Қол жетпейтін әлем, көз жетпейтін шыңырау

(Қазақ әдебиетінің классигі, жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» хикаятына арнап салған белгілі суретші Табылды Мұқатовтың иллюстрациясы хақында туған ой)

Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» хикая­ты бір деммен оқылатын шығарма. Шама­сы, жапан түзде құдық қазған жандар хақында жазылған осынау таңғажайып туындыға деген қызығу­шылық ешқашан да жоғалмайтын болса керек. Өйткені, мұндағы кейіпкердің қиын тағдыры мен қайсар рухына таңғалмауыңыз мүмкін емес, сондай-ақ сізді ондағы өлім мен өмірдің телағысы да қатты толғанды­раты­нына сенімім кәміл. Жазушының өзі кезінде бұл шығармасына құдайдың берген табиғи мүмкіндігінен, яғни шама-шарқы­нан тыс үлкен істер мен зор мақсаттарға ұмтыл­ған кішкентай жандардың траге­дияға толы тағдырын арқау еткенін айтқан болатын.

Аталмыш хикаяттың басты кейіп­кері, Үстіртте тереңдігі екі жүз метрге, диаметрі бір жарым-екі метрге шейін жететін шыңырау құдықтар қазған Еңсеп бүкіл өмірін жер астында өткіз­ген жан десек те болады. Сондықтан ол шыңырау түбінен еміс-еміс естілетін, ғаламшардың қан тамырлары секілді жерасты өзендерінің шуын естіп, жер-анамыздың кеудесін толқытып, тебі­рен­тіп жатқан әуен екенін сезіп, біліп өсті емес пе.

Алайда, «Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығадының» кебін келтіріп, әлеуеті жоғары, жолы болғыш тағы бір құдықшы іске кіріскен кезде бұрын оған тапсырыс беріп жүрген ауылдар соған қарап, ыңға­йы­на жығылып кетті. Сөйтіп, зәуіде бір өтініш айтып келген байдың бұйым­тайын орындап, құдық қазып, су шығару ендігі жерде Еңсеп үшін өз өмірінің күні батар тұсындағы ең маңызды да шешуші мақсат болып қалды. Сондықтан ол Үстірт айма­ғында бұрын-соңды болмаған терең құдық қазып, мол  су шығаруды арман­дады.

Ойлана, толғана келіп, жерасты өзені ағып өтеді-ау деген тұстан қара жердің қан тамырына шейін жететіндей шыңырау құдық қазуға кірісті және сол жолда құрбан болды. Әйтсе де, ол өмірінің ең соңғы сәтінде әу бастағы пешенесіне жазылған жазмыштың орындалғанын, өз мақсатына жеткенін сезіп, біліп, әзиз жаны нұрға шомылып кетті.

Міне, осынау хикаяттан түйген ойын көрерменге графика тілімен жеткізуді ойлаған қазақтың белгілі суретшісі Табыл­ды Мұқатовтың өзі де жапан далада жер қазып, су шығарған құдық­шылардың еңбе­гі­нен жақсы хабардар еді. Себебі, ол туып-өскен өлкеде де мұндай кәсіп кеңінен таралған.

Суретші Табылды Мұқатовтың алпыс жасқа толуына орай жарық көрген «Арнау» атты альбомында оның туған жерге деген перзенттік махаббаты, сүйіспеншілігі де осы арнау-поэмасынан айқын көрінеді.

Бұл поэмада ол өзі талай рет таңдайын жібітіп, шөлін басқан қырық (!) құдықтың атын атап өтеді (Қуандық, Тұщы, Қоңыр­құдық, Сиран, Төбелес, т.б.). Зер сала қарасаңыз, дана халқы­мыздың әрбір құдықтың өзінің қасиеті мен ерекшелігіне сай атын да дәл тауып қойғанына қайран қаласыз.

«Шыңыраудың» көңіл толқытар сәттері көп-ақ. Және олардың қай-қайсысының да суретте көрініс табуы өте қызықты болар еді. Алайда, суретші бас кейіпкердің ажал алдындағы арпа­лысын, иә болмаса, жас кезінде көрген там-тұм қызығын емес, керісін­ше, ел кәдесіне жараған шақтағы еңбекке деген құлшынысы мен қайратын бейнелеген.

Қарасұр түсті әлемде, сырт көзге тары­лып көрінетін терең шұңқырдың ішінде бір пенде тұр. Оның жанында құдық түбіндегі құм мен лайды, шағыл тастар мен су-сілеңді сыртқа шығаратын ағаш шелек тұр. Бұл шелектің сыртқы пішіні, бір жағынан, қымыз құятын күбіге де ұқсайды.

Ал құдықшының бейнесі жарқабақ­қа салынған сурет секілді болып көрінеді. Және оның жүзіндегі уайым, шарасыздық, мұң және белгісіз дүние­нің алдындағы бойын билеген қор­қыныш бар болғаны бір­неше сиқырлы штрихтармен беріле салған. Әр түрлі бағыттағы тушпен сызылған сызықтар бірде қалыңдап, бірде жұқарып, қараңғы қабірдің суық ызғары мен қылкөпірдегі түнекті көз алдыңызға елес­тетсе, суреттегі жалғыз ғана жарық сәуле – шыңырау құдықтың басынан көрінген көгілдір аспанның оймақтай ғана бөлігі. Терең шыңыраудың ішіндегі тар, шектеулі кеңістік бас кейіпкердің жаны мен тәнін бірте-бірте шеңбер құрсауы қысып, сәт сайын тарыла түскенін аңғартады.

Еңсептің өлігін ешкім көрген жоқ. Алайда, талай уақытқа шейін жұрт ол құдықтың жанына жақындап баруға қорық­ты. Себебі, онда Еңсепті жұтқан айдаһар жатыр деп ойлады.

Әрине, суретте құдық­шының өлімін қалай әсерлі етіп көрсетсеңіз де бәрібір, өлімнің аты – өлім емес пе. Сондықтан сурет­ші оны көрермендердің жадында тірі күйінде қалдыр­ғанды жөн көрген секілді. Өйткені, оның артында қазған құдығы қалды ғой. Демек, ол ұмытылмайды. Ел есінде қалады.

Британдық жазушы әрі саяхатшы Саморсет Моэм тоқ­санға келген шағында Кам­бод­жадағы Ангкор Ватеге қарай сапар шегуді ойлаған екен. Өзінің айтуынша, бұл дүние­дегі кіршіксіз таза сұлу­лық пен мақпал тыныштықты сезінген жалғыз ғана жаннат мекені сол болса керек. Сон­дық­тан алыс сапар қарт кісі үшін ажал сапа­ры болуы мүм­кін екенін білсе де, сондай бір таңғажайып жерге жетіп жан тапсырудың өзін артық санап­ты .

Шамасы, адам баласы өмірдің қиын кезеңдерінде өз кәсібінен қол үзуді өліммен тең деп есептейтін болса керек. Басқа түскен шарасыздық оны ашындырып, неде болса алға ұмты­луға, күресуге және сол жолдың ақы­ры­на дейін жетуге ұмтылады. Ақыл-ойы мен сана-сезімін билеп алған бір ғана ой оны қандай да болсын қауіптен, қатерден тайынбауға шақырады. Оған қоса өмірдің көбі кетіп, азы қалғаны және бар. Енді қанша уақыт жер басып жүрерін кім білсін. Сондықтан аз күн­дік тірлікке жабы­сып, жаныңды азап­тай берудің қажеті не? Одан да өзіңді-өзің тағы бір сынап, соңғы рет талпы­нып, ойыңдағыны іске асыруға тәуекел еткенің жөн емес пе.

Сол себепті, Еңсептің өлімі – өмір бойы құдық қазған жанның қара жердің қан тамыр­лары іспетті су көздеріне сіңіп, ғайып болуы – табиғи заңдылық секілді. Өйткені, жер қойнаулары да адам ағзасына ұқсайды демейтін бе еді.

 

Үміт Тәжкен, 

жазушы, Қазақстан ПЕН-клубының мүшесі.

(Орыс тілінен тәржімалаған Нұрғали ОРАЗ).

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *