта-қайта түкіреді. Қалған төртеуінің аузы бос болса да, олар да түкіріп тұр. Не керек, тепсе темір үзуге бар жігіттердің маңайында таза жер қалмапты. «Бұларың не, жігіттер? Өздерің жүріп-тұратын жерді неге ластайсыңдар?» деп айтқым-ақ келді, бірақ, үндемедім. «Бұл ешкімнің сатып алған жері емес. Өзіміз білеміз» десе не деймін деп ойладым. Өйткені, олардың тірлігіне қарап, менің сөзімді құлақтарына да ілмейтінін байқадым.

Сол жерден өткесін, Шевченко көшесіне дейін жерге қарап бардым. Сөздің шыны керек, таза жер жоқ. Жолдағы жатақхананың жаны, тіпті, лас. Онда да көшенің бойын түкірікке толтырып, бір топ жігіт тұр. Бұл ретте қаланың ластануына тек жігіттер қауымын кінәлаудан аулақпыз, әрине.

Әрең дегенде жұмысқа жеттім. Кабинетке кіргенім сол еді, бірге жұмыс істейтін апайдың өкпесін естіп, тағы ойға баттым. «Бүгін бір жаяу жүріп, ойымды жинақтайын деп едім, ұшынып қала жаздадым. Білмеймін, жаяу жүрсем, әсіресе, ойлансам, жерге қарап жүретінім бар. Бүгін сөйтіп жүремін деп, көшелерді аяп кеттім. Адамдар аузындағы түкірігіне ие бола алмай қалған ба деп қалады екенсің. Ойлануға да мүмкіндік бермегені-ай. Енді ойға шомып келе жатсаң, жерден көлдей түкірікті көріп, денеңді қайта жинап аласың. Сосын оны қайта босатып көр…» деді ол. Өзімнің көріп келгенімнің үстіне – бұл әңгіме тұздықтай әсер етті. Шынымен, біздің мұнымыз не? Неге өз қаламызды, өз көшемізді ластаймыз? Сондай ойланбай баратын әрекетіміздің біреулердің демалысын ұрлап, біреулерді ұшындырып жатқанын білеміз бе осы?

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *