«Олар біз секілді мырқымбай емес»

Мәншүк БЕКБОСЫН

Алыстаған сайын биіктей беретін алып тұлғалар аз емес. Соның бірі де бірегейі – Қазақстанның ұлты неміс жазушысы, аудармашы, әдеби сыншы Герольд Бельгер. 28 қазан – жазушының дүниеге келген күні. Ол – қазақ жерінде өсіп, қазақ балаларымен ойнап, қазақ мектебін бітірген немістің бірі. Гер-аға орыс тілін қаншалықты меңгерсе, қазақ тілін де сол дәрежеде біліп, сөйлей де, жаза да алған жазушы. Десе де, ол шығармаларының басым бөлігін орысша жазды. Мұнымен қоса Г.Бельгердің күнделік жазуға да көп көңіл бөлгені әмбеге аян. Бұдан бірнеше жыл бұрын күнделіктің сүбелі бір бөлігі жазушы Зәкір Асабаевтың тәржімасымен арнайы кітап болып жарық көріп, оқырмандар қолына тиген еді. Осы орайда Герольд Карловичпен оның күнделігі арқылы сырласқан белгілі қаламгер, Халықаралық «Алаш» әдеби сйлығының лауреаты, Құрмет орденінің иегері Зәкір Асабаевқа хабарласып, осы күнделікпен жұмыс істеу барысы жайында аз-кем айтып беруді сұрадық.

– Гер-аға соғыс басталғанда ата-анасымен Қазақстанға жер аударылады. Қаламгердің қазақ халқына деген құрметі өндірдей кезінен қалыптасты. Мектепті бітіргеннен кейін Қарағандыға оқуға барады, бірақ қабылданбайды. Өйткені, ол жер аударылғандардың баласы еді. Кейін Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының Филология факультетін тәмамдайды, – деп бастады әңгімесін белгілі қаламгер.

Бұған дейін Герольд Бельгерді сыртынан ғана біліп, баспасөзде жарияланған еңбектерін оқып жүргені болмаса, Зәкір ағаның жазушымен жеке таныстығы болмапты.

– 1995-1996 жылдардан бастап Г.Бельгер «Парасат» журналының тұрақты авторы ретінде өнімді жұмыс істеді. Содан бері жиырма жылдай Гер-ағаның күнделігі журнал бетінде жарияланып тұрды. Ол кісінің шығармашылығымен таныс болғанымен, жеке таныстығым болмады. Күнделігін аударып жүріп жақынырақ таныстық, пікірлес болдық. Алғашқыда «Парасат» журналының Бас редакторы Баққожа Мұқаидың тапсырмасымен Г.Бельгердің жіберген мақаласын аударып беріп жүрдік. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев 1991 жылы Қазақстан Президенті ретінде өткізген ең алғашқы инаугурация кезінде халық ақыны Шәкір Әбеновтен бата алған. Г.Бельгер сол ақын туралы шағын мақала жазыпты. Ол дүниені «Шынашақтай Шәкір шал» деп тақырып қойып, аударып бердім. Кейінірек М.Ғабдуллин туралы орысша жазылған көлемді мақаласы келді. «Текті тұлға» деген тақырыппен екінші аударған жұмысым сол болды. Бұдан кейін Ғ.Мүсірепов туралы жазылған естелік-очеркті тәржімаладым. Бұл үшеуі де жарияланып, жарыққа шықты. Аудармаларым Г.Бельгерге қатты ұнаған болу керек, бас редактордан менің кім екенімді сұрастырыпты. Өйткені, күнделікте екі-үш сөйлемнен ғана тұратын жазбалар болды. Бұл жазбаның не екенін, автордың қандай ой айтқысы кеп тұрғанын сәл кеңейтіп, қазақшалап, фактісіне факті қоспай, айтқысы келген ойын жазатын едім. Бұл жазушыға қатты ұнапты.

Кейіннен жазушының күнделігі «Парасат» журналында нөмір сайын жарияланып тұрды. Оның аудармасымен мен айналыстым. Дәлірек айтқанда, Гер-аға күнделікті аударуды маған сеніп тапсырды, – деп жалғастырды сөзін З.Асабаев.
Күнделіктің тақырыптары алуан түрлі. Мәселен, отбасындағы жағдайлар, достарымен сөйлескені, биліктегі ауыс-түйістер, мемлекетте, қоғамда жүргізіліп жатқан жұмыстар, жекелеген тұлғалар туралы тұрақты пікір айтып жүрген.

– Күнделікте ақын-жазушылардың аттары көп аталады. Гер-ағаның қазақтан да, немістен де, орыстардан да жақсы араласатын адамдары көп болды. Алыс-жақын шет елдегілері қаншама. Біраз жазушылардың шығармаларын аударып та жүрген. Құр аттары емес, еңбектері туралы да жақсы жазады. Әсіресе, Әбдіжәмил Нұрпейісовпен жақсы араласқан екен. Бір жазбасында «Мені адам еткен үш адам бар. Олар М.Ғабдуллин, Ә.Нұрпейісов және Анатолий Шалов» дейді. Бельгер М.Ғабдуллинді әкесіндей көрсе, А.Шалов жерлесі болған екен. Бұдан өзге, жазушыға қаламдас достары бар, әкімдер, министрлер, үкімет адамдары – құттықтау хаттарын жіберіп тұрды. Гер-аға Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының назарынан да тыс қалып көрмеген. Сәті келген шақтың бәрінде телефон шалып құттықтайды не жеделхат жолдайды, сый-сияпаттар өзінше. Иманғали Тасмағамбетов те солай. Имекең әр жылдың соңына таман не жаңа жылдың басында соғымға деп бір жылқының етін жібереді, жылы лебізге толы жеделхат жолдайды, телефонмен құттықтайды. Мұхтар Құл-Мұхаммедтің де қадыр-құрметі, ықыласы шексіз болыпты. Қызығы сол, күнделігінде ел азаматтарының кісілігін айта отырып, олардың кейбір кемістіктерін де жазып жібереді. Осындайда ойын ішінде бүгіп қалмай, ашық айтатын турашылдығына дән риза боласың. Аудармашы болған соң, маған бәрін аударуға тура келеді. Бірде өзіне «Биліктегі азаматтарды сынауды біршама азайтпайсыз ба?» дегенім бар. «Олар біз секілді мырқымбай емес» деді Гер-аға. Яғни не нәрсені де дұрыс түсінеді дегені. Бұдан түйгеніміз, Г.Бельгер әзілге де жақын адам болған. Бәрін қағазға түртіп отыратын адам ғой. Күніне бес сағат жазу жазып, үш-төрт сағат газет-журнал оқитынын, одан қалды күніне 20-30 адаммен телефон арқылы тілдесетініне дейін бәрін-бәрін жазып отырған. Сөйлескендерін, мемлекеттік деңгейдегі оқиғаларға көзқарасын білдіріп, жазғандары бар. Әр пікірін тұжырымдап, дәлелмен, өзінің жеке көзқарасы ретінде айтады. Арасында Ресейдегі жағдайларды да қосып қояды, – дейді күнделіктің аудармашысы.

Зәкір Асабаевтың айтуынша, Герольд Бельгер – ақкөңіл, көлгірсу жоқ, таза адам. Г.Бельгердің артықшылығы сол, жағымпаздықтан ада, өте білімді, сауатты азамат болған. Барды бар, жоқты жоқ деп айтатын, кез-келген мәселеге қатысты өз пікірі, ұстанымы бар болған.

Р.S. Бұл кісі бар саналы ғұмырында қазақ халқына адал қызмет етіп («Өзіме де обал жоқ, әбден қазақ боп біткенмін», – Г.Бельгер), ғажайып туындылар қалдырды. Ол бірде «Абай мен Гете» атты еңбегінде: «Менің Абайды тануым Гетені түсінуден басталуға тиіс сықылды еді. Қаншама қазақша оқып, қазақ ауылында өстім дегенмен, неміс емеспін бе? Бірақ бәрі керісінше болып шықты. Мен әуелі Абай арқылы Гетені таптым. Бұл әншейін айтыла салған сөз емес. Басқасын былай қойғанда, Гетенің әйгілі «Жолаушының түнгі жыры» атты өлеңін мен әуелі Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» деген өлеңін оқып барып, Лермонтовтың «Тау шыңдары» арқылы бойыма сіңіріппін» деп жазды.

Айтса айтқандай, ол қазақ халқын ерекше жақсы көрді. Сол қызметіне сай оның есімі де ұлықталып жатыр. Таяуда Алматы қаласындағы Наурызбай ауданында қаламгер атына көше берілді. Мәскеуден арнайы келген жазушының қызы Ирина Бельгер «Алматы ақшамына» арнайы телефон шалып, оның басшылығына ризашылық сезімін білдірді. Өйткені, қаламгер бұған дейін «Алматы ақшамын» үзбей оқып, өзінің ой-пікірін, көзқарасын білдіріп отыратын еді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *